Қоғам • 12 Мамыр, 2020

Ержеткен ұл, бойжеткен қыз шаңырақ көтермей, демографиямызда дүмпу болмайды

704 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақмола облысында жар сүйіп көрмеген 3786 азамат салт бас­ты, сабау қамшылы болып жүрсе, көк етікті кездеспей, көн етіктіні менсінбей 3634 бойжеткен күн кешуде. Оған дәм-тұзы жараспай ажырасқандарды қосыңыз. Мәселен, өткен жылы 4772 шаңырақ көтерілсе, жыл ішінде 2865-і ажырасып кеткен.

Ержеткен ұл, бойжеткен қыз шаңырақ көтермей, демографиямызда дүмпу болмайды

736 мыңнан астам халқы бар облыстағы табиғи өсім 4955 адамды ғана құрайды. Біздіңше, бұл мақтанарлық көр­сеткіш емес. Оның бір себебі, жоғарыда біз айтқан бойдақ жігіттер мен кәрі қыздардың шамадан тыс көбейіп кетуі. Екіншіден, бала өлімі де азаймай тұр. Мәселен, 2019 жылы облыста 89 сәби шетінеп кетсе, 85-і өлі туған. Демек, демо­гра­фиямыздың қарыштап өсу жолында кесе-көлденең жатқан кесел аз емес.

Жастардың отау құрмай жүріп қалу себебі туралы қат-қабат мәселе баспасөзде аз жазылған жоқ. Оның ішінде, әсіресе отбасының жауап­кер­шілігінен қашу төңірегінде де талай ой толғанды. Бірінші себеп, елдегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға байланысты деген де ой айтылады. Біз бұл пікірлерді жоққа шығармаймыз. Әрине баспананың болмауы, табыс­ты жұмысқа орналаса алмауы тұрмыс құрмауға себеп бо­­ла­­тындығы рас. Ендігі бір себеп біздің ойымызша, ержет­кен ұлдың, бойжеткен қыз­дың өмірлік қосағын таба алмай, жарым ғұмыры өксу­мен өтетіндігінде шығар. Бұл жеке бастың ғана трагедиясы емес, тұтас қоғамға зардабын тигізіп отырған өзекті мә­се­ле десек артық айтпайтын шығар­мыз. Қазір ұлттық де­мо­­гра­фияны жақсарту үшін бал­­шықтан бала жасай алмай отырғанда, ұрпағымызды кө­бейтуге септігі тиетін жастар­дың жалғыз-жарым күн кешуі­нің себебі неде? Енді бір сәт осы тақырып төңірегінде ой қозғап көрелікші. Ең алдымен, ұлт бесігі болып келген шағын ауылдардың маңдайына «бола­шағы жоқ» деген қарғыс таң­басы басылып, келешегінің кесілуі. Отыз-қырық отбасы түтін түтететін, өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдай алмай шаңырағы шайқалып, соңғы қазығы суырылудың алдында тұрған алақандай ауылда ата-анасына қарайлап қалып қой­ған жастардың өз теңін таба ал­майтыны түсінікті. Мұн­дай ауылдарда қалған азамат­тарға қалада өскен қыз сырға тақтыра ма? Ал ауыл бойжет­кені қайткен күнде де қаладан орын таппақ. Орын табылар-ау, жар табыла ма?     

Алғашқы себептің түп төр­кінін іздеп көрелік. Психолог маман­дардың айтуына қараған­да, қазіргі жастардың бойында өз қарақан басының қамын ойлау жағы басым. Негізгі себеп­тері қоғамдық құндылықтар­дың өз­геруі, яғни материалдық игіліктің бірінші орынға шығуы. Ат жалын тартып мінер-мін­бестен дүниеқоңыздық дертіне шалдыққан жас толқын  ең әуелі жақсы қызметке орналасуды, содан соң билік баспалдақтарымен жоғары көтерілуді армандайды. Ал отбасын құру екінші кезек­ке ысырылып қалады. Мұн­дай көрініс, әсіресе қыз бала­ларға тән. Толымды табысы бар қызметке тырнағын іліктірген соң келесі мәселе – үй алу. Мұ­ның барлығы оңай-оспақ шаруа емес. Жоғары оқу орнын бітіргенше, қызмет барысында көп-көрім көтерілгенше қайран да қайран жылдар, жастық шақ сынаптай сырғып өте береді. Қырықтың қырқасына шыққан соң кірпияз көңіл тым талапшыл. Қиял әлеміндегі ақбоз атты ханзада кездесе қояр ма екен. Енді қалғаны қос тізесін құшақтап, жолығар-жолықпасы  белгісіз  әдемі бейнені іздеп, арман елесінде адасып жүру. 

– Бұл мәселеде ең алдымен отбасындағы тәлім-тәрбиенің ақсап жатқандығын көруге болады, – дейді зейнеткер ұс­таз Рауза Бәйкенова,– қыз бала қылтиып бойжеткен соң оның алдындағы ең мерейлі мін­деті алдымен ана болу керек екенін санасына сіңіру қажет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біз Көкшетау қаласында мұсылман әйелдер лигасын құрып, білім ошақтарында оқып жатқан жас толқынмен жап-жақсы жұмыс істедік. Кейін осы жұмыс тоқырап қалды. Ондағы міндет қыздардың дүние-таным көкжиегін кеңейтіп, ана деген ардақты атқа қалай ие болу керегін парасат биігіне шы­ға­рып, ұғындырушы едік. Қазір­гі жастардың есіл-дерті тек өз­­­дерінің жағдайларын жасау. Бі­рақ онымен ұлт ретінде ұйы­сып, санымыз көбейіп, сапамыз артып, ілгерілей алмаймыз ғой.

Ендігі бір мәселе, әлеумет­тік-тұрмыстық жағдайға байланысты. Мәселен, шалғай ауылдарда қазір жастар сирек. Көпшілігі іргедегі Нұр-Сұлтанда, әйтпесе өздерінше тұрмысы тәуір деп есептейтін шағын қалаларға қоныс аударуда. Тіпті шетел асқандар да аз емес. Үдере көшіп шетел асып кетуге шамасы жетпегендер әйтеуір ауыл­да қалғысы келмей, аудан орталықтарын жағалайды. Онда да  баспана­ға оңай қол жеткізу жоқ. Міне, осы себептен жас отбасылар бала санын шектеуге, тіпті ажырасуға дейін барады.  

– Халықтың өсуіне тікелей немесе жанама әсер ететін фак­торлар аз емес қой. Оның ішін­де  кейбір өңірлерде ана мен бала өлімінің көбеюі, әрқи­лы жұқпалы аурулардың етек жаюы, тіпті саламатты өмір салтын ұстанбағандықтан, спирт­тік ішімдіктер мен темекі шегу, – дейді ел ағасы Аман­гел­ді Бек­қожин, – тіпті наша­қор­лық­тың да етек жайып келе жат­қан­ды­ғын байқаймыз.

Бұл арада демография­лық мәселелерді оңтайлы шешу­дің қандай жолдары бар деген са­уал қай жерде алдымыздан кесе-көлденең шығатын­дығы бар. Әлемнің кез келген мемле­ке­ті көп жағдайда бала туу­ды, материалдық ынталандыру жағын екшеп қарайды. Бі­рақ бір мезеттік көмек қорда­ла­нып қалған түйінді шешуге қауқарсыз. Ең алдымен, әрбір жастың бойында кәдімгі адами қасиеттер қалыптасуы керек тәрізді. Ол үшін баланы жастан тәрбиелеу керек.

– Демографияны жақсарту мәсе­лесін жан-жақты қарас­тырған ләзім, – дейді Көкшетау қа­лалық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Шияп Әлиев, – мәсе­лен, жастардың әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайын жақсарту, олар­дың баспанаға ие болу, жұ­мысқа орналасу жайы көптен бері айтылып келеді. Бұл орайда елі­мізде тәп-тәуір жұмыстар ат­қарылуда. Алысқа бармай-ақ, өз об­лы­сымыздың деңгейінде сәл ғана талдау жасайықшы. Соң­ғы жылдары шүкіршілік деуі­міз керек, тұрғын үй көптеп салы­нуда. Баспана мәселесі бір­тін­деп шешіліп келеді. Бірақ со­лай бола тұра, біз ең алдымен ауыл шаруашылығын көтеруі­міз керек. Әйтпесе осынша­лық­­­ты ұлан-байтақ жеріміз бола тұра, ет пен сүтті шеттен тасы­­ған деген не масқара?! Ал ауыл шаруа­­­шылығын көтеретін, ең ал­ды­­мен жастар. Бұл тарапта да би­­лік­ке кінә артудың түк те қа­жеті жоқ. Мемлекет тарапы­нан қан­­шама бағдарламалар түзі­ліп, көмек көрсетіліп жатыр. Ауыл­да жұмыс жоқ емес, жетіп ар­тылады. Тек туған елдің түті­нін түзу ұшырып, ел іргесін қым­тап отырсам дейтін ниет қана же­тіс­пейді. Әнебір жыл­дары Сол­түс­тік Қазақстан об­лыс­тық көші-қон және демогра­фия бас­қар­­масының басшысы болып қы­з­мет етіп жүрген кезім­де қан­дастар көшін талай қа­был­дап алдық. Өзбекстаннан кел­ген бір отбасында 36 адам­ның бол­­ған­дығын көзім көрді. Қазір жергі­лікті жерде бір отба­сында осыншама адам болуы мүм­­кін бе? Негізі демография қа­ғи­­датында әр отбасындағы ба­ла саны бесеуден кем болмауы керек. Екі бала болса, ол еш­қан­дай табиғи өсім бермей­ді, әке-шешенің өтеуі ғана. Ер­терек­­те ауылдағы әрбір екінші отбасы көп балалы ыстық ұя болатын. Шіркін-ай, сол деңгейге жетсек қой. 

Сөз соңын қорытындылай келе, ержеткен ұлдың, бойжеткен қыздың өмірден өз сыңарын тауып, ұрпақ өсіруі қай тараптан болмасын қасиетті міндет екенін еске салғымыз келеді. Асыл дініміз де, ардақты діліміз де солай дейді. Жаратылыстың жан иесіне жазуы да!