Үкімет • 29 Сәуір, 2020

Агроөнімді кәдеге жаратудың жаңа жүйесі

202 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тауар жеткізу жүйесін құру мәселесі қаралды. Жобаны іске асыру жоспары туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.

Агроөнімді кәдеге жаратудың жаңа жүйесі

Көтерме-тарату орталықтары салынады

Б.Сұлтановтың айтуынша, қазір азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі бір мәселе – тауарларды ұзақ мерзімді сақтауға қажет сапалы инфра­құрылымның тапшылығы. Бұл тауар өндірушілердің шығынын көбейтеді. Екіншіден, сауда-логистикалық инфра­құрылым объектілерінің өзара дұрыс үйлестірілмеуі тұтынушыға дейін жет­кізетін тауар жолын қиындатады. Үшін­шіден, сауда инфрақұрылымының ескі форматтары өнімді тиімді таратып, ұзақ мерзімді кезеңге бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік бермейді.

Сауда және интеграция министрі атап өткендей, ішкі нарықтағы сұра­ныс отандық азық-түлік тауарлары есе­бінен өтеледі. Алайда, қазіргі нашар инфрақұрылым, жетілмеген логистика, тауар айналымына қатысушылардың үйлесімсіз іс-қимылы бағаның едәуір өсуіне алып келеді. Еліміздің әрбір азаматы осындай жағдайды әсіресе, маусымаралық кезеңде сезінеді.

– Жыл сайын ақпаннан мамырға дейін өткен жылғы қор таусылып, көршілес елдерден жаңа өнім келе басталғанда, баға құмылмалы болады. Бұл өз кезегінде инфляцияға теріс әсер етеді. Елімізде өндірілетін азық-түлікті дұрыс сақтап, өткізетін жүйе құру қажет екенінің бір себебі өндірушілердің көп шығынға батуымен байланысты, – деді Б. Сұлтанов.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ел бойынша көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы шамамен 70%-ды құрайды, ал кейбір өңір­лерде бұл көрсеткіш 90%-ға жетеді. Сол себепті өнім шығын болады, оны ұзақ мерзімге сақтауға мүм­кіндік жоқ. Мәселен, көкөніс пен жеміс­тің шығыны 19%-ды, ет пен сүт өнім­дерінің шығындары 5%-ды құрайды. Ал кәсіпкердің барлық шығындары өнімнің түпкілікті құнына әсерін тигізеді. Сауда инфрақұрылымына келетін болсақ,  қазір елімізде жұмыс істейтін 750 сауда базары бар, олардың басым бөлігі (51%) стационарлық емес.

Б.Сұлтанов атап өткендей, тауарды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заман­ауи жүк түсіру («кросс-док») жүйесі­нің жоқтығы және температуралық қойма­лардың жеткіліксіздігі бағаға тікелей әсерін тигізеді. Жұмыс істеп тұрған базарларда тауар ағымын бақылайтын ақпараттық жүйе де жоқ. Бұл ретте өндірушілердің сөрелерге қол жеткізу тетігі бұрмаланған бағаға, әділетсіз сауда үстемесіне және белгілі кезеңдерде бағалардың негізсіз өсуіне негіз болады.

– Қалаларда карантин енгізілуіне байланысты туындаған дүрбелең осындай мәселелерді көрсетті. Аталған пробле­маларды жедел және жүйелі шешу үшін көтерме-тарату орталықтарының бірың­ғай кешенін құрайтын ұлттық тауар өт­кізу желісін құру ұсынады. Бұл эко­­жүйе өндіруші мен тұтынушыны жақын­дататын жекелеген экономикалық клас­тер құрайды, республиканың сауда инфра­құ­рылымына қосылады, – деді Б.Сұлтанов.

Көтерме-тарату орталықтары өнімді сақтау мен қайта өңдеуден бастап тарату мен өткізуге дейінгі мамандандырылған қызметтерді ұсынды. Бұл инфра­құрылым өнімді жеткізудің негізгі бағыттары үшін тиімді көліктік-логис­ти­калық арналарды құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, Орталық Азияға және Қытайға экспорттық-импорттық операциялар жүзеге асырылады, бұл өткізу нарығын кеңейтеді.

Сауда және интеграция министрінің айтуынша, көтерме-тарату орталықтарының желісі тауар өткізу жүйесінің негізгі қатысушылары арасындағы байланыстырушы буын болады, сөйтіп өндірушілерді, жеткізушілерді және сатушыларды бір кластерге біріктіреді. Ұсынылып отыр­ған жүйе жаһандық трендтерге то­лық сәйкес келеді. «Ранжис» пен «Мер­каса» сияқты әлемдік жетекші жүйе­лерді зерттеу кезінде сауда-логисти­калық инфрақұрылымды құруда мемле­кеттің басты рөл атқаратыны байқал­ды. Мысалы, Францияда 20 көтерме азық-түлік базарының біреуі ғана жеке, қалған базарлар толық немесе ішін­ара мемлекеттік болып табылады. Испа­ния­дағы Mercasa көтерме-тарату орталығы да мемлекеттік. Сондай-ақ Варшавадағы ауыл шаруашылығы көтерме базарының  акцияларының 62%-ы мемлекетке тиесілі.

Көтерме-тарату орталығы геогра­фиялық орналасуы тиімді қалалардан 20 шақырым жерде орналасатын болады. Олардың тағы бір қызметі – фермерлерді өткізу базарларына жақындату. Аума­ғын­да кедендік терминалдың болуы жүктерді рәсімдеуді жеделдетуге мүмкіндік береді.

– Біз елдің барлық өңірлерінде көтерме-тарату орталықтары желісін құ­руды жоспарлаудамыз, ол тауардың өндірушіден сөреге дейінгі жеткізілу тізбегін қамтиды. Тауар өткізу жүйесін 3 кезеңде жүзеге асыру ұсынылады. Бірінші кезеңде ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға бағдарланған 5  көтерме-тарату орталығын Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында салу жоспарлануда, – деді Б. Сұлтанов.

Жобаны іске асырудың жалпы құны 237,5 млрд теңгені құрайды. Тауар өткізу жүйесін құруға шамамен 10,5 мың, оның ішінде құрылыс кезеңіне 4,2 мың, объектілерді пайдалануға 6,3 мың маманды тартуға мүмкіндік туады. Объектілерді салу үшін отандық жобалау және құрылыс компаниялары тартылады.  2022 жылға қарай жалпы қуаты жылына 4,8 млн тоннаны құрайтын тетік әзірленіп, ұсынылады.

Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров өз кезегінде қолда бар шикізат базасы сауда-логистикалық жүйенің дамымағанына байланысты жыл бойы сапалы шикізаттың біркелкі жеткізіліп тұруын қамтамасыз етпейтінін жеткізді.

– Әкімдіктердің алдын ала дерегі бойынша республикада жалпы сыйым­дылығы 1 908,3 мың тонна болатын 1249 жеміс-көкөніс және картоп сақтау орны бар. Бұл жеткіліксіз. 2019 жылы өнді­рілген 6,7 млн тонна картопқа, қырық­қабатқа, сәбізге, пиязға, қызылшаға (2018 жылмен салыстырғанда өсім  5%) және келесі жылдың өніміне дейін көкө­ніс­терді ішкі тұтыным үшін де, экспорт үшін де сақтауға қуаты шамамен 2,8 млн тонна болатын мамандандырылған сақтау орны қажет, – деп түсіндірді С.Омаров.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өз тарапынан сауда-логистикалық инфрақұрылымның ажырамас бөлігі болып табылатын жаңа технологияларды енгізу, тәлімбақ шаруашылығын дамыту, сапалы тұқымдар мен көшеттерді пайдалану, суармалы жерлер алаңын кеңейту, заманауи суару машиналарын пайдалану, сондай-ақ жеміс, көкөніс және картоп сақтайтын сыйымдылықты жаңғырту есебінен көкөніс пен жеміс өндіру көле­мін ұлғайту шараларын қабылдауда.

– Көкөніс сақтау орындарын са­лу­ға кәсіпкерлерді ынталандыру үшін Ми­нистрлік 25% мөлшерінде инвес­ти­ция­лық субсидия, сондай-ақ қарапайым зат­тар экономикасы бағдарламасы бойын­ша жеңілдетілген кредит беруді көз­деп отыр, – деді С.Омаров.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстан ұлттық тауар өткізу желісін – көтерме-тарату орталықтары кешенін (КТО) құру арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен олардың бағасын бақылаудың жаңа деңгейіне шығатынын айтып өтті.

Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру жобасы 2022 жылға дейін 3 кезеңде іске асырылып, 24-тен аса көтерме-тарату орталығы салынады. Бұл шамамен 4,8 млн тонна агроөнімді сақтауға, өңдеу мен таратуға мүмкіндік береді.

Биыл Павлодар, Алматы және Түр­кіс­тан облыстарында 5 көтерме-тарату орта­лығы іске қосылады, бұл қосымша 600 мың тонна өнімді сақтауға мүмкіндік береді.

– Көтерме-тарату орталықтарын іске қосқанда бірінші кезеңнің өзінде баға белгілеудің ашықтығы мен жаңа тиімді сауда механизмдерінің арқасында біз аграр­лық өнім бағасы 25%-ға дейін төмен­дейді деп болжап отырмыз, – деді А.Мамин.

Үкімет басшысы өңірлердің әкім­дік­теріне көтерме-тарату орталықтарына жер учаскелерін бөліп, оларға қажетті инфра­құрылымды жүргізу, сондай-ақ жа­ңа өндірістерді құруға жеке секторды тарту мен кеңейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

 

Биыл ауыл интернеті дамиды

Сондай-ақ Үкімет отырысында елді мекендерді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы қаралды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндады.

А. Жұмағалиев айьқандай, халықты заманауи байланыс қызметімен қамтамасыз ету – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі. 2005 жылы елімізде интернетті пайдаланушылар саны 100 тұрғынға шаққанда небәрі 4 адамды, ал сұранысқа аса ие қызметтер топтамасының бағасы 19900 теңгені (128 кб/с үшін 150 $) құраған.

– Телекоммуникация саласын да­мы­тудың қабылданған бағдарламаларын іске асырудың нәтижесінде бүгінде долларлық эквиваленттегі тарифтер бірнеше есе төмендеді (19900 теңгеден 3600 теңгеге дейін). Сондай-ақ Қазақстандағы интернет қызметтерінің тарифтері ең төменгі тарифтердің қатарында» деді А.Жұмағалиев.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жер көлемі үлкен елдермен салыстырғанда Қа­зақстан интернет қолданушылар саны бойынша сенімді орында түр. Мы­салы, интернет қолданушылардың үлесі Ресейде ‒ 76%, АҚШ-та ‒ 87,3%, Қытайда ‒ 61,2%, Украинада – 62,5% болса, Қазақстанда ‒ 84,2%-ды құрайды. Бүгінде еліміздегі 118 қала мен 4 235 ауылда тұра­тын 18 млн халық 3G немесе 4G байланыс желілерін қолдану мүмкіндігіне ие.

2018 жылдан бастап, мемлекеттік жеке­меншік әріптестік аясында «Ауыл­дық елді мекендерді талшықты-опти­ка­лық байланыс технологиясы арқылы интернетпен қамтамасыз ету» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба 2020 жылдың соңына дейін 1 250 ауылды интернетпен қамтамасыз етуді көздейді, бұл талшықты-оптикалық желінің ұзындығы 20 мың шақырымнан асады. Осы жылдың 20 сәуіріндегі жағдай бойынша 637 ауылға интернет желісі жеткізілген, қазіргі таңда 613 ауылға интернет қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Аталған жұмыстардың қорытындысы бойынша интернетпен жалпы 5163 ауыл қамтылады. Халықтың 99,3%-ы 3G және 4G желісімен қамтылады.

Тақырыпты қорытындылаған Пре­мьер-Министр Асқар Мамин жүргізілетін жұ­мыстар нәтижесінде ауылдарда 7,6 млн-нан астам адам онлайн білім алуға, телемедицинаға, мемлекеттік қыз­мет­терге, электрондық саудаға қол жеткі­зе­тінін айтты. 

– Төтенше жағдай кезінде интернетпен тұрақты түрде қамтамасыз ету мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Қазіргі жағдайда интернет халықтың негізгі байланыс арнасына айналды. Ол сондай-ақ электрондық сауда, онлайн-оқу, электрондық мемлекеттік қызметтер, денсаулық сақтау жүйесі, қаржы және экономиканың басқа да салаларында маңызды құрал болып отыр, – деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне байланыс операторларымен бірлесіп жоспарланған елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету жобаларын уақтылы іске асыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Әкімдіктерге антенналық-мачталық құрылыстар салуға және байланыс желісін тартуға жер бөлу, электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу тапсырылды.

 

Соңғы жаңалықтар