Тарих • 05 Маусым, 2020

Тарих таразысындағы төрт жайт

691 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

(Соңы. Басы 106-107-нөмірлерде)

Сол қаулыдан бір үзінді: «...Рево­лю­цияға қарсыларды ату керек! Аудандарға өз төтелерінен ату құқы берілсін! Аудан­дарда шағын концлагерьлер ашылсын... Атылғандардың өліктері ешкімге беріл­месін. Бүкілодақтық төтенше комитеттің аудандық комитеттеріндегі жауапты жол­дастар топтап атуды қадағалап көріп тұ­руға тиіс. Аудандық комитеттерге ке­лесі мәжілістерінде өлік мәсе­лесін ше­шіп отыру міндеттелсін...» (В.Шам­баров, «Оккультные корни Октя­брь­ской революции»).

Тарих таразысындағы төрт жайт

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Троцкий ол кезде В.Лениннен кейінгі екінші басшы – Революциялық әскери кеңестің төрағасы. Ол қазірде айтыла бас­тағандай, Свердлов екеуі астыртын ұйымдастырған қастандық – Лениннен құтылу жоспарлары сәтті болмаған соң, оны керісінше пайдаланып, Ленинге қарсыларды жазалауға кіріскен. Троцкий Курск партия өкілдерінің бірлескен жиналысында 1918 жылы желтоқсанда былай депті:

«...Тәжірибесіздігіміздің орнын немен толтыруға болады? Тек қана қырғынмен, жолдастар, бұл естеріңде болсын! То­лассыз және ешбір аяусыз қырғынмен! Бо­саң, көңілшек болсақ, онымызды тарих ешқашан кешірмейді. Егер біз бұған дейін жүздеп, мыңдап қырған болсақ, енді қажет болғанда, он мыңдап қыра алатын ұйым, аппарат құратын мезгіл келді...» (Ю.Емельянов, «Троцкий. Мифы и личности»).

Міне, «қызыл қырғын» осылайша заңдастырылып, троцкийшілдер әуе­лі жеке Ресейді, одан соң Ресей Феде­рациясын, КСРО-ның құзырындағы одақ­тас республикаларды шарпып, 1918-1938 жылдары ой мен қырды аяу­сыз тазалап тынды деуге болар. НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты) құзырында ГУЛАГ-тың (Мемлекеттік лагерьлер басқармасының) жүздеген лагері ашылып, 10-25 жылға сотталған «халық жаулары» лық толтырылған. Бұл сұрқиялыққа әу баста жол ашқан – Лейба Давидович Бронштейн (Лев Давыдович Троцкий). Петроград Кеңесінің төрағасы болып тұрғанында ең жақын дос-жол­дастарының ортасында былайша ле­піріпті (үзінді): «...Мы должны превратить Россию в пустыню, населенную белыми неграми, которым мы дадим такую тиранию, какая не снилась никогда самым страшным деспотам Востока...» (В.Хатюшин: «Рабочий скот для европейского подворья». Журнал «Молодая гвардия». Москва. 1991. №8).

«Халық жауларын әшкерелеуді» кім­дер бастағаны, жер-жерде қалай жүр­гізілгені жайында толық деректі ең­бектер жарияланып жатыр. Мысалы:
Е.Прудникованың «Хрущев. Творцы террора», А.Елисеевтің «Правда о 1937 годе. Кто развязал «большой террор?» деген, мұ­рағаттық құжаттар негізінде жазылған кітаптарында да жеткілікті.

Сөз ыңғайына орай, көнекөз қарттар­дан естіген жайттарды да баян­дайын:

1.Әкемнің немерелес ағасы, колхоз ұстасы Құрманбай Айтықов егін науқанын бақылауға аупарткомнан келген өкіл жі­гітті бір іңірде өздерімен іргелес үйдегі же­сір келіншекті зорламақ сәтінде ұстап алып, сабап, қуып жібереді (келіншектің алты жастағы қызы Құрекеңнің үйіне еңіреп жылап кіріп, бөтен бір кісінің келіп, тәтесін ұра бастағанын айтқан екен). Екі күннен кейін ауданнан екі ми­лиционер келіп, Құрекеңді алып ке­теді. Бертінде іздестіріп білгенімдей: «коммунисті соққыға жығып, партияны мазақ еткен халық жауы» он жылға сотталып, Магаданға айдалыпты. Сүйегі сонда қалды. Құрекеңнің балалары әкелері тұтқындалысымен жұмыстан, мектептен қуылған. Тұңғышы Ізғұтты Семей қаласын паналап, сол жақтан И.Сталинге: «Менің колхозшы әкемді «халық жауы» деп он жылға соттап жіберді. Маған со­ғысқа баруға рұқсат беріңіз. Мұнда «халық жауының баласысың» деп әскерге алмай қойды. Мен қарапайым колхозшы әкем­нің абыройын ақтау үшін соғысамын, әкемнің халық жауы болмағанын, өзімнің халық жауының баласы емес екенімді дәлелдеймін!» деп жазған хатынан кейін 1942 жылы маусымда майданға алынып (20 жасында), қолұрыста (рукопашный бой) фашистердің 51 солдат-офицерін жайратқан, түнгі барлауда жаудан 22 «тіл» әкелген. 1944 жылы шілденің 8-і күні Батыс Двина өзенінен өткендегі қиян-кескі ұрыста ерекше ерлік көрсеткені үшін Совет Одағының Батыры атағы берілген (оған дейін: «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Даңқ» медалінің 3-ші, 2-ші дәрежелілерімен марапатталыпты). Сол жолы ауыр жараланып, гос­питальға түскен Ізғұтты ағекем сонда бір аптадан кейін көз жұмыпты. Госпитальға түскен күнінің ертеңінде «Комсомольская правда» газетінің тіл­шісі барып жолығып, Ба­тыр атағымен құттықтап, әліне қарай әңгі­мелесіпті. Бір апта өте бере, газетте «Здесь сражался комсорг» деп аталған мақа­ласы шыққан. Ізғұтты батальон комсомол ұйымының хатшысы екен.

Ізғұтты ағаның И.Сталинге хат жазып, оны «пошташы орыс дядяның» көмегімен Мәскеуге жөнелткенін Із аға­ның сүйген қызы, бірақ «жазмыштан оз­мыш жоқ», аңырап қала берген Жібек апай­дан бер­тінде, Құрманбай әулетінің қасіреті туралы жазбақ болып жүргенімде, естіп білдім.

2.1937 жылдың күзінде біздің Тоқ­санбай ауылымызда (Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауда­ны) бір шілдеханаға кешігіп келген Қайырлы деген жігіт: «Менің аудан ор­та­лығынан келгенім жаңа ғана, кәне, сү­йінші беріңдер! Аудандық «Социалды майдан» деген газетіміз шық­ты!» деп қойынқалтасынан бүктеулі газетті алып көрсетеді. Сонда Рақыш деген жігіт: «Ау, алақандай «Майдан», шыға келдің қайдан? Бастық­тарға жағарсың,      бізге болмас пайдаң!», деп жұртты күлкіге қарық қылады. Содан үш күннен кейін: «Коммунистік партияның газетін жа­ман­даған халық жаулары» Қайырлы, Ра­қыш ұсталып кетеді. Әрине, «дос-жолдастары» ұстатқан соң. Ол ненің көрінісі? Сатқындықтың! Қазекемнің осы бір «кәсібі» бағзы заманнан бар. Көне дас­тандардан, Бұқар жырау мен Абайдың, Махамбеттің... өлеңдерінен оқып білдім. Иә, «Қазақ десең, өзіңе тиеді», бірақ не шара, қазекемнің біразында болған, бар, болатын да бір «кәсіп» – сатқындық.

Облыстық, өлкелік партия басшы­лығындағылар өздері көзге сүйел бола бастаған кезде Кремльге хат жазып, бә­ленбай «халық жауына» жаза қолдануға мұр­сат (лимит) сұрайтын айла тапқан және бекітіліп келген санды толтыруды, яғни кімдерді «жаулардың» тізіміне енгізуді өздері білген.

«Лимиттерді» БК(б)П Орталық коми­те­тінің Саяси бюросы бекітіп отыр­ған. Алай­да мұрағаттардан табылып жат­қан құжаттар айғақтағандай, Ішкі істер ха­лық комиссары және Мемлекеттік қа­уіп­­сіздік Бас басқармасының бастығы Генрих Григорьевич Ягода (Иегуда Енох Гершевич. Свердловтың немерелес жиені), одан кейін Ішкі істер халық комиссары болған Н.Ежов «лимитті» өздері-ақ «реттеп» жүріпті.

И.Сталиннің еңбектерінен оқыған­дарымның ішінен, оның 1937 жылы
5 нау­­­­рызда БК(б)П Орталық комитетінің пле­нумындағы сөзінен бір үзінді:

«...Взять, например, товарищей Мир­зояна и Войнова. Первый из них является секретарем краевой партийной организа­ции Казахстана... перетащил с собой в Ка­захстан из Азербайджана и Урала, где он раньше работал, 30-40 человек «своих» лю­дей и расставил их на ответственные посты в Казахстане».

Мирзоянның «құйрығы» 30-40-тан көп болған. Облыстардағы партия, совет ат­қару комитеттерінің, прокуратура мен сот, милиция, қауіпсіздік органдарының бірінші не екінші басшысы, бөлім бас­тықтары, т.б. орындарға оның ертіп кел­ген сыбайластары отырғызылыпты. «Халық жауларын» жергілікті жандайшап түйсіксіздердің көмегімен тізімдеген – солар!

Қазаққа жайлы болған «Мырза-жан» И.Сталиннің сынын елемей, жергілікті кадрларға сұқтануға кіріскен.

Алматыдағы Мирзоян: «с оружием в руках; контрреволюционная организация; национал-фашистская организация» деп ышқынып жатса, оған Саяси бюро, Сталин неге сенбесін?!

Г.Маленковтың ұлы А. Маленков «О моем отце Георгие Маленкове» деген ес­телігінде былай депті: «...Г.Маленков 1937 жылы тамыз айында Сталинге «Бұр­малаушылықтар туралы» тағы да хат жолдады. Бұл жайтты әкемнің айтқаны бо­йынша жаздым, ол жазғанымды пысықтап отырды: «Мен хатымды Сталинге хатшысы Поскребышев арқылы тіркетіп жеткіздім. Ішкі істер халық комиссариа­тында (НКВД) бұрмалаушылық бар, партияға берілген мыңдаған коммунистің қазасына Ежов пен оның ұжымы кінәлі дедім. 40 минуттан кейін Сталин ша­қыртты. Бардым. Сталин кабинетінде әрі-бері жүр екен, үндемейді. Бір кезде: «Өзіңіз жаздыңыз ба?» деді. «Иә, өзім жаздым». Біраздан соң: «Өзіңіздің тұжы­рымыңыз ба?» деді. «Иә, өзімнің тұ­жырымым» дедім. Сталин үстеліне барып, хатыма: «Саяси бюро мүшелеріне. Мен келістім», деп бұрыштама жазды.

Сөйтіп дейді А.Маленков, Сталин Ежовқа енді сенбеуді ұйғарған. Г.Ма­лен­ковтың көмекшісі Сухановтың айтуынша, Сталин комиссардың 1-орынбасары бо­луға кандидат іріктеуді тапсырып, ол үш шартқа: органда істеген тәжірибелі, партиялық жұмыста ысылған және өзі – Сталин сене алатын әділ кадр болу талабына сай таңдалсын деген. Маленков көмекшісі Донскойға тапсырма беріп, жиыны жеті кандидат іріктелген. Сталин Берияны таңдапты. Берия Мәскеуге 1938 жылы қыркүйек айында Ежовтың 1-орынбасары болып келді. Ежов оны маңына жо­латпау үшін өліп-тіріліп қарсылық жасапты.

А.Маленковты тағы да тыңдалық: «Ежов 1939 жылы қаңтар айының со­ңында Поскребышев арқылы Сталиннің қабылдауына сұранған. Сталин оны қа­былдаған. Жалғыз емес, жанында Ма­лен­ков отырған. Ежов Маленковқа шүйі­ліп: – Халық жауларын жақтайды, ақгвардияшылдығы ұстап жүр! – дейді, Мален­ковтың ақсүйектер әулетінен еке­нін меңзеп. Өзіне білдірмей жер-жер­­ден мәлімет алдырғанына ашуы және бар. Ал Маленков қарсы тұрып, Ежов­­­т­ың өзі де, ұжымы да партияға адал коммунистерді қуғындатқанын, сот­тат­қанын, аттырғанын айтады. Ежов Саяси бюро мәжілісін өткізуді талап етеді. Ста­лин: «Екеуің Маленковтың каби­нетіне барып сөйлесіп, түсінісіп, жөнге келіңдер, мен шешімімді содан соң айтамын», дейді. Екеуі Ма­ленковтың кабинетіне кетеді. Біраздан соң оларға Берия барып қосылады. Үшеуі кабинеттен шыға бергенде Ежов тұтқындалады. Ежов Маленковтың сейфін ашуды талап еткен. Одан партия Орталық комитетінің көптеген мүшенің, Маленков пен Сталиннің де «Жеке іс» папкалары табылған.

Ю.Жуковтың кітабынан және бір үзінді: «...ежовшылдардың күні батты.

Саяси бюро жер-жерге жеделхат жолдап, репрессияны тоқтатуды, «Үштік сот­ты» таратуды талап етті. Жеңген Ста­лин тобы Ішкі істер халық комисса­риатын нысанаға алып, қатаң тергеу жүр­гізіп, қыр­ғын жасауға қатысы болған қыз­мет­кер­лерін жауапқа тартты. Сөйтіп «Үлкен қырғын» тоқтатылды».

...Өлі Сталинмен «шайқасқа шығар» алдында Хрущев КСРО Бас прокуроры Р.Руденкоға, Ішкі істер министрі
С.Кругловқа, Әділет министрі К.Гор­шенинге «қызыл қырғынды ұйымдас­тырған Сталиннің қылмысын» тексеруді тапсырған (08.12.1953 ж.). Құрылған комиссия тексеруді Ленин мен Троцкий тұсынан бастаған. Мұрағаттық құжаттар негізінде жасалған қорытынды: «1921-1953 жылдар аралығында: саяси қыл­мыс­тық жазаға тартылғандар – 3 777 380 адам, оның ішінде халық жауы – 1 344923. Атылғандар – 642 980, қалғандары – 10-25 жылға лагерь мен түрмеге кесілген. Жа­заланғандардың арасында: түрлі себеппен кісі өлтіргендер, қаскүнемдік, ұрлық-зорлық, алаяқтық жасағандар болған. Ол жылдары жеке Ішкі істер министрлігі (милиция) болмағандықтан қылмыстылар топқа жіктелмеген.
2,9 млн адамды ОГПУ (Оперативная группа политуправления), «Үштік соты» және Төтенше кеңес, ал 900-ге жуығын Әскери трибунал соттаған».

Бұл мағлұмат алдына барғанда Хру­щев: «Мұның ешкімге керегі жоқ!» деп долданып, үстелінің суырмасына тас­тай салыпты да, партияның ХХ съезін­дегі «құпия» делінген баяндамасында: «Сталиндік қуғын-сүргін жылдары
10 млн адам құрбан болды!» деп тепсінді. Сол-ақ екен, бастапқы ресми цифрды
(3,7 млн) түзетушілер көбейді. Мысалы:

Д.Волкогонов – 5 млн;

А.Антонов-Овсеенко – 16 млн;

Ю.Феофанов – 20 млн;

Р.Медведев – 40 млн, десе, бет­пақ А.Солженицын (Солженицкер) франкизмді қолдау үшін 1976 жылы Испанияға «тарихи» сапар шеккенінде: «сталиндік социализм 110 млн адамды құртты» деп, 1938 жылы халқы 168 млн КСРО-ны жағрапиялық картадан өшіріп тастай жаздады.

