07 Сәуір, 2010

КОМИССИЯ ІСКЕ КІРІСТІ

520 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Шығыс Қазақстан облысының отыздан астам елді мекендерін су тасқыны басуына байланысты Елбасы Н.Назарбаевтың облыс басшылары мен ТЖМ жетекші­ле­рін жинап, шұғыл кеңес өткізгені белгілі. Елбасы тек Шығыс Қазақ­станда ғана емес, мұндай қауіптің Павлодар, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарында да бар екенін тілге тиек ете келіп, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев пен командасының сын сәтте барлық апат аймақтарында болып, қажетті техника мен адам күшін іскерлік­пен шоғырландырғанына ризашы­лы­ғын білдірді. Төтенше жағдай­лар министрі В.Божко мұның алдында Кенді Алтайға екі рет келіп, аймақ басшысымен бірге барлық аудандарды аралап шықты. Соңынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шө­кеев, “Нұр Отан” ХДП-ның жауап­ты хатшысы В.Громов, Пар­ла­мент депутаты В.Доскалов, бас­қа да лауазымды адамдарды ертіп келіп, апат зардаптарын көзбен көрді. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов та сын сәтте сайлау­шы­лармен кездесіп, оларға Елба­сы мен Үкіметтің қатты көңіл бө­ліп отырғанын, жағдайдың ретте­ле­тінін айтты. Сонымен, Кенді Алтайдағы табиғат апаттарының зардаптарын жою үшін 10 мил­лиард теңгеден астам қаржының қажет екені белгілі болды. Жақында Өскемен қаласының әкімі Ислам Әбішев су апаттары­ның алдын алу жөніндегі комис­сияның төрағасы болып сайланды. Комиссия төрағасы И.Әбішев аудан басшылары мен басқарма, департамент жетекшілеріне қатаң талап қойды. Біріншіден, ешбір аудан әкімдері менің рұқсатымсыз басқа жаққа бармаулары керек, су тасқынының екінші толқынына жол бермеулері тиіс деп ескертті. Екіншіден, қажетті жанар майды уақтылы жеткізу, үш-төрт айда қираған үйлерді жөндеу және жаңа тұрғын үйлерді салуға аудан әкім­дері бастарымен жауап беретінін шегелеп тұрып тапсырды. Облыс әкім­дігіне қарасты бес-алты тік­ұшақ­тың апат аймақтарына ұшу кес­тесі де бекітілді. Әлі де көптеген ауыр техника мен тікұшақтар қа­жет екені де белгілі болды. Мәсе­лен, кейбір алыс қыстақтарға әлі күнге адам табаны тимегені де расталды. Сенбі және жексенбі күндері облыстық комиссияның төрағасы И.Әбішев бастаған топ су басқан Күршім, Зайсан, Тарбағатай және Үржар аудандарын аралап қайтты. Олар жұмыс істеп жатқандармен және аудан жұртшылығымен кез­десті, қосымша күшті қажет ететін тұстарды байқады. Облыс әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков бір айдан бері су тасқыны ерекше зақым келтір­ген Тарбағатай ауданында штабты басқарып, сын сәтте жерлестеріне көп көмегін тигізуде. Қауіп әлі біте қойған жоқ. Қандысу су қой­ма­сын­да қазір 13 миллион текше метр су жиналған. Сондықтан оның суы оқтын-оқтын жіберіліп отырылады. Бүгінге дейін 1200 орынға арналған жабдық және 600 жайма төсек жеткізілген. Ең басты­сы, су басқан аймақтардағы шә­кірт­тердің барлығы сабақтарын жал­ғастырып жатыр. Қарғыба ауы­лындағы уақытша көпірдің құ­ры­лысы басталды, бұзылған жолдар да жөнделуде. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы. БАҚЫТ ДЕГЕН – ЕЛДІҢ БІРЛІГІ Биылғы көктемнің басы елге ауыр тигені белгілі. “Апат айтып келмейді” дегендей, табиғаттың жойқын тасқыны еліміздің біраз елді мекендерін шайып кеткені барлығымыздың қабырғамызды қайыстырды десек, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарын­да­ғы су тасқынынан зардап шек­кен­дерге көмек көрсету акциялары республикамыздың түкпір-түкпір­лерінде ұйымдастырылып жатқа­нын естіп, біліп отырмыз. Мұндай сауабы мол ізгі шараға еліміздің барша азаматтарының белсене араласқаны қуантады. Елордадағы Президенттік мәдениет орталығы да тарбаға­тай­лықтарға өз көмектерін жөнелтті. Аталмыш орталықтың басшысы Мырзатай Жолдасбекұлының бастамасымен ұйымдастырылған “Табиғат апатынан зардап шеккен аудандарға көмек” гуманитарлық акциясына ұжымның қызмет­кер­лері белсене қатысты. Осыған дейінгі Қызылағашта болған қай­ғылы оқиғаға осы орталық қыз­мет­керлері 600 мың теңге мен киім-кешектер жинап жөнелткен болса, ақсуатттықтарға 1 және 5 күн аралығындағы жалақылары­нан қолма-қол ақша жіберді. Көмек қорына 1 млн. 200 мың тең­геден астам ақша жиналды. Ел халқын көмектесуге ша­қырған бұл акция барысында сөз сөйлеген Президенттік мәдениет орталығының директоры Мыр­за­тай Жолдасбекұлы: “Қызылағаш­та­ғы табиғат апаты зардабынан