06 Сәуір, 2010

ТАҒДЫРЛЫ ТУЫНДЫ

880 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Талайы тастан жаралған кім бар дейсің. Әсіресе, аумалы-төкпелі заман жел болып ұйытқығанда, ақ пен қараның, жақсы мен жаман­ның ара-жігі ашылмай, бір шыбық­тың ұшында кеткен кезде арлы адамға тіпті қиын. Иә, өмір жолы таудай болып басталып, кезбе-кезең киліккенде жіңішкере келіп адами болмысы тәлкекке түсіп, соңы қасіретпен аяқталатын ондай тағдырлы адамдар туралы шығармалар баршылық. Сондай туындыларды жазып жүрген қазақ қаламгерінің бірі Марат Мәжитов десек, артық айтқандық емес. Автордың сондай туындыларының бірі “Құныскерей” атты романы. Онда тарихи тұлға Құныскереймен қатар, дәуір соқпағы көз алдыңнан өтіп қана қоймайды, қилы-қилы тағдырларда суреттеледі десек, жазушының “Тобанияз” атты тағы бір тағдырлы романы жарық көрген. Басты кейіпкер қазақ халқының біртуар ұлы, алары кетсе де айтарын айтқан, ешкім­нен ығып, бұқпаған Тобанияз Әлниязұлының өмірі қамтылады. Алғашқы бетті ашқанда өткен ғасырдың басындағы құйындатқан жылдарды жазушы Тобанияздың түсімен береді. Тарлан атына мініп, екі тазысын ертіп, қырға шыққан ол бір сәт тазыларынан көз жазып қалады. Тарлан аты да тартқыншақтай береді. Қыр басын­дағы қызыл гүл бірте-бірте жыланға айналып, атынан ауып қалып, бауыры мұздай шұбар жыландардың құрсауына түседі. Бұл арада қаламгер бас кейіп­кер­дің түсі арқылы сол тұста қазақты қаусырып келе жатқан үстемдіктің үрейін елестетеді. Жалпы, роман екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде: Тоба­нияздың мемлекет қайраткеріне дейін көтерілген қым-қиғаш, шым-шытырық өмірін әралуан оқиғалармен өрбіте келіп, өсіріп алып өшірген кеңестік саясаттың зымияндығын әшкерелейді. Мұндай болатынын Тобанияз ерте аңғарған. Бірақ қолдан келер не бар? Соның бір сәтін Садық балуан­мен әңгіме үстінде аңғар­тады. “Күні ертең я бүрсігүні жау алатын дүние мен малды сенен аяп не істеймін. Жауға қарсы семсер көтеретін ер азаматтан, қатын, баладан басқа дүниенің бәрі садаға, елім мен жерім үшін мына өзім де садаға”, – дегені сол сөзімізге дәлел болса керек. Қан­ша жерден кеңес өкіметі жарыл­қаймыз деп жақсылығын үйіп-төгіп жатса да, Тобанияз тоң мінезі­нен көп қайта қоймайды. Ішкі есебі елдің жайы, халқының келешегі қалай боладыға тіреле береді. Басқыншылықтан қайыр болмайтынын білген Мұстафа Шоқай шетелге бет алғанда Кетік қаласы арқылы кеткені тарихтан мәлім. Осы жерде Тобанияз Мұстафамен тіл айқастырып, пікір бөліседі. Құлбатырдың өліміне ақтай шалынып, түрмеге түсетін тұсы, тергеушілердің адыраңбай қылы­ғы, асып-тасқан көңілі оны ықтыра да, бұқтыра да алмайды. Сол секілді бірінші бөлімдегі қыруар оқиғалар, оның ішінде автордың да, кейіпкерлердің де қазақтың маңдайына біткен ақын-жырауларының өлеңдерінен мысал алып, тағылымды сол арқылы жұрт­қа таратып отыру ниеттері құп­тарлық. Ақылдың кені тек менен басталады демей, алтын арқауы алыста жатыр деп меңзей­тін мысалдардан алатын сабақ аз емес. Романның екінші бөлімінде Тобанияздың Әліби Жангел­дин­мен жүздесіп, Адай уездік коми­тетінің төрағасы болатын тұсы баяндалады. Осы жерде бір жақсы нәрсені атай кетсек дейміз. Біз бұрын көп жағдайда сол заманның билері мен байларын ас ішіп, аяқ босататын, ойы кем, іші тар пенде етіп көрсетуге әуес бола­тынбыз. Мына романда Тоба­ниязды атал­мыш қызметке ұсынғанда, Мәт­жан би де кандидат болып қатар түссін деген сөздер шығады. Сон­да Мәтжан би: сөйлесе шешен, елді біріктіріп болашаққа бастай алатын көсем, елдің өткен тари­хын терең білетін турашыл, жал­тақ­тығы жоқ бір мінезді кісі Тоба­ниязға жолымды бердім, деуі жо­ғары­дағы ойымызға дәйек болса керек. Соқтықпалы заманның бірде о жағынан, бірде бұ жағынан көрініп, ел ісін қайтсем оңал­тамын, жұртымды жұтатып алмай­мын ба деп таразы басын теңшеп жүретін Тобаниязды ақыры кеңестік саясат түрменің түбінен бір-ақ шығарады. Сол түрмеде жатып жазған оның өлеңін оқып отырғанда есіл ердің санқырлы талант екеніне көз жеткізесің. “Жатыр­­мын, Көкжар қала түр­месінде, Өзеннің Ойыл атты іргесінде. Темір тор, темір есік сықырлайды, Салғандай “Кісен ашқан” күйді есіме. Тексеріп, асты-үстімді жауаптайды, Жас жігіт ызғар шашып, жалақтайды. “Сен жаусың, сен бандитсің, советке” деп, Сөзінің соңын солай аяқтайды”, – дей келіп, “Деп тергеуші мұртымды жұлқылайды... Медет етіп отырмын бір Құдайды”, – дейді. Ойдағыларын орындатып, жұртын өзіне қаратып алғаннан кейін бас көтеретіндердің басын қағып түсіру әдетімен Тобаниязды да кеңес “заңы” өлім жазасына кеседі. Оққа байланар алдында қасқайып тұрып: “Мені атты, мені атқанмен халқым аман, Мақсаты ел-жұртымның айқын маған. Дариға-ай, жете алмадым мұра­ты­ма, Көзімді құртты заман арқыра­ған. Серкесі бола алмадым, сенген­дердің, Соңыма маған сеніп ерген­дердің. Қош жұртым, қош болың­дар, енді, мені, Қосыңдар санатына өлгендердің...”, – деген екен. Азамат ердің осындай ерлікке пара-пар батылдығы мен батыр­лығы кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Құбыласы қырық құбылған заманда халық қамы деп бір бүгіліп, бір тұрғанмен бастапқы темір­қазық ниеттен ауытқымай, Отанын сүю, еліне адал қызмет ету жолындағы ұлтымыздың мұн­дай тағдырлы тарихи тұлғаларын әркез биік тұғырдан көрсетіп отырсақ, ұтылмас едік. Мына роман сондай азамат Тобанияздың өмірін жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа жеткізген тың туынды ғана емес, рухына қойылған елеулі ескерткіш деп білеміз. Сүлеймен МӘМЕТ.