Таяуда G20-ға мүше мемлекеттер коронавирус індетінің экономикаға әсерін ескеріп, Африка мемлекеттерінің биылғы қарызын кешіруге шешім қабылдаған болатын. Алайда дамыған елдердің бұл ұсынысын қанағаттандыруға Қытай асығар емес. Осы елдің сыртқы істер министрінің сөзіне сенсек, Қытай Африкадағы қарызын кешірудің тетіктерін қарастырмақ. Ведомство басшысы айтқан тетіктердің нақты қандай болатыны әзірге белгісіз. Келешекте де оны білуіміз екіталай. Өйткені Қытайдың «қара құрлыққа» салған инвестициясы туралы көп мәлімет әлі күнге құпия күйінде қалып отыр.
Африкадағы көптеген мемлекет кедей, енді-енді дамып келе жатқаны белгілі. Ал елдің өсіп-өркендеуіне шетелден келетін инвестиция қажет екені тағы мәлім. Сондықтан өңірге құйылған қаражат өте қомақты. Әйтсе де, «Қарыз күліп кіріп, күңіреніп шығады» демекші, оны қайтару да Африка елдеріне ауыр тиеді.
Қазіргі таңда Африка мемлекеттері шетелдерге шамамен 600 млрд доллар көлемінде еурооблигация берешек. Әсіресе, Мысыр (26 млрд доллар), Оңтүстік Африка Республикасы (19 млрд доллар) және Нигерия (12 млрд доллар) қарызға белшесінен батқан.
Оған қоса, Сенегал, Габон және Замбия секілді елдерде еурооблигацияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы пайыздық көлемі өте көп. Бұл да Африка елдерінің инвестициялық қарызды қайтаруға деген мүмкіндігін қиындата түседі.
Биыл «қара құрлықтың» сыртқы қарызы 45 млрд долларды құрап отыр. Пандемия салдарынан оны өтеу оңайға соқпайды. Overseas Development Institute-тың болжамына сүйенсек, биыл Африка елдерінің экспорттан түсетін пайдасы күрт азайып, жалпы көлемі 36-54 млрд долларға дейін төмендемек. Тіпті, кей мемлекеттерде ішкі жалпы өнім 20 пайызға дейін азайып кетуі ықтимал. Яғни, сыртқы қарыздың төлемі ауыр экономикалық жүкке айналады.
G20-ға мүше мемлекеттер осыны ескеріп, қарызды қайтару мерзімін кешеуілдетуге, кей жағдайда мүлдем кешіруге келісті. Осы орайда, Қытайдың үнсіз қалуының астарында үлкен мән бар. Шығыстағы көршіміз Африкаға қаражатты қаптап төгіп жатыр. «Алмақтың да салмағы бар» екені бесенеден белгілі. Оның үстіне, коронавирус салдарынан Қытай экономикасының өсімі де баяулады. Яғни, борышты кешіру Бейжің үшін қай тұрғыдан да тиімсіз.
Johns Hopkins атындағы халықаралық мектептің деректеріне сүйенсек, Африка мемлекеттерінің Қытайға берешегі 143 млрд долларға жеткен. Мұндай мол соманың басым бөлігі теміржол, әуежай және порт секілді ауқымды инфрақұрылымға салынған.
Халықаралық қаржы қорының мәліметіне сүйенсек, Африкадағы кедей елдердің жартысына жуығы Қытайға борышкер. Ал Гарвард бизнес мектебі Бейжің берген қаражаттың 50 пайызы көпшілік назарынан тыс қалып, екі ел билігіне ғана мәлім екенін айтады. Дегенмен «қара құрлықтың» Қытайға қарызын дөп басып айту қиын. Өйткені Бейжің билігі екіжақты келісімде көрсетілген сандарды сыртқа жария етпейді. Жалпылама мәлімет бергенімен, ресми құжатта не жазылғаны бір Құдайға, сосын Қытайға ғана аян.
«Қытай қарызын төлей алмайтын елдерге қысым көрсетпейді. Бүкіл мәселені екіжақты келісім аясында келісіп шешеміз», дейді Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзян.
Бейжің билігі борышын кешіруге асықпай, тетіктерін қарастырып жатқанын жоғарыда атап өттік. Қытай ашық ештеңе айтпаса да, коммунистік партия басшыларының не көздегені анық байқалады.
Біріншіден, Бейжің «жұмсақ саясат» қолдану арқылы Африкадағы саяси ықпалын күшейте түспек. Мұндай қадам тікелей экономикалық пайда әкелмесе де, әлемдік шахмат тақтасында қажет гамбит. «Қара құрлықта» 50-ден астам мемлекет бар. Олардың бәрі БҰҰ, Халықаралық олимпиада комитеті секілді халықаралық ұйымдарға мүше. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» демекші, олар шартарапқа белгілі ұйымдарда Қытайдың сөзін сөйлеуге қажет. Кедей, бай екеніне қарамастан, әр мемлекет – бір дауыс. Ендеше, «су ішкен құдығына түкірмейтінін» Африка елдері де, Қытай да жақсы түсінеді.
Екіншіден, Бейжің ақшалай қарыз беріп, оның орнына елдегі стратегиялық маңызды нысандарды алуы мүмкін. Бұлай деп кесіп айтуымыздың өзіндік себебі бар. Бірнеше жыл бұрын Шри-Ланка билігі Қытайдан 1,1 млрд доллар инвестиция тартып, Хамбантота портын салған еді. Алайда Шри-Ланка борышын уақтылы өтей алған жоқ. Ең ақырында оны кешіру мақсатында стратегиялық маңызды портты 99 жылға жалға берді.
Бейжің дәл осындай тәсілді Джибутиде де қолданбақ. Қазір аталған елде қытайлық инвестицияның көмегімен кеме порты салынып жатыр. Джибутидің жунголарға борышы ішкі жалпы өнімге тең екенін ескерсек, Бейжің билігі кез келген сәтте портты меншіктеп алуы уақыт еншісіндегі шаруа.
Алайда Қытайдың осындай әрекетіне қарамастан, «қара құрлықтың» көп мемлекеті қарыз алуын азайтар түрі көрінбейді. Тіпті қазба-байлықтарын игеруді Бейжің тарапына аманаттауға әзір. Мәселен, The Wall Street Journal таратқан ақпаратқа сенсек, Замбия борышын кешіру үшін елдегі ең үлкен мыс кеніштерінің акциясын бермек. Бұл елдің билігі Қытайға қарызының көлемін ашық айтқан емес. Бірақ Johns Hopkins орталығының деректеріне сай, 2017 жылы Замбияның Бейжіңге берешегі 6,4 трлн доллар шамасында. Бұл ел қарызының 44 пайызын құрайды.
Уганда да Замбияның кебін киюі мүмкін. Елдегі Энтеббе әуежайын жаңалауға 325 млн доллар, Карумадағы электр стансасын салуға 1,4 млрд доллар қаражат жұмсалды. Инвестицияны, әлбетте, Қытай құйды. Уганда қаржы министрінің айтуынша, алда-жалда борышты өтей алмаса, екі нысан да ҚХР қарамағына өтеді.
Африкадағы экономикасының әлеуеті жоғары саналатын Нигерия да Қытайға тәуелді. Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2017 жылы бұл елдің қарызы 2 млрд долларды құраған. Дегенмен шынайы берешек бұдан бірнеше есе көп екені талай мәрте бұқаралық ақпарат құралдарында айтылды.
Былтыр Бейжің тағы 629 млн доллар инвестиция құйды. Бұл қаражат теңіз портын салуға жұмсалды. Енді, Нигерия билігі Қытайдың «Экспорт-Импорт» банкінен қосымша 17 млрд доллар қарыз сұрамақ.
Overseas Development Institute келтірген деректерге сүйенсек, Нигерияның сыртқы қарызының 10 пайызы Қытайдың үлесінде. Ал Эфиопияның борышы 17 пайыз, Кенияда 33 пайызға жеткен.
Бейжің билігі берген қарызын мүлдем кешпейді деу артық айтқандық болар. Бұған дейін Қытай бірнеше рет «жомарттық» танытты. 2018 жылы Бейжіңде Африка елдері басшыларымен өткен саммитте Ци Сзиньпин кей мемлекеттен алашағынан бас тартатынын мәлімдеген-тұғын.
Rhodium Group зерттеу фирмасының мәліметіне сай, Қытаймен жасалған инвестициялық келісімдерде қарызды кешіру жиі кездеседі. Әйтсе де, коммунистік партия басшылығы негізінен қомақты қарызды емес, азын-аулақ инвестицияның өтеуін кешеді. Мысалы, 2017 жылы Суданға салынған құны 6,5 млрд инвестицияның 160 млн-ны кешірілген.
Осыған қарамастан, Африка елдерінің шенеуніктері Қытаймен келісімге келетініне сенімді. Гананың қаржы министрі журналистерге берген сұхбатында әр мемлекет мәселесін Бейжіңмен екіжақты келісім аясында шешетінін жеткізді.
Қытайдың алашағын кешіруге ынта танытпауының үшінші себебі – елдегі халықтың тұрмысына байланысты. Қазіргі таңда ҚХР-да жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемі 10 мың доллардан сәл асады. Бұл дамыған мемлекеттерден әлдеқайда аз. Салыстырып қарасақ, әлем экономикасының негізгі жетілігі саналатын мемлекеттердегі жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің көлемі орташа есеппен 45 мың долларды құрайды. Ендеше, экономикасы ең үлкен екеніне қарамастан, халқының тұрмысы төмен Қытай үшін салған инвестицияның қайтарымы қай кезде де қажет.
Жалпы, Қытайдың шетелдерге қомақты инвестиция құюы Африкамен шектелмейді. Кейінгі 10 жылда оның көлемі 2 трлн долларға жетті. Бейжің билігі «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында Шығыс Еуропа елдеріне, әсіресе «16+1» бастамасы, яғни Қытай мен Шығыс блоктың 16 елі арасындағы ынтымақтастық қарқынды жүріп жатыр. The Diplomat порталы таратқан ақпаратқа сүйенсек, қазірдің өзінде Бейжіңнің Шығыс Еуропаға салған инвестициясының көлемі 8 млрд доллардан асып кеткен.
Азияда да Қытайдың қалдырған қолтаңбасы жетерлік. Шри-Ланканың мысалын жоғарыда келтірдік. 2017 жылы Малайзия 12 млрд доллар қарыз алды. Бейжің Пәкістанға 62 млрд доллар инвестиция құюға ынта танытып отыр.
Қорыта айтқанда, коронавирустың экономикалық салдары қай елге болсын қиынға соқпақ. Әсіресе, тұрмысы төмен Африка мемлекеттерінің мұқтаждығы бұрынғыдан да арта түсті. Әйгілі ғалым Альберт Эйнштейн айтқандай, «әр дағдарыстың артында үлкен мүмкіндік бар». Бірақ бұл жолы мол мүмкіндік Қытайға бұйыратын сыңайлы...