«Ерікті ауызға бөрікті бас» қана емес, бөшкелі арба сиып кетіп жатқан заман!..

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетіміздің бір доцент «ға­лымының» (аты-жөні есімде қал­мап­ты) мақаласының тақырыбын: «Гит­лер соғыс ашпаса, Сталин қазақты қы­рып бітірер еді», деп қойғаны бар. Ғалым­сымақтардың тобындағы ең түйсіксізі сол шығар!

«Қызыл қырғынның» Қазақстанда қалай жүргізілгені, қанша адамның құрбан болғаны жөнінде тиянақты ресми тұжырым жоқ. Ал Хрущевтың зәлімдігін білгісі, тарихи шындыққа жүгінгісі келгендер, мәселен, халықаралық деңгейде танымал тарихшы ғалым Гровер Феррдің «Антисталинская подлость» атты нақты деректі кітабын оқыса, өкінбес еді.

4.«Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ­­тар өз еркімен қатысқан жоқ»;
«9 мамыр – қазақ үшін қаралы күн» туралы былтыр 9-шы мамырда Өскеменде болғанымда жасы тоқсанды артқа тастаған майдангер ақсақал Уәжіп Жексенұлы: – Қарағым, Жеңіс күнін «қазақ үшін қаралы күн» деп айтып, жазып жүрген анау үлкен-кіші «шіркіндерге» айта баршы, әке-шешелерін, иә, өздерін де гитлершіл жауыздардан қорғап қалған біздің там-тұм жүйкемізді жұлмаламасын, 5-6 жыл шыдай тұрсын, біз өліп таусыламыз, содан кейін сүйегімізді көрден алып, итіне тастаса да еріктері! – деп налығанда бе­тім­мен жер басқандай хал кештім.

Иә, біздің «зерттегіш-жазғыштардың» арасында: «Соғысты Гитлер бастаған жоқ, Сталин бастады...», «Гитлер мен Ста­лин ымыраласып, жер жүзін бөліп алу­ға келісті...» дегендер болды.

Екінші дүниежүзілік соғысын, ондағы жеңісті ман­сұқтап, гитлершілдерді жоқтап, лаң салушылар біраз елде әлі де бар. Ре­сейдегі «тақырбастар» ма, Балтық жақтағы «өжет­тер» ме, әрқилы аталатын жастар топтары тіпті жеңдеріне, туларына фашизмнің «бүйісін» (свастикасын) жапсырып алып, Гитлердің туған күнін атап өтіп, нәсілшілдік құртын қоздырып, басқа ұлттарды кемсітіп, кісі өлтіріп те жүр. Санкт-Петербургтегі ол сұмырайлардың кө­шеде келе жатқан бейтаныс, жазықсыз қазақ қызын қазаға ұшыратқандары кеше ғана емес пе?!

Елін, жерін фашизмнен азат еткен совет жауынгерлеріне орнатылған ескерт­кіштерді ластау, қирату сияқ­ты өрескелдік те кездесіп жатыр. Гит­лершілдердің қас­көйлігін көрген, тү­сінген неміс халқы өз­дерін де, жер жүзін де фашизмнің оба­сынан арашалап қалған совет солдатына Берлинде орнатылған ес­керт­кішке тиіс­педі, ал Ресейде, Балтық ел­дерінде, Украинада, басқа да жерлерде қиратылуда. Сонда олар, егер фашизм жеңген күнде, өз­дерінің ұшпаққа шығатынына көздері жеткендер ме?!.

Екінші дүниежүзілік соғысында КСРО жеңіл­се, ол оның құрамындағы барлық респуб­ликаның, барлық ұлт пен ұлыстың жеңі­лісі болмас па еді? Фашистер славяндар­ды ғана қырып, өзгелерге, мысалы, қа­заққа тиіспеуге, достасып, құда болып, құй­рық-бауыр жесіп жүруге уәде беріп пе еді? Сөйткен күннің өзінде қазақ бас­қын­шыларға қарсы ұмтылған әрі тағ­дырластары, әрі көршілері – орыс, қырғыз, өзбек, т.б. халықтардан жырылып қалар ма еді? Жоқ, қалмас еді! КСРО жеңілсе, Қазақстан да құрдымға кетер еді.

Ендеше кейбір «сәуегөйлер» айтып жүргендей, 1945-жылғы мамырдың 9-шы күні қазақ үшін қаралы күн емес! Ол – Жеңіс мерекесі күні!  Қазақтың қамын же­генситін сыңарезулердің қазаққа бұл күнді ұмыттырғылары келіп жүргендері – елін, жерін, кейінгі ұрпағын қорғап құр­бан болған: Төлеген Тоқтаров, Сұлтан Бай­мағамбетов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Ізғұтты Айтықов, Нұр­кен Әбдіров, Баубек Бұлқышев және басқа мыңдаған боздағымыздың, қанмайданнан жеңіспен оралып, күні кеше ортамызда жүрген: «Отан үшін отқа түс, – күймейсің!» деген Бауыржан Момышұлы, Рейхстагқа ту тіккен Ра­хымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсенов, Хиуаз Доспанова, Мәлік Ғабдуллин, басқа да жүздеген аға-апаларымыздың аруағынан аттап кету! Бүгінде алдымызда аман-есен жүрген жеңімпаз қарт майдангерлерімізге күл  шашу!

«Өткенге оқ атпа, ол өзіңді табады» дейміз. Ал «атқыштар» қырда да, ойда да қоқиланып жүр. КСРО-ның, Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихтарын бұрмалатып, өңін айналдырып, өзінің сол кезеңдердегі сұрқия іс­те­рін бүркемелеуге жанталасқан алаяқ
Н.Хрущевты жоқтап жүрген, іш­те­рінде қайран қазекемдер де бар, саяси шаласауатты топтар өтіріктің көрігін күр­піл­детуде. Ол көріктің көмірі – Хру­щевтың СОКП ХХ съезінде жасаған «құпия» баяндамасы. Ол баяндаманы халықаралық деңгейде танымал тарихшы ғалым Г.Ферр: «Өсек-өтіріктің әлемдік үлгісі» деді.

Біздің кейбір «үлгілілер» Екінші дүние­­жүзілік соғысқа 2,5-3 млн қазақ ерік­сіз қатыстырылып, оның жартысы қырылғаны туралы шімірікпей жаз­ды (әлі де жаза берер). Ал соңғы ресми деректер ол соғысқа Қазақстаннан 1.196.164 адам қатысқанын, үштен бірі (398.721 адам, оның ішінде 125.000 қазақ) қаза болғанын мәлім етті.

...Совет Одағының нығаюын тілемеген Ф.Рузвельт пе, ашық дұшпаны болған У.Черчилль ме... көпке мәшһүр басқа да ондаған тұлға дүние жүзін иемденуді көксеген Гитлерді жеңу – КСРО-ны, Ресейді, бүкіл әлемді фашизмнен аман сақтап қалу болды деген.

Жазушы, эмигрант И.А.Буниннің күнделігінен: «Орыстар Курскіні азат етіп, Белгородқа бет алды!!! Сталин бүгін Персияға бара жатыр деп естіген менде зәре жоқ: Құдай-ау, ол жол-жөнекей әлдебір қиыншылыққа ұшырап қалмаса екен!».

Большевиктерден жеңіліп, шет елге қашып кеткен А.Керенский: «Сталин күлге көмілген Ресейді тік тұрғызды. Ұлы держава етті. Гитлерді жойды. Ресейді, адамзатты аман алып қалды».

Белгілі қаламгер ғалым Р.Гароди (Франция): «Фашизм жеңсе, біз Освенцим дәуірінің жемтігі болып жүрер едік», депті. Әрине!..

...Өңезе өсекке үйір болғанша, осындай ақиқатқа жүгінсекші!

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

 

Соңғы жаңалықтар