бір ауылды сумен шайып кеткені өзімізге белгілі. Ал биыл шығыста қар да қалың, аяз да қатты болды. Енді сол қыс бойы жиналған қар ери бастады, қазір біздің шы­ғыс­тағы ағайындарымыздың қатты қиналып жатқанын теледидардан көріп жатырмыз. Халықпен қоса біз де қиналдық. Мінеки, бүгін  Президенттік мәдениет орталы­ғы­ның барлық қызметкерлері жиналып, сол ағайындарға кіш­кен­тай да болса  қолұшын беріп, көмегімізді жасап жатырмыз. Басшы қызметкерлер 5 күндік жалақысын, қатардағы қызметкер­лер 1 күндік жалақысын өткізіп отыр. Сонымен қатар, әр адам өзінің шама-шарқына қарай киім-кешек жинап берді. Бұл дегеніміз, баршамыздың азаматтық ар-ұжданымызды білдіретін әрекет деп есептеймін”, – дей келіп бар­ша қазақстандықтарды қиналып жатқан ағайынға көмек беруге шақырды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. МҰҢАЙМАҢДАР, ЕЛДЕСТЕРІМ! Қазақ атамның “Апат айтып келмейді”, деп тұжырымдап бір-ақ кесуі ұрпақтарын болып қалуы ықтимал қауіп-қатерден сақтан­дыр­ған сыңайы. Кейде ондай та­биғат апатының алдын-ала нышан беріп, ишарамен сездіретіні де бар. Шығысқазақстандықтар үшін би­ылғы ишара – қыстың қатты­лы­ғынан көрінді. Сонау қырдағы елдің арасында айтып келмейтін табиғаттың апатын алдын-ала сезіп, болжағандардың болғанын жоққа шығару қиын. Сондықтан да ел мүлде қамсыз деуге болмайтын. Көзін тырнап ашқалы малмен күн көрген қа­ра­пайым шаруа өзінің қол жет­ке­нін­ше сол ишараны аңдап, шама-шар­қы келгенше қам-қарекет қыл­ған болды. Бірақ орын сайлау жағы қолдан келгенімен, қыс ор­тасында қорада бүрсеңдеп тұрған малға тіске басар талғажау тауып беру оңайшы­лыққа соқты деп айту қиын. Бұл да бір халық басына түскен зауал. “Мал ашуы – жан ашуы”, кей үйлерде қолға қараған азғана мал­дан бірер тұяқ шығын болса, екін­ші бір үйдің қой-ешкісі түгелге жуық топан суға кетіп, ғарық бол­ған. Ет-сүтін тіске талғажау етіп, бала-шағаға көже-қатық қылып отыр­ған кедей байғұстың жаны қысылып, “Енді қайтіп күн көрермін?” деп күйзелуін осыдан кейін қалай түсінбессің. Аллаға шүкір, апат келген ай­мақ әйтеуір адам шығынынан әзірше аман. Соған да шүкіршілік ете оты­рып, ел, облыс басшылығы енді осы өлкеде жаны қысылып, күйзеліп жатқан жұртшылыққа жәрдем қолын жедел созуда. Рес­публикалық деңгейдегі басшылық пен жергілікті билік мүмкіндігінше көңіл бөліп, атшапқылатып келіп жатуының өзі көңілге медеу. Пре­мьер-Министрдің бірінші орын­ба­сары Ө.Шөкеев пен облыс әкімі Б.Сапарбаевтың апатты ауылдар­ды арнайы аралап көруі соның бір дәлелі. Осындай қысылшаң сәтте қа­мықпа жұртым, елдес ағайын­да­рым дегім келеді. Ең алдымен жер­гілікті басшылық, облыс, аудан әкімдері қатты көңіл бөліп отыр. Облыс әкімі Бердібек Са­парбаевтың өзі күн сайын мәлімет сұрап, апатты аймақтың қай тұ­сын­да қандай жағдай болып жат­қанын, ең әлсіз деген тұстарын біліп отыруды дағдыға айнал­дыр­ған. Облыс әкімінің бірер ай бұ­рын ғана тағайындалған орынба­сары Түсіпхан Түсіпбеков апатты аймаққа алғашқылардың бірі бо­лып келіп, неше күннен бері жарғақ құлағы жастыққа тимей, қызыл су кешіп, Қызыл кесік сияқты халі мүшкілге айналған ауылдарды айналып шыға алмай, аласұрып жүр десек, артық айт­қан­дық емес. Қайда барса да, ай­налысатыны – елді апаттан аман алып қалу жолындағы ұйымдас­ты­ру шаралары. Ауызбен айтуға оңай, әйтпесе, сел басқан өлкедегі жұмыс шаш-етектен. Осы өлкеден шыққан қалталы немесе билік басында отырған азаматтардың қай­рат көрсетіп, белсенділік танытып жатқаны да осы тұста. Қазақстанның әр түпкірінде жүр­ген зайсандық немесе тарбағатай­лық бас көтерер, бетке ұстар жігіт­тер шапшаң қимыл көрсетіп, қиыр шетте қиындыққа ұшырап, мүшкіл халге түсіп қалған жерлестеріне қол ұшын беруге асығуда. “Суға кеткен тал қармайды” дейді тағы да қазақ атамыз. Ал Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай, Зайсан аудандарында мал-мүлкі суға ғарық болып кеткен қарапайым жандардың қармайтыны – тал емес, ел басшылығы, жанкешті қайраткер жерлестері. Апат ауданның барлық түпкіріне бір-ақ сәтте ауыз салып, елді арпалысқа түсіріп қойды. Бір жерге көмек әлі жетпей жатқан шығар, бір ауылдағы ағайындардың көңілінен шығу оңайлыққа түспей жатқан да болар. Бірақ, билік иелері мен қолдарынан іс келер азаматтардың ниеттері дұрыс екендігіне, ерте ме, кеш пе, көмек қолының жететініне сенейік. Мұңайып, мұқалмаңдар, қымбатты жерлестерім. Нұрдәулет АҚЫШ, жазушы.