Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі комиссары Рустам Жүрсінов кешегі вебинар жиында алдағы уақытта кәсіпорындарға шабуыл жасау толқыны болуы мүмкіндігінен қауіптенетінін айтты.
«Бұл назар аудармасақ болмайды. Мемлекет басшысы банкроттық туралы шешімді 2020 жылдың 1 қазанына дейін тоқтата тұруды бұйырды. Бірақ қазір біз мұны қалай істеу керектігін әбден талдап, жағдайдың қалпына келе бастауын күтуіміз керек» деді ол.
Жүрсінов барлық кәсіпорындар сұраныстың төмендеуіне байланысты кірісті азайтқанын, айналымдағы аз қаржы жұмысты жалғастыруға мүмкіндік бермей отырғанын да айтып өтті. Жұмыс істейтін ақша жоқ, келісімшарттық қатынастар орындалмайды. «Егер компанияның айналымында қаржы жеткілікті болмаса, салық органдары оның барлық банктік шоттарын жауып тастайды және банкроттық туралы іс жүргізуді бастайды. Біздің елде, әдетте, мұндай рәсімдер компанияны сауықтырумен аяқталмайды. Қолданыстағы заң банкроттықты барынша тездесуге бағытталған. Мұның соңы компанияның активтерін талан-таражға салумен аяқталуы мүмкін. Дәл қазіргі жағдай барды жою емес, сақтап қалуға бағытталуы керек» деп жалғастырды уәкілетті өкіл.
Р. Жүрсіновтың пайымдауынша, компанияны банкрот деп танитын іс-шаралар карантинге дейін басталған болса, оны жалғастыру дұрыс. Себебі ол компанияның жұмысын тоқтатуына төтенше жағдайдың әсері аз.
2019 жылы банкроттық туралы қолданыстағы заңнамаға борышкердің қауқарсыздығына қатысты жаңа анықтама енгізілген болатын. Жаңа нормаға сәйкес, борышкердің жалпы қарызы оның барлық активтерінен артық болса, сот өз шешімін шығара береді. Сонда қарыз активтен қаншаға артық болуы қажет? Заңда ол айырмашылықтың нақты көлемі көрсетілмеген. Демек, қарыздың сомасы активтен сәл-пәл басым болса, кәсіпорынды банкрот деп жарияланып келген. Сол себепті сарапшылар төтенше жағдайда, жеңілдетілген ликвидацияның жаңа меxанизмі инвестициялық климатқа кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтып жатыр. Заңсыз әрекеттер, рейдерлікке жол берілуі ықтимал.
Айта кетейік, ҚР Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша 2019 жылдың басында елімізде 4000-ға жуық бизнес субьектісі банкроттық рәсімдерден өтіп жатыр. Ал 400 кәсіпорын оңалтуға өтініш білдірді.
2019 жылдың қортындысы туралы мәліметтер әлі жаңартылған жоқ.