Қоғам • 13 Мамыр, 2020

Жұмыссыз жүргендер тұрақты жұмысқа құлықсыз

295 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдай алмай облыс орталығындағы өндіріс ошақтары кілт тоқтаған кезде екі қолға бір күрек таба алмай аңтарылып қалған азаматтар күнкөрістің қамымен элеватор аумағында, Пушкин көшесінің бойында шоғырлана жиналып тұратын. Уақытша болса да азын-аулақ тиын-тебен табатын кәсіп.

Жұмыссыз жүргендер тұрақты жұмысқа құлықсыз

Жанын жалдап жұмыс істейтіндердің бозала таңнан көз байланғанша әлдекімнен, әлденеден дәметіп, қастарына таяп кідірген көлікке қиындықтан құтқаратын жебеушісі кел­ген­дей жаутаң қағып тұратын жері осы. Қай­та бірі жабылыпты, екіншісі әлі бар. Ұзын-ыр­­ғасы тепсе темір үзетін 30-40 азамат. Кілең жер­гілікті ұлт өкілдері.

Алғаш осындай орындар пайда болғанда, ел үрпие қарасқан, кейін еттері өліп кетті. Ауланы былғайсыңдар, темекі қалдығын шашасыңдар деп жақтырмағандар да жетерлік еді. Бірте-бірте олар да көндікті. Таяуда бұл арадағы тіршіліктің тамырынан жылға тартып, мән-жайын білмек болып ат басын бұрдық. Жұмысқа кісі іздеп жүрген біреу деді ме екен, әп-сәтте қаумалап алды. Жөнімізді айттық. Үміттері ақталмағандай кейін серпіліп кетті. Жағдайларын айтуға батпайтындай, әлде намыстанады ма екен? Қамырдан қыл суырғандай онсыз да жүдеп жүрген жандарына тимей, бірер сауал қойғанбыз.  

– Ауылдан келгенбіз, – дейді жігіт ағасы Қоныс­бай Байдәулет, – осы жердегілердің бәрі ауыл азаматтары. Мен өзім алғаш құ­ры­­лыс­та істедім. Алты айғы еңбегім зая кет­ті. Құры­лыс аяқталған соң бізді жалдаған бри­­га­дир сөзінде тұрмай алдап соқты. Кейін де екі-үш рет опық жедім. Енді қайтып ондай жұ­­мыс­қа бармайтын болдым. Келісімнің бәрі ауыз­ша болғандықтан, сотқа бере алмайсың, құжатың жоқ.

Замандастың айтуына қарағанда, «құл базарында» құмығып тұрғандардың басым көп­ші­лігінің белгілі бір мамандығы жоқ екен. Уақытша қара жұмысқа жалдануы да сол себепті.

– Егер заманында бір мамандықты игерсем, осылай тұрар ма едім? – дейді Марат Тәжібай, – жас кезімде токарь, слесарь, дәнекерлеуші тәрізді кәсіпті игеруім керек еді. Оқымадық, ілгері ұмтылмадық. Зардабын енді көріп тұрмыз. Қыс ішінде қара жұмысқа жалдайтындар да сирек. Негізі көктем туа жұмыс басталады. Қазір өзімізді өзіміз алдап, табыс тауып келемін деп отбасымызды алдап тұрмыз ғой. «Өлмеген құлға өлі балық кездеседі» дегендей кейде көпқабатты үйлерден пәтер алып, жөндеу жұмысын жүргізіп жатқандар келеді. Солардың құрылыс материалдарын жоғары қабаттарға тасимыз. Ара-тұра жалғызбасты  адамдар отын-көмірін үйдіреді. Темір жол бойында вагоннан жүк түсіруге қажет болып қаламыз.

Аз-кем тілдескенімізде, мұндағы ошарыл­ған ағайынның талғажау ететіндері бір күн бар, бір күн жоқ жұмыс екен. Сөйте тұра тұрақты жұмысқа барғылары келмейді. Жалақысы да жарытымсыз деседі. Тіпті күзетшілікке де тұрғылары жоқ.

Індете сұрастырсақ, қаладағы жұмыспен қам­ту орталығының мамандары ат ізін салып көр­меген. Олар мемлекет тарапынан көрсетіліп жат­қан қамқорлықты, сан алуан бағдарламаны, бел­гілі бір кәсіпті бастап кетуге жасалатын нақ­ты жағдайды, оқытуды және қайта оқытуды біле бермейді. Мәселенің өзегі әуел баста дұ­рыс ма­мандық таңдауға бағыт алмаудан деп топ­шы­ладық. Қалалық жарнамалық газеттің бе­тін ашып жіберсеңіз, сан алуан кәсіп иелері қа­жет деген құлақтандырудан көз сүрінеді. Ж­ұмыс бар, өздері аракідік өткізіліп тұратын бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне де барып көрмеген. Орта жасты еңсеріп тастаған аза­мат­тардың қатарында бозбалалардың да тұр­ғанын көргенде, өзегіңді өкініш өртейді. Бұлар­дың болашағы бар ғой. Өнбейтін істі қаузағанша, осы бастан келешегін кемел етуге тырыспай ма?

– Өткен жылы мемлекет тарапынан жас­тарға арналған «Zhas Project» тәрізді бірнеше бағдарлама қабылданды. Өз кәсібін ашамын деген жастарға қайтарымсыз несие берілді, – деп сұрадық жастардың бірі­нен, – сондай қолдауды пайдаланып, өз алдары­ңа кәсіп істеп, елде отыра бермедіңдер ме?

Естімепті. Қарап отырғанша қалаға келіп өз бетінше тіршілік етіп, әке-шешесіне көмек көрсетуге талпынған. Өкінішке қарай, отбасына көмек көрсету тұрмақ, өз күнін өзі әзер көріп жүр.

– Әкем екі сиырының біреуін сатып жолға салған, – дейді Есенбай Бектұров, – алғашқы бетте пәтер жалдағанмын. Қымбат екен. Кейін уақытша тұраққа ауыстым. Оның өзі 30 мың теңге. Отын-көмірді өзің сатып аласың, жүріп-тұруың бар. Сонымен бар тапқаным қара басымнан артылмай жатыр.

Алға ұмтылған қоғамның бітеу жарасы тәрізді «құл базардан» қалың ой арқалап қайттық. Белгілі бір кәсіптің, мамандықтың қажет екенін кеш түсінген. Абай хакім айт­пақшы, «қолымды мезгілінен кеш сермедім» дегенмен, ендігі өкініштен қайыр жоқ. Өздері де біліп тұр. Бойдан қуат, білектен күш кеткеннен кейін бұл жұмысқа да жарамай қалулары кәдік. Одан әрі не болмақ?!