Меймандар бата жасап, ет жеуге кіріседі. Үй иесі жігіт бөлек табаққа салынған бір тартым етті майдалап турап, әбден суыған соң, босаға жақтағы құрулы шымылдықты түріп, арғы жағында ағаш төсектің үстінде жабағы жүні жалбырап, кіртиген көзін әрең ашып жатқан кәрі төбеттің алдына тартады. Қонақтар аң-таң. Үнсіз отырып, сыбағаларын жейді.
Манағы жігіт қонақтар шала мүжіген сүйек-саяқты іріктеп алып, итаяққа салады да, үйдің қасындағы үйшіктен, алба-жұлба, шашы ұйысқан, бет-ауызы тырысқан, көзі кіртиген әйел адамды шығарып әкеліп, итаяқтағы сүйекті оның алдына ысыра салады.
Бұл оқиғаны бастан-аяқ бақылап отырған Қазыбек би тіксініп, үй иесі жігітке шаншыла қарайды. Жігіт те түйсіксіз болмаса керек, өзіне тіксіне қараған бидің жанарынан жасқанып, екі қолын кеудесіне қойып, басын иіп, би таңданған оқиғаны баяндайды.
Манағы алба-жұлба әйел жігіттің қыздай алған қалыңдығы екен. Осыдан біршама жыл бұрын ауылын ойрат шауып, әйелін алып кетеді. Арада бір жыл өткен соң, қазақ-ойрат келісімге келіп, тұтқындарын алмастырады. Әйелін іздеп жігіт барса, қатыны қалмақтың бір азаматына бауыр басып қалған, кеткісі келмейді.
Ана қалмақ айтады: «Әйел сенікі, көнсе алып жүре бер!». Жігіт әйелін көндіре алмай әбден мысы құриды. Содан айлаға көшіп, «болмаса сен мені әудем жерге дейін шығарып сал да қала бер» дейді. Әйел амалсыз келісіп еріп жүреді. Ауылдан былай шыққан соң жігіт әйелдің мойнына шылбырды салып жіберіп, өңгеріп ала жөнеледі. Түнімен шабады, ел шетіне іліндім-ау дегенде аты болдырып тұрып қалады. Осы сәтте әйелді күшпен алып кеткенін сезген қалмақ жігітті қуып жетеді. «Кел, қазақ, соғысамыз, бұл әйелді кім жеңеді сол алсын, жеңілген өледі» дейді.
Ашуланған қазақ жігіті қанжарын суырып алып, қалмаққа қарсы ұмтылады. Сол сәтті бағып жатқан әйел бұрынғы қазақ күйеуінің аяғына орала кетіп омақастырады. Оңбай жығылған жігіт есінен тана құлайды. Сол тұста беліндегі қанжарын суырып, тұра ұмытылған қалмақты жігіттің қасында бірге еріп келе жатқан, күшігінен асыраған иті секіріп барып, бүйірден ала кетіп, жарып тастайды.
Сол оқиғадан кейін жігіт өмірін сақтап қалған итіне астаумен ас беріп, сатқындық жасаған әйелге итаяқпен ас ішкізеді екен. Істің байыбын естіген Қазыбек үнсіз ойға шомады. Бір заманда еңсесін тіктеп, қаңқылдаған қаз дауысына салып, жігітке былай дейді:
– Ей, шырағым, сен жүрекке әмір жүрмейтінін білмей, құштарлық деген дүниені қызыл тіл күрмейтінін білмей, жүректі білекпен жеңбек бопсың, құшағына күшпен енбек бопсың, сенің өктемдігіңе көнбеген бұл айыпты емес, жүрекке ерік бермеген сен айыптысың. Ал, бұл әйел басқаны ұнатқаны үшін емес, жауыңа болысып сені құлатқаны үшін айыпты. Қарағым, айыпты айып жусын, ашуды ақыл қусын, адам баласын ит сияқты қорлауға болмайды, әйелді босат, төркінін тапсын, сен өзіңді өшпенділіктен босат, еркіндігіңді тапсын! – үкім шығарыпты.