Сұхбат • 05 Маусым, 2020

Сәкен Ділдахмет киікті қорғау, Арал, қорықтар мен ұлттық парктер туралы

2214 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

5 маусым - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Жердің әрбір тұрғыны бейжай қалмауы тиіс бұл күні әртүрлі экологиялық акциялар мен түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Осы орайда Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметпен сұхбаттастық. Әңгіме барысында еліміздегі саны көп жабайы жануар киік туралы, Арал аймағындағы сексеуіл отырғызу процесі және Каспий теңізіндегі итбалықтар туралы айтылды. Сондай-ақ Сәкен Ділдахмет алдағы жазда қазақстандықтар баруға болатын еліміздегі ұлттық парктердің үздік бестігін ұсынды.

Сәкен Ділдахмет киікті қорғау, Арал, қорықтар мен ұлттық парктер туралы

– Аталған комитет немен айналысады?

– Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрамына кіреді. Комитеттің басты мақсаты – жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің өсімін молайту, сақтау және қорғау, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жан-жануарларды қорғау жұмысымен айналысады. Жалпы айтар болсақ, Қазақстанның флорасы мен фаунасына жауапты мемлекеттік ұйымның бірі. Бұл комитетке 53 ведомстволық бағынысты ұйымдар кіреді, бұның ішінде ұлттық парктер мен қорықтар, резерваттар мен облыстық аумақтық инспекциялар, балық өсіру зауыттары, бұдан бөлек селекциялық және орман орналастыру мекемесі кіреді. Осындай өте үлкен еліміздің табиғи ресурстарын молайтумен айналысатын мекеме.

– Жыл сайын «Киік» кең ауқымды табиғат қорғау акциясы өтеді. Биылғы жылғы нәтиже қалай? Жалпы жыл сайынғы нәтижелерін салыстырып өтсеңіз...

– Киік еліміздің 10 облысының аумағында мекен етеді. 2019 жылғы санақ бойынша киіктің басы – 334400 басты құрайды. Биыл сәуір айында санақ өткізуіміз керек еді. Бірақ карантинге байланысты күзге ауыстырдық. Қазақстанның қызыл кітабына енбеген, аңшылық түрге жататын, реттелетін жануар. 2023 жылға дейін киікті атуға тыйым салынды. Салынуының басты себептеріне тоқталып өтсек. 2015 жылы 200 мыңға жуық киік қырылып, саны күрт азайды. Киіктің санын молайту үшін мемлекет осындай мораторий жариялады. Орман шаруашылығы комитеті мен 14 облыстық аумақтың инспекциясы және «Охотзоопром» мекемесі киікті және Қызыл кітапқа енген жануарларды қорғаумен айналысады. Биыл 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында Экология, геология және табиғи ресурстар және Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп, «Киік» атты кең ауқымды табиғат қорғау акциясын бастады. Бұл акцияға орман шаруашылығы комитеті тарапынан 200 инспектор, 64 жоғарғы жылдамдықта жүретін автокөлік, 6 блок-пост, сонымен қатар 16 бірлік кунг, 5 бірлік мотоцикл және биыл қорғау жұмыстарына пилотсыз ұшатын аппараттарды қолданып жатырмыз. Негізгі мақсат – бұл акция кезінде киік мүйізіне деген сұранысты тыю. Қазіргі таңда киік мүйізінің контрабандалық жолмен шетел асып жатқаны үлкен проблемаға айналды. Бұл іспен айналысатын ұйымдасқан топтар бар, ауыл-аймақта киікті атып, мүйізін жинайтындар бар. Тіпті, қабырғаларға арнайы хабарлама іліп, әртүрлі сату сайттарында «киіктің мүйізін сатып аламыз» деген хабарламалар жарияланады. Осындай тізбектелген тірлікпен айналысатын азаматтарды анықтау мақсатында осы акция басталған болатын. Ішкі істер органдары өз құзіреті шебінде жұмыстарын атқарады. Шығыс медицинасында кеңінен қолданылғандықтан Ұлттық қауіпсіздік қызметі, оның ішіндегі шекара қызметі Қазақстанның шекарасынан контрабандалық жолмен шекарадан шығу фактілерін анықтайды. Акция басталғалы бері 6 киікті заңсыз сатудың браконьерлік фактісі тіркелді, 27 тушасы және 697 мүйізі тәркіленді. Қарап отырсақ, акция барысында осындай кең көлемді табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтар анықталуда. Кеше ғана Батыс Қазақстан облысында 200-ден аса киіктің мүйізін заңсыз сатқан азаматтар ұсталды.

