Қоғам • 01 Маусым, 2020

Балалардың арман-тілегі көк аспанда қалықтады

629 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы Халықаралық балаларды қорғау күні бұрынғыдан өзгерек болып тұр. Себебі балалар карантин кезінде үйден шықпай, даладағы асыр салатын ойынды, бірге көңіл көтеретін достарын сағынды. Олардың дәл осы мерекені асыға күткені анық. Бұл ойымызды жаздың алғашқы күнінде келетін мейрамды ерекше тойлатқан астаналық оқушылардың шығармашылық идеясы дәлелдей түседі. 

Балалардың арман-тілегі көк аспанда қалықтады

Халықаралық балалар күні қарсаңында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалы «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің» 7 «С» сынып оқушылары бұл мерекені өзгеше атап өтуді ұйғарды. Оқушылар отбасымен бірге ақ қағазға арман-тілектерін жазып, әуе шарымен бірге көк аспанға ұшырды. Балалардың бұл ойына қолдау білдірген ата-аналар да қиялдарына ерік беріп, балалық шаққа саяхат жасады. Бұған дейін түрлі науқандар мен ойындар әлденеше рет ұйымдастырылғанымен, бұл жолғы шараның мәні бөлек. Осылайша, балалардың арман-тілектерін арқалаған жүздеген әуе шары көкке көтеріліп, аспанда қалықтады.

– Биыл бүкіл әлемді шарпыған қауіпті індет өмірімізге көп өзгеріс әкелді. Мектепті қашықтан оқу форматында аяқтап, соңғы қоңырау шарасына онлайн қатыстық. Бірақ бүгін асыға күткен мерекеміз балалар күнін осындай сипатта атап өтуді дұрыс деп шештік. Ең бастысы, отбасымызбен, жақындарымызбен бірге болу емес пе?! Қаз қатар отырып, тілектерімізді қағазға түсірдік. Еліміздің қарқынды дамып, қанат жаюын бейнелейтін әуе шарларына армандарымызды байлап, аспанға ұшырдық. Карантин шын бақытты ата-аналарымыз бен бауырларымыз, ең жақын адамдарымыз құрайтынын ұғындырды. Осы идеямызды жүзеге асыруға жетекшілік еткен ұстазымыз Индира Ахметоваға алғыс білдіреміз, – дейді балалар.

Отбасымен дөңгелене сап түзескен оқушылардың көңіл-күйінен өзгеше мерекелік леп ескендей болды. Қолдарына ұстаған түрлі-түсті шарды қалықтатып аспанға қоя бергенде, елорда аспанында ұшқан шарлар көз ұшынан бұлдырап барып, сағымға айналды.
– Бұл күнді осындай сипатта атап өтуді балалардың өздері қалады. Олар шарлары неғұрлым биікке көтерілсе, армандары соғұрлым тезірек орындалатынына кәміл сенеді. Бала арманына қанат бітіріп, өмірдің ең бақытты кезеңін естерінде қалдыру – біздің парызымыз, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Индира Ахметова.