Бейімбеттің ұлы Әукен
«Халық жауы» атанып, атылып кеткен қазақ әдебиетінің ірі өкілі Бейімбет Майлин еді. 1937 жылдың 6 қазаны күні қою қараңғылық түскенде үйге екі «жендет» кіріп келіп, Бейімбетті балаларының көзінше ұстап әкеткен. Бұл туралы бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұлов: «Үйден шығар кезде, Бейімбет бәрінің бетінен сүйіпті де, Әукенге: «Әукен, сен баланың үлкенісің ғой, мына бауырларыңа қамқор бол! Кітаптарымды сақтап жүр!» дейді» деп жазады. Бейімбеттің сол тұңғышы Әукен Майлин соғыс даласында қаза тапты. Екінші дүниежүзілік соғысқа Бейімбеттің екі баласы Әукен мен Мереке бірдей алынды. Мереке 1943 жылы майданға аттанып, қайтып оралды. Ал Әукенге ол бақыт бұйырмады.
Әсілінде, Әукеннің қан майданға аттанудағы бар мақсаты әкесінің «халық жауы» емес екенін дәлелдеу болатын. Бейімбеттанушы Жұмабек Табын бір мақаласында: «Әукенді жұмыс істеп жүрген жерінен шақырып алып: «Сен халық жауы Бейімбет Майлиннің кімісің? Оны танисың ба?» деп сұрайды. Сұрап отырған адамның кім екені де белгілі ғой. Әукен әлгіге: «Бейімбет Майлин – менің әкем. Ол – халық жауы емес, үлкен жазушы. Мен оның үлкен ұлымын!» деп қасқая жауап берген. Осыдан кейін-ақ «бұл жерде халық жауының баласына орын жоқ» деген желеумен оны штрафбатқа жазып, артынан Отан соғысына жібереді. Бейімбеттің тұңғышы Әукен ағамыз сол соғыстан қайтпаған. Бейімбет Майлинге түрі де, болмысы да қатты ұқсаған баласы сол еді», дейді көргендер» деп жазыпты.
Әукен сол күйі майданнан оралмады. Бұл жайлы Биағаңның қызы Разия Майлина бір сұхбатында: «Әукен 1939 жылы бізді іздеп балалар үйіне келді. Жұмыс істеді. Сол жылы Армияға шақырылды. Содан оралған жоқ», дейді.
Кіші лейтенант Әукен Майлин 1942 жылдың Алматы облысы Ақсу ауданынан майданға алынды. Ленин орденді 124-жеке атқыштар бригадасы жеке жойғыш танкке қарсы дивизионының взвод командирі болды. 3-ші Белоруссия майданында шайқасты. 1943 жылдың 2 қыркүйегінде шейіт болды. Сүйегі Смоленск облысы Ярцевский ауданы Свищево деревнясындағы №3 Бауырластар зиратында жатыр.
Мұхамедханның ұлы Мәулетхан
Биыл туғанына 150 жыл толатын Алаш қайраткері Мұхамедхан Сейітқұлұлының ұлдары да майданда қан кешті. Мұхамедхан ағартушы, меценат, мәдениет және дін қайраткері еді. 20-жылдардан бастап қуғын көрді. Соңында 1937 жылы ату жазасына кесілді.
Мұхамедхан Сейітқұлұлының артында бір қыз, үш ұлы қалды. Әкесін құртып тынған Кеңес билігі оның ұлдарының да соңына шам алып түсті. Оның үш ұлы бірдей қан майданға алынды. Ұлдың үлкені Ғабдулқайым – белгілі ғалым Қайым Мұхамедханов. Семей педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында оқытушы болды. 40-жылдардан бастап Абайдың ақын шәкірттерінің шығармашылығына ден қоя бастады. Соғыс басталған уақытта майданға алынды. Еңбек армиясы құрамында Свердловск, Магнитогорск Әскери округтарының рота старшинасы болды. Әскери жүктер тасымалы, қорғаныс бекіністерін салуға атсалысты. Денсаулығына байланысты 1943 жылы елге оралып, қайтадан ғылыммен айналысты, қазақтың руханиятына есепсіз еңбек сіңірді.
Мұхамедханның екінші ұлы – Құрманғали Мұхамедханов. Мұғалім болып жүріп соғысқа аттанды. «Қайым Мұхамедхановтың інісі Құрманғали Мұхамедханов 1918 жылы туған, жоғары білімді, мәдениетті адам болды. Соғысқа дейін Семей типографиясы мен мектепте қызмет істеді. 1942 жылы соғысқа шақырылды. Сталинград майданында атқыш-жаяу әскер ретінде шайқасты. Ауыр жарақат алды. 1943 жылдың 20 сәуірінде әскери госпитальдан шығарылып, әскери қызметін жалғастыру үшін Саратов әскери пунктіне жіберілді. Құрманғали майданнан мүгедек болып оралды.
...Соғыстан кейінгі жылдары Қостанай облысында экспедитор болып жұмыс істеді. Сол эспедициялардың бірінде үсік шалып, бақилық болды» деп еске алады Қайым Мұхамедханұлының қызы, PhD докторы Дина Мұхамедхан.
Үйдің кенжесі Мәулетхан Мұхамедханов еді. «Семей пединститутының бірінші курсын тәмамдаған 1942 жылы соғысқа шақырылды. Мәулетхан Мұхамедханов пен Әзілхан Нұршайықов екеуі бір топта оқыған, бір партада отырып, сыйлас досқа айналған. Әзілхан Нұршайықов Мәулетханның батыл, ержүрек жігіт болғанын еске алатын. Екеуі де бір уақытта, 1942 жылдың маусымында майданға алынды» дейді Дина Мұхамедхан.
