Қазіргі таңда студенттер тосын таңдауға әжептәуір төселіп қалғанымен, дипломына қойылатын кешенді емтихандарды және дипломдық жұмыстарын қалай тапсыратынына алаңдап отыр. Өйткені әне-міне дегенше, оқу жылын қорытындылайтын кез де таяп қалды, ал пандемия керісінше өршімесе, әзірге тыншымай тұр.
Отандық университеттер 2018 жылы Ұлт жоспарының 78-қадамына сәйкес академиялық және басқару дербестігін алған болатын. Сондықтан бұл ретте мәселені, яғни студенттердің емтихандарды қалай тапсыратынын және дипломдық жұмыстарды қашан, қандай бағытта қорғайтынын әр университет өздері кеңесіп шешеді. Әлбетте бұл бір жағынан университеттерді өз жүйесіне түсіп, тиімді тетігін табуда өзара бәсекелестікке бастаса, екінші жағынан отандық жоғары білім жүйесін бірізділіктен алшақтатуы мүмкін.
Жалпы, жаңа формат еліміздегі университеттерге жаңалық емес екенін айтқанымызбен, карантиндегі қашықтан оқыту студенттердің сапалы білім алуына және бастысы болашағына бөгет болмауы тиіс. Себебі дәл қазір ізденушілер дипломына қорытындысы түсетін маңызды қадамдарға – емтихандарға елеңдеп отыр. Ал дипломдағы емтихандар мен дипломдық жұмыстардың нәтижесі олардың ертеңгі күні лайықты қызметке орналасуына және білімін беделді оқу орындарының бірінде жалғастыруына ықпал етеді.
Университеттер академиялық және басқару еркіндігін иеленгенімен, ауқымды жұмысты жүргізуде шашыраңқылыққа жол бермес үшін арнайы бір нұсқаулық керек-ақ.
Мұны Білім және ғылым министрлігі төтенше жағдай жарияланған кезде университеттердегі оқу процесін ұйымдастыру талаптары мен ректор, проректор, декан, оқытушылар және студенттердің міндеттеріне дейін көрсетіп, арнайы бұйрықта жазған-тын. Бұл бұйрық наурыздың 14-інде шықты. Студенттердің алдағы алаңына байланысты жақында өткен ведомствоның онлайн-конференциясында мәселе тағы да талқыланып, емтихан мен диплом жұмыстарын қабылдаудың негізгі бағыттары белгіленді.
Білім және ғылым министрінің жоғары білім, ғылым бойынша жауапты орынбасары Мирас Дәуленов жоғарыда аталған онлайн отырыста ЖОО ректорларымен бірге қашықтан білім беру жағдайында емтихандар мен дипломдық жұмыстарды қорғау қалай өтетінін түсіндірді.
«Жоғары оқу орындары академиялық және басқару дербестігінің талаптарына сай емтихан өткізу түрлерін өз бетінше анықтайды. Дегенмен қашықтан оқыту жағдайында министрлік тарапынан әдіснамалық қолдау көрсету қажеттілігі туады. Сондықтан біз барлық жоғары оқу орындарымен алдын ала талқыланған алгоритмді әзірледік», деді М.Дәуленов.
Вице-министр емтихан тапсыратын студенттерді екі санатқа бөлді. Студенттердің бірінші санатына 1, 2, 3-курс студенттері жатады. Бұл санаттағы студенттердің емтиханына қатысты қиындық жоқ. Өйткені олар сессияларын тапсырады. Министрлік 1, 2, 3-курс студенттерінен емтихан қабылдауға 3 жолды ұсынды. Біріншіден, емтиханды қашықтан тапсыру форматын таңдауға болады. Екінші, пән бойынша бағаны ағымдағы бағаларының негізінде қою. Бұл нұсқа негізінен қазірдің өзінде мектептегі 9 бен 11-сыныптардың аттестаттау емтихандарына енгізілді. Яғни аталған сынып оқушылары аттестаттау емтихандарын тапсырмайды, тиісінше оған пән бойынша қорытынды бағалары қойылады. Үшіншіден, «I» (Incomplete) бағасын қою арқылы емтихан тапсыру мерзімін кейінге қалдыруға болады. Incomplete сөзі ағылшын тілінен «аяқталмаған» деп аударылады. Демек бұл таңдау студенттерге емтиханды кейін тапсыруға (жазға немесе күзге қалдыруға) мүмкіндік береді және оларды оқудан шығарудан қорғайды.
Студенттердің екінші санаты – соңғы курс студенттері. Бітіруші курс студенттерінен кешенді емтихан қабылдауда әрбір ЖОО төменгі курс студенттерінің қорытынды емтихандарына қатысты жоғарыда ұсынылған үш нұсқаның бірін қолданады. Мұндағы қадам мен нұсқаның бірін таңдау – академиялық еркін университеттің еркінде. Сондықтан ЖОО министрлік тарапынан рұқсат алмай-ақ жиынтық бағаны базалық пәндер бойынша бағаларының негізінде қою арқылы кешенді емтихандарды өткізбеу туралы шешім шығара алады.
Негізі, екінші санаттағы студенттерге кешенді емтиханнан да маңызды нәрсе бар, бұл – дипломдық жұмысын қорғау. Осы мәселеге министрлік: «Егер карантиндік шектеулер алынбаса, онда дипломдық жұмыстар қашықтан қорғалады. Айта кетерлігі, студенттер дипломдық жұмыстарын ақпан-наурыз айларында алдын ала қорғаған болатын, яғни негізгі жұмыс атқарылды», деп мәлімдеме жасады. Демек дипломдық жұмыстарды қабылдауда университеттердің алдында 1 ғана таңдау тұр, бұл – қашықтан қорғау. Әлбетте екінші таңдау тек төтенше жағдай мен карантин уақыты біте қалса ғана берілетіні белгілі. Сол себепті әзірше жалғыз жолы бар, бітірушілер қашықтан диплом қорғауға, сәйкесінше оқытушылық құрам жұмысты қабылдауға дайындала бергені ләзім. Айтпақшы, бұл нұсқаулық магистрлік диссертацияларға да қатысты. Білім және ғылым министрлігіндегі Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев бізге берген жауабында: «ЖОО карантин кезеңі әрі қарай созылса, ізденушілердің магистрлік диссертациясын қорғауын мейлінше кейінге қалдырмағаны жөн. Себебі магистрлер жаңа дәрежесімен көздеген жаңа жұмысқа орналасуды қалауы мүмкін, педагогикалық мамандықта еңбек ететіндер үшін үстемеақы төленетіні тағы бар. Сондықтан мүмкіндігінше қашықтан оқытудың студентке ыңғайлы тетіктерін қолданып, ғылыми диссертациясын қорғауына жағдай жасауы қажет», деді.