Білім • 26 Мамыр, 2020

Министр мұғалімдермен кездесті

1246 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов телевизиялық сабақтардың түсіріліміне қатысқан педагогтермен қорытынды онлайн-кездесу өткізді. Ведомство басшысы мұғалімдерге үздіксіз оқу үрдісін ұйымдастырғандары үшін алғыс айтты.

Министр мұғалімдермен кездесті

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, IV тоқсанда қазақстандық телеарналар арқылы 3 000-нан астам телесабақ көрсетілді. Қазіргі таңда тағы 15 000 бейнесабақ дайындау жоспарланып отыр, олар денсаулық жағдайына байланысты үйде оқитын оқушылар үшін немесе ауа райының қолайсыздығына байланысты сабақ тоқтатылған жағдайда қосымша материал ретінде пайдаланылады. 

Осыған орай ұйымдастырылған онлайн кездесуде министр:

«Жұқтыру қаупіне, барлық қиындық мен тиісті тәжірибенің жоқтығына қарамастан, сіздер осы жұмыспен айналысуға келістіңіздер. Сол үшін сіздерге алғысымды білдіремін. Сырт көзбен қараған адамға бейнесабақтарды түсіру оңай болып көрінуі мүмкін. 20 жыл тәжірибесі бар мұғалім үшін телесабақ түсіруде қандай қиындық туындауы мүмкін дейтіндер де бар, бірақ бұл – мүлдем басқа жұмыс. Шын мәнінде, камера алдында сөйлегенге қарағанда, үйреншікті сыныпта 25 баланың алдында сабақ түсіндіру әлдеқайда оңайырақ», деді. 

Ведомство басшысы егер эпидемиологиялық жағдай жақсарса, 1 қыркүйекте мектептер дәстүрлі оқыту форматына оралады деп үміттенетінін, алайда кез келген жағдайға дайын болу қажет екенін айтты.

Шара барысында Білім және ғылым министрі бірқатар педагогті құрмет грамотасымен, «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру саласының құрметті қызметкері» құрмет белгілерімен марапаттады.