Әлем • 21 Мамыр, 2020

Үдемелі салық жүйесінде шетелдік тәжірибелер ескеріле ме?

777 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында айтқан үдемелі салық мәселесі қызу талқыға түсті. Қоғамды алаңдатқан бұл мәселенің футболшы Криштиану Роналду мен актер Жерар Депарьдеге қандай қатысы бар? Осы орайда Мемлекет басшысы ұсынған жүйенің әлемдік тәжірибеде қалай қолданылып жүргеніне көз жүгіртіп көрген едік.

Үдемелі салық жүйесінде шетелдік тәжірибелер ескеріле ме?

Президент не деді?

Елімізде жарияланған тө­тенше жағ­дай 11 мамырда ресми түрде аяқталды. Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың төраға­лы­ғымен төтенше жағдай жө­ніндегі мемлекеттік комиссияның қоры­тынды отырысы өтті. Жиын барысында Президент жеке кіріс салығының үде­мелі өлшемін енгізудің қажеттігіне тоқталған болатын.

«Әлеуметтік әділдік үшін жалақы мен басқа да кіріс түр­леріне қатысты жеке кіріс салы­ғының үдемелі өлшемін ен­гізу мәселесін пысықтайтын уа­қыт жет­ті. Үдемелі өлшемге сәй­кес жа­лақысы төмен азамат­тар са­­лықты қазір­гіден аз тө­лей­­ді. Ал еңбекақысы жо­ға­ры қыз­­мет­­­керлердің төлейтін са­лы­­ғы артады. Мақсатымыз – ең­бек­ақы төлеу­дің  мейлінше кең та­раған әрі жасырын тәсілін «көлеңкеден» шығару. Егер тиісті салық мөлшері қысқаратын болса, жалақыны жасырын төлеудің қажет­тілігі болмайды», деді Мем­лекет бас­шысы.

Кейіннен Алматыға барған сапарында Президент аталған мәселеге ай­налып соғып, үдемелі салықтың ық­тимал нұс­қасы туралы әңгімелеп берді. Мем­лекет басшысының пайымдауынша, ха­лықтың арасында әділет орнауы үшін табы­сы аз адамдар салықты аз, байлар мен бағландар көбірек салық төлеуі тиіс.

 

Жаңа жүйенің қандай ерекшелігі бар?

Бұл жоба әзірге талқыланып жатқан­дықтан, табыс көлемі, салық шкаласы әлі анықталған жоқ. Сондықтан табысы аз от­басыларға қаншалықты әсер ете­тінін дөп басып айту қиын. Әйтсе де, үдемелі салық қалай есеп­те­летініне тоқталсақ.

Негізі үдемелі салық салу­дың да бірнеше түрі бар. Қа­зір­гі таң­да дамыған мемле­кеттерде  пайыздық мөл­шер­­лемемен үдемелеу салық жүйе­сі қолданылады. Мәсе­лен, Ұлы­­британияда жылдық табысы 12500 фунт-стерлингке жет­пейтіндерге мүлдем салық салынбайды. Ал жалақысы 12 501-50 000 фунт-стерлинг болатын аза­­маттарға – 20 пайыз, кірісі 50 001-150 000 фунт-стерлингті құрайтындар 40 пайызын мемлекетке санап беруі тиіс. Табысы 150 000 фунттан асатындарға салынатын салық – 45 пайызға тең.

Ұлыбританияны мысалға кел­тіруіміз бекер емес. Әу бас­та осы­ған ұқсас жүйе Рим­ им­пе­рия­­сында кездессе де, за­­манауи дә­уірде үдемелі салық­ты ең ал­­ғаш енгізген дәл осы ағыл­шын­дар. Сол кездегі Тұманды Аль­­бионның пре­мьер-министрі Уильям Питт 1798 жылы бюд­жеттің «жыр­тығын жамау» үшін осы жүйе­ге иек артты. Кейінірек ағыл­шын­дар үдемелі салықтан бас тар­тып, қайта қабылдап жүріп, ақы­рында осы­ған тұрақтады.

Қаржы мен экономика­дан хабары жоқ адамға мұн­дай жүйе түсініксіз кө­рінуі мүм­кін. Де­ген­мен, Тұманды Аль­бион­дағы жүйені қолдана отырып, осы елдің премьер-министрі Борис Джон­сонның қанша салық төлейтінін есеп­теп көрейік.

Ұлыбритания үкіметінің сайтында көрсетілген деректерге сүйенсек, парламент мүшелері жылына 81 932 фунт-стерлинг кө­лемінде жалақы алады. Ал палата спикері, премьер-министр секілді лауазымдарға қосымша ақы төленеді. Мысалы, премьер-министр 75 440 фунт артық алады. Сонда Борис Джонсонның жыл­дық жалақысы – 157 372 фунт-стер­лингті құрайды.

Бір қараған адамға Джонсон мырза жалақысының жартысын са­лық­қа төлейтіндей көрінуі мүм­кін. Бірақ мүлдем олай емес. Түсіндірейік. Ұлы­британия са­лық жүйесін бірнеше са­тылы екенін жоғарыда келтірдік. Со­ған сәйкес, жылдық табысы 12 500 фунт-стерлингке жет­пей­тіндерге салық салын­байтын бол­ғандықтан, бұл соманы жа­ла­қыдан алып тастауымыз керек еді. Бірақ премьер-министрге же­ңілдік берілмейтіндіктен, оны есепке алмаймыз. Келесі саты ретінде жалақысы 50 мың фунтқа салынатын 20 пайыздық шкаланы қолданамыз. Осылайша негізгі сомадан 50 000-ды алып, оның 20 пайы­зын салыққа төлейміз. Салық – 10 мың, қал­ғаны – 107 372 фунт-стерлинг. Үшінші саты ретінде бұл соманың 40 пайызын са­лыққа жұмсаймыз (42 948,8 фунт-стерлинг). Сонда жалпы Борис Джонсонның төлейтін салығы шамамен 52 949 фунтты құрайды. Бұл, әлбетте, қарабайыр есептеу. Әйтпесе, қосым­ша тағы басқа салықтарды ескерсек, Ұлы­британия премьер-министрінің қазынаға төлейтіні өзгеше болуы ықти­мал.

Президент Қ.Тоқаев ұсынған үдеме­лі салық жүйесі елімізде де осындай әдісті қолдануы әб­ден мүмкін. Мұн­дай есептеу бух­галтерлердің жұмы­сын кө­бейт­кенімен, салық саласын жетіл­діріп, қарапайым халықтың табысын арт­тырып, бюджет қоржынын қомпай­татыны сөзсіз.

 

Байлар да жылайды...

Үдемелі салық тәсілінің дамы­ған ел­дерде қолданылатынын жо­ға­рыда айт­тық. Бұл жүйе, әсі­ресе байларға салмақ сала­ды. Мақа­ланың басында әлем­нің үздік фут­болшылары Лио­нель Месси мен Криштиану Роналдуды тілге тиек еткен едік. Ендігі кезекті соларға берсек. «Барселонаның» сұр­мергені де, «Ювентустың» ша­буылшысы да салық­тан жал­тарғаны үшін айыппұл төлеп, шарт­­ты түрде бас бостандығынан айырыл­ды.

Испания прокуратурасы Лио­нель Месси 2007-2009 жылдары түрлі жарнамадан түскен 4,1 миллион еуро табысын жасырып қалғанын алға тартты. Пиреней түбегіндегі елдің соты «Алтын доп» иегерін айыпты деп тауып, оған 2 миллион еуро көлемінде айып­пұл тө­леуді мін­деттеп, 21 айға шартты түрде бас бостандығынан айырды.

Дәл сол секілді Криштиану Роналду да «Реал» сапында доп теуіп жүргенде табысын жасы­рып, қазынаға 14,5 мил­лион еуро са­лық кем төлеген. Ис­пания со­ты сұрмергеннің соңына түс­кен про­куратураның таққан айыбын қана­ғат­тандырып, Роналдуға 19 миллион еуро айыппұл салып, 23 айға шартты түр­де бас бостандығынан айырды.

Жасыл алаңда жасындай­ жар­қыл­дайтын, қарсылас қорғау­шысының тізесін діріл­дететін екі футболшының салық мәселесімен тікелей өздері айналыспайтыны, арнайы заңгерлер жалдайтыны айтпаса да түсінікті. Дегенмен, Испанияда жылдық кірісі 60 мың еуродан асатындарға 45 пайыз салық салынатынын ескерсек, заңгерлердің оны айналып өту үшін барын салатыны белгілі.

Францияда да дәл осындай салық тәсілі бар. 2013 жылы сол кездегі ел президенті Франсуа Ол­ланд табысы тым көптерге арнап жаңа жүйе енгізді. Оған сәйкес, кірісі 1 миллион еуродан асатындар қосымша салық төлеуі тиіс-тұғын. Қосымша шығын­дарды есептегенде, қалталылар табысының 75 пайызын шытырлатып санап берді.

Ф.Олланд мырзаның бастамасы көп сынға ұшырады. Әсіресе танымал актер Жерар Депарьденің Франция азаматтығынан бас тартып, Ресейге кеткені де талай жыр болғаны есімізде. Кейінірек 2017 жылы аталған салық тәртібі жойылды.

Қорытынды орнына. Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсын­ған үдемелі салық әлі қоғам­дық ортада талқыланып, әбден пы­сықталатыны түсінік­ті. Осын­­дайда шетелдік тәжіри­бе­­лер, кірісін жа­сырған қалта­лыларды «құс­тыруда» қандай әдіс қолданғаны ескерілетіні сөзсіз.

Әлемнің дамыған елдерінде са­лықтан жалтарғандарды заң шеңберінде қатаң жазаға тартады. Сондай-ақ шетелден келіп жұмыс істейтін азаматтар да назардан тыс қалмайды. Әсіресе миллиондап жалақы алатын футболшылар, хоккейшілер, консультанттар секілді мамандардың табысы қатаң бақылауда болады. Шалыс басқанға айыппұл салып, тіпті бас бостандығынан айыруы мүмкін. Елімізде енгізілетін үдемелі салық жүйесін талқылау барысында шетелдік осындай тәжірибелер де ескеріледі деп үміттенеміз.