Әлем • 11 Мамыр, 2020

Мигранттар Мальтаны мазалап тұр

300 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда Мальта үкіметі мигранттарды игере алмай отырғанын айтып шағымданды. Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер Таяу Шығыс пен Африкадан ағылған мигранттар түйткілін тарқата алар емес. Аталған мәселе, әсіресе Жерорта теңізінің маңында орналасқан елдерге қиын соғып отыр. Өйткені босқан халық ең әуелі сонда барып паналайды.

Мигранттар Мальтаны мазалап тұр

Мальта – Еуропалық одақ құрамын­дағы шағын мемлекет. Осы елдің сыртқы істер министрінің сөзіне сүйенсек, кейінгі уақытта ағылған миг­рант­­тардың санында есеп жоқ. Ведомс­тво басшысы оларды қайда жібе­рерін білмей дал болып отырғанын айтады.

«Биылғы үш айдың өзінде Орталық Жерорта теңізі бағытымен ағылған заңсыз көші-қон 438 пайызға бір-ақ артты. Осылайша елге шамамен 1200 адам келді. Пайыздық көрсеткішпен есептесек, бұл ЕО-ға мүше басқа елдерге он мыңдаған мигрант барғанмен тең», дейді министр Эварист Бартоло.

Мальта сыртқы істер министрі бекерден-бекер күйініп отырған жоқ. Алақандай елдегі тұрғындардың саны 500 мыңға да жетпейді. Соның 100 мыңға жуығы шетелден келген. Кейінгі жылдары заңсыз миграция да күрт артты.

«Егер дәл осындай көлемдегі мигранттар Испанияға барса, 12 400 адамнан асып кетер еді. Бұл Түркия президенті Режеп Тайип Эрдоғанның биыл Грекияға жіберген босқындар санына тең. Еуро­палық одақ басшылығы сол кезде Гре­кияға қолұшын созуға асыққан еді. Бірақ біздің жағдайда ЕО шенеуніктері елге келіп, не болып жатқанын да бақы­лаған жоқ», дейді Э.Бартоло.

Мальталық саясаткердің қарт құрлық­тан көңілі әбден қалған сыңайлы. Брюс­сельдегі шенділер үшін одаққа мүше мемлекеттер тең дәрежеде қарал­­май­тынына ренжулі. «Алпауыт мем­­ле­кеттер қалағанын жасайды, ал ша­ғындары соған көніп, бас шұлғуы керек... Бұл дұрыс емес», дейді ол.

Коронавирус пандемиясына байланысты Мальта басқа да Еуропалық одақ елдері секілді шекарасын жапқан болатын. Әйтсе де, теңіздің арғы бетінде орна­ласқан Ливиядағы ахуалдың қиын­дығы мигранттарды қабылдауға мәжбүрледі.

Э.Бартолоның сөзіне сүйенсек, Маль­та­дағы басты мәселе – босқындар лагерь­лері бүгінде аузы-мұрны шыға тол­ған. Шамамен 4000-нан астам заңсыз мигрант алақандай аралды паналапты. Бұл – елдегі халықтың бір пайызына тең.

«Мәселе өте қиын. 2005 жылдан бері елімізге 22 000 босқын келді. Еуро­па­лық одақ елдері соның 1700-ін ғана, яғни 8 пайызын ғана паналатты. Бұл әділетсіздік. Дегенмен Германияға, Фран­цияға, Ирландияға, Порту­галияға және Люксембургке алғысымыз шексіз. Олар қолдарынан келген көмегін аяған жоқ. Бірақ соның өзі жеткіліксіз», дейді Э.Бартоло.

Мальта сыртқы істер министрінің дерек­теріне сай, 2005 жылдан бері АҚШ тарапы ала­қан­д­ай аралға келген 3300 босқынды өз елінде паналатқан. Әсіре­се Барак Обама президенттігі кезінде Құрама Штаттар түйткілдің түйінін тар­­қатуға барынша қолдау көрсетті. Э.Бар­­толо АҚШ-тың Еуропалық одақ ел­­деріне қарағанда екі есе көп босқынды әкетуі одақтың қол қусырып отырғанын көр­сетеді деп есептейді.

Еуропалық комиссия өткен аптада Маль­та­ның мәселесін шешумен айналысып жатқанын мә­­­лім­­деген. Соған сәйкес, Еуропалық одақтың бос­­­­қын­дар мәртебесі туралы заңына өзгерістер ен­­гі­­зіл­­­мек. Э.Бартоло заңға енген өзгерістер түйт­­­кіл­­дің түйінін тарқатады дегенге күмәнмен қара­йды.

«Босқындарды қабылдап алу және оларды орналастыру мәселесі бір-біріне байланыс­ты, сондықтан ұсыныл­ған өзгерістердің ешқай­сы­сы бізді қанағат­тандырмайды. Ең әуелі орна­лас­тыруды толыққанды шешіп алу керек. Әйт­песе бұрынғыдай уәде беріп, ақы­рын­да тайқып шығады», дейді сыртқы істер министрі.

Мальта премьер-министрі Роберт Абела таяуда құтқарылған 57 босқын­ды Еуропалық одақ тиісті елдерге орна­ластырғанға дейін портқа кіргізбейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ екінші кеменің Ливияға қайтарылғанын да жеткізді.

Кейбір саясаткерлер Мальта үкіметі­нің бұл шеші­мін халықаралық заңға қай­шы деп айып­таған. Алайда Э.Бартоло бұл пікірмен мүлдем келіспейді. «Орта­­лық Жерорта теңізі бағытындағы «пушбэкті» (босқындарды қайтарып жіберу) Еуро­палық одақ жасап жатыр. Себебі олар бүкіл жауап­кершілікті Мальта мен Италияға жүк­теп қойды. Босқындарды қай­тарған бізге де ұна­май­ды. Бірақ ешкім көмек қолын созбаса, ша­ғын арал­дағы бізден не күтесіз? Басқа мемлекет­тер кө­мек­теспесе, өзіміздің жағдайымызды өзі­міз ой­лауға мәжбүрміз», дейді сыртқы істер министрі.