Әлем • 04 Мамыр, 2020

Әбу-Даби мен Анкара: қарым-қатынас ушыға түсті

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктері тағы да тәжі­кел­есіп қалды. Тағы да дейтініміз, бұған дейін екі мемлекеттің Таяу Шы­ғысқа қатысты көп­теген мәселеде мүдде­лері сай келмеген-ді. Бұл жолғы даудың басы Ли­вия­дағы жағдайдан басталды.

Әбу-Даби мен Анкара: қарым-қатынас ушыға түсті

Өткен аптада БАӘ Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Түркияны Ливиядағы әскери іс-қимылдарға араласып, қару-жарақ жеткізіп отыр деп айыптады. Сондай-ақ Араб Әмірліктері Халифа Хафтар жетекшілік ететін Ливия ұлт­тық әскерін қолдайтынын хабарлады.

Басынан сөз асырмайтын Анадолы мұндайда қарап қала ма? Түркия Сыртқы істер ми­нистрі­лігінің өкілі Хами Аксой БАӘ-нің екіжүзді саясат ұс­танатынына тоқталып, Әбу-Даби билігін Анкараға мысық тілеу болуын тоқтатуға шақырды.

Х.Аксойдың сөзіне сүйенсек, Араб Әмірліктері Ливия­дағы көтерілісшілерді қару-жарақпен және жалдамалы әскермен қам­тамасыз етіп отырған көрі­неді. Сонымен қатар ол БАӘ-ні Йемен, Сирия және Сомали түбегіндегі бей­біт­шілікті, қауіпсіздікті және тұ­рақ­тылықты бұзған қарулы топтар­ға қолдау көрсетеді деп сынады.

Естеріңізге салсақ, Ливияны талай жыл билеп-төстеген Муа­мар Каддафи өлтірілгеннен ке­йін елде Жалпы ұлттық кон­гресс құрылып, биліктің не­гізгі тірегі саналған-ды. Алай­да конгрестің көптеген шешімі сая­саткерлердің де, әске­ри­лер­­дің де тарапынан сынға ұшы­­рады. Ақыры 2014 жылы Ливия­да тағы азаматтық соғыс басталды.

Қарулы қақтығыс жүргізіп жатқан негізгі тарап екеу. Бірін­шісі – Ұлттық келісім үкіметі 2015 жылы БҰҰ Қауіп­сіздік кеңесінің көмегімен құрылды. Оны басқаратын – премьер-министр Файез әл-Сарраж. Екіншісі – генерал Халифа Хаф­­­тар жетек­шілік ететін Ливия ұлттық әскері.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі талай мәрте Ливиядағы азаматтық соғысты тоқтатуға шақырған. Тіпті, 2019 жылы бұл елге қару-жарақ жеткізуге эмбарго жария­лады. Алайда кей мемлекеттер ас­тыр­тын көмек көрсетіп отыр­ған сыңайлы. Мәселен, Түр­кия мен Қатар тарапы Ұлттық келі­сім үкіметін жақтайды. Ал Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмір­лік­тері және Мысыр Ливия ұлт­тық әс­керіне қолдау көрсетіп келеді.

Түркия мен БАӘ-нің бір-бірін сынға алуының астарында дәл осы баррикаданың екі шетін­де болуы себеп. Әйтсе де, екі елдің мүддесі бір жерден шық­­пауы бірінші рет емес. Бұ­­ған дейін Сириядағы соғыс кезін­де, Мысырдағы бүлікте, жу­р­­­­нал­ист Жамал Хашоггидің өлі­мін­де де пікірлері екіге жарылды.

Сондай-ақ Анадолы билігі Әмір­ліктерді Йемендегі қақты­ғысқа атсалысып, қарапайым тұр­ғын­дарды өлтірді деп сы­наған. Бұдан бөлек, Палести­на­ның ішкі саясатына араласып, Түр­кияда 2016 жылы бол­ған бү­лікті ұйымдастыруға қар­жы­лай қолдау көрсетті деп есептейді.

Біріккен Араб Әмірлік­тері өз кезегінде Түркияны 2011 жылы басталған «араб көктеміне» ық­пал еткен мемлекеттер қатарына жатқызады. Сонымен қатар Египеттің бұрынғы прези­денті Мұхамед Мүрсиді қолдағанын да кеші­ре алмай жүр. Сириядағы соғыс­та да Түркия мен БАӘ-нің мүд­десі бір жерден шыққан жоқ. Мәселен, Анкара билігі Башар Асад үкіметіне қарсы қоз­ға­лысты қолдаған. Ал Араб Әмір­ліктері Сауд Арабиясымен бірге Б.Асадты жақтады.

Парсы шығанағындағы дағ­дарыста да Түркия мен Бірік­кен Араб Әмірліктерінің көз­қарастары түйіскен жоқ. Естері­ңізде болса, 2017 жылы Сауд Ара­биясы, БАӘ, Бахрейн және Мысыр тарапы Қатарды терро­ристерді қаржыландырады деп айыптап, екіжақты келісім­дерді бұзып, блокада жариялаған еді. Содан бері төрт мемлекет құрсауын әлі алған жоқ.

Түркия тарапы сол кезде Қатарды жақтап, аталған мемлекетпен саяси, экономикалық және әскери байланысын ны­ғайта түсті. Мәселен, қазіргі таң­да Қатарда Анадолының әскери базасы орналасқан.

Бұдан бөлек, 2016 жыл­ғы бүлікте Біріккен Араб Әмір­ліктерімен арадағы дипло­матиялық қарым-қатынастың бұзылуына өз септігін тигізді. Атап айтар болсақ, Анкара билігі Мұхамед Даланды бүлік­ті ұйымдастырғандар қатарына қосқан. Қазіргі таңда М.Далан БАӘ-де жасырынып жүр.

Al Jazeera арнасының хабарлауынша, Араб Әмірліктері Сириядағы атысты тоқтату келі­­сімін бұзуға мүдделі. Естері­ңізге сал­сақ, «Астана процесі» нәти­же­сін­де Түркия, Иран және Ресей кепілгер-мемлекет ретінде Си­рия­дағы атысты тоқтатуға келіс­кен. Al Jazeera арнасының мәлі­метіне сай, БАӘ Сирия үкі­меті осы келісімді бұзса, 3 мл­рд доллар төлеуге уәде берген көрінеді.

Қысқасы, Түркия мен Бірік­кен Араб Әмірліктері арасын­да­­ғы алауыздық әлі талайға со­зы­­­лат­ын түрі бар. Екі тарап­тың мүд­десі сай келмеуі Таяу Шы­ғыс­тағы соғыстан көз аш­паған бір­неше елдің тағ­ды­рына қиын тиіп тұр.