Қоғам • 15 Мамыр, 2020

Astana Hub аймақтық технопарктерді дамытады

473 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

IT саласының бизнес жасау жолдарын үйретуді міндетіне алған Астана Hub өңірдегі кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер сыйламақ. Енді классикалық бизнес алдында технологиялық кәсіпкерліктің артықшылығын аймақтағы кәсіпкерлер де пайдаланады. IT-қоғамдастық өңірлердің инфрақұрылымы мен салаларын цифрландыруға дайын. Осыған орай әрбір өңірді дамыту бойынша жеке ынтымақтастық жоспары әзірленді.

Astana Hub аймақтық технопарктерді дамытады

Суретті түсірген Ерлан Омар, EQ

Astana Hub екі жылдан бері кәсіп­керлер мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып келеді. Бүгінде ол еліміздегі инновация мен IT саласын дамытуға бағытталған бизнесмендер мектебіне айналды. Технопарк жұмыс алаңымен қамтамасыз етіп, таратушы қызметін де атқарады. Қазіргі таңда технопарк стартаптарының 30 пайызы шетелдік кәсіпкерлерге тиесілі. Бұл алдымен отандық экономикаға өте тиімді. Өйткені олардың жобалары мемлекетке салық төлеп, елімізде жұмыс орнының көбеюіне үлес қосады. Одан бөлек әлемдегі Nokia, Huawei сынды үлкен корпорациялар өкілдіктерін ашып, жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп те келеді. Енді міне, аймақтық әріптестікті дамыту бағдарламасын іске қосылып отыр.

Бұдан былай облыстардағы технопарктер, акселераторлар, инкубаторлар, коворкингтік ұйымдарға жан-жақты қолдау жасалатын болады. Саланың жаңа жобалары оқу-әдістемелік құралдармен қамтылып, кәсіби маман кеңесін алады. Бұған қоса, бағдарлама қатысушылары түрлі салықтық және визалық жеңілдіктер иеленбек.

– Бізге тіркеліп, келісімге тұрған қаты­су­шыларға қосымша құн салығы, жеке табыс салығы да салынбайды. Осы сынды бірқатар салықтық жеңілдіктер беріледі. Шетелден жұмыс күшін тарту бойынша арнайы визалық тәртіп те қарастырылған. Өтініш беру онлайн жүзеге асырылады. Бәрі ашық. Яғни IT- компаниялар өз өңірлерінен тегін өтініш тапсыра алады. Кеңес мүшелері өтінімдерді қашықтан қарап іріктейді. Кейін біз келісім мен сертификат жібереміз. Содан соң компания мемлекеттік органдарға салықтық жеңілдіктерге қатысты өтінім жібере алады, – дейді Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің атқарушы директоры Әділет Нұрғожин.

Айта кетейік, былтыр Astana Hub сарапшылар командасы технопарк қызметімен таныстыру үшін, сондай-ақ ел арасында технологиялық кәсіпкерлік мәдениетін ілгерілету үшін өңірлерді ара­лаған болатын. Startup Sapary бағдар­лама­сы арқылы стартап-жобаларды дамыту бойынша білім алғысы келетін және өз идеяларын барынша қысқа мер­зімде іске асыруға бейім бастаушы кәсіп­кер­лердің жолын ашқан еді. Соның заң­ды жалғасы ретінде Astana Hub ел аума­ғындағы технопарктердің әлеуетін арт­тыруға мүделі. IT-мамандар тың өнер­та­быс­тарын іске асыратын жаңа мүм­кін­дік­тер­ге ие болады. Салаға қатысты соңғы жа­ңа­лық­тардан да құлағдар етіліп тұрады.

– 2019 жылы Astana Hub аймақтардағы барлық ірі технопарктерді аралап, IT мамандармен кездесті. Олардың көбінде әлі жүзеге аспаған тың ойлар бар. Біз инвестиция тарту бойынша бірқатар жетістіктерге жеттік. «Бизнес періште­лер» клубы құрылды. Сондай-ақ көпте­ген халықаралық венчурлік қор, клуб және компаниялармен әріптестік орнат­тық. Қанатқақты жобаларды венчур­лік инвесторларға ұсынатын боламыз, – деді Ә.Нұрғожин.

Мамандар жаңа бастама Қазақстанның инновациялық экожүйесін жақсартуға тың серпін беретініне сенімді. Бұл тек ірі шаһарларды ғана емес, жалпы бар­лық аймақтарды біріктіретін еліміздің бірың­ғай IT-қауымдастығына айналуы тиіс.

Astana Hub басшылығының айтуынша, алдағы уақытта нақты жоспары құрылған стартаптар мекені еліміздегі әр саланың IT жүйесін дамытатын, халық өмірін жақ­сартуға бағытталған жобалардың ордасына айналмақ.