Руханият • 06 Мамыр, 2020

Тау көтерер толағай ұлт болуға жазсын!

157 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шындығын айту керек, карантин тұсындағы көңіл күйімізді бүгінде керемет дей алмаймыз. Өйткені карантин, біздің аяқ-қолымызды матап, тұсап қойды. Кино, театр, мәдениет саласындағы қыруар жобалар қаңтарылып қалды. Жан айқайымыз жарып шығар саңылау таппай тұр. Бірақ, бәрінен де бас амандық артық, әрине. Бала-шағаның, халықтың бас амандығы артық. Төрт қабырғада Алладан ай жарым уақыт ішінде тілегеніміз осы болды!

Тау көтерер толағай ұлт болуға жазсын!

Күллі әлемді үйге қуып тыққан ін­дет­пен алысып алғы шепте жау­жүрек жанкештілер жүр. Дәрігерлер, полицей­лер, әскерилер, волонтерлер. Және осы май­данды ұйымдастырып респуб­лика, әкімдік басшылары жүр. Ең алдымен осы аза­маттарға ел атынан ерекше алғыс айта­мыз.

Коронавирус беті қанша қатты бол­ғанымен халық үшін, Қазақстан үшін біз­дің күреске тосқауыл бола алмады. Керісінше, бұл індет бізді ширықтыра түсті. Жұмылдыра түсті. Соның бір айғағы, кешегі өткен Сенат сайлауы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсыны­сымен Қазақстан Парламенті Сена­тының Төрағалығына жас буын өкілі Мәулен Әшімбаев сайланды. Тәуелсіздік тұсында ел басқарудағы Елбасы мек­те­бінен өткен жас буын. Елін, тілін, жерін жерге қаратпайтын отаншыл азамат. Осы отырыста Президент Тоқаев сөзін бір тілде, тек мемлекеттік тілде сөйледі. Сөйтіп еңсемізді бір көтеріп тастады. Іштей күбірлеп отырмыз, осы дәстүр енді үзілмей жалғаса берсе екен деп. Осындай тұғырлы жиындарда өзге елдің емес, мемлекеттік тіліміздің ғана туы желбіреп тұрар болса, бүгінгідей тіл төңірегіндегі дау-дамай туындамас та еді. Мемлекеттік тілдің төрде өз тұғырында тұрғанын көрген жұрт уайым жемес еді.Тіл білмейтіндер үн-түнсіз тұқшыңдап Қазақ­станның мемлекеттік тілін үйренуге кірісе берер еді.

Ал Президенттің «Egemen Qazaqstan» газетіне Дархан Қыдырәліге берген ерекше сұхбатын оқып шыққаннан ке­йін өз әсерімізді қалың оқырманмен бө­ліс­ккенді жөн көрдік.

Сұхбат басында Президент әлемді жайлаған індеттің экономикалық салдары қай ел үшін де оңай болмайтынын айтыпты. Қазақстан халқы бұл сұрапыл сынақ салдарынан ауыр зардап шекпес үшін биыл жыл аяғына дейін ауыл жас­тарына арнап 250 мың жұмыс орны ашылатынын айтыпты. Халықты баспанамен қамту басты мәселе дей келіп, биылдан бастап көп балалы және мүгедек балалы отбасыларға арналып жыл сайын шамамен 10 мың пәтер бөлінетіні де айтылыпты. Халық денсаулығын қамтамасыз ету үшін медицина ғылымын дамыту міндет делінген. Қазақстан азық-түлік тапшылығын көрмеу үшін ауыл шаруашылығына мемлекеттік жәрдем міндетті түрде күшейтілетіні де айтылған. Саяси реформалар да қарқын ала түспек. Ендігі Мәжіліс, мәслихат сайлауларында жастар мен әйелдер квотасы 30 пайыздан аспақ. Бір жарым айға созылған қалың халықты қырқа матап қойған карантин жағдайы түзелсе мамырдың 11-інде алынып тас­талынады делінген. Мұны оқығанда «Уһ!», деп кең тыныс алдық. Бүгінгідей тоқтап тұрмай өмір өзінің қалыпты арнасымен арқырап ағатын күнге жеткендей болдық. Иығымыздан зіл­бат­пан жүк түскендей болды. Ең қуанар­лығы, Президент Тоқаев, осы сұхба­тында ұлттық құндылықтарға үлкен мән беріп, айрықша тоқталыпты. Қалың қазақты қатты алаңдатып отырған қазақ тілі туралы, артық та емес, кем де емес, былай депті:

«Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдық татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте сақтау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деген.

«Аллаға шүкір, Президент осылай депті, сең қозғалды!», деп қуаныштары қойнына сыймай, таң атқалы талай тіл жанашырлары хабарласты бізге. Әйеліміз ұл тапқандай мәз болып жатырмыз, бір-бірімізді құттықтап.

«Алла тағала түсірсе егер әмірін, екі дүние сияр еді қауызына тарының» демекші, бүгінде, көзге көрінбейтін бір вирус бүкіл адамзаттың «екі аяғын бір етікке тыққанын» көз көрді. Бұндай жағдайда, ең алдымен, өз еліңді ойлайды екенсің. Ел тізгінін қолға алған азаматтың әр ойымен сөзіне мән береді екенсің. Оның ойы мен сөзі көңілден шықса көл болып, көңілден шықпаса шөл болады екенсің. Өйткені, Президент халықтың ойы, сөзі, жүрегі ғой. Бола білсе, бұдан Басшы мен Ұлт бірлігі қалыптасады екен. Бұл бірліктен түптің-түбінде тау көте­рер толағай ұлт туады екен. Бірлігі мық­ты толағай ұлт тарих дауылы шалқып қа­лай соқса да тамыры терең бәйтеректей иілсе де сынбайды екен. Бізді осындай толағай ұлт болуға жазсын, тағдыр! Бүгінгі Президент сұхбаты бізді осындай оптимистік ойларға жетеледі.

 

Смағұл ЕЛУБАЙ,

жазушы