Руханият • 23 Мамыр, 2020

Қазақстан театрлары пандемия кезінде қалай жұмыс істеп жатыр?

915 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан театрлары және пандемия: қазіргі жағдайы мен болашағы» атты онлайн-конференция өтті.

Қазақстан театрлары пандемия кезінде қалай жұмыс істеп жатыр?

Адамзат баласын ортақ мүддеге тоғыстыратын мәдениет ошақтары бүгінде COVID-19 пандемиясы салдарынан күту режімінде тұр. Бірақ бұл сахна өнері карантин құрсауынан мүлде шыға алмай қалды деген сөз емес. Қазақстан театрларының қазіргі хал-жағдайы мен болашағын бағамдау мақсатында өткізілген онлайн-конференцияға белгілі театртанушылар мен сыншылар,  театр басшылары мен көркемдік жетекшілер, режиссерлер мен актерлер, драматургтер мен әдебиет бөлімінің меңгерушілері, менеджерлер мен сценографтар қатысып, сахна өнеріне  карантиннің тигізген әсері, спектакльді онлайн-режімге көшірудің артықшылығы мен кемшіліктері, сандық түсірілімге қойылар басты талаптар, көрерменмен қайта қауышуды жүзеге асыру жолдары, сынақ мерзімінің екінші жартысындағы өзекті мәселелер, байқаулар мен фестиваль кестелеріндегі өзгерістер, театрлардың репертуарлық саясаты төңірегінде әңгіме өрбітті.

Халықаралық театр сыншылары бірлестігі ұйымдастырған «Theatre Online» халықаралық онлайн-ғылыми конференциясында қозғалған құнды пікірлер мен болжамдар туралы ойын ортаға салған Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің төрайымы, театртанушы  Анар Еркебай бұл жобаға 14 мемлекеттен театр мамандары қатысқанын тілге тиек етті. «Мысалы, сол конференцияда Пәкстандағы Карачи театрының көркемдік жетекшісі: «3D, компьютерлік графика мен голограммаларды күшейту керек. Себебі болашақта голографиялық аватарлардың көмегімен көрермен әлемнің әр түкпірінен өзі ұнатқан спектакльді тамашалап, сүйікті актерімен қауыша алатындай мүмкіндік туатынына сенемін» деген болатын. Ал мәскеулік өнертанушы Эмилия Деменцова театр мамандары заманауи техниканың мүмкіндіктерін пайдалана отырып, көрерменмен қарым-қатынас жасаудың жаңа үлгісін ойлап тауып, оларға өзгеше үлгідегі қойылымдарды ұсыну керектігін алға тартқан еді» деді. Осы орайда, Қазақстан драматургиясы алдағы уақытта жаңа серпілісті бастан кешетініне сенім білдіріп, соның бір көрінісі ретінде драматург, театр сыншысы Ольга Малышеваның пандемиядағы кейіпкерлерді интернетте кездестіруі нәтижесінде дүниеге келген пьесасын атады. Сюжет желісі бойынша карантин кезінде үйде қамалып отырған адамдардың әлеуметтік желідегі  кездесуін баяндайтын онлайн-спектакльдің көрерменді бір сағат бойы тапжылтпай  ұстап отыру құпиясына тоқталды. Оның билетін көрермендер Ticketon.kz сайты арқылы 1000 теңгеге сатып алғанын, труппаның бұл әрекеті арқылы онлайн театр өнімдерін де монетизация жасауға болатындығын әңгімеге арқау етті. Заманауи көрерменге осы секілді тың форматтағы, ерекше үлгідегі спектакльдер керектігі айтылды.

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Ая Жекенова: «Қазіргі пандемия дерті қай елдің театрына болсын оңай соғып жатқан жоқ. Бүкіл театр атаулы дағдарыстан шығудың, көрерменімен байланыс жасаудың жолдарын жан-жақты қарастыруда. Мысалы, Абай атындағы опера және балет театры өзінің ютуб арнасын ашып,  «Алтын қордағы» барлық қойылымдарды онлайн форматында тамашалауға мүмкіндік туғызды. Осы кезге дейін арнамызда алты мыңға жуық бейне-роликтер жүктелді. Нәтижесінде, мұны тек отандық көрермендер ғана емес, Ресей және ТМД елдерінің өнерсүйер жұртшылығы да тамашалап, әсерлерімен бөлісуде. Одан бөлек, жуырда әуесқой әншілердің арасында Абай әндерінің онлайн-байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз» деді.

