Әдебиет • 08 Мамыр, 2020

Абайдың Қара сөздері алғаш рет португал тіліне аударылды

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

6 мамырда бразилиялық «TV-Supren» телеарнасында Қазақстанның елшісі Қайрат Саржанов қазақтың ақыны, ойшылы және ұлттық әдебиеттің негізін қалаушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында оның алғашқы рет португал тіліне аударылған «Қара сөздері» кітабының тұсаукесерін өткізді. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Абайдың Қара сөздері алғаш рет португал тіліне аударылды

Іс-шара барысында Қайрат Саржанов Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттық бірегейлікті, өзіндік ұлттық кодты сақтау, мәдени жетістіктерді ілгерілету, әсіресе оларды шетелде насихаттау туралы бастамаларын іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, Абай Құнанбайұлының қазақ мәдениетін дамытудағы рөлін, бойында тәрбие мен ұлттық дүниетаным мәселелерін көтеретін, адамның кемшіліктерін сынайтын, адамдарды еңбек, ағартушылық және ғылымда жоғары жетістіктерге жетуге, заңдарды сақтауға шақыратын, халық бірлігінің маңыздылығын қозғайтын «Қара сөздердің» маңызына тоқталды. Ақынның тұлғалық құндылығы мен оның қазіргі қоғам үшін маңыздылығына арналған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына да ерекше назар аударылды. Кітаптың португал тіліндегі басылымының тұсаукесері Абай Құнанбайұлының мерейтойын мерекелеудің басталуына орай қаңтар айында Қазақстан Республикасы басшылығының қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен салтанатты шара туралы бейнебаяндармен, қазақ ағартушысының өмірі мен шығармашылығы туралы бейнероликтер мен тарихи фотосуреттермен, қазіргі заманғы Қазақстанның пейзаждары мен көріністерімен үйлесімді өткізілді.

Ұлттық конгресстің экс-сенаторы, Бразилияның бұрынғы білім министрі, профессор Кристовам Буарке Абай шығармасына жасаған шолуы барысында «сансыз афоризмдерге толы, адам баласының ерте жастан қалыптасуы тиіс патриотизм мен ерлік секілді қасиеттерін, махаббат пен отан алдындағы парызын, үлкендерге құрметті мадақтайтын» ақын еңбегіне жоғары баға берді. Ол «кітап басынан аяғына дейін оқырманды өмірдің мәні туралы дана сөздерді жіберіп алмайтындай етіп, кернеп отырады" деп қорытындылады. Автор ретінде ұлы ақындардың рөлі мен шеберлігі әрқайсымыздың ішімізде терең көмілген ойларды оята алатынында екенін ескерсек, Абай – әлемнің ең ұлы ақындарының бірі.

«Қара сөздер» жинағы португал тіліне 2019 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының аудармасымен жұмыс жасаған, филология ғылымдарының докторы, Сан-Паулу университетінің профессоры Эдельсио Америко тарапынан аударылып, санпаулулық «Нова Александрия» баспасында басылып шығарылды. Бразилия жұртшылығына қазақ ағартушысын жақынырақ тануға мүмкіндік беру мақсатында Абай Құнанбайұлының туындысы бразилиялық оқу орындары мен кітапханаларына таратылады. Аударманың электрондық нұсқасымен Қазақстан Республикасының Бразилиядағы Елшілігінің сайтында танысып, мәтінін жүктеп алуға болады.

Ұлттық конгресстің экс-сенаторы, «Планетарлық одақ» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, 2018 жылғы қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының VI съезіне қатысқан Улисис Ридель негізін қалаған «TV-Supren» телеарнасы гуманизм, ынтымақтастық, әлеуметтік әділеттілік қағидаларын насихаттайтын, ғылым мен инновация, мәдениет пен өнер, қоршаған ортаны қорғау және т.б. салалардағы жетістіктер туралы насихаттайтын контентті өндіреді.