Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Құрылыс стратегиясы не үшін қажет?

371 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов пәтер беру арқылы 27 мың адамнан тұратын үй кезегін қысқарту үшін жаңа құрылыс стратегиясын жасау қажеттігін айтты. Алдағы уақытта қанша тұрғын үй салынады, баспана кімдерге беріледі, инфрақұрылым тарту жұмыстары қалай жүргізіледі?

Құрылыс стратегиясы не үшін қажет?

Суретті түсірген Валерий Бугаев

Облыстық құрылыс басқар­масының мәліметінше, былтыр қаржыландырудың барлық көздері есебінен 332,5 мың шаршы метр тұрғын үй салын­ды. Ал биыл Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму министр­лігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ко­митеті белгілеген жоспарға сәйкес, өңірде 346 мың шаршы метр үй тұрғызылуға тиіс.

Аймақ әкімдігінің хабарлауынша, жоспарды жүзеге асыру үшін – 70 млн дана кірпіш, 60 мың текше метр бетон блок, жалпы ұзындығы 400 шақырымдық құбыр қажет екен. 2030 жылға қарай өңірдегі әр азаматқа шақ­қанда 30 шаршы метр пәтерге қол жеткізу үшін жыл сайынғы құрылыс көлемі 11 пайызға артып отыруы тиіс.

– Тұрғын үй бағасын арзандату үшін алдымен құрылыс индустриясына қажетті материалдар өндірісін жолға қою керек. Кәсіпорындар ашу қажет. Қазір материалдардың басым бөлігі шеттен әкелінеді, – дейді құрылыс саласының ардагері Байтемір Ілиясов.

Айталық Екібастұзда кір­піш шығарылғанымен, жергі­лікті құрылысшылар кірпішті Семейден жеткізуде. Өйткені Екібастұзда өндірілетін кірпішті Нұр-Сұлтан, Қарағанды қала­ларының құрылыс компания­лары сатып алады. Өңір­де құ­рылысқа қажетті құм шы­ға­ратын, құбыр, бетон, плита шы­ғаратын кәсіпорындар да бар. Бірақ құрылыс компания­ла­ры жергілікті зауыттардың өні­мі өлшем бойынша жоба­лық құжаттарға сәйкес келмейтін­діктен, сырттан әкелуге мәжбүр. Сантехникалық құрал-жабдықтар көбінесе Ресейден жеткізіледі. Құм болсын, құбыр болсын, сан­тех­никалық құралдар болсын, соншалықты күрделі технология­ларды қажет етпейтін дүниелер. Оның бәрін «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша елімізде жасауға болар еді ғой.

Nurly Ertis бағдарламасы Нұр-Сұлтан қаласындағы көпбалалы отбасылар мен жас мамандарды өңірге көшіріп әкелуге тиімді екені байқалды. Биыл да бұл бағдарлама жалғасын тауып, Екібастұз қаласында – 11, Ақсуда 4 үй салынып жатыр.

Құрылыс стратегиясының бір басым бағыты – коммуналдық секторды, жылумен және электр­мен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту. Бүгінде облыс орталығындағы және жалпы өңірдегі тұрғын үй қорының басым бөлігін өткен ғасырдың 70-жылдары салынған үйлер құрайды. Облыстағы тұрғын үй қорының 55 пайызы ескірген, облыс орталығының өзінде 1300-ден аса тұрғын үйді жөндеу қажет.

Қазір облыс орталығында қы­зыл кірпіштен салынған көп- қабатты тұрғын үйлер қаптап кет­ті. Қаланың әр жерінен бой көтеріп, бей-берекет салыну­да. Тіпті Ертіс өзені жағалауындағы су қорғау аймақтарына дейін қы­зыл кірпіштен салынған көп- қабат­ты үйлер тұрғызылуда. Жал­пы, Павлодар қаласы Кеңес өкіметі кезінде сол кез­дегі Ле­нинград қа­ласының архи­тек­туралық жобасына лайық­та­лып, ерекше сәу­летпен салын­ғаны белгілі. Кө­шелерінің кең­­дігі, айналма жол­дардың тиім­­ді салынғаны, Ертіс өзені жаға­ла­уының әсемдігі Не­ва жаға­лауындағы қалаға ұқсай­тыны содан. Бертінге дейін қа­ла құрылысында әкімдік осы үл­гіні сақтап келген-ді. Сөйтіп жаңа аудан­дар қаланың шет жа­ғынан салынды. Байдала, Кен­жекөл ауылдарына қарай облыс орталығын кеңейту жоспары да болды. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары облыс басшылығы әсем қаланың кеңістігін тарылтып, құрылыс компанияларына қызыл кірпіштен үй салуға рұқсат берді.

Қала құрылысы және жерді басқару басқармасының басшысы Азамат Неғматовтың айтуынша, құрылыс салуға орай жүргізілген тексерістер кезінде заң талаптары сақталмағаны үшін 183 құқық бұзушылық анықталып, 66,1 млн теңге айып­пұл салынған, 3 жоба­лық ұйым­ның лицензиясы тоқта­тылыпты.

Тағы бір даулы мәселе – облыс орталығындағы әуежай қа­ла­шығы шағын ауданының құрылысы. Шағын ауданда 37 жеке панельді үйдің ортақ сәу­леттік стилі бар. Қалалық құры­лыс бөлімінің маманы Дәулет Несіпқазиевтің айтуынша, бұл екі қабатты, 18 пәтерден тұратын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған, 1 шаршы метрі – 120 мың теңге. Жоба бо­йынша қатты отынмен жылытылады, су құбырлары, кәріз жүйесі, электр желісі тартылған. Өткен жылы бұл ауданда 72 жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері берілген. Бір қарағанда бәрі жақсы сияқты. Алайда ша­ғын аудандағы тұрғын үйлерді әуе­жайдың ұшу жолағынан бір-ақ шақырым жерде салу жоспар­ланған.

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің дерегіне сенсек, жобаны әзірлеу кезеңінде «Павлодар әуежайы» АҚ басқар­ма төрағасының келісімі, техни­ка­лық-экономикалық негіздемесі бойынша экологиялық сарап­таманың қорытындысы берілген. Яғни мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің құрылысы әуежайға жақын болса да, барлығы заң шеңберінде екені анықталды. Ұшу жолағына дейінгі қашықтықтан үй иелеріне қауіп жоқ дейді әкімдік мамандары.

 

ПАВЛОДАР