Таным • 14 Мамыр, 2020

Даналық феномені

1868 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Адамзат баласын кемелдікке жеткізіп, өркениетке бастайтын бір ғана жол бар. Ол – білім мен ғылым жолы. Осы жолға өз өмірін арнап, артына өшпес мұра қалдырған данышпан ғалымдар аз емес. Бірақ солардың арасында бүкіл «әлемге ұстаз» дәрежесіне жеткен екі ғана ғалым бар. Соның бірі – біздің ұлы бабамыз, түрлі ғылымдардың негізін қалаушы Әбу Насыр әл-Фараби.

Даналық феномені

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Биыл ғұлама ғалымның туғанына 1150 жыл толып отыр. Осыған орай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 26 тамыздағы Жарлығымен осы мерейтойды бүкіл ел көлемінде арнайы атап өту қолға алынды. Еліміздің білім, ғылым ордалары мен мәдениет орталықтарында, музей, кітапханаларында тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылып, баспасөз беттерінде мақалалар жарияланып жатыр. Бұл да ғалым бабамыздың Отаны ретіндегі елдігімізді білдіретін, барымызды байқататын игі шаралардың бірі.

Өйткені «Жақсыларға әркімнің де бар таласы» демекші, әл-Фарабидің қай жерде кіндік кесіп, қай халықтың өкілі екені туралы тартыс күні кешеге дейін толас таппай келді. Ұлы бабамыздың табаны тиген, ғылыми еңбектері жазылған Иран, Ирак сондай-ақ бізбен көрші жатқан бірнеше мемлекет оның Отаны болуға тырысып бақты. Түрлі деректер келтіріп, дәлел-дәйектерін ұсынды. Бірақ түбінде ақиқат жеңіп, Әбу Насыр әл-Фарабидің Қазақстан жерінде туып-өскені, түркілердің ұрпағы екені анықталып, қазіргі таңда бұл фактіні әлем жұртшылығы мойындап отыр. Бұған бабамыздың «Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки» деген толық аты-жөнінің өзі ең айқын дәлел сияқты. Сондағы «ат-Турки» деген сөз оның тегі түркі екенін білдіріп тұр. Ал «әл-Фараби» дегені Фараб қаласынан шыққанын көрсетеді. Бұрын арабтар Отырар қаласын «Фараб» деп атаған. Сондықтан оның қазақ даласында туып, Ұлы даладан  шыққанына ешкімнің де таласы болмауға тиіс.

Отырар қаласының орнында осыдан жарты ғасыр бұрын басталған зерттеу жұмыстары оның өз заманында Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы, байлығы асқан, берекесі тасыған үлкен шаһар болғанын дәлелдеп отыр. Соның ішінде ең керемет деректің бірі – Отырар қаласының кітапханасы жөніндегі мәліметтер. Өзінің ауқымы жөнінен әлемде Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орында тұрған бұл білім орталығы әлі күнге дейін табылған жоқ. Оның қай жерде жатқаны туралы әртүрлі болжам айтылып жүр. Егер бұл кітапхана табылса, көне қаланың орны әлем туристері ағылып келетін орынға айналар еді.

Осындай білімнің бесігінде дүниеге келген Әбу Насыр бала кезінен оқуға құштарлығын танытып, өз қатарластарынан тума дарынымен ерекшеленіп тұрған. Білікті ұстаздардан дәріс алып, Отырар кітапханасынан білім мен ғылымның нәрін татқан. «Адам ақыл-ойының арқасында ғана адам болады» – деген қағиданы алдына мақсат етіп қойған. Өз перзентінің бойындағы осы құштарлықты анық байқаған әкесі оны Шаш, Самарқан, Бұқара, Дамашық, Бағдат қалаларына оқуға жібереді. Әбу Насыр осы жерлерде өз білімін жетілдіреді.

Ұлы ғұламаның тағы бір феномені – көп тіл білгендігі. Кейбір деректерге сүйенсек, әл-Фараби ондаған тілді меңгерген екен. Соның ішінде араб, парсы, түркі, латын, грек және үнді тілдерін білгені дау тудырмайды. Замандастарының жазуынша, ол өте білімді, бірақ аса қарапайым кісі болған. Оның ғылым мен өнерде қамты­маған саласы жоқ деуге болады. Жараты­лыстану, философия, астрономия, физика, мате­матика, медицина, ботаника, логика, этика, тіл білімі, музыка салаларын  терең меңгерген. Сол салаларда зерттеу жүр­гізіп, еңбектер жазған. Неміс ғалымы Ш.Штей­шнейдер әл-Фарабидің 120-ға жуық еңбегі, трактаты болған дейді. Түрік ғалымы А.Атештің айтуынша, кейінгі ұрпаққа ұлы ғұламадан – 160, ал тәжік ғалымы Б.Ғафуровтың дерегінше 200-ге жуық еңбек мен трактат қалған. Бұл жерде оның бүгінгі күнге жеткен еңбектері ғана айтылып отыр.

Әл-Фараби өзіне дейін 1 300 жылдай ешкімнің тісі батпаған Аристотельдің ғылыми еңбектерін зерттеп, сараптап, дәлелдеп, оларға түсініктеме берген. Яғни әлемге Аристотельді қайта танытқан. Сондықтан оны бүкіл адамзат Аристотельден кейінгі «Әлемнің екінші ұстазы» деп атайды. Мұндай биік атақ кез келген адамға, кез келген ғалымға бұйыра бермейді (тіпті одан кейін ешкімге мұндай атақ берілген де жоқ). Әбу Насыр әл-Фараби өзінің өркениетке және адамзаттың дамуына қосқан орасан зор еңбегі үшін осы атқа лайық болып отыр. Оның бір адамдық ғұмырда ғылымның ондаған саласын зерттеп, жаңа бағыттарға негіз болған іргелі еңбектер қалдырғаны – таңғаларлық нәрсе. Олардың кейбірі – 150 парақ болса, кейбірі 1200 бетке дейін жеткен. Араб жазуымен жазылған бұл еңбектің әрбірінің адамзатқа берері мол, өте құнды, өте мазмұнды және көлемді дүние екені сөзсіз. Ғалымның негізгі еңбектерінің бірі – «Фараби энциклопедиясы». Онда жоғарыда атап өтілген ғылым салалары кеңінен зерттеліп, жазылған. Бұл еңбегі кейіннен, ХІІ ғасырда латын тіліне бірнеше мәрте аударылған. Содан кейін неміс, еврей, ағылшын, француз, түркі тілдеріне тәржімаланған. Әлемге Авиценна деген атпен танылған, меди­цинаның атасы атанған Шығыс ғалымы Әбу Әли ибн Сина өзінің іздену жолында әл-Фарабидің медицина саласындағы еңбек­теріне сүйеніп, оларды әрі қарай дамыт­қан. Адамзатқа әйгілі Леонардо да Винчи, Коперник, Дикон, Кеплер деген ұлы ғалым­дар да әл-Фарабиден үлгі алып, оны Шығыс философиясының негізін қалаушы деп атаған.

Әбу Насыр әл-Фарабидің мол мұрасы­ның ішінде мені ерекше қызықты­рып, ерекше таңғалдырғаны – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактаты. Айталық қазір «мемлекеттік басқару құрылымы» деген ұғым бар. Мемлекет құрылысы толық зерттелген бүгінгі күнде мұндай ұғым таңсық та емес шығар. Бірақ ол осыдан ХІ ғасыр бұрын, қаланың құрылымы және оларды басқару жолдарын жан-жақты көрсетіп кеткен. Мысалы, өз кестесінде қаланың өз ішінде ауылдардан, орамдардан, көшелерден, үйлерден тұратынын есептеп, қалалардан мемлекет құралатынын, ал мемлекеттердің бүкіл әлемді құрайтынын жазған.

Содан кейін қаланы басқару жолдарын жазған. Қала басшысы қандай тұлға болуы керектігін, оның бойында қандай қасиеттер болуға тиіс екенін ашып көрсеткен. Әл-Фараби «қала басшысы 12 қасиетке ие болуы қажет» дейді. Осыған қысқаша тоқтала кетейін. Қала басшысы болатын адамға қойылатын бірінші талап – оның он екі мүшесі сау, денсаулығы мықты болуы керек. Екіншіден, айтқан сөзді жылдам ұғып, оны тез арада игеріп алуға тиіс. Үшіншіден, сөзді тыңдай білетін және жадында сақтай алатын, түсінетін адам болуы абзал. Төртіншіден, ақылды, парасатты және ең ұсақ-түйек деген мәселенің өзін назардан тыс қалдырмайтын адам болуы қажет. Бесіншіден, ойларын анық және нақты жеткізетін шешен (оратор) болуы керек. Алтыншыдан, басшы боламын деген кісі білім мен ілімге махаббаты зор, оқудан шаршамайтын, өзінің рухани байлығын ұдайы жетілдіре беретін адам болуы керек. Жетіншіден, тамақ жеу мен сусын ішу мәдениетін меңгерген, құмар­лықты жек көретін адам болуға тиіс. Сегізіншіден, шындықты сүйетін, өтірікке және оны айтатындарға төзбейтін адам болуы қажет. Тоғызыншыдан, жаны таза, намысын бағалайтын адам болуы керек. Оныншыдан, ұлы ғұлама өз трактатында «динар, дирхамға мойынсұнбайтын» деп жазған, яғни бүгінгі тілмен айтсақ, «парақорлықты жек көретін адам» басшы болуға лайықты деп есептейді. Он біріншіден, табиғатынан адалдықты жақсы көре­тін, арамдықты және тиранияны жек көре­тін адам болуы керек. Трактаттағы он екін­ші талап – басшы өз айналасындағы адам­дарға және басқаларға әділ болатын, әді­лет жолындағыларға көмек беретін және әді­леттілікпен болған шығындарды өтей­тін, еш нәрседен қорықпайтын батыл адам болуға тиіс. Басшыға қойылатын бұдан артық қандай біліктілік талабы болуы мүмкін?!

Әл-Фарабидің осы еңбегін «қаланы басқаратын адам көрсетілген талаптарға сай келсе, қала тұрғындары бақытты болады, қала халқы бақытты болса, бүкіл ел бақытты болады. Бір ел бақытты болса, барлық ел бақытқа бөленеді. Сол арқылы бүкіл дүниежүзі құт-берекеге кенеледі. Егер бір қала, бір мемлекет бақытты болмаса, қиын жағдай туғанда мемлекеттер бірін-бірі қолдап тұрмаса, онда елдер де, халықтар да бақытты болмайды», деп түсінуіміз керек. Бүгінгі таңда бүкіл әлемді әуре-сарсаңға салған коронавирус індеті кезінде мемлекеттер бір-біріне гуманитарлық қолдау көрсетіп жатыр. Егер әлем елдері бірігіп, күш салмаса, осы індетті жеңіп шығудың өзі екіталай нәрсе. Әл-Фараби қай кезде де ынтымақтың маңызы зор екенін сол заманда айтып, ескертіп кеткен. Оның осы ойлары біздің қазіргі жағдайымызға дәлме-дәл келіп тұр.

Әл-Фараби басшының қандай болуы керектігін айта келе, бір адамның бойынан 12 қасиеттің түгел табылуы қиын шығар дейді. Бірақ соның жартысын, яғни алта­уын өз бойына сіңірген адам басшы болса, ол басқарған қала өркендейтін, бақытты қала болады деп тұжырым жасайды. Егер басшының бойында бұл алты қасиет болмаса, онда оның жанындағы серіктері, орынбасарлары сондай ізгі қасиеттерге ие болуы керек. Қаланы басқаратын адамның өзі әділ және адамгершілік қасиеті жоғары болуға тиіс деп шарт қояды. Бірақ ең бас­тысы, «шаhарды басқаратын адамның басқа барлық қасиеті бола тұра, даналық қасиеті болмаса, қаланың болашағы бұ­лың­ғыр» деп тұжырымдаған.

Осы тұрғыда қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілерге, соның ішінде жаңа талапқа сай кейбір саяси қызметкерлерге біліктілік талаптарын қойғанда әл-Фараби атап өткен қасиеттерді ескерсек, олардың бо­йында сол қасиеттердің болуын талап етсек, жөн болар еді. Сондай-ақ қазіргі жас мемлекеттік қызметшілерге әл-Фарабидің «Адам мақсатына өзін өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген өсиет сөзі сабақ болса екен.

Әл-Фараби еңбектерінің ішінен мені ерекше қызықтырған тағы бір сала – музыка жөніндегі еңбектер. Музыкадан хабары бар кісі ретінде  оның осы саладағы зерттеулерін мұқият көңіл бөліп қарадым. Сонда бір таңғалатыным, автор өзінің «Музыканың ұлы кітабы» атты еңбегінде математикалық тәсілдер арқылы тұңғыш рет нотаны қағаз бетіне түсірген. Қазір бізге белгілісі 7 нота болса, әл-Фарабидің еңбегінде 12 нота бар деп көрсетілген. Қалған 5 нотаны әлі күнге дейін ешкім зерттеп тапқан жоқ. Ол осы еңбегінде музыканың түрлі салаларын бір-бірінен ажыратып, басын ашып, бөліп берген. Оның өзі бірнеше музыкалық аспапты шебер меңгерген екен. «Музыка – рухтың, құмарлық пен ынтызарлықтың, әр алуан көңіл күйдің ісі» деген нақыл сөзі ғасырлар бойы айтылып келеді.

Осы орайда бізге жеткен бір аңыз әңгімені келтіре кеткім келіп отыр. Әл-Фараби Үндістанға барған кезінде патша сарайында болған үлкен жиынға қатысыпты. Үстіне қарапайым киім киген, қатардағы адам кейпінде бірден төрге өрлеп, патша тағының жанына барып отырыпты. Сонда патша ашуланып, күзетшілеріне өз тілінде «Мынау кім, қандай адам?», «Мына адамның кім екенін біліңдерші?» деп тапсырма беріп жатқанда әл-Фараби патшаға оның өз тілінде жауап қатып, «Менің кім екенімді білгіңіз келсе, отырып сөйлесейік» дейді. Содан кейін патша екеуі бірнеше сағат бойы сұхбат құрыпты. Патша оның аса шешен, өте білгір, терең философ екеніне көз жеткізіпті. Әл-Фарабиге үлкен сый-құрмет көрсетіп, оған арнайы қабылдау жасапты. Өз елінде музыка аспаптарында шебер ойнайтын өнерпаздарын шақырыпты. Әл-Фараби музыканттарды тыңдап отырып, қолын көтеріп тоқтатып, аспаптарының құлақ күйін келтіріп береді екен. Сонда шамданып қалған патша «Ендеше, қалай орындау керек екенін өзің көрсет» дейді. Әл-Фараби үш ішекті аспапта музыкалық шығарманы орындаған кезде жан жүректі елжіреткен ерекше әуеннің әсерінен патша да, тыңдап тұрған басқа адамдар да мүлгіп, ұйықтап қалған көрінеді. Содан әл-Фараби ол жерден кетіп қалыпты. Соңынан патша іздеу салған екен. Бірақ әл-Фараби өз еліне қайтып кеткен бе екен, оны патшаның адамдары таба алмапты.

 * * *

Шығыстан бастау алған әл-Фарабидің еңбектері әлемнің түкпір-түкпіріне кеңінен тарап, түрлі ғылым салаларының негізін қалады. Бірақ біз мектепте, жоғары оқу орнында оқыған кезімізде, яғни Кеңес Одағы тұсында ұлы ғұлама туралы көп біле алмадық. Әл-Фараби бабамыз Платон, Пифагор сияқты бүкіл әлемдік деңгейдегі дана тұлғалардың қатарында болса да, біздің ол туралы терең түсінігіміз болмады. Өйткені ол өз еңбектерінде Алла тағаланың бар екенін, ислам дінінің құндылықтарын айтып, Жаратқан иемізге тоқтала бергендіктен, Кеңес өкіметінің қағидасына қайшы болды да, ауызға көп алынбады, терең зерттелмеді.

Кейіннен еліміз өз тәуелсіздігін алған соң, ұлы ғұламамыз тарих қойнауынан қайта оралып, өз халқымен қайтадан қауышты. Оның еңбектерін халыққа таныту бойынша көптеген шара, халықаралық ғылыми конференциялар өткізіліп, арнайы зерттеулер, монографиялар жарияланып жатыр. Мұнда, әсіресе Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырып, атқарып жатқан істерді айрықша атап айту қажет.

Биылғы шаралар да мерейтойлық, мерзімдік сипатқа ие болып қалмай, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын тапса дейміз. Белгілі ғалым – математик, техника ғылымдарының докторы, академик Б.Жұмағұлов барлық мектептерде, жоғары оқу орындарында әл-Фарабидің өмірі мен еңбектерін тереңдетіп оқыту жөнінде бас­тама көтерген еді. Сол сияқты орта және арнаулы орта, жоғары оқу орындарында әл-Фарабиді тану, оның еңбектерін терең білуге бағыттайтын дәрістер өткізіп, оларды бүгінгі күннің талабына сай қолдансақ,  жөн болар еді.

Әл-Фарабидің биылғы мерейтойы ұлы ғұламаның еңбектерін дәріптеуде, ұрпақтың санасына сіңіруде айрықша рөл атқарады, жас ғалымдардың зерттеу жұмыстарына зор ынта береді және тәуелсіз еліміздің жаңа қадамдар жасауына жол ашады деп ойлаймын. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру барысында да әл-Фарабидің еңбектеріне сүйенген дұрыс болар еді.

Халқымызда «Жақсының – аты, ғалым­ның хаты өлмейді» деген дана сөз бар. Энцикло­педист ғалым әл-Фарабидің еңбект­ері тұнып тұрған қазына. Ендеше, еліміз­дің ертеңі – жас ұрпақтың ұлы ойшыл бабамыздың баға жетпес мұрасын терең білгені, ғылым жолында жүрген жастары­мыздың одан әрі зерттеп, дамытқаны халқымызға да, мемлекетімізге де пайдасы мол, маңызды жұмыс болмақ. Шынында да, егер біздің ғалымдарымыз әл-Фараби негізін қалап кеткен ғылыми бағыттарды одан әрі зерттеп, жаһандық жаңалықтар ашып жатса, нұр үстіне нұр болмас па еді! Өз бабамыздың жолын өзіміз жалғасақ, одан асқан қандай ғанибет болмақ! Ел-жұрттың тілегі де осы болса керек...

 

Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,

Мәжіліс депутаты,

Nur Otan фракциясының мүшесі