Шира Френкель,
Майк Айзек
Жалпы, Facebook кейінгі екі жылда қауіпсіздікпен айналысатын топтарын тарата бастады. Компанияның хабарлауынша, Facebook қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қомақты қаржы бөліп келеді. Ал қызметкерлерді қысқартып, топтарды қайта қарастыру компания методологиясын жаңғыртуға, кибершабуылға тосқауыл болуға бағытталған.
Facebook өкілінің сөзіне сүйенсек, компания басшылығы ендігі жұмыс қатерлерді автоматты түрде анықтауға басымдық береді. Сондай-ақ қауіпсіздікті алдын ала ескертуге арналған арнайы топ құрмақ. Бұл өзгерістер жұмыс топтарының жұмысын жеңілдетіп, жаңаша міндеттер жүктейді.
Кейінгі жылдары Facebook-тің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған шаралары жиі сынға ұшырап жүр. Мәселен, 2016 жылы Ресей тарапы әлеуметтік желі арқылы АҚШ-тың президенттік сайлауына ықпал етті делінеді. Ал 2018 жылы компания қауіпсіздік жүйесінде ақау кеткенін анықтады. Осы кемшіліктің салдарынан миллиондаған адамның жеке деректері қолды болып келген.
Бұрын қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметі Алекс Стамос басқаратын топқа жүктелетін. Ол ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің директоры. А.Стамос 2018 жылы компаниядан кеткен соң, бөлім таратылды. Қызметкерлер басқа бөлімдерге ауысты. Содан бері ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы лауазымы жойылды.
Компания қызметкерлерінің сөзіне сүйенсек, Facebook қызметтерінің қауіпсіздігін нығайту мақсатында жаңа қадамдар қарастыру үстінде. Осы жұмыс аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бағдарламалар жазуға арнайы қызметкерлер алынбақ. Автоматтандыру әдісін қолдайтын менеджерлердің айтуынша, осы бағыттағы шараларды жасанды интеллектке жүктеу арқылы қызметкерлерге түсетін жүктеме жеңілдемек.
Компания LinkedIn желісіндегі парақшасында қауіпсіздік қатерлерімен күресетін жүйе жасауға қажетті қызметкерлерді іздейтінін хабарлады. Ал өзгерістер салдарынан жұмыссыз қалған қызметкерлер басқа жұмыс табу қиынға соғатынын айтып отыр. Өйткені олар негізінен бір ғана салаға бейімделген.
Дайындаған
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»