Қоғам • 06 Мамыр, 2020

Қариясын қадірлеген

133 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

...Біздің, қазақ халқының құрметті демалысқа шыққан қарияларға анау айтқандай көңіл бөлмей, олардың үйде немере бағып отыруын қалыпты құбылыс ретінде санайтынымыз рас. Сосын ара-тұра жиын-тойларға барып-келіп, қалған уақытын теледидар алдында өткізсе, көпшілік үшін мұнда тұрған ештеңе жоқ. Тіпті егде жастағыларды белсенді азаматтардың қатарына қоспай, «Құдайдың бұйрығын күтіп отырғандар...» деп қабылдайтын психологияның барын да несіне жасырайық?! Ал шетелде, мысалы, Еуропада жасы 50-60-тан асқандар үшін дүние жүзін аралауға шығу жазылмаған заң болса, қытайлар қарттықтың тек 90 жастан кейін басталатынын алға тартады. Яғни, оған дейін әлгілер өзін жасамыс санап, жастармен иық тірестіріп қатар жүреді...

Қариясын қадірлеген

«Кел, билейік, кетпе менің қасымнан...»

Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде орналасқан «Ретро» саябағына әр сенбі сайын үлкен-кіші көптеп жиналады. Өйткені мұнда кешқұрым би кештерін өткізу дәстүрге айналған. Бірнеше жылдан бері, әсіресе қарт­тар­ды осында жиі кезіктіресіз. Бар­лы­ғының мақсаты бір – оралмас жас­тық шағындағы әуезді әндерді тың­дап, соның ырғағында билеу. Сол ар­қылы олар сергіп, уақытты көңілді өткізе­ті­нін айтады.

– Жасым – 79-да. Өмір бойы мәде­ни­ет саласында жұмыс істедім. Үйім 5-шағын ауданда болғанына қара­мастан, автобуспен қатынап, сен­бінің кешін осында өткізуге тырысамын. Өйткені саябақта кезінде сүйіп тыңдаған «Модерн токинг», «Мираж» топтарының, Сандра, Майкл Джексон, Игорь Тальков, Юрий Шатуновтардың орындаған әндерін қояды. Ана тіліміздегі «Тұмарым», «Гүлдәурен», «Екі жұлдыз» сияқты өшпес туындылар да естіліп тұрады. Өзімді керемет бишімін деп айта алмаймын, бірақ ұмытылмас әуендерге қосылып, арасында билеп тұрғанның несі айып? Бұл – менің 2-3 жылдан бергі ермегім.

Жас кезімізде еңбек етіп, біраз бейнет көрдік. Жұрт қатарлы жолдасым екеуміз 3 баланы тәрбиелеп, адам қатарына қостық. Енді жар, ана, әже ретінде емес, адам ретінде қызық қуанышқа кенелетін кез жеткен сияқты. Өзің үшін өмір сүріп, осылай ән-бидің ортасында жүрген де бір бақыт. Бұл демалысымды немерелерім онша қолай көрмей, «біреу суретке түсіріп алып, әлеуметтік желілерге салып жібермесін» деп өздерінше ескерту жасайды. Кемпір-шалдардың билеп, ән салғанында тұрған не бар? Біздің ұятты қылық жасап жатпағанымыз анық. Зейнеткер болсаң, төрт қабырғаға қамалып үйде отыруың керек пе екен? – дейді өзін Ағила деп таныстырған кейуана.

Бұл жерге әдемі киімдерін киіп, қолтықтасып келетін құрбы-құрдастар көп. Кемінде 20-30 зейнеткер ашық аспан астында вальс, танго, бидің басқа да түрінен «шеберлік сағатын» өткізгенде, оны тамашалайтын жастар да аз болмайды. Арасында қимыл-қозғалысы қиындаған, бірақ көңілі әлі де жас, түрегелмей-ақ музыкаға орнында теңселіп отыратын қарттар да бар...

Қаладағы байырғы мәдени орын – А.Пушкин атындағы саябақта да осындай би кештері ұйымдастырылып тұрады. Әр ұлттың ақсақалдары мен аналарының басын қосатын сауық кешінің тұрақты келушісі Ахат Құдайбергенов: «Жасым 70-тен асты. Ішкі істер саласының ардагерімін. Қатарластарымнан осындай би кеш­те­рі туралы естіп, саябаққа келіп жүр­геніме 1 айдай болды. Биден бұрын за­мандастарымызбен шүйіркелесіп, сыр ақтарғанның өзі неге тұрады? Бір жағынан, аз-кем қозғалыстың өзі – спорт. Оның денсаулыққа пайдасы зор. Үйде отырғаннан таза ауада жүрген әлдеқайда артық. Жұмыс күндері барлық ата-әже секіл­ді не­ме­релерімізге қарап, бала­лары­мыз­ға көмектесеміз. Кіш­кен­тай­ларды ба­ла­бақшаға апарып, үйір­ме­ле­ріне тасып, әйтеуір бір тыным таппаймыз. «Баланы өскенше, немерені өлгенше бағасың» деген рас екен (күліп). Бірақ солай болуы керектей бала-келіндерім бір алғыс айтпайды ғой, керісінше, демалыста биге кетіп бара жатсам, «Онда не бар?» деп жақтырмайды... Жалғыздық жаман, біз үшін көзкөргендермен ди­дар­ласқаның да мереке», деп ағынан жарылады қарт.

 1

Белсенді өмір сүру орталығы шақырады

Былтыр Ақтөбе қаласында Белсен­ді өмір сүру орталығы өз есігін айқа­ра ашты. Зейнет демалысындағы тұр­ғындардың бос уақытын тиім­ді әрі қызықты өтуін мақсат еткен арнаулы кабинет сенбі-жексенбі күндері жұмыс істейді. Мұнда газет-журнал оқып, теледидар көруге, сондай-ақ шахмат, дойбы ойнауға болады.

