Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды
Білімге алты есе, ғылымға жеті есе қаржы бөлінеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз коронавирус пандемиясының шарықтау шегінен өткенімен, індетпен күрес әлі аяқталмағанын атап өтті. Covid-19-дың қаупіне тоқталып, оның батпандап кіріп, мысқалдап шығатынын жеткізді. Сондай-ақ қазіргі таңда әлемдегі құндылықтар айтарлықтай өзгергеніне екпін берді.
«Денсаулық сақтау жүйесінің, өзін өзі қамтудың, ынтымақтасу мен жауапкершіліктің маңызы арта түсті. Соған сәйкес мемлекет қызметінде және қоғамдық өмірдің барлық саласында түбегейлі өзгерістер болмақ. Пандемия біздің еліміз үшін де үлкен сынақ болып отыр. Қазақстан халқы ешқашан қиындыққа мойыған емес. Бұл жолы да бірлігіміздің бекем екенін көрсеттік. Біз ырыс пен ынтымақтың арқасында кез келген сынақты абыроймен еңсереміз деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінгі отырысына дейін атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі бар екенін, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заңға қол қойғанын атап өтті. Аталған заң бойынша жиын өткізудің алдын ала ескерту қағидаты енгізілді.
«Бұл құжаттың басты ерекшелігі – бұдан былай бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес. Оны алдын ала ескертіп, өткізуге болады. Осы заң қоғамдық-саяси қатынастарды демократиялық жолмен одан әрі дамытуға зор үлес қосады деп ойлаймын. Жаңа заң азаматтардың бейбіт жиындар өткізуге конституциялық құқығын толық қамтамасыз етеді. Саяси реформалардың бірінші топтамасына кіретін басқа да заң жобалары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер енгізетін құжаттарға қол қойдым. Біз парламенттік оппозиция институтын енгіздік. Саяси партияларды тіркеуге қатысты талап жеңілдетілді. Сайлауға түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота бөлетін болады. Жала жабуды қылмыс санатынан алып тастау және Қылмыстық кодекстің 174-бабын ізгілендіру жөніндегі нормаларға азаматтар барынша қолдау білдірді», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев отырыстың күн тәртібі туралы айта келіп, кез келген мемлекет үшін адам капиталы басты өлшемге айналғанын атап өтті.
«Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етіп отыр. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясатты соған сәйкес жүзеге асырамыз», деді Президент.
Мемлекет басшысы білім беруді және ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылатын реформаларды қайта зерделеу қажеттігіне назар аударып, осы мерзімге дейін білім саласына бөлінетін қаражат алты есе, ғылымға бөлінетін қаржы жеті есе өсетінін айтты. Қазақстанның білім саласына бөлетін қаржысы жеткіліксіз екенін, соның салдарынан білім беру сапасы мен мектеп инфрақұрылымы дамыған елдермен салыстырғанда әлдеқайда кенжелеп қалғанын жеткізді.
«Қазақстанның мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқушылар санының көп болмағаны қажет. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700-ден аса спорт залдарын салу жоспарланып отыр», деді Мемлекет басшысы.
Жол картасын жүзеге асыру аясында биыл 80 оқу ордасы салынып, 16-сы күрделі жөнделіп, 1700-ге жуық нысанға жөндеу жұмыстары жасалады. Президенттің айтуынша, негізгі қаражат маңызды бағыттарға, атап айтқанда, білім және денсаулық салаларына бөлінбек.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес мүшелерінің назарын қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқушылар арасындағы зорлық-зомбылық пен өз-өзіне қол жұмсау проблемасын шешу жөніндегі міндеттерге аударды. Сонымен қатар білім беру саласындағы басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіру керек екенін айтты.
«Мектеп жанындағы интернаттардың жұмысын одан әрі жетілдіреміз. Бұл аса қажет. 2025 жылға қарай 11 мың орынға арналған жүзден аса интернат салынуы керек. Білім беру мекемелеріндегі балалардың қауіпсіздігі де – өте өзекті мәселе. Менің тапсырмам бойынша әкімдер барлық мектепті бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ заманауи санитарлық талаптарға сай жағдай жасайды. Бұл шара жыл соңына дейін жүзеге асырылады.
