02 Қазан, 2013

Әскери қимыл жасауды жоққа шығармайды

293 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

АҚШ Иранның ядролық бағдарламасына байланысты осы елге қарсы әскери қимылдар жасауды жоққа шығармайды. «Новости» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Барак Обама Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесуінде осылай деп мәлімдеген.

Шарайна

АҚШ Иранның ядролық бағдарламасына байланысты осы елге қарсы әскери қимылдар жасауды жоққа шығармайды. «Новости» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Барак Обама Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездесуінде осылай деп мәлімдеген.

«Мен ешқандай вариантты қарастыруды алып тастамаймын» деп айтқан көрінеді америкалық президент. Сондай-ақ, ол Иран ядролық қаруға ие болмауы тиіс, бұл АҚШ пен Израильдің ұстанымы екендігін де атап өткен. Обама Иран өзінің адалдығын сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеуі қажет деп есептейді. Ал Нетаньяху «Иран ядролық қару жасаудан толық бас тартпайынша, қысым көрсетуді әлсіретпеу керек» деп мәлімдепті.

АҚШ дипломаттарын елден кетірмек

Венесуэла президенті Николас Мадуро «оппозициямен бірлесіп саботаж актілерін дайындағандары» үшін АҚШ-тың үш дипломатын елден шығару жөнінде бұйрық берді.

Бұл Келли Кейдерлинг пен тағы екі дипломатқа қатысты. Олар 48 сағаттың ішінде ел аумағынан кетуі тиіс. Мадуроның сөзіне қарағанда, АҚШ дипломаттары Венесуэланың оппозиция күштері өкілдерімен жиі кездесіп отырған және ел экономикасын әлсірету жөнінде жоспарлар әзірлеуді қаржыландырған. Айта кетейік, осы жылдың 5 нау­рызында Венесуэла билігі елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға әрекет жасағандарына байланысты АҚШ-тың әскери атташесінің екі қызметкерін елден қуған болатын.

Әскери базаны қалдыру мерзімі ұзартылды

Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы Ресейдің осы ел аумағындағы әскери базасын 2042 жылға дейін қалдыру туралы жаңа келісімді мақұлдады. Бұл жөнінде «Азия-плюс» агенттігі хабарлады.

Тәжікстан қорғаныс министрі Шерали Хайруллоевтың мәлімдеуінше, ел аумағындағы ресейліктердің әскери базасы Тәжікстанның да, Ресейдің де мүддесі үшін қызмет етеді. Ресейлік әскерилер республикаға террористік топтар кіріп кеткен жағдайда оларға қарсы іс-қимыл жасау үшін қажет. Сонымен қатар, ресейліктер Тәжікстан армиясын қайта жабдықтауға көмектеседі. Ресей аталған келісімді ағымдағы жылдың мамырында ратификациялаған еді.

Қала басшысы өзін-өзі атып өлтірді

Мексикадағы Тепетонго қаласының мэрі Филимон Карлос Роблес қызметтестерінің көзінше өзін-өзі өлтірген. Жергілікті басылымдардың жазуына қарағанда, оқиға дүйсенбі күні қала әкімшілігінің ғимаратында болған.

Дәл сол күні Филимон Карлос полицейлермен кездескен көрінеді. Ол полицейлерден табельді қаруын көрсетуді өтініпті. Тапаншаның бірін алған ол сол сәтте иегіне тақап, өзін атып салыпты. Оның нендей себептен өзіне-өзі қол жұмсағаны әзірге белгісіз болып отыр. Ф.Карлос социал-демократиялық партияның өкілі, қала басшысы қызметіне 15 қыркүйекте ғана кіріскен екен.

Биліктегі коалиция өз орындарын сақтап қалды

Өткен жексенбіде Австрия парламентінің төменгі палатасына сайлау өткен еді. Қорытындысында биліктегі коалиция көпшілік дауыс жинап, Ұлттық кеңесте өз орнын сақтап қалды.

BBC News сайтының хабарлауынша, Социал-демократиялық және Халық партиялары тиісінше 27,1 және 23,8 пайыз дауыс алған. Бұл көрсеткіш олардың парламенттегі 183 орынның 99-ын алуларына мүмкіндік береді. Екі партия да Австрия саясатында Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі кезеңдерде Австрия саясатында жетекші рөлге ие болып келеді. Ал Бостандық партия­сы 21,4 пайыз дауыспен парламентте 42 мандатқа қол жеткізді. Сайлаушылардың дауыс беруге келуі 66 пайызды құраған.

Әскерилер мен полицейлерден күдіктенеді

Найроби қаласында сомалилік содырлар басып алған «Уэстгейт» сауда орталығындағы дүкендердің қожайындары кениялық әскерилер мен полицейлерді тонаушылық жасады деп айыптады.

Бизнесмендердің сөздеріне қарағанда, дүкендерден зергерлік бұйымдар, ұялы телефондар, ішімдіктер, сондай-ақ, кассалардан ақша қолды болған. Тіпті, әскерилер мерт болған адамдардың қалта­ларынан темекі де ұрласа керек. Үкімет бағалы заттар мен тауар­лардың жоғалғанын растап отыр. Бірақ, оларды кімдер жымқырғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Сауда орталығына жасалған шабуылдан 67 адам жазым болған еді, 30 адамның тағдыры әлі белгісіз.

Қысқа қайырып айтқанда:

АҚШ азаматы Сабирхан Хасаноффты сот «Ал-Каеда» терроршыл ұйымына қолдау көрсеткені үшін 18 жылға бас бостан­ды­ғынан айырды. Ол терроршыларға қашықтан басқарылатын жа­­рылғыш қондырғылардың жабдықтарын тауып берген.

Грузия үкіметінің басшысы Бидзина Иванишвили капиталы 6 миллиард долларды құрайтын жеке инвестициялық қор құрылатындығын жариялады. Бұл қаржының 1 миллиард долларын өзі салмақ.

Химиялық қаруды жою жөніндегі халықаралық топтың мамандары Сирияға келді. Оның құрамында 20 адам бар.

АҚШ-та мемлекеттік мекемелердің жұмысы тоқтаған жағдайда, ол әр тәулік сайын 300 миллион доллар шығын келтіреді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.