Қазақстан • 24 Сәуір, 2020

Сексен жыл сақталған хат

920 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өзінің көлемі мен адам шығыны жағынан дүниеде теңдесі жоқ ең қанды әрі жойқын екінші дүниежүзілік соғысқа әлем халықтарының 80 пайызы қатысып, 60-тан астам мемлекеттің қамтылуы бұл кезеңнің адамзат тарихынан алар орнын жаңа заман тұрғысынан қайта үңіле зерделеуді талап етеді.

Сексен  жыл  сақталған  хат

Соғыс жылдарында армия қатарына 1 млн 366 мыңдай қазақстандық алынса, тек Ақмола қаласынан – 7414, ал Ақмола облысы бойынша 33950 адам әскерге аттанған екен. Олардың жартысынан астамы соғыс даласынан Отанына оралмады. Солардың бірі – 1940 жылы әскер қатарына алынып, сол кеткеннен оралмай, екінші дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен ақмолалық Қайыржан Тікшекеев еді.

Майдангердің  Марат Әскерұлы есімді немересі атасының әскерден жолдаған 12 хатын өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивіне әкеліп тапсырды.  Архив мамандары сарғайып, әріптері көмескі тарта бастаған солдат хаттарын түпнұсқадағы латын қарпінен кириллицаға көшіріп, екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан ақмолалық азаматтардың жеке ісі құжаттарына қосты.

«Амандық хат Қайыржан атты балаңнан. Украина жеріндегі Ворошиловоград қаласындамыз. Жансыз бір парақ ақ қағазбен амандығымды білдіргелі отырмын.

Онымен бірге сағынып отырған, ұшарға қанаты болмай терең ойда отырған аналарымыздың амандығын білгелі отырмын. Апам тың ба, Жәмила қозғалыстан жүдеп қалған жоқ па, Мағираның дені сау ма, Ғайни аман-есен жүріп жатыр ма? Мағира мен Дулат ұмытқан жоқ па? Дулат ауырып жатыр деген екенсіздер, тәуір болды ма? Дулаттың жаман сүгіретін картішкеден көргенде, ойпырмай қызықтым-ақ, ерсілі-қарсылы сүйер ме едім, бірақ аузым жетпеді. Ал енді Сіздер 16/IV салған Ғайни мен Мағираның жазған хатын алып оқыдым, бірталай түрлі жаңалықтар естідім.

Біздің хал-жайға келетін болсақ, өміріміз аман-есен, ойын-сауықпен күн өткізіп жатқан жай бар. Ауру-сырқауымыз жоқ, тұрмыс жақсы. Бұрынғы тұрған жерімізден 200 шақырым жердегі лагерьге  3/ V күні көшіреді деді. Пойызбен апаратынын, жаяу апаратынын білмейміз, пойызбен апарамыз деп отыр, оған сенім жоқ.

Барған беттегідей емес, тамағы, төсек-орнымен қамтамасыз етті. Бұрын Қарабұзан, Әмірхан, Кәукен төртеуміз бір едік. Мені олардан бөліп орыс тілін жақсы білесің  деп, пулемет ротасына, Әлімге әкеп қосты. Әлім екеуіміз бір жүреміз, бір төсекте жатамыз. Ал енді біздің жолдастар мынандай ұлттардан қосылған: дені қырғыз халқы, әзербайжан, армян, қырым татары, қазан ноғайы, украин, тағы басқалар» деп сағыныш сезімін маржандай төгілте жеткізеді майдангер бір хатында.

1

Қайыржан Тікшекеев  әскерге аттанғанда сүйген жары Ғайнидің аяғы ауыр еді. Сол жылы шілдеде дүниеге келген сәбиіне ырымдап Әскер деп ат қояды. Алайда тағдыр оларды қайтып қоспады. Ақмолалық жауынгер сандаған жан сұм ажалдың тырнағына іліккен – 1943 жылы қаза табады. Бірақ сүйегінің қай жерде қалғаны белгісіз. Қайыржан секілді майданда қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен боздақтарымыз әлі де  көп. Еліміздің зерттеуші-ғалымдары адамзат тарихындағы ең сұрапыл, қанды қырғын ошағына айналған екінші дүниежүзілік соғыста, фашизмге қарсы шайқаста қаза тапқан, хабарсыз кеткен жерлестеріміздің есімі мен тағдырына қатысты іздестіру жұмыстарын әлі де тоқтатпауды көздеп отыр. Бұл жұмысты тек жүйелі, ауқымды жүргізгенде ғана нәтиже береді, дейді олар. Осы ретте астаналық мұрағатшылар да қол қусырып қарап отырмай, Ресей Федерациясының Мәскеу облысына қарасты Подольск қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатынан соғыс туралы көптеген тың  мағлұматқа қол жеткізіп отыр. Сонымен қатар Подольск архивінің материалдары негізінде  өңірлер бойынша «Боздақтар» естелік кітаптар сериясы құрастырылғаны мәлім. Бірақ бұл жинақтар қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткендерді толық қамтиды деп айта алмаймыз. Әскерден жазылған хаттар мен құжаттарды арада қаншама жыл өтсе де балаларының көз қарашығындай сақтап, мұрағат қорына әкеліп тапсыру фактілері ел үшін кеудесін оққа тосқан боздақтар туралы мағлұмат ұрпақтары арқылы, сондай-ақ шетел архивтерінен әлі де үздіксіз іздестіріліп жатқанын аңғартады.

Оқ пен оттың ортасында ажал құшқан майдангерлер жөнінде – www.obd-memorial.ru, сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыста орден-медальдармен марапатталған жауынгерлер туралы ақпарат беретін www.podvignaroda.ru анықтамалық сайттары арқылы жақындарын іздеп-тауып жатқан жайттар бар екен. Ал www.winterwar.karelia.ru сайты да фин соғысына қатысқан қазақстандықтар туралы мәлімет алуға болатын тағы бір тың дерек көзінің бірі болып есептеледі.  Бұдан басқа www.ipc.antat.ru, www.soldat.ru, сайттарына иек артушылар саны көбеймесе, аз емес. Майдан даласында қаза тапқан, із-түзсіз жоғалып кеткен, болмаса тұтқынға түскен  тағдырлар мен есімдер туралы ақпарат ұсынатын мұндай сайтты қазақстандық зерттеушілердің де ашу ниеті бар екенін естідік. Осы жоба жүзеге асып жатса, кім білсін, бәлкім екінші дүниежүзілік соғыстың құрбаны болған мұндай тағдырлар қазақ топырағынан да табылып қалуы ғажап емес қой.

 

Суреттерде: Қайыржан Тікшекеев және әскерде жазылған хаттар