Өмірінің соңына қарай осылай деп ой қозғап отырған Ілияс Есенберлиннің естеліктеріне қарағанда, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы қызметінде жүрген оны бірде Д.А.Қонаев шақырып алып солтүстік облыстарға іссапарға баруы керектігін және де ондағы негізгі мақсат Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс туралы деректер жинап әкелу екендігі туралы тапсырма берген. Осылайша жинақталған деректер кейіннен тарихшы Е.Бекмахановқа тапсырылып, ғылыми айналымға енген болса, бала кезінен тарих десе елеңдей бастайтын Есенберлин үшін тарихи роман жазуға кірісудің бастамасы болса керек. Ең қызығы, Есенберлин «Қаһар» романын дайындаған кездері, оның соңынан «Алмас қылыш» пен «Жанталас», одан асып барып «Алтын Орда» жазылатынын, яғни бұл тарихи шығармалардың уақыт өте бар қазақ оқырманы үшін ең таңдаулы шығармалар болатынын сезбегендей.
Жақын арада біз «Egemen Qazaqstan» газеті арқылы география ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Әлия Бейсенованың «әл Фарабиді еліне қайтарған Ақжан Машани» атты мақаласымен танысқан едік.
Әрине, мақаланың мақсаты алғашқы бетте ұлы ғалым-энциклопедист, көзінің тірісінде Аристотельден кейін «Екінші ұстаз» атанған Әбу Насыр Мұхамед әл-Фарабиді насихаттаудай болып көрінгенімен, мазмұнына келгенде олай емес. Әрине, бұған өкініш білдіруге болмайды. Себебі мақаладағы негізгі ой – Шығыстың мақтанышы бола алған, әлемдік ғылымның дамуына зор үлес қосқан данышпанның қыпшақ даласының тумасы екендігі және де осыны дәлелдеуді қолына алған – қазақ ғалымы Ақжан Машани екендігін оқырман қауымға жеткізу.
Мақаласын «Ақаң (Ақжан Машани – А.Қ.) аса күрделі ХХ ғасырдың басында Қарқаралы өңірінің Қызылсүйір деген жерінде Машан би әулеті шаңырағында дүниеге келген... Масан би – заманында Арқаға белгілі адамдардың бірі», деп бастаған академик Ә.Бейсенованың негізгі ойы, біздің түсінгенімізше «Ақаңның арманы – Фараби арманы. Фараби арманы – ұлтты даналық пен берекеге жеткізу».
Кеңестік идеологияның қолдауымен қоғамда «айтқаным – айтқан» мазмұнды билік өзінің шарықтау дәрежесіне жеткен уақытта есімі Шығыстан шыққан деген жалпы атаумен шектеліп, тіпті кейде кеңестік энциклопедиялардың беттерінен табылмай жатқан заманда әл-Фарабидің кім, қайдан шыққаны жайлы ой айту, оның еңбектерін ретке келтіру – таптар күресіне негізделген маркстік-лениндік теорияны мойындамаумен бірдей болатын. Сталин өмірден өткеннен кейін қоғамдық қатынастарға әсерін сәл де болса әлсіреткендей көрінген бұл теория, араға он жылдай уақыт салып барып кеңестік жүйені рухани тұрғыдан күшейтудің жаңа жолы – еуроцентристік бағыттағы ағымды ерекше жол деп тапқан болса, бұл бағыт әсіресе шығыстану мәселесіне келгенде, мысалы, міндетті түрде ғылымға жат, кеңестік идеологиямен жанаса алмайтын «пантюркизм», «панисламизм» санаттарына жатқызылып келді.
Осының нәтижесінде басталған «буржуазиялық ұлтшылдықпен күрестің» салдарынан қазақ зиялылары М.Әуезов пен А.Жұбанов амалдың жоқтығынан басқа елді паналап, тарихшы Б.Сүлейменов жазықсыздан-жазықсыз жұмыстан қуылған. Қазақ хандығы мен ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі Кенесарыны дәріптеген деген айыппен тарихшы Е.Бекмаханов бас бостандығынан айырылып, Кеңес өкіметінің бар қаһары «Аз и Я» кітабы үшін жас ақын Олжас Сүлейменовті үй қамаққа алған.
1970 жылдардың басында Қазақ мемлекеттік университеті тарих факультетінің студенті кезімізде қазақ тарихшыларын мамандықтарына сай ғылыми жетістіктерге жете алмай, жалған деректер жинастыруда деген мағынада жазылған мақаламен (қателеспесек «Комсомольская правда» газеті болу керек) біздің де таныстығымыз болған. Сол кезде түсінбеппіз. Айтылған мақала қазақ тарихшыларын мұқату үшін, олардың беделін төмендету мақсатында жазылған болса керек.
Зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы Т.Сәтбайдың айтуынша, 1972 жылы Алматыдан алыс емес Тағалтас сайы деген жерден табылған, бетіне бейтаныс белгілер түсірілген үлкен тас табылғаны туралы хабар ғалымдарға жетіп, кейіннен ол тас астанаға жеткізіледі. Тастағы белгілер тарихи құндылықтары бар артефактілер тізіміне енгізіліп, тастың бетіне қашап жасалынған белгілер бірден-ақ қазақ тайпалары мен руларының таңбалары ретінде, ғылыми тұрғыдан зерттеуге лайықты нысан негізінде танылған. Біраз ғалым біршама марапатқа да іліккен секілді. Бәрі де жақсы болып кетер ме еді, егер ғалымдар арасынан шыққан қызғаншақ біреу «Комсомольская правда» газетінің меншікті тілшісіне берген сұхбатында Алматыға «зордың күшімен жеткізілген керемет дүние» бүкіл Кеңес Одағына жалған деп жарияланып кетудің салдарынан Олжас Сүлейменовтің сөздерімен айтқанда «орыс тарихынан жүздеген адам есімдерін атап білетін» қазақ тарихшылары жасанды түрде «өз тарихына келгенде тарихи есімдерді он саусақтан асыра алмайтындай» дәрежеге жеткізіліп жатқан. Тіпті кейбір одақтас республикалар тарихшылары сонау көне замандарда қыпшақ (қазақ – А.Қ.) даласында дүниеге келіп, бара-келе әлемдік өркениетке кереметтей үлес қосқан ұлыларды заңсыз меншіктеніп бара жатқандары «сүрінгенге жұдырықтай» болып жандарына қатты батып жатқан сәтте, Ақжан Машани есімді алматылық ғалымның әл-Фараби туралы айтқан ойлары мен жасаған іс-әрекеттері «тұңғиық жер астынан жарқыраған сәуледей» (О.Сүлейменов) әсер етсе керек.
Соның ішінде, 1971 жылы Мәскеу қаласында өткен ЮНЕСКО-ның әл-Фарабиге арнап өткізілген 13-ші конгресінде Ұлы ғалымның 1100 жылдығына арналған Халықаралық конференцияның Алматыда өткізілуі туралы қабылданған шешімі – Ақжан Машанидің ең нәтижелі жеңісі еді. Ғалым Задаш Дүкенбаеваның айтуынша, Ақаңның төңірегіне зиялы қауым топтаса бастаған. Солардың бірі – жазушы Ілияс Есенберлин болуы мүмкін.
Бұған бірінші дәлеліміз Есенберлиннің «Әбу Насыр Мұхамед әл-Фараби» поэмасы.
Алады біреу шыңды, біреу өрді,
Тәубе етер біреу есік, біреу төрді.
Шығыстың шыңы менен төрін алған,
Дүниеге асылдың бір Пірі келді.
Осылайша қоғамның назарын «арманы ұлтын даналық пен берекеге» шақырып отырған Фарабиге кенеттен аударуына Ақжан Машанидің Мәскеу мен Алматы шенеуніктерінің алдынан талай өтіп барып, Фарабидің қазақ даласының перзенті екендігін дәлелдеп шығуының әсерінен болар.
Екіншіден, академик Әлия Сәрсенқызы өзінің мақаласында Ақжан Машанидің қарқаралылық екендігін айта отыра, заманында ғылымның шыңына көтеріле алған, соңында 160-тан аса трактат қалдырған, өзін аристотелизмнің Шығыстағы басты өкілі дәрежесінде көрсете білген данышпанның ортағасырлық білім мен мәдениеттің орталығы – әйгілі Отырар қаласынан екенін көрсеткен зерттеуші Ақжанның арғы атасы туралы жазушы Есенберлиннің романында айтылғаны туралы мәлімет берген.
«Қаһар» романында жазушының берген сипаттамасы бойынша «Масан (Машан) Қарқаралыдағы аты шыққан би, қаракесек Қаздауысты Қазыбектің ұрпағы.
Бұл арада алайда күмәнді жер де жоқ емес. Неге Масан би?! Бұл сұраққа жауапты келесі жолдардан байқауға болатындай. «Масан ақсақалдың да бір бүйірі Кенесарыға тартып тұратын... туған немересі Есіркенге де осындай тәлім-тәрбие беретін». Жазушының ойынша Масан ақсақалдың немерелеріне өсиет қылып айтар тәрбиесінің негізі «Не болсаң да жұртыңмен бол, егер жұртың Кенесарыңа еріп кетсе, далада қалған жалғыз қаздай не қызық көресің? Онан да у ішсең де, су ішсең де өз үйіріңнен айрылма» деген қағидаға негізделген болса керек.
Өзінің Масан би деп отырған кейіпкерін Есенберлиннің осылайша атауында бір себеп, біз шамалап отырғандай, Масан бидің немересі екен деп отырған Есіркеген атты жас жігіт. Орысша біршама білімді. Осы себепті оны Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдайменді, Есенберлиннің болжамынша, өзіне керек қылып отыр. Бірақ «...Есіркеген жас та болса, санасы ерте оянған жігіт... Кенесары мен оның батырлары жайында естіген әңгімелер көп еліктіретін... өсе келе, қазақ деген елінің ұлттық туын көтеретін ең алғашқы оқығандардың бірі болатын...».
Біздің байқауымызша осы жерде жазушы Есенберлин романның хронологиясынан шығып кетіп отырғандай көрініп қалады. Ол болашақтағы – Алаш мәселесі. Болашақтағы Алаш қозғалысы туралы трилогияда айтылмаған. Ендеше неге бұл мәселе Есіркеген арқылы елес беруде?!
Ілияс Есенберлиннің көзі тірісінде баспадан шықпай қалған «Мұхитта жүзген қайық» романындағы бас кейіпкердің ойынша: «Тарих – жай ғана қосылғыштардың қосындысы емес». Ендеше, Есенберлиннің ғажайып құбылыстарға толы тарихи шығармаларының кереметтігі де автордың кейде жазба деректерге еніп, ал басым көпшілігінде қазақтың ауыз әдебиеті арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келе жатқан алмас қылышын рет-ретімен сипаттау болса, біздің ойымызша, сол шешімге Есенберлинді ертіп әкелген кешегі Машан бидің тікелей ұрпағы Ақжан Машанидің арқасында ұлтының ұлына айналған әл-Фараби болуына таңдануға болмайды.
«Көшпенділер» трилогиясы авторының Фараби – Машан би – Есіркеген – Ақжанды бір қатарға қойып қарастыруынан ерте заманнан бастама алып, бүгінмен шектелмейтін тарихи сабақтастықты елестетуге болады. Ол ұлттың бірлігі («Алмас қылыш») арқасында саяси сахнаға шығып, дамуының жаңа сатысына алға жылжудың тиімді деген бағыттарын анықтау жолындағы әрекеттер («Жанталас»), «қанмен желімделген» мемлекеттердің тағдыры («Қаһар»).
Жолы бар керуеннің әлі талай,
Жылжиды ол, изең-изең алға қарай.
Қыпшақтың жас ұлдарын не күтіп тұр,
Қара түн әлде таң ба атқан арай?
Есенберлиннің «Фараби» поэмасынан болашақта жазылуға тиісті үлкен бір шығарманың тұжырымдамасын, оның ішіндегі негізгі ой – «еуроцентристік» концепция арқылы өркениеттен еш хабары жоқ тобырдың («импрам») кенеттен орталықтанған мемлекет құруында (Қазақ хандығы) ешқандай заңдылық жоқ, ендеше қазақ тарихшыларының қазақ тарихын жасаймыз деп жүргендері бос әурешілік – дегендерге тосқауыл қою.
Неге Фараби? Өйткені:
Сені туған көне тарих, көне халық,
Бір кезде бұл да әлемге төккен жарық.
Төнгенде талай жауы «құртамын» деп,
Шыға алған тауды бұзып, тасты жарып.
Таңданды жердің жүзі, қайран қалды,
Қандай жұрт тапты деп бұл кереметті?!
Ал жұртың бастап сонау ескі сақтан,
Аргипей, массагет пен саураматтан.
Ғасырлар бойы «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың» арқасында бабалардан өсиет болып қалған жерге шаруашылықтың көшпелі де, отырықшылық тәсілдерін бір-біріне сәйкестендіре отырып, табиғаттың заңдылықтарына бейімделе келе ие болып отырғанда, жау шаба қалса елі мен жерін қорғаудың жолы «білектің күші, найзаның ұшында» деп түсініп келген қазақ, заманның күрт өзгеріп бара жатқанын, енді келіп жеріне қызыққандардың «отты мылтықтарына», қулыққа толы әрекеттеріне тосқауыл қоюдың жаңа жолдарын іздестіру қажеттілігін Ресей империясының құрамына енген уақыттан бастап ерекше сезінген.
Ресейдің империялық саясатынан туындаған наразылық әрекеттердің ең шарықтау шегі ұлт-азаттық қозғалыс сипатына ие болып, олардың ұйымдастырушылары Кенесары хан секілді, патша өкіметінің алдына саяси талаптар қоя бастады. Иә, Кенесары орыс жазалаушыларының қалауымен жазаланды. «Қаһар» романын «...ғасырлар бойы өзінің жері, суы, тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ атты көшпелі көкжалдардың ең соңғы көші еді», – деп қорытындылап отырса да, жазушының негізгі ойы аяқталмағандай. Қазақ даласындағы азаттық қозғалыстарын ұйымдастырушылар енді Есенберлиндегі Масан бидің тәрбиесінде өскен «Есіркеген секілді білімді, ұлттық идеяны қанына әбден сіңірген», Абай бабамыз аңсағандай «толық адамдармен» бірге жандана түсуге тиісті. Кешегі орыс-кеңестік тарихнамасында «қанішер, баукеспе» образынан шыға алмаған Кенесарының орнына империялық саясаттың зардабынан саяси сахнаға шығуға мәжбүр болған жаңа Кенесарылар келе жатты...
Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ,
БҒМ Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент