Білім және ғылым министрлігінің қаржылық қоржынынан тағы да бір ши шықты. Ал оның ақыры шуға айналып кететін түрі бар.
Дүрлігіс Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде көтерілген әңгімеден басталды.
Білім және ғылым министрлігінің қаржылық қоржынынан тағы да бір ши шықты. Ал оның ақыры шуға айналып кететін түрі бар.Дүрлігіс Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде көтерілген әңгімеден басталды. Ондағыларға министрліктің бірнеше жылдан бері жүргізіп келе жатқан е-лёрнинг атты бағдарламасына жұмсаған қаржылары күдік туғызған. Анықтай келгенде, күмәннің бекер тумағаны белгілі бола түсті. Сөйтіп, талай жыл бойы министрліктегілер табанын жер-көкке тигізбей мақтап келген оқу бағдары көп мақталған қыздың тойда бүлдіріп алған кейпін киіп шыға келді.
Мәжіліс депутаттары аталмыш бағдарламаға берілген қаржылардың құмға сіңген судай жоқ болып кетіп жатқанын біраздан сезіп жүрген сияқты. Енді соны індетіп, қаза қалғанда расында түбі шикі тірліктің арғы жағы былқ ете қалыпты. Арғы жағы деп отырғанымыз – бос қуыс. «Іс бітті, қу кеттінің» кері. Осыншама уақыт бойы шашып-төгіп жұмсаған қаржының қағанағы да жоқ, одан жұрттың көрген сағанағы да жоқ. Былайынша айтқанда, бағдарламаға жұмсалған ақшадан ешкім білім алып, білігін арттырмаған.
Кеше Мәжілісте есеп берген Білім және ғылым министрлігінің өкілдері е-лёрнинг бағдарламасының жүзеге асырылу барысын депутаттарға түсіндіріп береді деп әкелген қарапайым мектеп мұғалімі оның қатардағы оқушы үшін не қажеттілігі барын айтып бере алмай әбден абдырады. Бәріне бірден көздері жете түскен депутаттар сосын көл-көсір ақшаны көзсіз жұмсайтын мұндай обыр бағдарламаны қаржыландыруды дереу тоқтату керек деген бірауызды шешімге келді. Сонымен бірге, аталмыш мақсат үшін бөлінген қаражатты министрліктің қайда жұмсағанын анықтау үшін прокуратура, есеп комитеті және қаржы полициясы шұғыл түрде тексеруге кірісетін болады.
«Менің айтарым: бұл бағдарламаны қаржыландыруды шұғыл тоқтату керек. Қаржы полициясы, есеп комитеті және прокуратура бірлесіп, нақты қанша қаражат жұмсалды, соны тексерулері тиіс. Байқаулар қалай өтті? Неге кейбір мектептерге компьютерлер екі есе бағасына сатып алынған? Біз мұның бәрін анықтайтын боламыз», – деді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.