Сұхбат • 19 Мамыр, 2020

Сал ауруына шалдыққан балаларға қандай жағдай жасалған?

881 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елімізде 17 мыңға жуық бала церебралды сал ауруы диаг­нозымен тіркеуде тұр. Мемлекет жыл сайын 4 мыңға жуық балаға көмек беруге қауқарлы. Осы орайда біз 200-ге жуық баланың әлеуметтенуіне үлес қосқан «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетек­шісі, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңім­пазы Нұргүл ҰЛЖЕКОВАмен әңгімелескен едік.

Сал ауруына шалдыққан балаларға қандай жағдай жасалған?

– Сіздің қоғам өміріне белсене ара­ла­суы­ңызға, жоба бастауыңызға не түрткі болды?

– Мен, мамандығым бойынша сәулет­ші­мін. Қоғамдық өмірге араласуыма отба­сымдағы жағдай себеп болды. 2008 жылы егіз перзенттерім дүниеге келді. Ұлыма церебралды сал ауруы деген диагноз қойды. Содан бері өмірім түбегейлі өзгерді. Балама ерекше күтім қажет болған соң, жұмыстан шығуыма тура келді. Ол кезде Алматы қаласында тұратынбыз. Оңалту жолдарын, диагноз туралы ақпарат іздеу басталды. Әр- түрлі мүмкіндіктерді іздестіруге кірістік. Күрес әлі күнге дейін жалғасуда...

Қазіргі жұмысым ерекше қажеттіліктері бар балалардың спортпен айналысуға мүм­кіндік беру, ерекше балаларды дамытумен тікелей байланысты. Өйткені өз баламды спортқа баулу арқылы мұның қаншалықты пайдалы екеніне көзім жетті. Алғашында баламды дертінен жазып алуға болады деп үміттенетінмін. Алайда церебралды сал ауруы тек түзетуге ғана жататынын, түбегей­лі емделмейтінін түсіндім. Бұл жағдайда ең бастысы – балаңды сол қалпында қабылдау.

Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген соң «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының оңалту орталығына келіп, Айнұр Нұрхожаева деген керемет дәрігермен таныстық. Командасындағы білікті мамандармен кеңесуге мүмкіндік алдық. Солардың ішінде бұрын каратэмен айналысқан емдік дене- шынықтыру маманы болды. Кеңесе келе, оңалту еміне каратэны қосуды ұйғардық. Ол кезде балам 7 жаста еді. Ұлымның да әбден қажыған шағы. Баламды қинағым келмеді, алайда бұл қажеттілік еді. Қуанышымызға орай, жаттығулар жақсы нәтижесін берді. Ең бастысы, эмоционалды тұрғыда пайдалы болды. Ұлым жаттығулардан жалықпады, қай­та спортқа деген қызығушылығы арта түсті. Мұны емдеу шаралары деп емес, спорт ретінде қабылдады. Реабилитация аяқ­талған соң баламыздың жаттығуын жал­ғастырғанын қалап, спорт үйірмелерін із­дестіре бастадық. Дегенмен көбі балам­ды қабылдаудан бас тартты. Елімізде ерек­ше қажеттілігі бар балалардың спортпен шұ­ғылдануға мүмкіндігі жоқ болып шықты...

– Спорт үйірмелері баламды қабылдау­дан бас тартты дедіңіз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Балаларымызды үйірмеге алмау себебі – маманның болмауынан. Мұның себебін іздеу барысында еліміздегі бірде-бір оқу орнында адаптивті спорт бойынша маман даярламайтынын білдік. Денешынықтыру мұғалімдері бұл пәннен бейхабар болып шықты. Осылайша,  қолға алған жобамызға ке­шенді жұмыстар енді. Қазақстанда адап­тивті денешынықтыруды дамыту мә­селе­лерін шешу міндетін жобамызға қостық. Орыс, қазақ тілдерінде оқыту әдістемесін дайындап шығардық. Ақпаратты көбіне Ресей дереккөздерінен алдық. Шыны керек, көршілес елде 1996 жылдан бастап бұл жеке пән ретінде жеке кафедраларда оқы­тады екен.

Адаптивті денешынықтырудың басты шарты – балаға зақым келтірмеу. Сондықтан ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеген, емдік денешынықтырудан хабары бар маман қажет.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қайсар» спорт клубына барғанымда, жас ерекшелігі ескеріліп, ондағылар баланың бейі­міне қарайтынын айтты. Біз үшін, ең ал­дымен, спорттың емдеу тәсілі ретінде қол­данылғаны маңызды еді. Әлбетте, ба­ламыздың келешекте үлкен спортқа бар­ға­нын қалаймыз. Дегенмен басында бізге жалпы денешынықтыру қажет болды. Содан балалары церебралды сал ауруымен туған ата-аналар бірігіп, 2016 жылы қоғамдық бірлестіктің негізін қаладық. «Тең мүмкіндіктер әлемі» деп аталатын бірлестіктің алғашқы миссиясы – адаптивті денешынықтыру мен спорт секцияларын ашу. Қаржылық мүмкіндігіміз шектеулі еді. Сондықтан жаттығу өткізетін орын із­дестіруге кірістік. Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайымен келісіп, баламды каратэге баулыған алғашқы бапкерді жаттығу жүргізуге шақырттық.

– Алғашқы қадамдарыңыз қалай болды?

– 2016 жылы спорттық үйірмеміз жұмы­сын бастап, жаттықтырушыға жалақыны өзі­міз төледік. Әрбір ата-ана айына 2500-3000 теңгеден берді. Одан кейін басқа ата-аналар қатарымызды толықтыра бастады. Әлеуметтік серіктестер іздестіруге көштік. «Space Fitness» орталығы көмекке дайын еке­нін айтып, жаттығу алаңын ұсынды. Аптасына 2 рет бассейнге келуге рұқсат берді. Бұл өте тиімді ұсыныс болды. Өйткені 1 жүзу сабағының өзі 3000 теңге тұратын. Ал біз солардың арқасында айына 3000 тең­ге төледік. Оның үстіне балаларға топпен жұ­мыс істеген қызығырақ еді. Осылайша, жұ­мысымыз басталды.

Содан, серіктестерге қоса демеушілер таптық. 2017 жылы «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасын бастадық. Сол жылы таныстырылымын жасап, қалада басқа үйірмелер ашып, спорт түрлерін көбейткіміз келді. 100-ге жуық ата-анамен жұмыс істей­тінбіз, бірте-бірте кезек пайда болды. Сондықтан демеушілер қажет болды. Әкімдіктерге, үлкен компанияларға барып, жобамыз туралы хабардар еттік. «Асыл бала» қорының басшысы бізді қол­дау­ға келісімін берді. Nur Otan партиясы, «Астана Банкі» АҚ, Нұр-Сұлтан қаласының әкім­дігімен бірге «Астана рухы мықты адамдар қаласы» жобасы аясында Оқушылар сарайында тағы 2 үйірме ашылды. Сол кезде аула клубтары да көмекке келді. «Замандас» клубында инклюзивті хореография үйірмесі іске кірісті. Қазіргі таңда жобамыз «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауына ие.

Айта кетейін, «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен келісімдер ұзақ жүргізілді. Арнайы маман жоқ екенін дәлелдеуіміз қажет болды. Министр­ліктерден оны растайтын ақпарат жинадық. Әлбетте, министрліктер мұндай мәселелерді көрсетуге бірден келіспеді. Бұл да істі біраз тежеді. 2018 жылы ойымызды іске асыруға қол жеткіздік. Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті Дене­шы­нықтыру және спорт кафедрасымен жұмыс істей бастадық.

2019 жылы алғашқы оқулық жарық көрді. Оған қоса университет оқытушыларының теориялық білімі мен бапкерлердің тәжіри­бесіне сүйеніп, 6 адаптивті спорт түрінен денешынықтыру бағдарламаларын дайын­дадық. Бұл да еліміздегі мамандар даярлау саласындағы тарихи сәт десек болады. Өткен жылы алғашқы халықаралық ғылыми-тә­жірибелік конференция ұйым­дастырып, осы салаға қатысы бар мамандар бас қосты. Республикамыздың түк­пір-түкпірінен, шетелден мамандар ша­қыруға Білім және ғылым, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау, Мә­дениет және спорт министрліктері атсалыс­ты. Бірік­кен жұмыстың нәтижесінде 300-ге жуық қатысушы жиналды. Халықаралық сарапшылар тәжірибелерімен бөлісіп, қазақ­стандық жас мамандар өз жұмыстарын көр­сетуге мүмкіндік алды. Бұл конференция үлкен тәжірибе алаңына айналды. Соның нә­тижесінде еліміздегі бұл салада жақсы дамып келе жатқан, белсенді аймақтарды анықтап, серіктестерімізді нақтыладық.

– Бүгінде қанша баламен жұмыс жүргізілуде?

– Қазір Нұр-Сұлтан қаласында спорт­тың 7 түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді: адаптивті каратэ, жүзу, таэквондо, голбол (зағиптар футболы), бочча, инклюзивті хореография. Жақында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған спорттық бағдарлау үйірмесі ашылды. Үйірмелерге қатысушылар саны 200-ге жетті. Ал қолдаушыларымыздың қатарына «MYD Production» ЖШС қосылды. Олар 2017 жылы жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға жол ашқан еді. Жұмыс жоспарымызбен танысқан соң, ресми серіктестерімізге айналды. Серіктестер мен қолдаушыларсыз бүгінгідей жетістіктерге жетпеген болар едік.

