Әлем • 25 Мамыр, 2020

Пәкістанда ұшақ құлады

311 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пәкістанда ұшақ апатқа ұшырап, 97 адам қаза тапты. Карачидегі әуежайға қонар тұста құлаған әуе кемесі «Пәкістан халықаралық әуе жолы» компаниясына тиесілі.

Пәкістанда ұшақ құлады

Ұшақ Лахордан ұшып шы­ғып, Карачиге қонар тұста әуе­жай маңындағы үйлердің бірі­не құлаған. Пәкістан Денсаулық сақ­тау министрі баспасөз хатшы­сының мәлімдеуінше, апаттан екі адам аман қалған.

Қазіргі таңда қаза болған­дар­дың денесі Карачидегі ең үлкен мемлекеттік аурухана – Jinnah медициналық орталығы мен Азаматтық ауруханасына жеткізілген. Арнайы комиссия қаза тапқандардың кім екенін зерттеп жатыр. Әзірге 19 адам ғана анықталған.

Пәкістандық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ұшақ бортында 99 жолаушы және 8 экипаж мүшесі болған. Қаза тапқандар арасында қираған үйлердің тұрғындары да бар. Әзірге ел билігі қаза тапқандар санын нақты айта алар емес. Өйткені үйінді астында қанша адам жатқаны белгісіз.

Алдын ала дерек бойынша, PK-8303 бағытындағы Airbus A320 ұшағы техникалық апатқа байланысты құлаған. Пәкістан телеарналары ақырғы сәтте  болған пилот пен әуе диспетчері арасындағы әңгімені жариялады. Онда ұшқыштың қозғалтқыш істен шыққанын айтқаны есті­леді. Әуе диспетчерінің әуе ке­месін доңғалақсыз қондыру ықтималдылығын сұраған сауалына пилот жауап бермеген көрінеді. Кейіннен байланыс үзіліп кетіпті.

«Ұшағымыз Лахордан Кара­­чиге келіп қонуы тиіс еді. Пи­лот соңғы сөзінде қонар кезде тех­никалық мәселе туындап, әуе кемесін қайта көкке көте­ріп, бір айналып келуге ше­шім қабылдады», дейді «Пәкіс­тан халықаралық әуе жолы» компаниясының басшысы Ар­шад Малик.

Әлеуметтік желілерде тара­ған видеоларда ұшақтың тұрғын үйлерді жапыра құлағаны көрі­неді. Әуе кемесінің кей бөліктері көшелерде шашылып жатыр. Сондай-ақ көшеде бірнеше көлік өртенген.

Апаттан аман қалған Мұхам­мед Зубайр жергілікті телеар­на­ларға сұхбат беріп, оқиғаның жай-жапсарын хабарлады. Оның айтуынша, әуе кемесі бір мәрте қонуға талпынған. Кейіннен көк­ке көтеріліп, 10-15 минуттан кейін құлаған. Періштесі қақ­қан шығар, Зубайрға аса қатты зақым келмепті.

«Ұшақ құлайды деп ешкім ойлаған жоқ. Ол баяу қалықтап келе жатқан еді. Жерге соғылған кезде есімді жоғалттым. Есім­ді жиғанда айналадан ыңыр­сыған, айқайлаған дауыстар естідім. Үлкендер де, балалар да көмек сұрап жатты. Жан-жағым отқа оранған. Қауіпсіздік белдігін шешіп алға ұмтылдым. Алыстан жарық көрінді. Соған қарай ұмтыла бердім. Ұшақтан шығу үшін үш метр биіктен секіруге тура келді», дейді ол.

Пәкістан коронавирус пандемиясына байланысты тоқтап қалған елдегі әуе қатынасын таяуда ғана іске қосқан-ды. Жалпы, кейінгі жылдары осы елде ұшақтар жиі құлап жүр. Мәселен, 2010 жылы Airblue ком­паниясының лайнері Исламабад маңында құлап, борттағы 152 адам түгелдей мерт болды.

2012 жылы Равалпинди қа­ласы маңында Bhoja Air ком­паниясының «Боинг-737» әуе кемесі көкке көтеріле алмай, 127 адам қаза тапты. 2016 жылы «Пәкістан халықаралық әуе жо­лы» компаниясының ұшағы әуе­де жанып кетіп, 47 адам бақиға аттанды.