Қоғамда оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың және өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алуға арналған бірыңғай бағдарлама енгізу туралы бастаманың көтерілуі орынды. Бұл – түйткілді мәселе. Осыған орай министрлік пен сарапшылар қауымы кешенді шешімдер әзірлеуі қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Педагогтер мәртебесі артады
Бұдан кейін педагогтердің мәртебесіне назар аударып, оларға қолдау көрсетіп, қоғамдағы беделді, танымал тұлғаларға айналдыру керектігіне тоқталды. Осылайша, педагогтерге арнайы медаль тағайындалмақ. Қазіргі таңда білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада жемісті еңбек еткендерге жаңа «Халық алғысы» медалі беріледі.
«Менің тапсырмаммен алдағы төрт жылда мұғалімдерге төленетін жалақыны екі есе арттыру қарастырылған. Одан бөлек, білім сапасын қамтамасыз ету өте маңызды. Педагогикалық білім беруді жаңғырту оқу жоспарларының 100% жаңартылуын, IT-құзіреттер, оқытудың заманауи әдістері мен технологиялары бойынша арнайы модуль енгізуді қамтамасыз етуі керек», деді Мемлекет басшысы.
Қашықтан оқыту білім саласының жаңа қырын ашқанына тоқталған Президент педагогикалық білімді жаңғыртуды жүзеге асыруда оқулықтарды 100 пайыз жаңартып, заманауи дәуірге лайықтау қажеттігіне де екпін берді.
«Педагогика мамандықтарына түсуге қойылатын талаптарды біртіндеп арттыру қажет. Оларды тартымды ете түсу үшін болашақ мұғалімдерге арналған шәкіртақыны 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін арттыру керек. Біліктілік талаптарын күшейту арқылы педагогикалық мамандықтар бойынша кадр даярлайтын жоғары оқу орындары мен колледждердің бейімденуін қамтамасыз ету қажет. Жалпы, мұғалімдер арнайы университеттерде оқытылып, әзірленуі керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздегі жоғары оқу орындарының футболдағыдай шартты түрде лигаларға бөлінуін қолдайтынын жеткізді. Осындай қадам арқылы университеттердің бір-бірімен жарысып, бәсекелесуіне мүмкіндік туады. Сондай-ақ білім саласын қаржыландыру мен басқару жүйесі де жетілдіруді қажет етеді.
«Менің шешімім бойынша 2021 жылдан бастап аудандық білім бөлімдерін басқару және оларды қаржыландыру облыстық деңгейге өтеді. Бұдан бөлек соңғы уақытта оқу орындарының басшыларын тағайындау тәртібі туралы мәселе жиі қозғалуда. Үкімет балабақша меңгерушілерін, мектептер мен колледждердің директорларын тағайындаудың түсінікті әрі ашық жаңа жүйесін әзірлеуі керек. Директорларды алмастыру және аттестациялау институтын енгізу ісі де басқарудың тиімділігін арттыруға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім мамандығының маңызы ерекше екеніне тоқталып, сол себепті оларды ерекше жағдай жасайтын білім ордаларында даярлаудың маңызын түсіндірді. Білім саласын қаржыландыру және басқару жүйесін жетілдіріп, оның барлық сатысындағы басқаруды жаңғырту керек. Осы мақсатта коллегиялық басқару жүйесін, бақылаушы және қамқоршылық кеңесін құру қажет.
«Баланы жастайынан жетілдіру жүйесі де халықаралық стандарттарға сай келмейді. Мектепке дейінгі білім беру саласын белсенді түрде жетілдіріп, мектеп бағдарламасымен сабақтастыра білуіміз керек. Жуық арада 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен қамту деңгейі 100 пайызға жетеді. Әйтсе де баланы мектепке дейін дамытудың толыққанды моделі жоқ. Үкімет оны жылдың соңына дейін әзірлеуі тиіс. Сонымен қатар балаларды қосымша біліммен барынша қамтуымыз керек. Балалардың спорттық, интеллектуалдық, шығармашылық қырын ашу да өте маңызды. Бұл мақсатта жеке бастамашылықты қолдау қажет. Мемлекеттік тапсырыс қосымша білім берудің жеке ұйымдарына барынша тиімді жағдайда берілуі тиіс. Әсіресе бұл ауылдар мен шағын моноқалалар үшін маңызды», деді Президент.
Бұдан кейін техникалық-кәсіптік білімді әрі қарай дамытуға назар аударды. Мәселен, «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр. Тегін техникалық білім беру бағдарламасымен жыл сайын 100 мың студент қамтылады. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, ауыл жастары ерекше назарды қажет етеді. Осыған байланысты Үкіметке техникалық-кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау үшін мемлекеттік тапсырысты арттыру мәселесін жетілдіруді тапсырды.
«Техникалық-кәсіптік білім беретін колледждерде академиялық еріктілікті енгізу, несиелік жүйеге көшу, жас басына есептеп қаржыландыру маңызды реформаларға айналуы керек. Кәсіптік бағдар еңбек нарығындағы алдағы 10-15 жыл ішіндегі қажеттілікті ескеруі қажет. Ол үшін Білім және ғылым министрлігі «Жаңа мамандықтар мен құзіреттердің атласын» енгізуі тиіс. Білім және тәрбие жүйесінің маңызды компоненттерінің бірі ретінде Қарулы Күштер де маңызға ие. Әскери міндетін атқарумен бірге армияда болу – белгілі бір кәсіби дағдыға баулу қажет. Білім және ғылым министрлігі мен Қорғаныс министрлігі бұл ұсынысты кеңінен талқылауы тиіс. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелеріне де өз ұсыныстарын беруді сұраймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Төтенше жағдай мен карантин режімі қашықтан оқыту жүйесінің кемшін тұстарын көрсеткен-ді. Осыны атап өткен Мемлекет басшысы келешекте пандемиялық дағдарыс қайта келуі мүмкін екенін ескертіп, аталған білім беру жүйесіндегі мәселелерді реттеуді тапсырды.
«Елімізде оқулықтар сапасы мәселесі жиі көтеріледі. Білім сапасы айналып келгенде оқулықтың сапасына байланысты. Бұл – аксиома. Сол себепті ғылыми-практикалық сараптамаға қойылатын талапты едәуір арттырып, оқулықтардың апробациясын түпкілікті түрде көтеру керек. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің міндеті. Еліміздегі оқулықтардың сапасы өте нашар. Заңнамалық түрде сол оқулықтарды жазатын адамдардың жауапкершілігін бекітуді тапсырамын. Нашар оқулық дайындадың ба, жарамай қалды ма – оны жазған адам жауапкершілігін көтеруі керек. Басқаша болмайды. Қазіргі таңда көпшілік оқытушылардың еңбегі қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын. Біз «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдерді ынталандыру шараларын қарастырдық. Бірақ іс жүзінде, жоғары оқу орны оқытушысының жалақысы мұғалімнің жалақысынан аз. Осыған орай Үкімет жоғары оқу орны оқытушыларының еңбекақысын көбейту мәселесін қарастыруы керек», деді Президент.
Грантқа бөлінетін қаржы үш есе көбейеді
Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастардың шетелге кету мәселесіне ерекше назар аударды. Мұның себептерінің бірі ретінде жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілетсіздігін атап көрсетті.
«Білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылдадық. Яғни, грант құны үш есе артады. Сол арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңмен арттырып, университеттердің материалдық базасын нығайтуға болады. Бұл – маңызды қадам. Өйткені грант құны 2011 жылдан бері өскен жоқ. Еліміздің 10 жоғары оқу орны әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы керек. Жоғары білім беру сапасының негізгі көрсеткішінің бірі – осы. Бұл межеге 2025 жылы жетуіміз қажет. Қос дипломды бағдарламаларды, студенттердің, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлық құрамының ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлығының түрлі формаларын дамытқан жөн. Қазақстандық университеттердің базасында шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының кампустарын ашу керек. 10 университетте академиялық басымдық деп аталатын студенттердің тұруына қауіпсіз әрі жайлы орталықтар құрылуы тиіс. Алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың жатақхана орны салынуы керек. Жатақхана өте өзекті әрі өмірлік мәні бар мәселе», деді Мемлекет басшысы.
Президент білім саласының сапасын жақсарту үшін білім ордаларына қойылатын талаптың күшейтілетініне тоқталды. Осыған байланысты дипломды оңды-солды беретін оқу орындары жабылады. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны тез арада нақты аяқтау қажеттігін атап көрсетті.
«Жоғары оқу орындарын кезең-кезеңімен салаландыруға, мамандықтарды толықтырып, білім сапасын арттыруға жағдай жасаған жөн. Білім сапасын жақсартудың маңызды қыры – академиялық адалдық мәдениетін енгізу және жан-жақты тарату. Министрлік «Академиялық адалдық лигасына» мүше жоғары оқу орындарын дамытуға және қолдауға міндетті.
Ең маңызды мәселе – жоғары білімнің қолжетімділігі. Мемлекеттік білім гранттарын бөлу жүйесінде ауқымды әлеуметтік құрамды қарастыру керек деп санаймын. Яғни үміткердің оқу жетістіктеріне ғана емес, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына да назар аударған жөн.
Аз қамтылған отбасылар үшін, азаматтар мен жастардың әлеуметтік әлсіз санаттары үшін грант санын көбейту мәселесін қарастыру керек. Жоғары білім ақысын төлеу үшін жеңілдетілген несие беру – қолдаудың тағы бір түрі болар еді. Үкіметтен, сондай-ақ Ұлттық кеңес мүшелерінен осы мәселе бойынша өз ұсыныстарын жасауды сұраймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыруға шақырып, бұл мәселеде Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аудару қажеттігін айтты.
«Олар тіл үйрету барысында, негізінен, оқу орындарындағы жастарға көбірек мән береді. Сондықтан Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізген жөн. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді.
Біздің ғылыми инфрақұрылым еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді шешуге әлі қауқарсыз. Мұны ашық мойындау керек. Ғылым кадрларын даярлау үшін, ең алдымен, оларға жағдай жасау керек.
Сондықтан жыл сайын кемінде 100 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне қаржы бөлген жөн. Жетекші ғылыми орталықтарымызға докторантурадан кейінгі ізденіс үшін арнаулы мемлекеттік тапсырыс беру қажет.
Докторантураға бөлінетін гранттардың құнын арттыру керек. Докторанттардың көбі – отбасылы азаматтар. Олар ғылыммен айналысқан кезеңде негізінен стипендиямен күн көреді. Жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды. Докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көбейту қажет. Елбасының жас ғалымдар үшін жыл сайын грант бөлу жөніндегі бастамасын жалғастырған жөн. Оның алдағы үш жылға арналған жалпы құны – 3 миллиард теңге.
Жалпы ғылымға бөлінетін қаржыны жоспарлы түрде көбейтеміз. 2025 жылға қарай оны ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін жеткіземіз. Осы ретте біз ешкім оқымайтын, қажетсіз жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыруға жол бермейміз. Әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сондай-ақ оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тек ұлттық ғылыми-техникалық міндет тұрғысынан бөлінуге тиіс», деді Мемлекет басшысы.
Ел Президентінің сөзіне қарағанда, негізгі басымдық медициналық-биологиялық зерттеулер, агроөндірістік ғылым, «жасыл» технология, жасанды интеллект, энерготиімділік сынды салаларға берілмек. Сондай-ақ бірреттік гранттық конкурстар нәтижесіне қарамастан, үздіксіз жүзеге асырылуы тиісті іргелі зерттеулер жүргізумен айналысатын ғылыми ұйымдарды тікелей қолдаудың маңызына екпін берді.
«Үкімет іргелі ғылым мен зерттеу институттарының базалық қаржыландыру көлемін арттыру мүмкіндігін қарастыруы қажет. Проблемалы мәселелердің бірі –зерттеулер үшін құрал-жабдықтардың жетіспеуі. Биыл менің тапсырмама сәйкес, институттарды материалдық-техникалық жарақтандыру бойынша жаңа бағдарлама ашылды. Алайда ол толық қаржыландырылмай отыр. Бұл проблеманы шешу қажет. Бүгінде әлеуметтік, гуманитарлық, ауыл шаруашылығы ғылымдары бойынша мықты ғалымдардың өте тапшы екендігі байқалады. Оны бірлескен зерттеулер жүргізуге және докторанттар мен магистранттарға жетекшілік ету үшін жетекші шетелдік ғалымдарды тарту арқылы шешуге болады.
