Руханият • 06 Мамыр, 2020

Анамды ұлықтаған ауылдастарыма ризамын

196 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алатаудың етегіндегі Тастыөзек ауылында туған Жамал Бекбосынованың (Момытбекова) есімі жерлестерінің есінде. Батырды жыл сайын еске алып, елге еткен еңбегін әлі күнге дейін айтып жүреді.

Анамды ұлықтаған ауылдастарыма ризамын

Жамалдың анасы Шалиман  колхозшы болды.  Әкесі Мом­бек  майданда қаза тапты. Ом­бы қаласында мектеп-гимназия бітір­ген, ұста болып жұмыс істейтін әкесінің ағасы Дүйсебек оның отба­сына қамқорлық жасады. Жа­мал­дың ағасы Айтпай Верный қаласындағы мектеп-гимназияны бітіріп, артельде жұмыс істеді. Жамал Верный қаласындағы қыздарға арналған мектеп-гимназияда білім алып, еңбек жолын XVIII партсъезд атындағы ауыл шаруашылық артелінде егінші болып бастады. Сол жақта жүріп тұрмысқа шықты.

1941 жыл... Соғыс... Ауылдан майданға 150-ге жуық ер-азамат аттанды. Олардың арасында Жамалдың күйеуі Нұриахмед те болды. Көбі майданнан оралмады. «Қара қағаз» Жамалдың үйіне де келді. Баласы болмаған соң, Жамал ата-енесінің үйінде қалмай, анасы мен ағасының үйіне қайтып келді. Қайғылы ойдан арылуға оған жұмыс көмектесті.  Жамал соғыс жылдары жанын салып еңбектенді, дәнді-дақылдардың жоғары өніміне қол жеткізді. Бұл туралы газеттер жарыса жазды, колхоз төрағасы еңбеккүн ведомосінде атап өтті.

1945 жылы Жамал өндіріс үздігі ретінде  егіс звеносының жетекшісі болып сайланды.  Ол ауылшаруашылық әдебиеттерін оқып зерделеді, егінді қалай жақсартуға болатынын түсінуге тырысты. Күзде  жерді егуге да­йындау кезінде көң және ағаш күлімен тыңайтуды ұсынды.  Егін жинау нәтижесі ойдағыдай болды, жаңа рекорд қойылды. 1947 жылы Жамал Бекбосынова басқаратын егіншілік звеносы әр гектардан
40-45 центнерден бидай жинады. Бұл сол кездегі рекорд еді.

1948 жылы 28 наурызда Жа­мал мен басқа өндіріс озаттары Мәс­кеуге шақырылды.  Кремль қабырғасында әрқайсысына сіңірген еңбегі үшін мемлекеттің ең жоғары наградасы саналатын Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Алтын Жұлдыз» белгісі табыс етілді. Қошемет көрсетіліп, қуанышты дауыс басылғаннан кейін марапаттаушы сыйлық таңдау туралы әдеттен тыс ұсыныс айтты. Әйелдер орамал, самаурын сұрап, өз өтініштерін жеткізе бастады. Жамал өз кезегінде орыстардың ағаш үйін сұрады, бірақ артынан өзінің батылдығынан жүрексініп, бәрін қалжыңға сүйеді. Алайда көп ұзамай ауылға нөмірленген бөренелер тиелген машина келді. Алып келген адам Жамалға өзін таныстырып, үкімет сыйлаған үйді қайда қою керегін сұрады. Жамал басында бұған сене алмады. Мәскеудегілер қарапайым қазақ қызының өтінішін елеусіз қалдырмапты. Көп ұзамай ағаш үй қойылып, төсектер орнатылды, төбеге балалар бесігі ілінді.  Осы­лайша Жамал анасымен жылы үйде өмір сүре бастады. Үйге ілін­ген бесік те пайдаға асып, жаңа үйге жаңа қуаныш сыйлады. 1953 жылы 2 наурызда Жамалдың немере інісі Кеңес Дүйсебеков пен оның әйелі Шәкира Тастанованың қызын қазақы дәстүр бойынша Жамалға берді. Жамал бақытқа кенелді.  Ол қыз, осы жолдардың авторы – мен. Құжаттарда Бекбосынова Гүлнұр – Бекбосынова Жамалдың қызы деп жазылған.  Мені әлі күнге дейін ауыл­да батырдың қызы ретінде қарсы алады. Маған қымбат адамды естен шығар­мағаны үшін ауылдастарыма ризамын.

1955 жылы анам өкпе қабы­нуына шалдығып, көп ұзамай қай­тыс болды. Мені әжем Шалиман тәрбиеледі. Біз Кеңес пен Шәкира­ның отбасында өмір сүрдік, мен олар­ды атымен атайтынмын.

1970 жылы Қарағандыға университетке оқуға аттанғанша  барлық демалысты өзім үшін қымбат ауылда өткіздім. Сол жер­де, Қарағандыда тұрмысқа шық­тым. Математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім, анамның ерлігі мен үшін  әрқашан үлгі болды. Қазір мен Нұр-Сұлтан қаласын­да тұрамын, зейнеткермін.

2017 жылы балаларым және неме­релеріммен Тастыөзек ауы­лында анам Жамалға арнап ұйым­дастырылған аста болдым. Бұл шараның бастамашысы – інім Қайрат Дүйсебеков пен әйелі Гүл­барам. Үлкен асқа жерлестер мен туған-туыстар шақырылды, олардың ішінде ауылымыздың құрметті азаматы, майдангер,  Тас­ты­өзек пен Талдықорғандағы бірнеше мектепте директор болып қызмет еткен Әбіш Ошақпайұлы да болды. Ол біздің отбасымен жақын таныс болатын, осы мақала  да соның айтуы бойынша жазылды. Әбіш Ошақпайұлы жергілікті мектепке және Қоғалы, Тастыөзек ауылдарындағы көшелерге Жамал есімінің берілуіне үлкен еңбек сіңірді. Анам күйеуімен тұрған үйде мемориалдық тақта орнатылған. 

Социалистік Еңбек Ері Жамал Бекбосынованы естен шығарма­ға­ны үшін жерлестерімізге рақмет айтамын.

 

Гүлнұр ТЕЗЕКБАЕВА