Мемлекеттік республикалық академиялық неміс драма театрының режиссері Наташа Дубс жаңа театр ғимаратына  көшкендіктен көрермен назарын сахна өнеріне аударту ұжым үшін қазіргі ең басты қағида екенін айтты. Мұның себебін театрдың қала орталығынан тым алыс орналасуымен сабақтастырған маман карантин уақытында бірнеше онлайн-жобалардың жүзеге асырылғанын алға тартты. Солардың бірі ретінде өнертану кандидаты, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Сәния Кабдиева мен өнертанушы ғалым Ольга Батуринамен өткізілетін тұрақты лекцияларды атады. Сондай-ақ театр актерлері көрермендерін бес топқа бөліп, актер шеберлігі бойынша даярлық жұмыстары қолға алынғанын, алдағы жылы бұйыртса театр өзінің 40 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуге дайындық жұмыстары барынша қызу жүргізіліп жатқанын сөз етті.

М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, театртанушы Еркін Жуасбек әкемтеатрдың онлайн жұмыстары көпшілік назарында екенін айта келіп, карантиннің сахна өнеріне тигізіп жатқан зардаптарын жою мәселесіне тоқталды. Бұл ретте театр майталманы қанша жерден онлайн-сұхбаттар мен спектакльдер ұсынылып жатқанмен, мұндай біржақты ұстанымның соңы көрерменнен ажырап қалу қаупін туғызбай қоймайтынын, көпшіліктің санасында «Қойылымды интернет арқылы-ақ көретін болсақ, онда театрға барып әуре болудың қажеті қанша?» деген ойдың алға озатынын жеткізді. Карантиннен кейін театр сыншылары мен сала мамандарымен бірлесіп, мұндай ой-пікірдің дұрыс еместігін түсіндіру жұмыстары басталуы қажет, себебі көрермендер карантиннен кейін онлайн-спектакльдерге әбден үйреніп алады. Сондықтан да барлығын басынан бастап, «Театр деген не? Оның бейнематериалдан айырмашылығы неде?» деген сұрақтар төңірегінде лекция-сабақтар өткізуіміз керек, деді.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, драматург Асылбек Ихсан алдағы уақытта карантиннің мерзімі ұзарып жатқан жағдайда театр ұжымы көрерменмен жұмысын үзбей жалғастыра беруге тиіс екенін қаперге салды. Пандемия уақытында дәстүрлі үлгілерден ажырап, театрдың жаңа  үлгісі пайда бола бастағаны айтылды. Мұнда ең көп салмақ актерлерге жүктеліп отырғаны мәлім болды. Мұндай жағдайда олар қалай жұмыс істеуі керек? Себебі актер мен көрерменнің арасы бұрын әрі кетсе 5-10 метр қашықта болса, ал тікелей камера алдында жұмыс істеу одан мүлде бөлек. Режиссер Мейерхольдтың актерлерге 20 минуттық монологты қозғалмай отырып оқытатын тәсілі сынды, мына шектеу де оларды тар қапасқа тығып отыр. Сондықтан сахна иелеріне ендігі кезекте камерамен дұрыс жұмыс істей білу қажеттігі туындайды. Ал қазіргі онлайн-спектакльдердің көпшілігі тек жалпы планда ғана көрсетіледі. Әлеуметтік желіге салынатын кез-келген қойылымға әртүрлі қырынан, кәсіби тұрғыда түсіре алатын білікті оператордың шеберлігін пайдалану керек, деді.

Әзірбайжанның тәуелсіз «dOM» театрының режиссері Тарлан Расулов әріптестерінің пікір-ұсыныстарын екшей келгенде түйген ойларымен бөлісті. «Әркімнің өз пікірі болады және ол пікірі өзінше дұрыс болып көрінуі мүмкін. Барлығыңыздың айтып отырғандарыңыз фильм-спектакль жанры. Кеңес уақытында актерлерді телеформат үшін арнайы ойнатып түсіретін еді. Бұл − телевидение мен кино өнеріне жақын жанрлардың бірі. Менің ойымша, театр өнері бұл форматқа мұқтаж болмауы керек. Қазіргі орын алып жатқан жағдайды қайта жаңғыру кезеңі деп атасақ та болады. Себебі біреу үшін білім алатын оңтайлы сәт болса, енді бірі үшін онлайн-билет сату маңызды болып жатыр. Ең бастысы, адамдар өзіне зиян келтіріп алмай,  қоғамға қандай пайдасын тигізе алады, осы жағына көбірек мән берілуге тиіс» деді әзірбайжандық режиссер.

Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрының режиссері Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек: «Дәл қазіргі жағдайымыз «Суға кеткен тал қармайдының» кері секілді» деп сыни пікір білдірді. Әр театр өзіне қатысты түйткілмен арпалысып жатқанын алға тартты. Театр маманы әріптестерін сабырға шақырып, театр өнерінің басынан мұнан да қиын сәттер өткенін еске салды. Қазіргі шешім бойынша, театр сандық форматқа өтуі керек секілді. Ең өкініштісі, егер бәріміз осылай ететін болсақ, спектакльдің 70% сапасы жоғалады. Көпшілік көрермен қойылымның тек сюжетімен ғана танысып, үстіртін мағлұмат, жансыз әсер алуы мүмкін. Себебі театр өнері – көрермен мен актер өзара энергия алмасатын орын, деп ой қорытты.

І.Омаров атындағы Қостанай облыстық драма  театрының режиссері Әлия Баймаханова бүгінде әр театр өзінше күн көру тәсіліне көшіп жатқанын жеткізді. Себебі әрқайсысы өзінің географиялық, экономикалық жағдайына қарай күн көріп келеді, деді ол. Пандемия, әсіресе, облыстық театрларға қатты әсер етіп жатқанын, соның салдарынан театрдың 20 жылдық мерейтойы атап өтілмей қалғанын қынжыла әңгімеледі. Шығармашылық үдеріс туралы түсініктің түбегейлі өзгергенін, ендігі уақытта театр көрерменнің жүрегіне жол табуға тиіс екенін әңгімеге арқау етті. Жуырда режиссер Нұрлан Әбдіқадыровтың спектаклінің жабық көрсетілімі өткізілгенін, актерлік труппаның дағдарыс жағдайына бейімделіп, спектакль барысында жақсы өнер көрсеткенін айтты.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қуыршақ театрының режиссері Құралай Ешмұратова карантин кезінде басқа театрларға қарағанда әсіресе, қуыршақ театры көбірек зардап шегіп отырғанын жеткізді.

–Себебі, біздің жасаған қуыршақтарымыз онлайн-спектакль өткізуге арналмаған. Соның салдарынан балапандардың қуыршақтарға деген махаббаты жоғалып бара жатыр. Мысалы, залда – 5, ары кетсе 10 метр аралықта қуыршақтарды көріп үйренген сәбилерді онлайн үлгідегі кейіпкерлері қызықтырмауы мүмкін. Сондықтан да карантиннің тезірек біткенін тілеп отырмыз, – деп ойын тұжырымдады.

Актер, режиссер Болат Шанин мұндай басқосулар жарты жылда бір рет өтіп тұрса дұрыс болар еді деген ой білдірді. Барлық театрлардың еңбегін біріктіретін, қойылымдарды салатын ортақ сайт болса екен деп ұсыныс білдірді. Және бұл көпшілік үшін де оңтайлы әдіс болатынын жеткізді.

–Карантин өнердің жаңа түрінің тууына әкеп соқтырып отыр. Әсіресе драматургияда тың тақырыптар дүниеге келеді деген сенімдемін. Бұл ретте бәріміз «Арт и шок» театрының  тәжірибесін пайдаланып көруіміз керек. Жаңа туындыны сахналап, монетизация жасау үшін жарнамалап, билетін де арзан бағаға сатып, көрерменді өзіміз үйретуіміз керек. Сондай-ақ театрларды өте сапалы камерамен жабдықтау қажеттігі туындайды. Егер облыстық театрлар өз өңірлеріндегі оқиғаларды қамтып, қойылым тақырыбына арқау етсе, көрерменін жоғалтпайды деп ойлаймын, – деді.

Өнертану кандидаты, театртанушы Аманкелді Мұқан карантиндегі екі жарым айда қазақ театры әлемдік театрлардың тәжірибесіне сүйеніп, өздерінің қал-қадерінше онлайн-спектакль, лекция, сұхбат, концерт үлгісінде көптеген жобаны жүзеге асырғанын, мұрағаттық қойылымдарын ютуб желісінен көрсеткенін алға тосты. Алғашында үздік-создық басталған бұл әрекеттер кейін жаппай үйреншікті үрдіске айналғанын айтты. «Қиындықты тек бірлесіп әрекет еткенде ғана жеңетініміз анық. Қазақ театры мұнан да қиын сәттерді бастан кешкен. Бұл нәубетті де «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып» жеңетінімізге сенім мол. Қазақ ұлттық сахна өнерінің жемісті күндері алда.  Онлайн- конференцияға қатысушылардың жұмыстары сәтті, пайдалы ой-тұжырымдарға толы болсын!» деп сөзін қорытындылады.