Мұндай тәжірибе нақты нәтиже әкелуі тиіс. Ірі отандық кәсіпорындардың, компаниялардың технологиялық алаңдарын жоғары оқу орындарымен және зерттеу институттарымен байланыстыру да маңызды. Үкіметтен және сарапшылардан тиісті ұсыныс әзірлеуді өтінемін. Қазақстан ғылымының цифрлық экожүйесін қалыптастыру, ұлттық ғылыми-сараптамалық жүйені, отандық ғалымдар базасымен қазақстандық ғылыми цитата келтірудің индексін құру да маңызды. Мемлекеттік әкімшілеу тиімділігін арттыру үшін салааралық үйлестіруді қамтамасыз ететін орган ретінде Білім және ғылым министрлігін айқындау қажет. Бұл шаралар Парламент қабырғасында қаралып жатқан ғылым туралы заңнамаға өзгерістер топтамасында көзделуі тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Медицина қызметкерлерін қолдау күшейеді
Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясының бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін, шын мәнінде, ауыр сынақ болғанын атап өтіп, бұл ахуалдың Қазақстанда кәсіби дәрігерлердің тапшы екенін анық аңғартқанын жеткізді. Сондай-ақ бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқының қорғалмауы себеп болып отырғанын айтты.
«Түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәрігерлер алады. Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырамын. Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет.
Бұған дейін қазақстандық медицина туралы теріс пікір жиі айтылатын. Дәрігерлік қателік үшін заңсыз әрі әділетсіз қылмыстық қудалау фактілері де жиі кездесті. Меніңше, бұл тәжірибені қайта қарау қажет. Әсіресе, міндетін тиісті деңгейде орындамаған медицина қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін сыни тұрғыда пайымдау өзекті. Тергеу барысында немқұрайлы әрекетті анықтау өте күрделі. Бұған қоса қылмыстық бапқа тартылған дәрігерлердің аз емес екенін де білеміз. Сонымен қатар клиникалық зерттеу жүргізу тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық жазалауды қолдауды қайта қарастырған жөн. Медицина мамандары жазалану қатері болатындықтан, ғылымнан бас тартады. Әрине жоғарыда айтылғандар азаматтардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікті дәрігерлерден босатпайды, бірақ оны әлемнің дамыған елдеріндегідей әкімшілік және азаматтық-құқықтық тұрғыда жүргізу керек», деді Мемлекет басшысы.
Президент медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметіне кепілдік беруді, заңды және қаржылай көмектесуді, жауапкершілік жүйесін әзірлеп, енгізуді тапсырды. Сонымен қатар медицина инфрақұрылымын дамытуға байланысты бірқатар мәселені шешуді тапсырды.
«Алдағы 5 жылда мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерін медициналық техникамен 100 пайыз қамтамасыз етуіміз керек. Сонымен қатар жаңа ауруханалар салу қажет. Жұмыспен қамту жол картасының аясында биылдың өзінде 24 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 ірі клиника салынады. Құрылыс мемлекет-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асырылады. Үкімет пен әкімдер бұл тапсырманы мүлтіксіз орындауға тиіс.
Бүкіл әлемде пандемия қайта өршіп кетуі де мүмкін. Сол үшін жұқпалы ауруларды емдейтін клиникалардың барлығын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруіміз керек.
2010 жылдан бері денсаулық сақтау саласы мен экстенсивті тиімділіктің кейбір бағыттарын оңтайландыруға баса мән бердік. Нәтижесінде, 1000-ға жуық жұқпалы ауруларға арналған орын қысқарды. Биологиялық қауіп-қатерлерді ескере отырып, Үкімет белгілі бір бағыттар бойынша денсаулық сақтау жүйесіндегі рұқсат етілген артықшылық мәселесін қарастырып, оның қиын-қыстау жағдайларға дайын болуына қолдау көрсетуі қажет», деді Мемлекет басшысы.
Бұдан кейін Президент азаматтардың денсаулығын сақтауға қатысты іс-шараларға маңыз беруге тоқталды. Осы бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін Денсаулық сақтау министрлігі мен тиісті мекемелердің адамдарды бала кезден денсаулыққа маңыз беруге тәрибелеуге, санитарлық-медициналық шараларды қабылдауға міндетті екенін айтты.
«Қордаланып қалған тағы бір мәселе – өңірлердегі көмектесудің деңгейі бір-бірінен алшақ. Инфрақұрылымдық айырмашылықтан бөлек, қала мен ауылдарда кадрлармен қамтамасыз етуде айтарлықтай теңгерімсіздік бар. Жалпы, шаралар әзірленген. Енді оларды жүзеге асыру маңызды. Үкімет ауылдық денсаулық сақтаудың тиімді моделін құру бойынша шаралардың орындалуын қатаң бақылауға алуы тиіс. Денсаулық сақтау саласында цифрландыру процесін жеделдету және тиімділігін арттырған жөн. Медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізуді енгізу қажет. Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құру жоспарланған. Медициналық ұйымдардың 90 пайызы платформаға ықпалдастырылады. Электронды денсаулық төлқұжаты енгізілді. Медициналық ақпараттарды сақтаудың бірыңғай базасы құрылды. Бұл жұмыс жоспарын жүзеге асыру қажет. Денсаулық сақтау жүйесіне білікті ІТ-мамандарды тарту, отандық бағдарлама жасайтындардың әлеуетін медициналық ақпараттық жүйеге жұмылдыру маңызды», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің және көршілес мемлекеттердің аумағында тұрақты табиғи ошақтар мен өзге де қауіпті инфекциялардың болуына байланысты ахуал күрделене түскенін атап өтті, сондай-ақ бірқатар жүйесіз реформа мен қайта ұйымдастыру санитарлық-эпидемиялық қадалағау және инфекциялық бақылау жүйелерінің әлсіреуіне әкелгеніне тоқталды. Бұл ретте санитарлық-эпидемиялық қызметті күшейтуге баса назар аударды.
«Осыған орай қазірдің өзінде жаңа комитетті құру жұмысы басталды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мәртебесі мен өкілеттігі артады. Мұндай реформаға жағдай ықпал етті. Бұл қызметтің мамандарын әлеуметтік қорғау және кадрларды даярлау жүйесі қайта қаралады. Бұған қоса инфекциялық аурулармен күрес саласында шетелдермен ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажет. Биологиялық қауіпсіздік жүйесі ортақ стандарт бойынша жұмыс істеуі және қатерлерге еларалық өзара іс-қимыл мен қарсы тұру шараларын қамтамасыз етуі тиіс. Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы заңды жыл соңына дейін қабылдау қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы пандемия кезінде өңірлердің жылдам әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмағанына назар аударды. Денсаулық сақтау саласына қатысты көптеген мәселе орталықтың тікелей араласуымен шешіліп отырды. Сондықтан төтенше жағдай кезіндегі басқару ісін нақты құрылымға сай бір орталықтан жүргізу керек.
«Елімізді дәрі-дәрмекпен және медициналық өнімдермен қамтамасыз ету ісінің олқылықтары анықталды. Біз импортқа тым тәуелдіміз. Шетелден келетін дәрілердің нарықтағы үлесі – 88 пайызға жуық. Фармакологиялық зерттеулер жүргізу үшін тәжірибеміз жеткілікті. Ғылыми база да, білікті мамандар да бар. Сондықтан Үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құруы қажет. Мұнда зерттеу жүргізуден бастап, өнеркәсіптік деңгейге дейінгі үдерістер қамтылуға тиіс. Фармацевтика саласындағы саясат ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, озық технологияны тартуға және импортты алмастыруға бағытталғаны жөн.
Осыған орай, фармацевтика және медицина өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру міндеті Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. Бұл ретте саланы дамыту және халықты тиімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тепе-теңдігі бұзылмауы керек. Үкіметке отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жоспарын жасауды тапсырамын. Онда нақты көрсеткіштер мен мақсат-міндеттер айқындалуға тиіс», деді Президент.
Сондай-ақ жиын барысында Президент кеңесшісі, Ұлттық кеңес хатшысы Ерлан Қарин баяндама жасап, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында айтылған ұсыныстар жөнінде әңгімелеп берді.
«Елімізде төтенше жағдай режімінің енгізілуіне қарамастан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері ауқымды жұмыс жүргізді. Ең алдымен Ұлттық кеңестің мүшелері Мемлекет басшысының екінші отырыста берген тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыстарға белсене қатысты. Берілген тапсырмаларды іске асыру мақсатында Президент Әкімшілігінің басшысы 21 тармақтан тұратын арнайы іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Осыдан кейін мемлекеттік органдар және Ұлттық кеңес мүшелері бірлесе отырып, берілген бағыттарды жүзеге асыруға кірісті. Әсіресе, заң жобалары бойынша жұмыс топтарындағы талқылауларға қатысу Ұлттық кеңес мүшелерінің негізгі жұмыс бөлігін құрады», деді ол.
Ұлттық кеңес хатшысының айтуынша, жалпы алғанда шамамен 20 талқылау өткізілді. Сонымен қатар Ұлттық кеңес мүшелерінің қатысуымен Парламентте парламенттік оппозиция институтын енгізу, Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминилизациялау, 174-бапқа өзгерістер енгізу бойынша басқа да заң жобалары қарастырылды. Оған қоса еліміздің өңірлерінде коронавирусқа қарсы іске асып жатқан күрес шараларының тиімділігі Ұлттық кеңес мүшелерінің тарапынан үнемі бақылауда.
Бұдан кейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ведомство басшысының айтуынша, мектепке дейінгі білім деңгейінде балаларды кезекке қою және қабылдау 100 пайыз автоматтандырылған.
«Мектеп деңгейінде құрылыс нормалары мен ережелерін және санитарлық ереже талаптарын жеңілдетіп, үш қалада пилоттық режімде жан басына қаржыландыру жұмысын бастадық. Соның арқасында қазір жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді. Тек қана бір жыл ішінде жекеменшік мектептердің үлесі 75 пайызға артты. Өткен жылы 70 жекеменшік мектеп іске қосылды», деді Асхат Аймағамбетов.
Министр үш ауысымды мектептер мәселесіне тоқталып, алдағы басты мақсат бір ауысымды мектептерге көшу екенін жеткізді. Сондай-ақ білім сапасын арттыруға ден қойылғанын атап өтті.
«Мектеп қабырғасында тәрбие жұмысын дұрыс ретке қою мәселесін қолға алдық. Сондықтан осы жылдан бастап жаңа оқу тәрбиесі парадигмасы іске асырылуда. Ең бастысы, елін сүйер қазақстандықтарды тәрбиелеп, отбасылық құндылықтарды бойына сіңірген азаматты қалыптастыруға бағытталған.
Тағы да бір маңызды мәселе – ауыл мен қала арасындағы алшақтық. «PISA» соңғы көрсеткіштерін қарайтын болсақ, Қазақстан бойынша ауыл мен қала оқушыларының білім сапасы орта есеппен 1,5 жылды құрайды. Әрине, біріншіден, ауыл мен қала арасындағы алшақтық болса, екіншіден, өңір мен өңір арасындағы үлкен алшақтық бар. Сондықтан қала мен ауыл, өңір мен өңір арасындағы алшақтықты жою бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл проблеманың негізгі себебі – мұғалім жетіспеушілігі, әсіресе ауылдық жерлерде. Өйткені бала аз болса сағат та аз, сағат аз болса білікті мұғалім бармайды. 1 ставка алу үшін мұғалімдер 18 сағатқа жұмыс істеуі керек, бала аз болған соң сағат жетіспейді. Сондықтан бұл – өте күрделі мәселенің бірі», деді А.Аймағамбетов.
Отырыста сөз алған BTSDigital білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбектің айтуынша, Қазақстанның жаңа мамандықтар атласы күзде қолданысқа беріледі.
Сонымен қатар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің әлеуметтік-мәдени жаңғыру мәселелері жөніндегі жұмыс тобының мүшелері, қоғам қайраткерлері – Асылбек Қожахметов, Рауан Кенжеханұлы, Мұрат Әбенов, Төлеутай Рахымбеков сөз сөйледі.