– Республикамыздың басқа аймақ­тарын адаптивті денешынықтырумен та­ныстыру жоспарыңызда бар ма?

– Әлбетте, жобамызды «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен басқа да аймақ-т­ар­да ашқымыз келеді. Әзірге 4 қалаға не­гіз­­деп қанатқақты жобамызды дайындап қойдық. Қазір Павлодар қаласында адаптивті жүзу үйірмесі жұмыс істеп жатыр. Nur Otan партиясы мен Павлодар облысы әкімдігі көмекке келді. Мемлекет тарапынан қабылданған «Кедергісіз келешек» спорт бағдарламасы біздің «Саламатты болашақ» жобамызбен ұштасады. Екеуі де мүмкіндігі шектеулі жан­дардың әлеуметтенуі мен өмір сапасын жақсартуды басты мақсат санайды.

Павлодар облысындағы жұмысымыз басқа да облыстарда да жалғастыруға болатынын көрсетті. Өйткені басқа аймақтағылар да өз ойларын айтып, өтініштерін білдіріп хабар­ласуда. Енді күзде жұмысқа кіріссек деп отырмыз. 5 қалада 500-ге жуық баланы қол­дау жоспарда бар. Біздің тәжірибеміз әкім­діктерге де үлгі болса деймін. Адаптивті денешынықтырудың мүмкіндігі шектеулі бала­лар­дың әлеуметтенуіне жол ашатынын көр­сеткіміз келеді.

– Спорттың мүмкіндігі шектеулі ба­лалардың дамуына тигізетін пайдасы туралы айтып кетсеңіз.

– Спортқа баулу арқылы балаларды тәртіпке, өзін өзі бақылауға бейімдейміз. Ол баланың өзін өзі бағалауын да жақсартады. Келешекте шешім қабылдайтын жауапты кезеңдер келеді. Біз соған дайын, жауапты, өзіне сенімді адамды даярлауымыз керек. Ал спортта жеткен жетістіктері балаларымызды ынталандырып, өздеріне деген сенімділігін арттырады. Спортпен айналысқалы олардың құрдастарымен қатынасы да өзгерді. Эмо­ционалды тұрғыда да пайдалы болды. «Са­ламатты болашақ» бағдарламасы біздің ғана балаларымыздың денсаулығымен шектелмей, халыққа мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоғамның толық бөлігі ретінде қарап, бөліп-жармауды үйретеді деп сенеміз.

– «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысуыңызға не себеп болды?

– «100 есім» жобасына қатысуым тосыннан болды. Құрбым менің атымнан өтініш білдіріпті. Мен, әлбетте, досымның маған сеніп, қолдағанына қуандым. Өйткені қоғамдық өмірдегі адамдар үшін достарың мен отбасыңның қолдауы өте маңызды. Бұл жобаға қатысқаныма қуаныштымын. Көптеген адаммен танысып, әртүрлі саланың үздіктерімен ой бөлісуге мүмкіндік алдым. Жоба арқылы біздің жұмысымызды кеңінен дәріптеуге жол ашылды. Ерекше қажеттілігі бар балалар спортпен айналысқаннан ләззат алатынын жеткізгім келді. Бәлкім, аймақтағы жаттықтырушылар мұны естіп, іске кірісер, ал ата-аналардың бойында үміт пайда болар. Жергілікті басқару органдары мұны әлеуметтік қолдаудың бір бағыты ретінде қолданса деймін. Балаларға медициналық реабилитация емес, әлеуметтік адаптация мен абилитация да маңызды. Бұл отбасының да өмір сапасын арттырады.

Бізге келетін ата-аналармен мақтанаты­ным­ды айтып өткім келеді. Олар баласы үшін бәріне дайын. Олар карантин кезінде де балаларымен онлайн жұмыс істеп, бірге жат­­тығады. Барлығымыз үлкен отбасына айнал­дық. Сол себепті біздің асыл арманымыз үлкен асуларды еңсеруге күш береді деп сенемін.

Балаға топпен жұмыстың маңызды еке­нін де айтқым келеді. Әлбетте, бұл – тек менің ойым. Алайда мен осы жолды жүріп өттім. Балам 11-де. Қазір орта мектепке ба­рады. Оның спортпен айналысуы өзіне сенімділігін арттырды. Бірінші сыныпта арнайы көмекші мұғалімнің қолдауын қажет етсе, үйірмеге қатысқан 1 жылдан кейін мектептегі көмекші мұғалімнен өзі бас тартты. Бұл оның өміріндегі алғашқы жеке шешімі болды. Сондықтан баланың денсаулығы мен эмоционалды жай-күйіне спорттың әсері көп. Мұны еліміздегі әр отбасы естіп, әр аймақ назарға алса дейміз.

 1

Әңгімелескен

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»