Қазақстан • 27 Сәуір, 2020

Қазақстан ұны «хитке» айналды

4086 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан туралы алпауыт бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан әрбір жаңалықты жіті қадағалап отырамыз. Таяуда Рейтер агенттігінде Ауғанстанға жіберілген көмек жөнінде сурет шықты. Оған қарап отырып қазақ әріптері көзімізге оттай басылды.

Қазақстан ұны «хитке» айналды

Суретте Кабул қаласы тұрғындарына берілетін азық-түлік себеті қаз-қатар тізілген. Оның құрамында бір қап ұн, 10 келі күріш, 5 литр сұйық май және сұйық сабын бар. Осы азық-түлік себетіндегі ұнның басым бөлігі Қазақстаннан жеткізілген.

Қысқасы, Қазақстан ұны «хитқа» айналып тұр. Бұлай дейтініміз, Рейтер агенттігі аталған суретті әлеуметтік желідегі парақшаларына бөлісіп, апта фотосы ретінде көрсеткен.

Рейтер агенттігінің Ауғанстанға екпін беруінің мәні мынада. Талай жыл соғыстан көз ашпаған мемлекетте коронавирусқа байланысты жағдай тіпті қиын. Карантин мерзімі 9 мамырға дейін созылған. Аса мұқтаж болмаса, көшеге шығуға тыйым салынған. Кабулдағы бүкіл жолдар жабылған.

Бүгінге дейін 1531 адамға Covid-19 вирусы жұққан, ал қайтыс болғандар саны 50-ге жетті. Елдегі ахуалдың қиындығын ескеріп, Ауғанстан денсаулық сақтау министрлігі халықтың 80 пайызы науқастануы мүмкін екенін мәлімдеген. Сондай-ақ 100 мыңнан астам адам қайтыс болуы ықтимал.

Осыған байланысты ел билігі халықаралық қоғамдастықтан көмек сұрап отыр. Айта кету керек, Қазақстан Ауғанстанға қол ұшын созу жағынан кенде емес. Еліміз түрлі салалар бойынша ынтымақтастықты жолға қойған. Мәселен, 2010 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде қазақстандық жоғары оқу орындарында Ауғанстанның 1 мыңнан астам азаматы білім алады. 2018 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 520,6 млн долларды құрады. Оның басым бөлігі экспорттың құны 516,4 млн доллар.

Гуманитарлық көмек аясында Қазақстан жыл сайын Ауғанстанға астық жіберіп келеді. Рейтер агенттігінде «хит» болған суреттегі ұн да осы көмек аясында жеткізілген болатын. Бұдан бөлек, Ауғанстан «тоғызыншы территорияның» бидайы мен ұнын экспорттайтын елдердің бірі. Мәселен, соңғы екі жылда 1,5 миллион тоннаға жуық бидай мен ұн экспортталған.

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51