БҰҰ бастамасымен ұйымдастырылған бұл іс-шара бейне конференция форматында өтті. Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Қазақстан төрағалық ететін Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобының атынан сөз сөйлеп, бірқатар ұсыныс жасады.
Мемлекет басшысы сөз басында жоғары деңгейдегі шараны ұйымдастырғаны үшін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке және Канада мен Ямайканың Премьер-Министрлеріне алғыс білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия әлем елдерінің дамуына қауіп төндіргенін алға тарта отырып, әсіресе теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер үшін ауыр болғанын айтты. Бұған себептердің бірі сауда-саттықтың тоқтап қалуы болып отыр.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті бизнестің бұрынғыдай болмайтынын түсінетінін және бұл жағдайда барлық мемлекеттің бірігіп әрекет етуінің маңыздылығын баса айтты.
Шара барысында Мемлекет басшысы теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер атынан берешекті халықаралық кредиторларға қайтаруды кейінге қалдыру, денсаулық сақтау саласына қосымша қаражат бөлу секілді бастамалар көтерді.
Президент одан бөлек Қазақстанның пандемия кезінде халықаралық келісімге қосқан үлесін де атап өтті.
«Қазақстан жаһандық гуманитарлық көмек жоспарына сай коронавируспен күресте бірқатар елге көмек жіберді. Еліміз азық-түлік қауіпсіздігі, медиация, қақтығыстарды шешу мен бейбітшілік орнату секілді салаларда әлем елдерімен күш біріктіруге дайын»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.