Қоғам • 12 Мамыр, 2020

Құрылыс секторындағы серпіліс

345 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Біраз жыл бұрын танысым елорданың сол жағалауының ең бір көрнекті жерінен көлемі 150 шаршы метрлік тамаша пәтер сатып алды. Пәтердің әр шаршы метрі оған 4 мың долларға түсті. Яғни бағасы да қымбат, сапасы да керемет үй.

Құрылыс секторындағы серпіліс

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Ал енді осындай пәтердің әр шаршы метрін біздегі атақты құрылыс компаниясы қазір бар болғаны 1 мың доллардан салып жүр. Біраз жыл бұрынғы 4 мың долларлық пәтерден еш кемшілігі жоқ. Керісінше жал­пы сәні мен тұрмысқа жайлы­лы­ғы тұрғысынан тіпті асып түсе­тін­дей.

Қазақстандағы, соның ішінде елордадағы бизнес санаттағы пәтерлер бағасының төмендеу сыры неде?

Біріншіден, осы жылдар аралығында ұлттық валютамыз долларға шаққанда еселеп құнсыздана түсті. Екіншіден, кезінде мұнайдың 1 баррелінің бағасы 140 долларға дейін жеткен кездері ел ішіне сол доллардың тасқындап кіруінен пайда болған тұрғын үй нарығындағы көпіршік қазір сылынып қалды. Сөйтіп баға сұраныс пен ұсынысқа орай реттеле түсті. Әйтпесе нарықтық экономиканы жаңа құрып жатқан Қазақстан астанасындағы пәтер құны еуропалық дамыған мемлекеттер астаналарындағы бағамен теңесіп қалған еді.

Сонымен қатар еліміздегі жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің өзіндік құны мен олардың нарықтық бағаларының айтарлықтай төмендеуіне жа­ғым­ды ықпал еткен тағы бір елеулі фактор – аздаған жыл­дардың өзінде құрылыс техно­ло­гияларының дамуы. Бұл жағдай да құрылыстың өзіндік құнының төмендеуіне үлкен әсерін тигізді. Әйтпесе кезінде елордада әр шаршы метрінің нарықтық бағасы 4 мың долларға дейін шарықтаған тұрғын үй құрылысы енді сол баға 1 мың долларға дейін, яғни шамамен төрт есе құлдыраған кезде мүлдем тоқтап қалған болар еді.

Жоқ, тоқтағанды қо­­йып қазір тіпті қарқын ала түс­­­кендей. Тіпті оны қол­­да бар көрсеткіштерге қарап тұтас ТМД елдері ара­сын­да алдыңғы орында деуге болады. Ол үшін мына көр­сет­кіш­тер­ге назар ауда­ра­йық:

Еуразиялық эконо­ми­ка­лық комис­сияның 2019 жылдың 1 қарашасына дейін­гі дерегі бойынша ЕАЭО елде­ріндегі 2019 жылдың қаң­тар-қазан айларында орын­далған құрылыс жұ­мыс­тарының көлемі 122,1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл 2018 жылдың аталған мерзіміндегі көрсеткіштен 1,3 пайыз жоғары. Арменияда – 351,1 млн доллардың, Қыр­ғызстанда – 725,2 млн дол­лардың, Беларусьте – 4 млрд 454,1 млн доллардың, Қазақ­стан­да – 8 млрд 702,1 млн дол­лардың, Ресейде – 107 млрд 868,5 млн доллардың құ­рылыс жұмыстары атқа­рыл­ған.

Енді құрылыс саласының даму көрсеткіштеріне келсек, 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында құрылыстың дамуы 2018 жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда Арменияда – 99,3 пайыз, Беларусьте – 99,9 пайыз, Қыр­ғызстанда – 100,6 па­йыз, Ресейде – 100,4 пайызға жоға­рылады. Ал Қазақстанда өсім 112,7 пайыз болды. Яғни еліміздегі құрылыс са­ла­­­сы қарқынды дамуын одан әрі жалғастырған.

Бұл – жалпы құрылыс көр­сет­кіштері. Ал енді тұрғын үй салу жағдайына келсек, 2019 жылдың қаңтар-қазан ай­ларында Арменияда – 138,3 мың, Қырғызстанда – 873,4 мың, Беларусьте – 2 млн 882,4 мың, Ресейде – 55 млн 123,6 мың шаршы метр тұрғын үй салынғанда, Қазақ­станда 9 млн 795,7 мың шаршы метр үй бой көтерді. Бұл бүкіл ЕАЭО көлеміндегі са­лынған үйлердің 14,2 па­йызы Қазақстанның үлесіне тигенін білдіретін жақсы көрсеткіш.

Елімізде құрылыстың қар­қын алуының тағы бір себебі – сұраныстың жоғарылығы. Жылжымайтын мүлік сауда-сат­тығымен айналысатын агент­­тіктердің мәліметіне қара­ғанда, өткен жылы елі­міз­де пәтер сату және сатып алу операцияларының саны 10 пайызға артқан. Яғни жылжымайтын мүлік нарығы жандана түскен. Сарапшы мамандар бұл жанданудың түпкі себебі ел экономикасының дамуына, сондай-ақ жастарға және халықтың әлсіз топтарына, бюд­жет қызметкерлеріне же­ңіл­дікпен несие беретін «Бақытты отбасы», «7-20-25» секілді әлеуметтік бағ­дар­ла­ма­лардың іске қо­сыл­уымен байланысты еке­нін айтады.

Тұрғын үйге деген сұ­­ра­нысты сақтау үшін, әри­не бірінші кезекте құ­ры­лыс саласының алдын­­дағы проб­ле­маларды ше­ш­уі­міз қажет. Соның бірі құ­ры­лыс материалдары өнер­кәсі­бін жандандыруға қа­тыс­ты. Елімізде құрылыс ма­териал­да­ры­ның көптеп шы­ғарылуы тұрғын үй баға­сының төмендеуіне алып келетіні анық. Өкінішке қарай осы мәселе то­лық ше­шіл­мегендіктен біздегі ірі құ­рылыс компаниялары өздеріне қажетті заттардың көп­шілігін шетелдерден тасымалдап келеді. Материалдар көбінесе доллармен сатып алынатындықтан, тұрғын үй­лердің өзіндік құнының қымбаттауына әкеледі.

«Қазақстан құры­лыс­шы­лар одағы» РЗТБ сарапшысы Серікбай Омарқас жаңадан салынып жатқан тұрғын үй­дегі қазақстандық құ­ры­лыс материалдарының үле­сі әрі кеткенде 45 пайыз­дан аспайтынын айтады. «Қа­зақ­стандық құрылыс ма­те­­риалдары тұрғын үйдің сұлбасын тұрғызған кезде ғана қолданылады. Бұл – құм, цемент, бетон, газблок секілді дүниелер. Сондай-ақ кейбір жеңіл-желпі әрлеу материалдары елімізде шы­ға­­рылуы мүмкін. Бірақ оның өзін мықты құрылыс ұйым­да­ры қолдана бермейді. Кө­бін шетелден алдырады. Өйткені басқаны былай қой­­ғанда, нысанның сыртын қап­тап, көркем келбет бере­тін сәнді кірпіштердің өзін жеткілікті шығара алмай, Ресей мен Украинадан тасымалдаудамыз. Ал электр мен сантехникалық күрделі құралдарды шығаруға шама­мыз келмей жатқаны айт­паса да түсінікті. Негізі ша­­ма­мыз келмейді емес, ке­ле­ді. Бірақ оған білім мен тәжірибеміз және мемле­кет­тің бұл істі дамытуды тұ­рақты түрде қадағалауы мен қолдауы жетіспей отыр. Осы мәселелерге көңіл бөлу қажет-ақ. Өйткені құ­рылыс материалдары өнер­кә­сібіндегі іс мұнсыз алға бас­пайды», дейді.

Сондай-ақ ол құрылыс сала­сының еліміз үшін жан-жақты маңыздылығына тоқтала келе: «Қазақстанға құрылыс министрлігі қажет. Егер құрылыстың өзі жеке сала болып отау тіксе, оның әлі күнге дейін ескерілмей келе жатқан мәселелеріне терең бойлап, дұрыс шешім қа­был­дау жағы жақсарар еді», деген ұсынысын жет­кіз­ді.

Құрылысшыларды тол­ған­дыратын басқа мәсе­ле­лер де баршылық. Айталық ол тұрғын үй құрылысын жүргізетін жер телімдеріне және оның инженерлік же­лі­леріне қатысты. Осы ретте құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан елорда жағ­дайына тоқтала кетейік.

Нұр-Сұлтан қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер па­ла­тасының директоры Алмат Жүнісовтің айтуын­ша, қазір құрылыстың қар­қын­ды дамуына орай оны коммуналдық желілермен қам­ту мәселесі өткір сипат алуда. Бөлінетін жер телім­дерінің басым көпшілігі аук­циондарға қажетті инфра­құрылымдармен қамтыл­мас­тан шығарылуда. «Осы қиындыққа байланысты құ­ры­лыс жүргізушілер нысанды дер кезінде пайдалануға бере алмай жатады және оны желілерге қосу немесе дербес жылу көзімен қамту үшін қосымша шығындар жұмсайды. Тіпті жұмысты уақы­тында атқармағаны үшін жерден айырылып қал­уы да мүмкін. Сондықтан аукционға инженерлік желі­лер­мен қамтылған жерлерді ғана шығару туралы ұсыныс айтпақпын. Ал инженерлік желілер болмаған жағдайда кәсіпкерлерге коммуникация­ларды жүргізу құқын бере отырып, мемлекет осы үшін жұмсалған шығындарды өтеп беру міндетін мойнына алғаны жөн болар еді», дейді ол.

