Әдебиет • 19 Мамыр, 2020

«Үздік гид» атанды

365 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облысымыздың Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінің экскурсия жүргізушісі Мағзия Қайырбекқызы Мәде­ниет және спорт министрлігінің қолдауымен «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы өткізген «National Tourism Awards» ұлттық байқауына шақырылды. Музейде 30 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан маман үшін бұл қуанышты жаңалық болды.

«Үздік гид» атанды

Байқаудың мақсаты – ішкі және сыртқы туризмді дамыту. Қатысу­шылар «Жылдың үздік ту­ристік компаниясы», «Үз­дік гид-экскурсия жүргізушісі», «Үздік қонақүй», «Үздік ши­пажай», «Балалар мен жасөспі­рім­дер туризмі», «Туризм туралы үздік блог» сияқты аталымдар бойынша бақ сынады.

– Байқаудың шарты бойын­ша, қатысушылардың «Гид-экскур­сия жүргізушісі» деген лицензиясы болуы керек. Мен турис­терге, өңірге келетін қонақтарға Пав­ло­дардан Баянауылға дейін­гі 220 шақырымдық жолда Мәш­һүр Жүсіп атамыздың ерекше құ­бы­лысты адам екені, ғұла­маның соңында қалған бай шы­ғар­машылық мұрасы жайлы экс­кур­сия барысында баяндап айтып жүрдім. Сондықтан, байқаудың «Үздік гид-экскурсия жүргізушісі» бағыты бойынша «Мәшһүр туралы сөз» деген жұмысымды жіберген едім. Қазылардың назарына түсіп, таңдаулы үштіктің қатарына іліндім, – дейді Мағзия бізбен әңгімесінде.

Айтуынша, алғашқы гидтік жолы 2006 жылы басталған. Осы жылы Баянауылдағы Ескел­ді шатқалында Мәшһүр Жүсіп­тің кесенесі ашылады. Об­лыс­тық Туризм және спорт депар­таменті кесенеге ұйымдас­тырылатын экскурсия жүргізушілігіне ұсыныс жасайды. Содан бастап, өңір­ге келетін басқа да ақпараттық турлар, тур­фирмалардың ақ­па­раттық экскурсияларына гид болған екен.

– Экскурсия жүргізушісі –үзіліссіз сөйлеуді, аудиторияға бейімделуді үйреніп, жаңадан ақпа­­раттар меңгеруі өте қажет. Үзі­ліссіз сөйлеу көп оқуды, рухани, тарихи, әдеби білім­ді­лікті қа­жет етеді. Шыдам­дылық, дик­ция­­ның таза болуы, ауди­торияға тез арада бейімделіп, мәтінді тез мең­гере алу керек, – дейді Мағзия.

Көптеген туристен бөлек, өңірге жұмыс сапарымен кел­ген Ресей елшісі Михаил Бочар­никовтің Баянауылға сапарына экскурсия жүргізушісі болған.

– Елші мырза бізді аса қызы­ғу­шы­лық­­пен тыңдады, ара-арасында мені тоқтатып, бір­неше сұ­рақ қойды. Сұрақтар­дың жауабы санамда тұр ғой жаңғырып. Өйткені әдебиет және өнер музейінде қалың құн­ды жәдігерлер мен экспонат­тар­дың, шежіренің, қазақтың ұлы тұлғалары қалдырған ама­наттың ортасында жүрмін. Өзім­нің ұлттық гид екенімді көр­сеткеніме қатты қуандым, – дей­ді Мағзия еске алып.

М.Қайырбекқызы өз кезе­гінде қазақ жастары көп осы бір мамандыққа бейімделсе деген тілегін айтады. «Өзге жұртқа елінің тарихы мен мәдениетін, әдебиетін, өнерін, ұлыларын таныстыру – ата-баба аманаты, үлкен құрмет пен зор мәртебе. Тарихи энцик­лопедиялар мен ғылыми әде­биет­тер, мақа­ла­ларды көп оқу керек. Тарихи фильмдер көруге де кеңес берер едім», дейді.

Біздің елімізде қазір музей туризмі жанданып келеді. Қай елде болмасын, туристер, турфирмалар өкілдері келетін болса, әуелі музейлерге апарады. Гид атанған музей қызметкері – әрі тарихшы, әрі мәдениеттанушы, этнограф, географ, археолог болып кетеді.

Ал өңірімізге жаз баста­лы­сымен-ақ, Баянауыл, Қалмақ­қы­рыл­ған, Маралды, Ертіс ауда­ны, Ақкөл-Жайылма жаққа әулие­­лер кесенелері тұрғызыл­­ған жер­­лер­­ге тағзым етуге турис­тер, басқа да қонақтар көп­теп келетіні бел­гілі. Облыс орталы­ғы­ның өзі өткен тарихы, ше­жіресі жетерлік көне ғимарат­тарға толы.

Мағзия Қайырбекқызы қазір де Екібастұздың Ақ­көл-Жайылмадағы Исабек ишан­ның, Шарбақты ауданын­дағы Ғабдылуахит хазіреттің кесене­леріне алып баратын, өңірдегі басқа да туристік бағыттардың экскурсия жүргізушісі қызметін жалғастыруда.

 

ПАВЛОДАР