Білім • 13 Мамыр, 2020

Білім алушылардың ізденісі артты

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында білім саласындағы тосын өзгеріске тезірек бейімделіп, тиімді әдіс-тәсілдерге икемделу керектігін айтты.

Білім алушылардың ізденісі артты

Әлбетте, бұрын отандық білім беру саласының тәжірибесінде болмаған жаңа форматқа көшу кімге де болсын оңайға соққан жоқ. Десе де біздің колледж қашықтан оқуға біраздан бері бет бұрған болатын. Колледж басшысы Бақытжан Сайлыбаевтың бұдан біраз уақыт бұрын оқу орнының барлық құжат айналымын цифрландыруға түбегейлі көшіргені көп көмек болды. Соның нәтижесінде бұл жағдайда біз аса қиналмадық. Оқулықтар мен лекциялар қорын жасақтап, жүйеге енгіздік. Сондықтан да материалдың негізі дайын болды.

Бұдан бөлек Қ.Тоқаев заманауи қашықтан оқыту технологияларын жылдамдатып енгізуді, білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарап, оларды қолжетімді және интерактивті етуді тапсырды. Бұл ретте колледжіміздің арнайы электронды жүйесі біраз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын айта кету керек. E-college жүйесі бізге әр студенттің жұмысын жіті бақылауға көмектеседі. Сонымен қатар студенттерге берілетін практикалық, теориялық тапсырмаларды және өзіміз түсірген видео лекцияларды осы жүйеге жүктейміз. Курстық жұмыстарды zoom платформасы арқылы қабылдап отырмыз. Ал интернеті нашар шалғай елдімекендердегі студенттерге курстық жұмыстарын WhatsAPP желісі арқылы да қорғауға мүмкіндік беріп жатырмыз.

Шындығында қашықтан оқыту – заман талабы, оған ілесуіміз керек. Жастар жағы жаңалыққа бейім келеді ғой, студенттеріміз жаңа форматтың өздеріне өте ыңғайлы екенін айтады. Себебі өтетін тақырыпты алдын ала көре алады, материалдар көз алдында тұр. Бұдан білім алушылардың ынтасы, ізденіс артты, үлгерім көрсеткіштері төмендемеді. Яғни, студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасап отырмыз.

Ұлжан ЕСМАХАНОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің оқытушысы