Әлем • 01 Маусым, 2020

АҚШ-та наразылық басылмай тұр

408 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

АҚШ-тың бірқатар қаласында қара нәсілді Джордж Флойдтың полиция қолынан қаза табуына байланысты шеруге шыққандардың полициямен қақтығысып, бірнеше адам жарақаттанды.

АҚШ-та наразылық басылмай тұр

Миннеаполис қаласында 25 мамырда полицияға дүкенде жал­ған ақша қолданған адам тура­лы шағым түседі. Құқық қорғау ор­ганының қызметкерлері берілген мағлұмат бойынша жалған банкнот қолданып, қолданбағанын тексеру үшін Джордж Флойд есімді қара нәсілді азаматты тоқтатады.

Шаһардың полиция департа­менті таратқан мәліметке сүйенсек, марқұм көліктен шығудан бас тарт­қан. Құқық қорғаушылар оған кісен салғанда жағдайы нашар­лағанын байқап, ауруханаға жеткізеді. Әйтсе де, Флойд қайта есін жимаған күйі бақилық болған.

Осы оқиғадан көп ұзамай әлеу­меттік желілерде Флойдты тұтқын­дау сәті бейнеленген видео тарады. Онда полиция қызметкері қара нәсілді азаматты қылқындырып, мой­нын тізесімен басып отырғаны байқалады. Видеода Флойд бірнеше рет «Дем жетпей барады!» деп ай­қайлап, «Мені өлтірмеңдерші» деп жалынғаны естіледі.

Оқиға орнына жиналғандар да полициядан Флойдты қылқын­дырмауын сұрайды. Бірақ халық­тың өтінішіне олар құлақ аспаған. Көп ұзамай күдіктінің қимылсыз қалғанын көріп, жедел жәрдем шақырған. Бірақ жолда Флойд қайтыс болыпты. Осы оқиғадан кейін Флойдтың өліміне қатысы бар 4 по­ли­ция қызметкері жұмыстан қуылса, оны қылқындырған Дерек Шовин есімді полицей тұтқын­далған. Оған күш қолданып, бірақ қастандықсыз адам өлтірді деген айып тағылып отыр. Миннесота штаты­ның заңы бойынша мұндай қыл­мыс жасағандар 25 жылға дейін бас бостандығынан айрылады.

Дегенмен Д.Шовиннің тұт­қын­далуы наразыларды тоқтатар емес. Миннесота штатынан бөлек, АҚШ-тың бірқатар қаласында шеру жалғасып, полиция қызмет­кер­лерімен қақтығысып қалды. Мәселен, Вашингтон шаһарында жүздеген адам Ақ үйдің қасына  жиналып, Джордж Флойдтың өлімін тексеруде әділдік талап етіп отыр. Жиналғандар «Дем жетпей барады» деп айқайлап, қолдарына марқұмның суретін ұстаған.

Бұдан бөлек, Лос-Анджелес, Чикаго, Денвер, Хьюстон, Луис­вилл, Феникс, Колумбус, Мемфис қалаларында да жаппай шеру болып, құқық қорғау қызметкерлері мен наразылар қақтығысты. Ал Атлантада митингке шыққандар ғимараттарды қиратып, полиция көліктерін өртеді. Шаһардың поли­ция департаменті өкілінің хабар­лауынша, үш қызметкері жарақат алған. Бірнеше шеруші тұтқын­далған. Ал Миннеаполисте бейбіт митингтің соңы жаппай тонау мен өртеуге ұласты. Тіпті қаладағы полиция участогі де отқа оранды.

Осыдан кейін Миннеаполис мэрі Джейкоб Фрей шаһарда 3 тәу­лікке төтенше жағдай жариялады. Ал штат губернаторы Тим Уолц жағдайды тұрақтандыру үшін Ұлт­тық гвардияны жұмылдыру туралы өкімге қол қойды.

Бұл оқиғаға байланысты АҚШ президенті Дональд Трамп та пікір білдіріп, Флойдтың өлімін сұм­дық жағдайға теңеді. Сондай-ақ мар­құмның отбасымен хабарласқанын, олардың жақсы адамдар екенін де туиттердегі парақшасына жазды. Ең қызығы, Туиттер Ақ үй бас­шысының Миннеаполистағы жағдай бойынша жазған «тонау басталғанда, оқ ату да басталады» деген постын компанияның қолдану нұсқаулығын бұзады деп жасырып қойды.

Д.Трамптың осы туитінен кейін көп ұзамай Детройтта белгісіз біреу шерушілерге қарсы оқ жаудырған. Соның салдарынан 19 жастағы бір азамат қайтыс болды.

АҚШ-тың бірқатар штатында адамдардың шеруге шығуының өз себебі бар. Өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін қара нәсілділердің құқығын аяққа таптаған Құрама Штаттарында расизм дауы әлі то­лық­қанды басылған емес. Тіпті қазірге дейін қара нәсілдіні қауіпті санайтын ақ нәсілділер жетерлік. Әсіресе полиция қызметкерлерінің расизмге бейім келетіні де бұқа­ралық ақпарат құралдарында жиі көтеріліп жүр.

Мәселен, 2014 жылы Эрик Гар­нер есімді қара нәсілді азамат та полиция қолынан қаза тапты. Ол кезде де құқық қорғау қызметкерлері қылқындыру әдісін қолданған. Кейіннен белгілі болғаны, Э.Гарнер демікпемен ауырған екен. Тамағын орап қылқындырғанда оған ауа жет­пей тұншыққан. Дәл сол жылы Фер­гусон қаласында полиция 18 жас­тағы Майкл Браун есімді қара нә­сілді бозбаланы атып өл­тір­ді. Бұл екі оқиға да АҚШ-та қызу тал­қыла­нып, қоғам назарын аударған-ды.

Жалпы, Құрама Штаттарда полицияның адам өлтіруі, дәл сол секілді тұрғындардың құқық қорғау қызметкерлерін атып кетуі де жиі кездеседі. Мәселен, өткен ғасырдың аяғында жылына 100-ден астам құқық қорғау қызметкері қаза тапқан. Бүгінде  полицейлердің саны 250 мыңға көбейген. Қазіргі таңда елде жыл сайын 50-ден астам полицей оққа ұшады екен. Ал полицияның қолынан қайтыс болатындар саны керісінше артып келеді. Бүгінде шамамен мыңға жуық тұрғын полицияның қолынан бақилыққа аттанатын көрінеді. Оның жартысы – ақ нәсілді, 26 па­йызы қара нәсілді, 17 пайызы латын америкалықтар.

Бір қарағанда, ақ нәсілділер көбірек қаза табатындай көрінеді. Алайда Құрама Штаттардағы халық­тың нәсілдік бөлінісін есепке алсақ, қара нәсілділердің жиі қайтыс бола­тынын байқаймыз. Мәселен, афро-америкалықтар АҚШ хал­қ­ы­ның 13 пайызын құрайды.

Әйтсе де, бұл мәліметтің кем­шін тұсы бар. Полицияның қара нәсілділерді қаншалықты жақ­тырып, жақтырмайтынын аңғару үшін әр оқиғаны жеке қарау керек. Өйткені әр жағдай әртүрлі болатыны белгілі. Сондықтан полиция қызметкері қару қолданар кезде күдікті қарсылық көрсетті ме, қаруы болды ма деген секілді сұрақтар ескерілуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше