Айталық салықты одан әрі көбейту еңбек пен кәсіпкерлік ынтасын төмендетіп, жоғары көлемді салық салу мемлекеттік табысты нөлге теңейді. Себебі ешкім де тегін жұмыс істегісі келмейтіні белгілі. Бұл тәсіл тәжірбие жүзінде өте күрделі. Содан да болар, Қазақстан әлемдік практикадан сәл-пәл оқшау келеді.
Егер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жеке кіріс салығының үдемелі өлшемін енгізу мəселесі пысықталса, еңбекақыны қолма-қол төлеу де азаяр еді. Еңбекақы төлеудің мейлінше кең тараған «көлеңкелі тәсілі» де азаюы мүмкін.
Мемлекетке ең тиімдісі – халықты салық төлеуге ынталандыру. Ол үшін осындай шаралардың кеңінен насихатталғаны жөн. Мәселен, кез келген тұрғынның экономикалық сауаттылығы жоғары деңгейде емес. Қазіргі күрделі кезеңде олар барынша салықтан жалтаруға тырысады. Мұндай жағдайда жеке тұлға кәсібін өркендету үшін берілетін арнайы несиеден қағылуы ықтимал.
Тағы бір айта кететін жайт, төтенше жағдай кезінде берілген қаржылай əлеуметтік көмекті алған азаматтардың 40 пайыздан астамы бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төлегені анықталды. Бұл мемлекеттік көмекке мұқтаж жандардың көптігін ғана байқатпайды, үлкен жауапкершіліктің жоқтығынан да хабар беретіндей. Сол себепті оларды экономикаға барынша тарту қажет. Қиын-қыстау кезеңде мемлекеттік қолдауға заңды жұмыс істеген, тиісті салығын төлегендер ғана қол жеткізе алатын болады.
Қазіргі таңда елімізде өзін өзі еңбекпен қамтыған 1,5 миллион адам бар. Оған көлеңкелі экономикада жүргендерді қосыңыз. Оларға мемлекетке салық төлемеген әлдеқайда тиімді. Сондықтан Президент Қ.Тоқаевтың тарапынан ұсынылған əлеуметтік əділдік үшін жалақы мен басқа да кіріс түрлеріне қатысты жеке табыс салығының мөлшерін төмендету мәселені шешудің оңтайлы жолы деп ойлаймын. Салық көлемі қысқарса, еңбекке құлшыныс артатыны анық.
Жангелді ШЫМШЫҚОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты