Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті.
Жалпылай алғанда, бір айдан кейін екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуына байланысты мерейтой аталып өтіледі. Әлемде өткен ғасырдың орта шеніндегі ұрыстарға қатысқан миллиондаған адам бар. Бірақ тарих пен қазіргі заман арасындағы айырмашылық сонда, АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Уолтер Мондейлдің айтуынша, “Үшінші дүниежүзілік соғыста ардагерлер болмайды”.
Жаңа ғасырдың ұшқыр оқиғалары қауіпсіздіктің ескі тетіктеріне жаңаша қарауға итермелейді. Бұл жерде әңгіме ядролық қауіпсіздік туралы болып отыр. Ядролық елдерді басқаратын адамдардың шағын шоғыры жаппай қырып-жоятын қаруға қатысты өздерінің ұстанымдарын дәлелдей ала ма? Ядролық технологияларға нақты да тиімді бақылауды жүзеге асыра отырып, сонымен бір мезгілде, егемен мемлекеттердің бейбіт атомды дамыту құқына қалайша кепілдік беруге болады? Ядро саласында жалған емес, түпнұсқалы тепе-теңдікті қалай қамтамасыз еткен жөн? Таратпау жөніндегі проблемаларды шешуге дипломатия әлеуеті қаншалықты деңгейде пайдаланылып жүр?
Осы және басқа да мәселелер Вашингтонда өтетін алдағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте ашық та жемісті пікір алмасулардың тақырыбы болады деп сенемін.
Ядролық таратпау – қазіргі заманғы императив
Ядролық державалар клубының бақылаусыз кеңею қатері – ХХІ ғасырдағы аса көкейкесті проблемалардың бірі. Егер халықаралық қоғамдастық ядролық қаруға ие мемлекеттер ауқымының кеңеюіне қарсы саяси күш-жігер таныта алмайтын болса, оның салдарлары үлкен ауыртпалықтарға алып келуі әбден мүмкін.
Менің көзқарасымша, таратпау саласындағы бүгінгі ахуал көңілдегіден көп төмен жатыр. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім (ЯҚТК) өзіне артқан сенімді ақтай алмай отыр. Өйткені, ол асимметриялы болып табылады және ядролық қаруы жоқ елдерге қатысты санкцияларды ғана қарастырады. Ол МАГАТЭ мен БҰҰ-ның мемлекеттердің ядролық нысандарға халықаралық инспекторлардың жіберілуінен ауытқу фактілеріне нақты да түсінікті ықпал ету тетіктеріне ие емес. Ақыр аяғында ЯҚТК өзінің қатысушыларына қол қоюшылар қатарынан ешқандай салдарсыз шығып кетуіне мүмкіндік береді. Осы жағдайлардың барлығы келісімнің тиімділігі мен нақтылығын әлсіретіп отыр.
Сондықтан, ЯҚТК-нің әмбебап режімін нығайтуға және бекемдеуге ықпал ете отырып, Қазақстан сонымен бір мезгілде ядролық қаруды таратпаудың жалпыға ортақ горизонтальды және вертикальды жаңа да әмбебап келісімін жасау идеясын алға тартты. Аталған құжат “қосарланған стандарттарды” қолданбауға кепілдік беруі тиіс. Сонымен қатар, тараптардың нақты міндеттемелерін және оның ережелерін бұзғандарға санкция қолдану тетіктерін қарастыруы қажет.
Сонымен бірге, біз таратпау режімін бекемдеу жолында маңызды кезең бола алатын әскери мақсаттағы тұтандырушы материалдарға тыйым салу жөніндегі келісімді тезірек қабылдау қажеттігіне сенімдіміз.
Әлемде бүгінде тұтандырушы материалдар екі мың тонна төңірегінде артық жинақталғанын қаперге сала кеткеннің артықтығы жоқ. Олар әскер жүйесінде пайдаланылып отырған жоқ, бірақ ядролық жарылғыш құрылғылар дайындауға әбден жарайды. Лаңкестер өздерінің қолдарына тіпті қарабайыр ядролық арсенал тиген жағдайда салмақты мемлекетаралық жанжалдарға арандатуды жүзеге асыра алатынын сезіне алып отырмыз ба?
Алдын ала кесіп-пішілмеген факторларды сараптау Қазақстанның Ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық оқу орталығын құруға ықтимал ұтымды кандидат бола алатынын айғақтайды. Ықтимал орталық аясында барлық қажетті далалық жаттығулар мен теориялық семинарлар өткізуге болар еді. Аталған орталық Орталық Азияның сарапшылық және ішкі мемлекеттік бақылау, ядролық материалдарды физикалық есепке алу мен қорғау жүйесін жетілдіру саласындағы әлеуетін күшейте түсер еді.
Мораторийден ядролық сынақтарға толық тыйым салуға дейін
Ядролық сынақтардың барлық қасіретін мойнымен көтерген Қазақстан халқы үшін оларға толық тыйым салу мәселесі аса көкейкесті болып табылады. Өйткені, Семей полигонында 40 жылда 450 сынақ жасалса, одан 1,5 миллион адам зардап шекті. Сондықтан мен 1991 жылдың 29 тамызында еш қобалжымастан Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлық шығардым. Арада уақыт өте келе дәл осы күннің Қазақстан бастамасымен Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып жариялануында терең нышандық мән бар.
Қазақстан бейбітшілік сүйгіш сырты саяси бағыт ұстана отырып, МАГАТЭ-мен, Ядролық материалдармен қамтамасыз ету тобымен, Краков бастамасымен, Цангер комитетімен және Ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастамашылармен табысты ынтымақтасып келеді. Қазақстан ядролық материалдардың ықтимал сыртқа шығуын толық болдырмау мақсатында ОМУ-ды таратпау жөніндегі ұлттық комиссия құрды. Оның құзыретіне ядролық циклге қатысты барлық мәселелер кіреді.
Қазақстан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу (ЯСЖТС) туралы дайындық комиссиясымен жергілікті жерлерде халықаралық мониторинг және әдіс-тәсілдер жүйесін инспекциялауды дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылға үлкен маңыз береді. Осы ынтымақтастық шеңберінде 2008 жылы Семей өңірі аумағында интеграцияланған далалық эксперимент өткізілді.
Біз кейбір айтарлықтай ықпалды елдердің күні бүгінге дейін ЯСЖТС-ға қол қоюдан және ратификациялаудан қашқақтап отырғанына өкініштіміз. Мұндай жағдай ресми ядролық мемлекеттерге ядролық қаруды сынақтан өткізуді жалғастыруға, ал соның табалдырығында тұрған елдерге өздерінің зымырандық-ядролық бағдарламалары бойынша жұмыстарды ешбір жазасыз жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Осындай жағдайда ресми ядролық мемлекеттерге ерекше жауапкершілік жүктеледі. Олар қарапайым шындықты түсінулері тиіс, әрі ядролық қаруды модернизациялау, әрі сонымен бір мезгілде, дамушы мемлекеттерді жаппай қырып-жоятын қару жасау бағдарламасынан бас тартуға сендіру қиын. Осы тұрғыдан алғанда, әлемдік державалардың ядролық сынақтар өткізуге өз еріктерімен мораторий жариялауды сақтаулары – өте маңызды фактор, бірақ оның ұзақ мерзімді перспективада жеткіліксіз екені анық.
Мен ЯСЖТС-ның күшіне енуі тәуелсіз барлық мемлекеттерді саяси ерік-жігер танытып, аталған аса маңызды құжатқа қол қоюға және ратификациялауға шақырамын. Қазақстан Барак Обаманың бұрынғы АҚШ әкімшіліктерінің аталған келісімге қатысты көзқарасын қайта қарап, оны сенаттың бекітуіне енгізу туралы шешімін қуаттап, қолдайды. Біз сенаттың аталған тарихи құжатты ратификациялауы өзге мемлекеттерді АҚШ-тан үлгі алуға итермелейді деп сенеміз.
Бейбіт бағыттағы ядролық бағдарламаларды дамыту – егемен мемлекеттердің ажырамас құқығы
Ядролық қауіпсіздік саласында бүкіл адамзат үшін заңды және өмірлік маңызды бақылау шараларын қабылдай отырып, халықаралық қоғамдастық энергетика және жоғары технологиялар саласындағы жаһандық трендтерді назардан тыс қалдырмауы тиіс. Сондықтан ядролық терроризммен күрес саласындағы жаһандық күш-жігер мен халықаралық құқық тұрғысынан алғандағы ашық ядролық бағдарламалар арасында ойластырылған тепе-теңдік қажет.
Менің пайымдауымша, тек бір ғана санкциялар – олар тіпті тиімді болғанның өзінде де – бұл жерде жеткіліксіз. Бейбіт бағыттағы атомға деген заңды құқыларынан айыра отырып және олардың ұлттық намыстарына тие отырып, бүтіндей бір мемлекеттер мен халықтарды тығырыққа тіреуге болмайды. Осынау күрделі мәселелерде оң стимулдар, ынталандырулар мен преференциялар қажет. Халықаралық-құқықтық кеңістікте қалу және тек қана бейбіт бағыттағы ядролық бағдарламаларды дамыту мемлекеттер үшін экономикалық тұрғыда тиімді болуы тиіс.
Табиғи уранның ірі қорларына, технологиялық базаға, дамыған инфрақұрылымға ие Қазақстан да бейбіт бағыттағы ядролық бағдарламаны дамытуға деген өзінің заңды құқығын пайдаланатын болады. Біз шетелдік әріптестерге шикізат жеткізуші рөлімен шектеліп қалмай, әлемдік технологиялық тізбекте неғұрлым лайықты орын алуға ұмтылатын боламыз.
Қазақстан бейбіт бағыттағы атомға барлық елдердің тепе-тең қолжетімділігі принципінің сенімді жақтаушысы болған және болып қалады. Сондықтан Қазақстан Ресеймен бірге Ангарскіде Уранды байыту жөнінен халықаралық орталық құруға атсалысатын болады, сол үшін де бізге МАГАТЭ аясында Ядролық отынның халықаралық банкін құру идеясы мейлінше жақын және түсінікті. Қазақстанның аталған банкті өз аумағында орналастырып қана қоймай, сонымен бірге ядролық отынды тиісінше сақтауды қамтамасыз етуге дайын екендігін тағы да жауапкершілікпен мәлімдегім келеді.
Қазақстанның бейбіт бағыттағы ядролық бағдарламаны әскери бағыттағы бағдарламадан бөліп тұрған шекараны ешқашан аттамайтынына сендіре аламын.
Ядролық арсеналдарды қысқарту – ядролық қарусыз әлемге қарай жасалған нақты қадам
Осыған байланысты Қазақстан Барак Обама мен Дмитрий Медведевтің стратегиялық қару-жарақтар саласында жаңа келісім-шарт бекіту жөніндегі күш-жігерлеріне айрықша үміт артады. Біз БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның уағдаластықтар заңды сипатқа ие болып, оларды сенімділендіру мүмкіндігі қарастырылуы тиіс деген тілегін қолдаймыз.
Сонымен бірге мен стратегиялық ядролық қару-жарақтарды қысқарту саласында қол жеткізілген және күтілген табыстар өзімізді-өзіміз тыныштандыруға, оның үстіне еш себепсіз эйфорияға апармауы тиіс деп есептеймін. Атап айтқанда, Жер шарының түрлі өңірлерінің аумақтарында тактикалық ядролық қару-жарақтардың айтарлықтай қорлары шоғырландырылғанын ұмыта алмаймыз. Таяу болашақта тактикалық ядролық қару-жарақтарды қысқарту мен жою мәселелерін жаһандық күн тәртібіне енгізу саналы қадам болар еді деп ойлаймын.