Мәулетхан Мұхамедханов қан майданда Приволжск әскери округының 17-ші запастағы атқыштар бригадасы 366-шы запастағы атқыштар полкы құрамында шайқасты. Кейін полк Солтүстік-Батыс, Ленинград майдандарына барып қосылды. Мәулетхан Мұхамедханов 1942 жылдың маусымына дейін осы полк құрамында болды. Соғыста хабарсыз кетті.
Біләлдің ұлы Жәнібек
Алашорда азаматтарының бірі – Біләл Сүлеев. Ол Алашорданың Жетісу облысындағы өкілі болды. Жетісу өңірінде мектеп ашу ісімен айналысты. 1930 жылы Семей педагогикалық институтын құрып, тұңғыш ректоры болды. Осы кезде қамауға алынып, 1932 жылы түрмеден босап шықты. Сөйтіп ұлы Жәнібекті алып, Мәскеуге қоныс аударды. 1937 жылы Біләл екінші рет қамауға алынып, ату жазасына кесілді.
Ілияс Жансүгіровтің қызы Ильфа Жансүгірова бір сұхбатында: «Біләлден туған тұңғыш қыздың аты Фәрида екен. Ол он жасында ауырып, көз жұмған. Одан кейін 1923 жылы Жәнібек деген ұлы дүниеге келген. Ол 1943 жылы 20 жасында соғыста қаза тапқан. Ұшқыш болған екен. Жәнібек қаза болғанда, біз шешемізбен бірге Меркеде айдауда жүргенбіз. Осыдан 3-4 жыл бұрын Фатима деген қызым Жәнібек туралы зерттеу жүргізген еді. Сөйтсек Жәнібек жараланып, Смоленскіде госпитальда көз жұмыпты. Сонда көппен бірге бір молаға жерленіпті. Анам өмір бойы Жәнібектің басына бір уыс топырақ салсам деп армандап өтті», дейді.
Жәнібек Сүлеев 1941 жылдың қыркүйекте Свердловск облысының Суликам ауданынан майданға аттанды. 43-ші Калинин майданында 1237-ші атқыштар полкі, 373-ші атқыштар дивизиясы құрамында шайқасты. 1943 жылдың наурызында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Наградтау құжатында «Автоматчика-красноармейца Сулеева Жамбек. За то что он в боях за высоту Желтая 20-21 марта 1943 г. Выдвинулся вперед своего подразделения, взял у раненного снайпера снайперскую винтовку и с 3-го выстрела снял немецкого снайпера, этим самим дал возможность продвигаться подразделению без потер, был ранен 20.3.1943 года», деп жазылған. Жарақаты жазылмаған көрінеді. 1943 жылдың сәуірінде дүние салды. Денесі Смоленск облысы Демидов ауданы Шиши деревнясында жерленді.
Барлыбектің ұлы Дәрібек
Қазақтың жері, елдігі үшін күрескен қайраткер тұлғалардың бірі – Барлыбек Сырттанұлы еді. Ол қазақ өлкесін Ресейдің құрамынан шығаруды көздеді. Осы мақсатта 1910-1913 жылдары құпия «Жарғы» әзірледі. Елдік жолында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханмен тізе біріктіре бастады. Алайда жүрегі ел деп соққан Барлыбек жандармерия жендеттері қолынан қаза тапты. Ал жары мен балалары тергеуге тартылып, қуғындалды.
«Кеңес заманы орнаған шақта Барлыбектің балалары да саяси қысымның түр-түрін көрді. Абдулқадыр мен Дәрібек оқудан шығарылып, «Алаш ісі» бойынша жауапқа тартылды. Ташкенттегі САГУ-да оқып жүрген Дәрібек Барлыбекұлы М.Әуезов, Ж.Күдериндермен бірге қамауға алынды. Жазасын өтеп келген соң, Дәрібек «Халық жауы» емеспін» деп ұлдары Талғат, Самұрат үшеуі 1941-1945 жылдағы соғысқа қатысты. Соғыстан аман қалған Барлыбектің немересі Самұрат қазақтан шыққан алғашқы алты генералдың бірі болып, Кеңес өкіметінің әскери ісінің дамуына зор үлес қосты», дейді әдебиеттанушы-ғалым Елдос Тоқтарбай.
Ол өзінің «Алаш оғланы» кітабында Дәрібектің соғыста атты әскер полкы құрамында шайқасқанын атап өтеді. Самұрат соғыс кезінде капитан, майор, сосын 1968 жылы генерал-майор (алғашқы 6 қазақ генералдың бірі) болған. Дәрібектің тағы бір ұлы Талғат соғыс кезінде майор болыпты. Кейіннен полковник шенін алған, КСРО Қорғаныс министрлігінде батальон инспекторы қызметін атқарған екен.
Иә, жоғарыда айтқандай «халық жауының» балаларының майданға сұранғандағы бар мақсаты жазықсыз жапа шегіп, атылып кеткен әкелерін ақтау болатын. Пулеметші Мәншүк Мәметова (Аxмет Мамытұлының қызы), әскери дәрігерлер Зейнеп Сәдуақасова (Әлихан Бөкейханның қызы) мен Халида Маманова (Есенқұл Мамановтың қызы), взвод командирі Ноян Нұрмақов (Нығмет Нұрмақовтың ұлы), авиация теxнигі Ишағы Жағыпарқызы (Мағауияның немересі) қан майданда әкелерін ақтау үшін қ төгіп, жан берді. Қазақтың батырлары Әлия Молдағұлова мен Рақымжан Қошқарбаевтың да тағдыры осындай. Әлияның да, Рахымжанның да әкелерін Кеңес билігі түрмеге тыққан еді. Олардың да қолына қару алып, қан майданға аттанғандағы масқаты да сол әкелерін қапастан құтқару болатын.
Серікбол ХАСАН