Руханият • 06 Мамыр, 2020

Абылай ханға арғымағын мінгізген

981 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ текті болмаса, жүгір­ген аңның тұяғы, ұш­қан құстың қанаты талатын осын­шалық ұлан-ғайыр да­лаға ие болып қалуы неғай­был еді. Тұс-тұс­тан анта­ла­ған жаудан туған жерін қы­лыштың жүзімен қыз­ғыш­тай қорғаған ержүрек ата-бабаларымыз кейінгі ұрпа­ғына осындай баға жетпес құнды байлықты ама­нат етті. Ұлы даланың әр тасынан қазір тұлпарлардың тұяқ ізін байқағандай боламыз...

Абылай ханға арғымағын мінгізген

Жоңғар шапқыншылығында қол бастаған батырлардың бірі – қа­зақтың Арғын ішіндегі қара­кесек руының Кәрсон атасынан шыққан Бекназарұлы Таңы­бай батыр шамамен 1670 жылдары Сарыарқаның Бет­пақ­даламен жапсарлас Ортау, Жел­тау, Қызылтау деп аталатын тау­ларының арасында дүниеге келіп, 1755 жылы сол төңіректе қар­тайған шағында, 85 жасында дүниеден озады.

Бекназарұлы Таңыбай батыр (1670-1755 ж.ж.) – Ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұлама зама­нында 1700-1740 жылдары қаптаған жоңғарға қарсы Болат тауының маңында Дуана өзе­ні­нің бойында, ә дегенде үш жүз­ден аса қол, кейін келе 5 мың­­нан 10 мыңға дейін жасақ құр­ған ұл­ты­мыздың жаужүрек, жан­кеш­ті батыры. ХVII ғасырдың 80-90 ж.ж. жоңғар әскері Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанға басып кірді, қазақтың 9 қаласын, оның ішінде Сайрам, Манкент, Қа­расман кенттері мен біраз ұл­ыс­тарын қиратты. Ал 1680 жылы жоңғарлар Тәуке хан­ның ақ ордасы Түркістан қала­сы­на шапқыншылық жасады. Жоң­ғар шапқыншылығына төтеп беру үшін 1710 жылы Тәуке хан Қарақұмда жалпы қазақ тай­па­ла­ры­ның құрылтайын өткізеді. Қазақ батырлары бас қосып бірың­ғай соғыс стратегиясын бе­кі­теді. Сол кезде Арқадан сегіз мың қол жинаған Таңыбай Тәуке хан­ның соғыс кеңесшісі болады. Бұл өңір Таңыбайға жақсы таныс еді. Себебі Түркістан аймағынан бастап, сонау Ұлытау, Торғай тау­лары мен арғы жақтағы Омбы, Том жерлеріне дейін бабалары мал жайлап, тіршілік жасап, мекен еткен. Қан майданда талай сыннан сүрінбей өткен Таңыбай батыр Тәуке ханның көзіне түсіп, оның ту ұстайтын бас батырына да айналады. Елі үшін шайқастан шаршамаған Әбілмәмбет хан Таңыбай батырға үлкен үміт арт­қан, ал Абылай ханның ке­зін­де мындаған жасаққа қол­бас­шы болып, оның үстіне алдың­ғы шептегі шолғыншы-бар­лау­шы жасағына басшылық еткен. Өмір бойы желдің өтін­де, жаудың бетінде жүру Таңы­бай батырдың пешенесіне жа­зыл­ған сыбағасындай еді. Қасиет­ті Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мазарынан орын алып, өлгенде де тек жатпай, қазақ жерінің бір шетін күзетіп жатуы да тегіннен-тегін емес. Абы­лайдың жау шебіне аттан­дырған Таңыбай батыр баста­ған шолғыншы жасақтары қар­сы­ластардың қай тұста қанша әске­рі барын анықтап біліп келгеннен кейін әскери кеңес соғыс бағытын белгілеген.