Орталық жанынан «Шебер қолдар» үйірмесі ашылған, оған да қатысуға болады. Ардагерлерді қызы­ғу­шы­лықтарына қарай компьютерлік сауаттандыру, вокал, бассейн, басқа да үйірме-секцияларына жібереміз. Орталықтардың қабылдайтын мекені әр жерде орналасқан. Мысалы, ғалам­торды меңгеремін дегендерді Ақтө­бедегі колледждерге, суда жүзу­ге ниеттілерді бассейндерге, ән айтуға қабілеті барларды Мәде­ниет үйлеріне бағыттаймыз. Бірақ әр­қай­сысының өз уақыты, кестесі бар.

Егер демалыс күндері баспасөз беттерін оқимыз, әңгімелесеміз, болмаса арнаулы курстарға барамыз деушілер, жалпы Белсенді өмір сүру орталығына қызығушылық танытқан зейнеткерлер болса, біздің телефон нөмірімізге хабарлассын: 55-83-42, – дейді Ақтөбе облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік меке­ме­сінің сарапшы маманы Түлкібай Сапаров.

Айта кетейік, ардагерлердің бел­сен­ділігін, өмірге құштарлығын арт­ты­руды көздейтін орталық Ақтө­бе қаласындағы Сәнкібай батыр даң­ғылы, 20 «А» мекенжайында орна­ласқан.

 

Өнер мен спортты серік еткендер

Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Әсемгүл Жұманованың айтуынша, облыс орталығындағы алты Мәдениет үйінде үйірменің көпші­лі­гі қариялармен қамтылған. Аталар мен аналар ансамблінің мүшелері де тиісінше солар.

– Ақтөбе қаласындағы Мәдениет үйлері мен кітапханалар жанындағы 70 үйірме мен клубтың 1408 қаты­су­шысы тіркелген. Оның ішінде «Қарты бар елдің – қазынасы бар» демек­ші, зейнеткерлерді қаланың мәдени өміріне белсене араластыру арқылы өскелең ұрпаққа тәрбие беру бағытында құрылған, қариялармен жұмыс істейтін 9 үйірме бар. Оған 100-ден аса ата-әжеміз мүше. Атап айтқанда, «Наставник» хор ұжы­мы, «Атамекен-Асылым» ардагер аталар мен аналар ән ансамблі, «Асыл әжелер», «Ақ маржан», «Зере» ансамбль­дері, «Сударушки» вокал­дық тобы. Бұлардың біразы халықтық деген атағы бар. Сондай-ақ «Ардагерлер» шахмат клубы, қоғамдық-саяси маңызды мәселелерді талқылайтын «Ұлағат» ардагерлер клубы, басқа да орталықтар бар. Әрі үйірме, әрі клуб, ансамбльдер қариялардың зейнет демалысына шыққаннан соң үйде отырып қалмауына, қоғамның бір мүшесі екенін сезінуіне мол ықпал ететіні хақ.

Сонымен қатар әр аптаның сәрсенбі күнінде сағат 18:00-де Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің алаңында эстрадалық-үрлемелі оркестр­дің қатысуымен «Кел, би­ле­йік» деген атаудағы би кеші тұрақты түр­де өтеді. Күз-қыс айларында би кешіне кіру ақылы – 200 теңге. Өйт­ке­ні ғимарат ішінде болады, – дейді Әсемгүл Оразқызы.

Спорт кешені – «Достық» су спорты орталығына барушылар да бір­ша­ма. Өңірдегі ең ірі бассейнде зейнеткерлер 50 пайыздық жеңілдікпен суда жүзе алады. Ал демалыс күні екі сағат – 12:00-14:00 аралығында қажетті құ­жа­тын көрсеткен ардагерлердің ақы­сыз негізде кіруіне жағдай жа­сал­ған. Мұндағы басшылардан саламат­ты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткен ата-әжелердің аз еместігін біл­дік.

– Мәселен, ардагерлер айына 8 рет бассейнге келсе, 2500 теңге төлейді. Ал басқаларға аталған қызмет 5 мың теңге тұрады. Яғни 50 пайыздық жеңілдік бар. Бұдан басқа, ақысыз суда жүземін деушілерге әр жексенбі күні екі сағат қарастырылған. Ол үшін зейнеткер екенін айғақтайтын құжат, медициналық анықтама, сосын бассейнге арналған киімдерін алып келсе болғаны. Қазіргі таңда үзбей бассейнге келетін зейнеткерлердің саны 50-ге жуықтайды. Тағы 20-ға жуық үлкен кісі бүгінге дейін тегін суда жүзді. Келушілердің дені – әйел адамдар. Олардың арасында жылдың соңындағы мерекелерге орай жарыс­тар өтеді, сыйлықтар ойнатылады, – деп атап өтті «Достық» су спорты түрлері бойынша Ақтөбе облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Ләззат Бектұрлиева.

 

Айбек ТАСҚАЛИЕВ,

журналист

 

P.S.: Мына өмірде кез келген адамның қартаятыны, бақилық болатыны әмбеге аян. Бұл – табиғаттың заңы. Бірақ уақытқа мейлінше ырық бермей, қолдан келгенше сүйікті ісіңмен айналысқанға не жетсін?! Өйткені аз-кем әуелетіп ән айтып, болмаса спортпен шұғылданғанның өзі жанға шуақ сыйлайды. Ал көңілді адамның денсаулығы ұзаққа дейін сыр бермейтіні дәлелдеуді әсте қажет етпейді...

 

 

Ақтөбе облысы

 

Соңғы жаңалықтар