Менің пайымдауымша, Тынық мұхиттың Латынамерикалық бөлігі, Оңтүстік-Шығыс Азия тәрізді ядролық қару-жарақтан ада өңірлік аймақтардың тәжірибесін зерделейтін уақыт келді. Мұның сенімсіз көрінуі мүмкін – ядролық қарусыз аймақтарға ресми ядролық мемлекеттер тарапынан мойындауды және тиісті қарарлар қабылдауды жылдап күтуге тура келеді. Осының бәрі жаһандық державалардың олардың ядролық қарусыз әлемге шынайы ұмтылысы туралы жасаған талай-талай мәлімдемелері аясында орын алып отыр. Сондықтан мен қауіпсіздік кепілі ретінде де, сол сияқты қатысушы мемлекеттерге тиісті преференциялар ретінде де қарастырылатын ядролық қарусыз аймақтардың халықаралық-құқықтық мәртебесі туралы мәселені шұғыл түрде талқылауды ұсынамын.
Ойымды түйіндей келе бүкіл халықаралық қоғамдастықтың, оның ішінде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі сәуір саммитіне қатысушылардың назарын бірнеше принципті жәйттерге тағы да аудара түсу қажет деп есептеймін.
Бірінші. Ядролық қарусыз әлем – қысқа тарихи мерзімде қол жеткізу мүмкін емес аса ауқымды мақсат. Дегенмен, бұл қаруды таратпау, ядролық қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде бүгін атқарылуға тиіс істерді ертеңге қалдыруға сылтау бола алмайды.
Екінші. Ядролық қарусыз әлемнің болашағы көптеген жағдайда бүгінде қалыптасып жатқан халықаралық тәртіптің қандай болатындығына байланысты. Демократия түрлі тараптардың пікірлерін есепке алу құралы ретінде халықаралық қарым-қатынастар саласына тараған жағдайда ғана шынайы көпполярлылықтың мүмкін болатынына сенімдімін. Тек осындай жағдайда ғана шағын және орташа мемлекеттер ядролық қарудан қауіпсіздіктің басты кепілін көруді қойып, семсерлерді соқаға айналдырып, қайта соғатын болады.
Үшінші. Ядролық қарусыз әлем идеалдарына қарай шынайы қадам жасау бірінші кезекте ресми ядролық державаларға байланысты. “Қосарлы стандарттар” қолдануға жол бермей, қаруды таратпау мен қарусыздану мәселелерінде солардың өздері басқа мемлекеттер үшін үлгі болуға тиіс.
Төртінші. Ядролық технологиялары бар-жоғына қарамастан, бүкіл елдер мен халықтардың күш-жігерлерін біріктіргенде ғана ядролық қарусыз әлем шындыққа айнала алады. Бәлкім, болашақта барлық мемлекеттердің әр қадам сайын ядролық қарусыз әлем идеалына қарай аяқ басуға деген шешімін бейнелейтін Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдау туралы мәселені бүгіннен бастап талқылаудың да өзіндік мәні болуы мүмкін.
Бесінші. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан қаруды таратпау, қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде халықаралық қоғамдастыққа сенімді әріптес болған, болып отыр және бола да береді. Біздің бұл мәселелердегі саясатымыз теңдестірілген, дәйекті және жауапкершілікті күйінде қала бермек.
“Адамзат дау-жанжалдары тарихында ешқашанда осынша көпшілік осынша азшылыққа міндетті болған емес”, деген екен 70 жыл бұрын Уинстон Черчилль. Бақытқа қарай, әлем бүгінде ядролық дау-жанжалдардың аренасы болып табылмайды. Бірақ ол елеулі қарама-қайшылықтар аренасына айналып отыр. Және осы қарама-қайшылықтардың шешімі шешімдер қабылдайтын аз ғана адамдардың, әрқайсысы бөлшектелінген атомның біздің бәрімізді де бөлшектеп жібермеуі үшін белгілі бір жауапкершіліктер арқалаған мемлекеттер басшыларының қолында тұр.
“Известия”. 2 сәуір, 2010 жыл.