Тарих • 18 Мамыр, 2020

Бүгін «Музей түні» онлайн өтеді

1038 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық музей Халықаралық музейлер күні мерекесіне орай «Музей түні» акциясын өткізеді. Биылғы карантинге байланысты шара онлайн форматта ұйымдастырылады. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін «Музей түні» онлайн өтеді

«Музей түні» акциясы Қазақстанның Ұлттық музейінде жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Шара осыған дейін 5 мәрте ұйымдастырылды. 2015 жылғы алғашқы акцияға 23 мың адам қатысса, 2016 жылғы 18 мамыр күні Ұлттық музейге 30 мыңнан астам адам келген. 2017 жылы аталған акция 2 рет өткізілді. Оның алғашқысы «Наурыз» мерекесіне орай «Наурыз – жаңғыру нышаны» деген тақырыппен ұйымдастырылды, ал екіншісі  Халықаралық музейлер күніне арналды.

Биылғы жылы «Музей түні» шарасы «Бір біргеміз» тақырыбында әлеуметтік парақшаларда жүргізіледі. Бағдарлама барысында көрермендер назарына музей залдары бойынша түсірілген «Ұлы Дала жауһарлары» және «Ұлттық музей – ұлт айнасы» атты деректі фильмдер ұсынылады.

Шараның мақсаты - мәдени құндылықтарды, халқымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін заманауи форматта танытып, музей қызметін, ондағы экспонаттар мен жәдігерлерді кеңінен насихаттау.

Халықаралық музей күні мерекесі 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. Аталған датаға орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілді.