Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театры қазақ труппасы биылғы маусымды жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Мынау аппақ дүние» атты драмасымен ашты.
Шығыс Қазақстан облыстық Жамбыл атындағы драма театры қазақ труппасы биылғы маусымды жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Мынау аппақ дүние» атты драмасымен ашты.
Сахна саңлақтары тұңғыш рет қойылып отырған бұл шығарманы қаламгердің 70 жылдық мерейтойына орай дайындапты. Оны Семейдің Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалы драма театрының директоры Бауыржан Төлеков қойған. Осы орайда екі үлкен шығармашылық ұйымның ұжымдаса атқарған жұмысы нәтижелі шыққаны анық аңғарылады.
Жамбыл атындағы драма театрының директоры Руслан Қайырсыновтың айтуынша, жазушының бұл шығармасының таңдалуына драмада өзге ұлт өкілдерінің махаббаты жырлануы себеп болған секілді. «Көп ұлтқа құтты қоныс болған біздің өңір үшін бұл қойылымның маңызы жоғары болып табылады», – дейді ол осыған сәйкес.
Спектакльде кешегі сұрапыл соғыстың барлық тауқыметін жастай татқан Қожақтың ауыр өмірі, Нұрлан атты жасөспірім бала мен осы ауылға агроном болып келген Луиза деген неміс қызының шынайы махаббаты желіге арқау болады. Осының бәрі Өскеменнің театр сахнасында әдемі өрілген көріністермен өрнектелді. Қойылым онда жиналған көрермен қауымның жүректеріне жақсы, жылы әсер қалдырды. Өйткені, бұған дейін небір халықаралық додаларда өрелі өнерлерімен биік белестерден көрініп жүрген театр өнерпаздары өз міндеттерін абыроймен орындап шықты.
Мұрат АЙТҚОЖА.