ДДҰ-ның жыл сайынғы дәстүрлі жиыны биылғы 18-19 мамырға жоспарланған. Әдетте конференцияға әр елдің өкілдері баратын еді, бірақ коронавирусқа байланысты іс-шара видео байланыс арқылы өтпек. Жиын барысында БҰҰ-ға мүше мемлекеттер бір жыл ішінде атқарылған жұмыстың есебін тыңдап, алдағы жоспарды бекітеді.
АҚШ тарапы аталған конференцияға Тайваньды бақылаушы ел ретінде қатыстыруға мүдделі. Осыған байланысты Құрама Штаттардың дипломаттары еуропалық әріптестері мен басқа да мемлекеттерге сауын айтып отыр. Бұған Бейжің билігі түбегейлі қарсы.
«Мен бүкіл әлем халқын, Еуропадағы әріптестерімді Тайваньның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жиынына және басқа да БҰҰ шараларына бақылаушы ретінде қатысуын қолдауға шақырамын. Сондай-ақ ДДҰ-ның Бас директоры Тедростан биылғы конференцияға Тайваньды қатыстыруды өтінемін. Мұндай қадамға оның күші жетеді әрі бұған дейін ДДҰ басшылары бірнеше рет ондай әрекетке барған», деді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.
Франция Сыртқы істер министрлігі Құрама Штаттардың ұсынысына келісетініне тоқталып, Тайваньға бақылаушы мәртебесін берудің маңызын атап өтті. Жалпы, М.Помпеоның бастамасын Ұлыбритания, Германия секілді Еуропадағы басқа да мемлекеттер қолдауы ықтимал. Өйткені олар үшін Қытайдың күш алып кеткені қажет емес.
ДДҰ тарапы Тайваньның мәртебесіне қатысты ресми түсініктеме беруден бас тартып отыр. Дегенмен, мұндай геосаяси мәселеде ұйымға мүше мемлекеттердің келісімінсіз Тайваньға бақылаушы мәртебесін беруге құқығы жоқ екенін алға тартады.
Жалпы, осы коронавирус пандемиясы кезінде Тайвань мен ДДҰ бірнеше мәрте түсініспей қалды. 2019 жылғы 31 желтоқсанда осы елдің дәрігерлері ДДҰ-ға хат жолдап, коронавирус туралы қолда бар мәліметпен бөлісуді сұраған. Хатта медицина қызметкерлері Қытайдағы жаңа ауру түрі адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін ескерткен. Бірақ Денсаулық сақтау ұйымы тайваньдықтардың ескертпесіне мән бермеген сыңайлы.
ДДҰ-ның бас кеңесшісі, доктор Брюс Эйлуард RTHK арнасына берген сұхбатында Тайваньды Қытайдың аймағы деп мәлімдеді. ДДҰ бас кеңесшісінің пікіріне Тайвань тарапы бірден жауап қатты. Ел президенті Тсай Инг-вен пандемиямен күрестегі өз елінің әрекетін бағалайтын кез келетінін айтты. Ал осы елдің сыртқы істер министрі Джозеф Ву тіпті қатты кетіп, Twitter-дегі парақшасына «ДДҰ-да «Тайвань» сөзін айта алмайсыңдар ма? Пандемиямен күресте саясатты қоя тұру керек», деп жазды.
Әлемдік аренада үстемдік етуге талпынған екі мемлекеттің Тайваньға шүйлігуінің мәні мынада. Тайвань – БҰҰ тарапынан ресми мойындалмаған мемлекет. Сондықтан ДДҰ құрамына енбеген. Алайда 2009-2016 жылдары ұйымға бақылаушы мәртебесін алған. Бірақ Қытай бұған қарсылық көрсетіп, Тайвань одан да айырылып қалды. Яғни ДДҰ-ның кезектен тыс кездесулеріне, маңызды мәселелер талқыланған жиындарынан шет қалып жүр. Биыл коронавирус пандемиясы туралы талқылаулар өткенде де Тайвань тағы қатыстырылған жоқ.
Әйтсе де, алдағы жиынға да Тайваньның бақылаушы ретінде шақырылуы неғайбыл. Франция секілді бірқатар мемлекеттің Ақ үй ұсынысын қолдағанына қарамастан, Қытайдың ықпалына төтеп беру оңай емес. Негізі Тайваньның мәртебесі ДДҰ-ға мүше 194 мемлекеттің дауыс беруі арқылы анықталады. Қытай сол елдердің басым бөлігіне қаржылай һәм басқалай да көмектесіп жүр. Әсіресе Африка секілді шетелдік инвестицияға мұқтаж мемлекеттерге юань аяған емес. Ендеше, олардың ақшасын ала отырып Қытайға қырын қарамайтыны айтпаса да түсінікті.
Жалпы, Қытайдың шетелдерге қомақты инвестиция құюы Африкамен шектелмейді. Кейінгі 10 жылда оның көлемі 2 трлн долларға жетті. Бейжің билігі «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында Шығыс Еуропаның 16 еліне қаржылай көмегін ұсынды. Қытайдың Шығыс Еуропаға салған инвестициясының көлемі 8 млрд доллардан асып кеткен.
Азияда да Қытайдың қалдырған қолтаңбасы жетерлік. 2017 жылы Малайзия 12 млрд доллар қарыз алды. Бейжің Пәкістанға 62 млрд доллар инвестиция құюға ынта танытып отыр.
Алда-жалда Ақ үй билігі Тайваньды ДДҰ-ға бақылаушы ретінде қатыстыруға әлем елдерінің көзін жеткізсе, АҚШ үшін саяси сахнадағы зор жеңіс саналмақ. Өйткені Құрама Штаттары мен Қытайдың арасынан қара мысық жүгіріп өткені кеше ғана емес. Сауда соғысы, коронавирустың шығуы секілді көптеген мәселеде Қытай мен АҚШ жиі шекісіп қалады. Дегенмен Бейжің билігінің әлемдік аренадағы ықпалын күшейту үшін қаржы аямайтынын ескерсек, Құрама Штаттардың үндеуіне тұрмысы төмен елдердің құлақ асуы неғайбыл. Ең бастысы, «екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» кейпі келмесе болғаны...