Таңыбай батырдың қара­уын­дағы шолғыншы-барлаушы жасақтар жер жағдайын жақсы біліп, жусанды далада жосып жатқан көп ізден жау ізін жазбай танитын сұңғыла қасиетке ие, зердесі мықты жауынгер­лер болыпты. Үнемі алғы шеп­те, қиындығы мол жортуыл­да жүріп, шыңдалып, шынық­қан шолғыншылар таулы-тас­тақ­ты жерде өскен қалмақ жыл­қы­сының тұяқ ізін қапысыз таныпты. Жауын-шашында ғана емес, таңда түскен шықтан да, тіпті бұлтты күндердің өзінде де қанға сіңген қазақи зерек-танымдарымен жағдайды тап басып анықтайтын болған. Іле өзенінің бойында болған алапат шайқастарда дарияның жі­­ңіш­­ке құйылысын таңдап алып, арғы бетке мыңдаған қол­­ды шы­ғынсыз өткізуде сап жа­сау­­дың қа­за­қы тәсілін ұтым­ды пай­да­ланғандардың бірі де осы Таңыбай батыр болатын. Сол заманда жау басып алған Шешенқара өңірі, Тайатқан-Шұнақтағы Батпақсу өзені мен Қалмаққырылған аймағы, Ақ келіншек, Қара келіншек, Қапал тау мекендерін, Ешкіөлмес, Ойран жерлерін қайысқан қалың жоңғар қолынан азат еткен Бекназарұлы Таңыбай батырдың ел азаттығы жолында жасаған үлкен ерліктерін бағалап, халқы Ер Таңыбай деген атақ берген.

Әбілмәмбет хан 1736 жылы қа­зақтың үш жүзінен елге әйгілі 90-ға жуық би мен батыр, сұлтан мен байларын жинап, жасы 25-ке келген, ұраны «Абылай» Әбілмансұрды ақ киізге көтеріп, хан сайлағаны тарихтан баршамызға белгілі. Сол батырлардың арасында елге дана сөзімен, ерлігімен аты шыққан ағалық сапындағы Ер Таңыбайды Абылай хан кеңес алқасының оң жақ қанатына отырғызған. Маңдай алды берік, оң мен сол қапталы да тұтасқан әскер сапында ерлік көрсетіп, көзге түсу бір басқа да, жанын шүберекке түйіп, шолғыншы-барлау топпен жебе ұшында жүріп ауызға ілігудің жөні тіпті бөлек еді. Абылай хан билікті Сарыарқадан жүргізе бастады.

«..Талай шайқаста ерлік сынынан қапысыз өткен Таңыбай батыр қазақ пен қалмақ арасындағы кезекті бір соғыста Абылай ханның аты барлығып қалғанда өзінің Ақтанау атын Абылай ханға мінгізген. Сонда Абылай хан: «О, батыр, өзіңіз қайтесіз?!» дегенде, ер Таңыбай: «Сіз аман болсаңыз, ел туы жығылмайды!» – деп жауап берген екен. Абылай соғыс аяқталғаннан кейін Таңы­бай­ды шатырына ша­қы­рып алып, «Ал батырым, Ақта­нау­ды мінгізіп мені бір апат­тан құтқардың, менен қандай тілегің бар?» деген екен. «Тақсыр, еліме абыройлы атым бар, басыма жететін дәулетім бар, жасым болса келіп қалды, орныма да­йын­дайтын келешекте кісім бар», депті. «Кернейдің жас көк бөрісі Жарылғап батырға оң жа­ғыңыздан орын берсеңіз бола­ды», депті. Сонда Абылай хан оған ризашылық білдіріп, Жарылғапты әскери күшінің мүшесі етіп, жас батырға оң жағы­нан кеңесші ретінде орын беріпті. Таңыбай батыр сөйтіп, қалың жасақты және қол­бас­шы­лық туын Жарыл­ғап ба­тыр­ға тап­сыр­ған...», деп зей­нет­тегі судья Кеңес Жал­мұха­н­бе­тов «Веление вре­­ме­ни» кіта­бын­­да баяндап өткен еді.

Бекназарұлы Таңыбай ба­тыр­­­дың ерен ерліктері туралы ауызша, жазбаша жеткен тарихи деректер Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, А.Сейдімбек, Ә.Бөкей­ханов, М.Сәрсекеев, Ж.Әбдірах­ман­ұлы, А.Қасенқызы, Қ.Слам­беков, Б.Төлеубекова сияқ­ты аға-апала­ры­­мыздың еңбек­терінде және халық жыр тол­ғау­ларында, қа­лың ел аузында, ҚР ҰҒА ғылыми кітап­ха­насының сирек қорында, сырт мемлекеттер ғылыми қор­ла­рында сақ­тау­лы.

Белгілі жазушы-этнограф Ақ­селеу Сейдімбек өз еңбек­те­рінде былай атап көрсетеді: «Таңыбай батыр Дуанаға ту ті­гіп, шатыр құрған, қол жинап, сол бір алашапқын заманда елдің шетінде, желдің өтінде, жаудың бетінде жүріп, қазақ жасақтарына басшылық жасап, соғыс тәсілін жіті меңгерген, қал­мақтың атақты Иженқара батыр­ының басын алған, жекпе-жекте қалмақ ханы Қапалды жеңген, ерліктері елге әйгілі батыр ретінде көзге түседі». «Жоң­ғар­дың ханы Қапал ұрысқан екі жақты байқап, жеңілген нөкер­ле­рін көргеннен соң жекпе-жек деп алға шығады, ентелеп Ер Таңыбай мен Наймантай да алға шығады. Байқаған бұл екеуін Орақ батыр, тоқтатып екеуінен рұқсат алып өзі алға шығады. Жекпе-жекте Орақ батыр қаза болады. Батырдың қазасы жанға батады, шыдамай Таңыбай алға шапты, алдынан қарсы шыққан хан Қапалды өңешінен найзасымен түйреді. Хан Қапал өлген­н­ен соң жау қашты. Жерін елін сүйген ержүрек батырлар қор­ғап қапты. Қапал тау деп сол ұрыста қалған аты». М.Көк­кө­зов­тың «Кәрсөн шежіресі» де­ген еңбегінде: «Таңыбай батыр болған адам, аға батырлар сапына жатады. Заманында Та­рақ­ты Байғозы батырдың әке­сі Най­мантай батырмен бар­мақ­дос болған. Таңыбай әйелін жұптағанымен баланы пайғамбар жасына шыққаннан кейін ғана сүйген. Таңыбайдан – Шыбын, Тоқбай, Уақ, Тайна, Жәутік, Бапақ, Сапақ, Жаманқұл атты 8 бала өрген. Тайнадан – Есет, Есеттен – Көпбай. Көпбай да заманында ірі тұлға болған. Ес­пер­геннен кейін Кәрсөнде он сегіз жыл болыстық құрған. Қарқаралы уезінде қазылықты атқар­ған. Аға сұлтандыққа то­бықты Құнанбаймен талас бол­ған. Көпбайдың кісілігі, тірлігі қатарластарынан көш ілге­рі тұр­ған. Қазақтың жақсы-жай­саң­да­рымен көп араласқан. Үйсін Қырбас би Таңыбайға күйеу екен...» деп жазылған.

Бұдан да басқа дерек көзде­рін­де Таңыбай батырдың төрт әйелі болып, Сұлу, Мәдине екі әйелінен сегіз ұл, бір қыз туға­ны айтылады. Жалғыз қызы Сәкі­тай­ды қырғыздың Бұғы руынан шыққан, өзінің жасағында қол бастаған Қоңыр батырдың баласы – қырғыз манабы, әрі батыры Есенқұлға (сүйегі А.Ясауи кесенесіндегі қорымда) тұрмысқа берген, ұрпақтары бар. Тайатқан-Шұнақтағы Есентерек деген жер соның атынан қалған. Мәдине суға кетіп өлген. Батқан суы Қара­­ған­ды қаласы мен Жаңаарқа, Ұлы­тауға қарай жатқан өңірде көл мен өзен, ауыл да бар – күні бүгінге дейін «Сұлу Мәдине» деп аталады. Батырдың ұрпақтары да бар.

Таңыбай батырдың мәйітін кие­лі Түркістанға тобықты Қара­мен­ді би әрі батыр бастаған Жа­рыл­қап батыр, Байқозы батыр, Орақ батыр, Шыбын, Тоқбай, Уақ, Тайна, Жәутік, Бапақ, Сапақ, Жаманқұл батыр, және қырық кісі жеткізген екен. Ер Таңыбайдың сүйегін Әзіретке апа­рыңдар деп Абылай хан өзі де ұйғар­ған деседі. Таңыбай батыр – Тәуке, Әбілмәмбет, Абылай хан сынды ақсұңқарлардың үзең­гілес серігі болған, жасынан қайраткер, даңқты батыр бол­ған адам. Оның батырлық жо­рықтары Бөгенбай, Райымбек, Наймантай, Қарасай, Қабанбай, Наурызбай, Жарылғап, Байқозы, Жаманқұл, Өтеген сияқты батырлармен қатар аталуы тиіс.

 

Рахман ТӨЛЕУБЕКОВ,

экономист-саясаттанушы