Алматы қаласындағы «Ғылым ордасының» үлкен залында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының жалпы жиналысының сессиясы өтті. Алқалы жиында ҚР ҰҒА президентін және ҚР ҰҒА Төралқасының жаңа құрамын сайлау мәселелері қаралды.
Алматы қаласындағы «Ғылым ордасының» үлкен залында Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының жалпы жиналысының сессиясы өтті. Алқалы жиында ҚР ҰҒА президентін және ҚР ҰҒА Төралқасының жаңа құрамын сайлау мәселелері қаралды.
Соңғы бірер жылдың жүзінде өмірден өткен отандық ғылымға еңбектері сіңген, ғалымдарды үнсіз еске алумен басталған ҚР ҰҒА-ның жалпы жиналысында еліміздің Мемлекеттік хатшысы М.Тәжиннің Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасына орай ұйымдастырылған «Қазақстан тарихы, оған қоса ғылым мен жоғары білім тарихы» атты «дөңгелек үстел-конференциясы» өтті.
Ғылымның әр саласын қамтитын 259 мүшесі бар ғылыми ортаның 211 мүшесі қатысқан жиында ҚР ҰҒА-ны осы уақытқа дейін басқарып келген Мұрат Жұрынов президент болып қайта сайланды. Жиналысқа қатысқандардың 97,7 пайызы оны қолдап дауыс берді. ҚР ҰҒА Төралқа мүшелігіне 21 ғалым сайланды. Олардың 12-сі тұрақты құрам да, ал қалған 9-ы сайланбалы мүшелер.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы (ҚР ҰҒА) – отандық ғылымның, білім мен мәдениеттің қалыптасуы мен дамуына, қоғамымыздың экономикалық, әлеуметтік және рухани дамуының маңызды мәселелерін шешуге зор үлес қосқан, құрамында әлемдік ғылыми қауым мойындаған 150 академигі және 109 корреспондент-мүшесі бар еліміздің жетекші ғылыми ұйымы.
Қазақ елінің ғылыми элитасы алдында сөйлеген сөзінде академик М.Жұрынов осы уақытқа дейінгі кезеңде ҚР ҰҒА перзиденті мен оның басқаруындағы ҚР ҰҒА Төралқасы тарапынан жалпы мәжілістің қаулыларын орындау бойынша және ҚР ҰҒА шұғыл қызметінің ағымдағы сұрақтарының шешілуі бойынша едәуір жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етіп, еліміздің Ұлттық Ғылым академиясының халықаралық қатынастар саласындағы қызметі белсендендіріле түскендігін баяндады. ҚР ҰҒА барлық ірі ғылым академиялары халықаралық ассоциацияларына мүше бола отырып, ғылым академияларымен және әлемнің 30 елінің түрлі қорларымен шығармашылық байланыста жұмыс істеуде, ал таяуда іргелі ғылымның қоры шоғырланған Шанхай ынтымақтастық ұйымы жанындағы Академияаралық Кеңестің мүшесі болып танылды. Күні бүгінге дейін атқарылған осы игі істердің барлығы қазақстандық ғалымдардың халықаралық аренаға шығуына ықпал ететіні анық.
Ел ғылымының міндеттері мен мәселелері талқыға түскен бұл жиында «Отандық тарих ғылымы: межелер мен міндеттер», Ұлттық тарих және зерттеуші жауапкершілігі», «Қазақстанның ерте тарихы және Батыс Еуропа дереккөздері», «Шығыс дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы», «Қазақ КСР Ғылым академиясы сталиндік-сүргін жылдарында» және басқа баяндамалар тыңдалды.
Жалпы жиналыста мәлім болғандай, есеп беру мерзімінде ҚР ҰҒА тарапынан ғылым туралы Ұлттық баяндаманың 4 томы дайындалып жарыққа шықса, сонымен қатар 8 ғылыми журнал беттерінде 2 мыңнан аса ғылыми мақалалар, Қазақстан ғалымдарының кітаптарына 10 пікір, ҚР ҰҒА Төралқасының материалдарымен бірге ҚР ҰҒА мүшелерінің қызметтері туралы ақпараттық материалдар жарияланған. Қазақстан ғалымдары форумы аясында Елбасымыз Н.Назарбаев Ғылым туралы ұлттық баяндаманың халықаралық стандарт талаптарына сәйкес келетін жаңа үлгісінің дайындалуы қажеттілігін атап көрсеткен еді. Биылғы жылдан бастап Ұлттық Ғылым академиясы Ұлттық баяндамасын ҚР Президенті Жарлығының жаңа ережелеріне сәйкес дайындайтын болады.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.