654

Киіктің мүйізі тек қана текесінде болады. Егер текелері көп көлемде атылатын болса, онда киіктердің саны өспейді. Бұл тікелей киіктердің генофондына әсер етеді. Сондықтан да жалпы орман шаруашылығы комитеті жыл бойы киікті қорғаумен айналысады. «Охотзоопром» мекемесі киіктер төлдеген уақытта қорғау жұмыстарын барынша күшейтеді. Неге десеңіз, киіктің аналықтары бөлек-бөлек жиналып, өздері төлдейді. Ал олардан 4-5 шақырым алшақтықта аталықтары шығып кетеді. Өздері жыртқыш аңдар мен құстардан қорғау жұмыстарын жүргізеді. Сол кезде топпен жиналған текелерге браконьерлердің көзі түседі. Сол уақытта киіктерді бақылайтын мобильді топ құрылады, инспекторлар күндіз-түні қорғау жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, қыс мезгілінде киіктердің ойнақ мерзімі басталады. Сол кезде киіктің текелері ұрпақ жалғастыру процесіне қатысқандықтан бойындағы күш-қуаты кетіп, әлсірейді. Сол сәтте браконьерлер де өздерінің жымысқы ойларын іске асыру үшін іске кіріседі. Текенің артынан қуудың қажеті жоқ, әлсізденіп жатқанда мүйіздерін кеседі.

654

Киіктің ерекшелігі – мүйізі тікелей бас сүйегімен байланысқан. Мысалы, маралдың мүйізін кесіп тастасаң қайта өсіп шығады. Ал киіктер өте сезімтал аң болғандықтан, қансырап өледі.

 

2015 жылы киіктің қырылу себебі

– 2015 жылы киіктер жаппай қырылған кезде халық ішінде алып-қашпа әңгіме өрбіді. Қырылу себебін – гептил деп келтірді. Үкімет тек қазақстандық ветеринария және ғылым мамандарын ғана емес, Ресей, Франкфурт, Ұлыбритания мамандарын шақыртып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Сынамалардың нәтижесі бойынша киіктердің жаппай қырылуына әсер еткен бұл пастереллез деген ауру болды. 2015-2016 жылдары Ұлыбританияның ветеринарлық институты зерттеу жүргізген кезде Қазақстандағы киіктердің қырылуына себеп пастереллез екенін дәйектеп өтті. Киіктер қырылған кезде Германиядан арнайы түсірілім тобы келді. Деректі фильм түсіріп, Оскардан жүлделі болды. Осылайша қазақ даласында болған экологиялық проблеманы бүкіл әлем назарына ұсынды.

2015-тен бері жыл сайын киіктің төлдеу маусымы кезінде ветеринар мамандары түрлі ауру ошақтарына зерттеу жүргізеді. Әрине, бүгінгі күні Қазақстандағы барлық ауру ошақтарын бақылау үшін өте үлкен қаражат керек.

Әлем бойынша киік популяциясының 95%-ы Қазақстанда мекен етеді

Әлемде киіктердің 5 популяциясы ғана бар. Бір популяциясы Ресейдің Калмыкия елінде, саны 4-5 мыңнан аспайды. 2020 жылы киік Ресей Федерациясының қызыл кітабына енгізілді. Екінші популяциясы – Моңғолияда, оның да саны сол шамалас. Ал қалған 3 популяция Орал, Бетпақдала, Үстіртте мекен етеді. Бүкіл дүниежүзілік жабайы жануарлар қоры соңғы 30 жылда бүкіл әлемнің жабайы жануарларының қаншалықты жойылғаны жөнінде талдау жүргізді. 60 пайызға жуық жабайы жануарлар жойылып кеткен. Ең басты себеп – антропогендік фактор.