Осындай проблемалар өткен аптада Үкіметтің се­лек­­торлық отырысында да қам­тылды. Онда құрылыс сала­сын нығайту жолда­ры қаралды. Негізінен «Нұр­лы жер» мемлекеттік бағ­дар­ла­масын іске асыруға екпін түсірілді.

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму бірін­ші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, биыл «Нұрлы жер» бағ­дар­ла­масы аясында 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, аз қамтылғандар мен жастар, бюджеттік ұйым­дардың қызметкерлері қа­та­рынан 32 мыңнан аса отбасы жалға берілетін және кредиттік пәтерлермен қам­та­­масыз етіледі.

«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті несие­леу бағдарламасы аясында қазір отандық құрылыс индустриясы бойынша 178 млрд теңгені құрайтын 33 жоба іске асырылып жатыр (шыны, арматура, санфаянс, керамика тақташалар, лак бояулар шығару). Оны іске қосу тұрғын үй құрылысында қазақстандық үлесті 95%-ға жеткізуге және 8 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Қазіргі жағдайдағы Үкі­мет­тің ең маңызды мін­деті – құрылыс қарқынын кү­шейту, халықты тұрғын үймен қамту, жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру. Бүгінде құрылыс саласында шамамен 700 мың адам жұмыс істейді», деп атап өтті Үкімет басшысы А.Мамин Үкімет отырысында. Ол құрылыс саласы экономиканың негізгі драйверлерінің бірі екенін тағы да еске салды.

Осы отырыста берілген тапсырмаларға орай, енді әкімдерге құрылыстың жедел қарқынын қамтамасыз ету, қаржы­лан­дыру жоспарларын түзету және бұған дейін мәлімделген мерзімдерді қайта қарау, сондай-ақ құ­ры­лыстың мәлімделген кө­лемі бойынша барлық жо­­балық құжаттаманы әзір­леу­ді тездетіп аяқ­тау қа­жет. Ал Индустрия және инфра­­­құрылымдық даму министр­лі­­гі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп «Қа­ра­пайым заттар экономикасы» бағ­дар­ламасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс индустрия­­сы жо­ба­­ларының уақтылы іске қосылуын қам­­тамасыз етуі керек, отандық жаңа өнді­ріс­терді құру жұмысын жандандыруы қажет.

Еліміздің құрылыс саласы экономикамыз қиындыққа душар болған қазіргі сәтте оған қосымша күш бере алады. Құрылыс саласының бұған барынша қабілетті екенін тиісті фактілер де ай­ғақ­тайды. Статистика коми­те­тінің мәліметінде был­тыр экономиканың негіз­гі сала­лары арасында құры­лыс сала­сының дамуы басым сипатқа ие болғаны көр­се­тіл­ген. Мәселен, былтырғы қаңтар-желтоқсан айларында 2018 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ауыл, орман және балық шаруашылығы – 100,9 пайыз, өнеркәсіп – 103,8 пайыз, көлік – 105,1 пайыз, байланыс – 105,2 па­йыз, сауда 107,6 пайыз даму көрсеткішін көрсеткенде, құрылыс саласының даму деңгейі 112,9 пайыз болды. Демек, бізге күрделі кезеңде тоқтаусыз жұмыс істеуге қа­бі­­летті құрылыс компания­ла­рына барынша жағдай ту­ғы­зып, олардың алдындағы ке­дер­гілерді толық жою керек.

Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, экономика тығырыққа тірелгенде көп­теген ел құрылыс са­ласын дамытуға екпін түсі­ре­ді екен. Мәселен, өткен ғасырдың отызыншы жылдары АҚШ «Ұлы депрессия» деп аталған әлеу­меттік-экономикалық кү­й­зе­лісті құрылыс саласын жандандыру арқылы ең­сер­­ген болатын. Сол тұста АҚШ-та көптеген тұрғын үй тұрғызылды, автокөлік жолдары мен көпірлер салынды. Нәтижесінде, ел экономикасы бұрынғыдан да ауқымды даму мүмкіндігіне ие болды. Осындай сыннан өткен тәжірибені іске қосу Қазақстанға да қажет болып тұрғандай.