Қазақстан • 07 Мамыр, 2020

Хабарсыз кеткен боздақтың майдан жолы интернет арқылы мәлім болды

1017 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Атамыз Әліпбай мен әжеміз Сәбила Файзолла, Зейнолла, Зейнел-Қабден, Қайролла атты төрт ұлды өмірге әкелді. Атамыз 61 жасында (менің жасқа толар-толмас кезімде) өмірден озды. Әжеміз тоқсанға таяп келіп, бертін қайтыс болды.

Хабарсыз кеткен боздақтың майдан жолы интернет арқылы мәлім болды

Әжеміздің ертегісін тыңдап, бауырында өскен соң ол кісінің айтқан әңгімелері құлағымда қалды. Молданың алдың көрген, тұрмысқа шыққанға дейін ауылда өткен талай ақындар айтысына қатысып, ешуақытта жеңілмеген әжеміз Сейфүлмәлік-Бәдиғұлжамал, Зылиха-Жүсіп, Мұңылық-Зарлық, Шәкім-Шәкірт секілді шығыстың қисса-дастандарын жатқа айтатын. Соғыстан оралмаған, қара қағазсыз хабарсыз кеткен ұлы Зейнолланы жиі есіне алып, келіп қалар ма екен деп өмір бойы күтумен өтті. Бірақ Зейнолладан еш хабар болмады. Әжемнің көзі тірі кезінде әке-шешеміз іздестірді. Бертін майдангерлерге арналған «Зерде» кітабы жарық көріп, майданда белгісіз жағдайда қаза тапқан жауынгерлер өмірінен жаңа деректер пайда болған соң біз де іздестіре бастадық, бірақ солардың ешқайсысынан ағамыз Зейнолла жайында хабар ала алмадық. Кейбір мәлімет көздерінде жастай майданға алынып, отбасын құрып үлгермеген, соңынан із қалмаған боздақтың есімі ескерусіз қалмасын деген ниетпен әке-шешеміздің Зейнолла туралы өздерінің берген деректер ғана тіркелген екен. Ал жаңа деректер мүлдем болмады.

1

Кейінгі жылдарғы интернет арқылы іздестірулеріміз де сәтсіз болып жүрді. Дегенмен соңғы жылдары ТМД елдерінде, соның ішінде Украина, Белоруссия секілді соғыс өрті шарпыған елдерде іздестірушілер қызметінің жандануына орай біздің көңіліміздегі үміт оты өшпеді. Қайта ол жылдан жылға жалындай түсті. Жыл сайын жеңіс мерекесі қарсаңында өзіміз де көрмеген ағамызды интернеттен бір іздеп көру Әліпбай атамыздан тарайтын ұрпақтардың салтына айналған еді. Кейде біздің арамызда: «Зейнолла ағамызға сәйкес келетін бір жауынгердің дерегі пайда болыпты, сол емес пе екен?» дегендей әңгіме бұрқ ете қалады. Тексеріп көрсек, аты-жөні ұқсас болғанымен, әскерге алынған жері басқа болып шығады.

 Осы әдет бойынша осыдан екі-үш күн бұрын (5 мамыр күні) ұлымыз Ерасыл «мына сайт бойынша іздестіріп көріңізші» деп «Память народа» аталатын Ресей қорғаныс министрлігінің электрондық архивінің интернеттегі мекенжайын ұсынды. Мұндай сайттың барын бұрын да білетінбіз. Одан әкеміз Файзолла Әліпбайұлының дерегін тапқан да едік. Онда әкеміздің соғыс жылдарында «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медалдарымен марапатталғаны және ол құжаттардың ҚМОА (Ресей қорғаныс министрлігінің орталық архиві) 3-шкафының 8-жәшігінде жатқандығы туралы жазылған. Әкеміз соғыстан аман-есен оралып, анамыз Мәстурамен отбасын құрып, бізді өмірге әкеліп, 1992 жылы 72 жасында бақилық болған соң бұл деректер өзімізге де мәлім еді. Әкеміздің алған орден, медалдары әлі күнге дейін үйімізде сақтаулы тұр. Оны мақтаныш қыламыз. Ал әкеміздің інісі Зейнолла аға туралы ешбір дерек жоқ, марқұмның соңында ұрпақ та қалмады. Сондықтан ол кісіні біз іздемегенде кім іздейді?!

Дегенмен соғыста белгісіз жағдайда қаза тапқан, хабарсыз кеткен боздақтар туралы архив деректері жылдан жылға толықтырылып жатыр емес пе? Осындай үмітпен жаңағы сайттың іздеу жүйесіне «Алипбаев Зейнолла» деп жазып едік, о тоба! Бұл жолы өзіміз де көрмеген асыл ағамыз туралы деректер жарқ етіп алдымыздан шықты. Шамасы, сайттың іздеу жүйесі бұрынғыдан да жақсартылған секілді. «Алипбаев Зейноллаға» аты-жөні ұқсайтын бірнеше жауынгердің деректері беріліпті. Біздің ағамыздың аты-жөні архив бойынша «Алипаев Зейнулла» деп сәл өзгерістермен берілген екен, яғни «б» әріпі түсіп қалыпты. Бірақ біздің іздеген ағамыз дәл осы кісі екендігін айғақтап, одан әрі: «Дата рождения ….1924. Место рождения Казахская ССР, Восточно-Казахстанская обл., Зайсанский р-н, Марсуйский с/с (дұрысы – Жарсуский с/с С.Ә), к/з Калинин. Место призыва Зайсанский РВК, Казахская ССР, Восточно-Казахстанская обл., Зайсанский р-н. Воинское звание красноармеец. Воинская часть 261 гв. сп 87 гв. сд.» деп тайға таңба басқандай жазылып тұр.

Сонымен біздің ағамыздың 87-гвардиялық атқыштар дивизиясының 261 гвардиялық атқыштар полкінің құрамында соғысқа қатысқаны белгілі болып, майдан жолы туралы алғашқы дерек қолға тиді.

Мұнан әрі ағамыздың өз туған жерінен әскерге алынғанынан бастап, тоқтаған соңғы мекеніне дейінгі жорық жолының сызбасы картаға түсіріліп көрсетіліпті. Қандай керемет! Осы бойынша алсақ, ағамыз жолай кездескен қасындағы сапарлас достарымен пойызға отырғызылып, ол пойыз Қарағанды, Ақтөбе қалаларын басып өтіп Дондағы Ростов қаласына келеді. Міне, осы жерде Зейнолла аға жауынгер ретінде 261 атқыштар полкінің құрамына қабылданып, алғашқы әскери дайындық жұмыстарын бастайды. Көп ұзамай осы полк құрамында майдан даласына қарай бет түзейді. Алғашқы соғысқа түскен жерін анықтай алмадым. Дегенмен бұдан әрі қатардағы қызыл әскер Зейнолла Әліпбайұлының жорық жолы Белоруссия, Украина жерінде жалғасады. Минск, Киев қалаларын жаудан босату операцияларына қатысады. Одан әрі Литва аумағына кіріп, Вильнюс қаласын таяу маңнан орап өтеді. Көптеген шағын елді мекендерді басып өтіп, оңтүстік-батысқа қарай бұрыла тартып Балтық теңізінің жағалауларын бетке алады. Әрине, осы жерлердің барлығында ұрыс қимылдарының болғаны анық.

Бұдан әрі ағамыздың гвардиялық атқыштар полкі Германия құрамындағы Шығыс Пруссияның Кенигсберг  (қазіргі атауы Калининград) қаласына таяп келеді. Алайда оған жете алмай Литваның шекаралық Таураг уезінің Наткишкяй старосталығының тұсына келген кезде ағамыздың бұл өмірдегі қайран сапары және жорық жолы үзіледі. Қаза тапты деп айтуға тіл бармайды. Бірақ ағамыздың Зайсандағы Калинин колхозының орталығы Кеңөткел ауылынан басталып, бүкіл жорық жолын көрсетіп келе жатқан картадағы қызыл сызық осы Таураг уезінің Пагегяй кенті мен Наткишкяй ауылының ортасында  тоқтайды. Демек ағамыздың сүйегі біздің болжамымыз бойынша осы Пагегяй кенті мен Наткишкяй ауылындағы кеңес жауынгерлерінің бауырластар зиратының бірінде жерленген секілді. Мұнда жерленгендердің көбінің аты-жөні мәлім емес. Яғни соғыстың белгісіз солдаттары. Ағамыздың соңынан қара қағаз келмеуінің бір сыры осында болса керек.

Сонымен Литваның қазіргі Ресейдің Калининград облысымен шектесетін дәл осы маңындағы әскери іс-қимылдарды кеңес әскерінің Ұлы Отан соғысындағы Кенигсберг үшін болған даңқты шайқасының табалдырығы болды деп атасақ, қателесе қоймайтын секілдіміз. Соның белгісіндей мұндағы бауырластар зиратының әрқайсысында мыңдаған кеңес жауынгерлерінің сүйегі жерленген. Олардың көпшілігінің аты жөні әлі күнге дейін анықтала қойған жоқ. Демек қатардағы жауынгер Зейнолла Әліпбайұлының бар болғаны жиырма жасында қыршынынан қиылып, Ұлы Отан соғысының белгісіз құрбандықтарының біріне айналуы оның туыстары біздерді осында өткен қанды қасап қырғынның жұмбақ сырларын білуге жетелейтіндігі анық. Ағамыз нақты қай жерде жатыр екен? Қай күні, қай сәтте демі үзілді? Оны нақты айқындау қиын болғанымен енді шамалап болсын білуге мүмкіндігіміз бар. Өйткені Зейнолла аға қатарында болған 261-гвардиялық атқыштар полкінің командирі майор Гончаруктің, басқа да офицерлердің полктің жорық жолдарынан, ұрыс қимылдарынан нақты да айқын хабар беретін бірқатар рапорттары мен хабарламалары аталған архивте сақталған және олардың құпиялылығы алынған екен. Сол құжаттың бірін көшіріп сақтап қоюдың сәті түсті. Онда 261-атқыштар полкінің Неман өзенінің сол жағалауында жау әскерлерімен 1944 жылдың 21-22 қазан күндері болған ұрыс қимылдарының қорытындылары, екі жақтан болған адамдар мен қару-жарақ шығыны жайлы баяндалады. Ағамыздың осы шайқастарға қатысқаны анық. Өйткені бұл кезде оның жорық жолы әлі аяқталмаған еді.    

Бірақ Ұлы Жеңіс қарсаңында архивтің іздестіру жүйесіне түсетін жүктеменің шектен тыс көбеюіне байланысты 261-атқыштар полкі командирлерінің жоғарғы жаққа жолдаған басқа да рапорттары мен жауынгерлерге берген бұйрықтарын ашуға мүмкіндік болмады. Егер біз ол құжаттарды қолға тигізсек, жетпіс бес жыл бойы еш дерегін білдірмей майдан даласында хабарсыз кеткен боздақтың жорық жолдарының жалпы картинасын жасау мүмкіндігіне ие болар едік. Бәлкім оның жеке басына қатысты қосымша деректер де пайда болып қалар. Тіпті жатқан жерін анықтап, басына барып қайтудың да сәті түсер. Қазіргі ақпараттық технологиялардың жедел дамуы, деректер базасының жылдан жылға нығаюы бізді осындай үмітке қарай жетелей түседі.

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20