Саясат • 28 Сәуір, 2020

Қосшысына басшысы жауапты

176 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет саясатындағы басымдық берілген бағыттың бірі ретінде азаматтардың құқығын қорғауды атап көрсеткен еді. Мұның мәнісі мынада: егер қарамағындағы қызметкер жаза басып, сыбайлас жемқорлық сипаты бар заңбұзушылыққа барар болса, онда таяқтың екінші ұшы міндетті түрде оның тікелей басшысына тиюі керек. Яғни ол қарамағындағы қызметкермен бірге заң алдында жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қызметтен қуылады.

Қосшысына басшысы жауапты

Қазіргі таңда басшылық құрамға арналған бұл қатаң талаптың орындалуы әр-әр жерден көрініс та­уып жатыр. Мәселен, Қарағанды облысындағы Сәтбаев қаласында жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы жыл басында Қылмыстық ко­декс­тің екі бірдей бабымен жауап­кершілікке тартылған еді. Нақтырақ айтқанда, басшылық қызметте болған бұрынғы лауазымды тұлға ұлының фирмасы орындамаған жұмыстың актісіне қол қойып, сыбайластық жемқорлық сипаты бар қылмысқа жол берген еді.

Осы жылдың басында Сәтбаев қалалық сотының үкіміне сай тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімінің бұрынғы бастығы кінәлі болып танылған-тұғын.

Міне, қол астындағы қызметшісі осындай заңбұзушылыққа барып, абыройды айрандай төккен кезде Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов отставка сұрап облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің атына өтініш жазған болатын. Өңір басшысы қала әкімін қызметтен босатпады. Бірақ жазасыз да қалдырмады.

Жалпы, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға 2019 жылдың 10 желтоқсанында енгізілген өз­герістерге сай, қол астындағы қыз­меткері сыбайлас жемқорлық қылмысына барған саяси қызметші отставкаға кетуі тиіс. Жасыратыны жоқ, Қарағанды облысында болған бұл іс кезінде әжептәуір әңгіменің, пікірталастың туындауына себепші болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг те ұйымдастырылған. Сол брифингте Қарағанды облыстық Мемлекеттік қызмет іс­те­рі жөніндегі департаменттің басшысы Айгүл Байханова осы жағ­дайды мысалға ала отырып, заңға енгізілген өзгерістер туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп берген еді. «Жалпы, отставканы қабылдау немесе қабылдамау – тиісті өкілетті лауазымды тұлғаның құқығындағы шаруа. Отставка мәселесі бір ай уақыттың ішінде қаралады. Ол қабылданбаған жағдайда, мемлекеттік қызметші өзінің лауазымдық өкілеттіктерін атқара беруі тиіс», деп атап өтті ол.

Әлбетте, басшының жауапкер­шілігін таразылау барысында, тексеру кезінде қарамағындағы қызметкер жасаған сыбайлас жем­қорлық қылмыс пен оның құқықбұзушылықты алдын ала ес­керту бойынша лауа­зым­дық міндеттерін дұрыс орын­дама­­ғандығының арасындағы бай­ланыстың бар-жоғына ерекше ма­ңыз беріледі.

Жалпы, жоғарыда айтылған заңға енгізілген өзгерістер жайында қоғамдық пікірдің қолдаушылық бағытта болғанын айтқан жөн.

 

Қарағанды облысы