Батыс Қазақстан облысында Орал популяциясының саны өскені жақсы байқалады. Оларды сақтау мақсатында Бөкей Орда резерватын құру үшін ұсыныстарымызды беріп жатырмыз. Резерват құрылса территориясында киіктер мекен етеді, қорғау жұмысына қосымша инспекторлар қосылады. Басты мақсатымыз – киіктердің санын белгілі бір деңгейге дейін көбейтіп алуымыз керек. 2015-тегі жұт қайталанбауы керек. Киік өзі тез көбейетін жануар, мысалы көктемде туылған аналық төл қыста процеске қатысып, көктемде төлін береді. Ал текелері тек екі жылдан кейін ғана ұрпақ беруге жарамды болады.

– Арал аймағындағы ландшафттың шөлейттену процесі жүріп жатқаны белгілі. Осының алдын алу үшін қандай амал жасап жатырсыздар?

– Орман шаруашылығы комитеті 2007 жылдан бері Арал теңізінің құрғап қалған табанына Қызылорда облысындағы жергілікті орман шаруашылықтарымен бірге орман отырғызуда. Егер Қызылорда облысына барсаңыз, ауылдардың құм астына кетіп жатқанын байқауға болады. Оны тоқтатудың бір ғана жолы – сексеуіл егу. Бір сексеуілдің ағашы, түп-тамыры 4 тоннаға жуық құмды ұстайды. Жыл сайын Арал теңізінің табанынан 100 млн тоннаға жуық тұз, құм атмосфераға көтеріледі екен. Ғалымдардың өздері Арал құмының Антарктидаға жеткенін анықтаған. Құм көшуін тоқтататын бір ғана жол – сексеуіл егу. 2017 жылы Қазақстан Корей Республикасымен ортақ жоба бастады. Бұл жобаға корей орман қызметінің мамандары қатысты. Жоба мақсаты – Арал теңізінің құрғап қалған табанына фитоорман милерация жұмыстарын жүргізу. Яғни, сексеуіл отырғызу. Корея мемлекеті Қазақстанға 1 млн доллардан аса инвестиция құйды. 2018-2020 жылдары ортақ жоба аясында 13 мың 300 га аймақта сексеуіл отырғыздық. 5 млн-ға жуық сексеуіл көшеттері отырғызылды. Бұл отырғызу жұмыстары қыс түсер алдында және көктемде болды. Арал теңізін аумағында ешқандай су жоқ. Табиғи жолмен орман отырғызылды. 2007-2020 жылдары аралығында жалпы Арал теңізінің түбіне 91 мың га ауданда сексеуіл көшеттері отырғызылды. 2007-2008 жылдары отырғызылған көшеттер бүгінде ну орманға айналған.

Қазақстан сексеуілді брендке айналдыруы керек

–Еліміздің бүкіл территориясының 4,7 пайызын орман қоры құрайды. Сол орман қорының 50 пайызы – сексеуілдер. Қазақстанда сексеуілдің үш түрі бар: қара, ақ, зайсандық. Қара сексеуіл 80 пайыздан аса аумақта кең таралған. Жыл сайын 9 мың гектар ауданда сексеуіл көшеттері отырғызылады, 20 мың га ауданда сексеуіл дәндері себіледі.

654654

2014 жылы Қазалы ауданында сексеуіл питомнигін ашқан болатынбыз. Осы сексеуіл питомнигі жыл сайын 5 мыңға жуық сексеуіл көшеттерін дайындайды. Сол жердегі көшеттер Арал теңізінің түбіне отырғызылады. Орталық Азияда сексеуіл орманының ең көп көлемі Қазақстан жерінде. Браконьерлік әр салада бар. 2017 жылы сексеуілдің сатылуына тыйым салынды. 2023 жылға дейін кесуге мораторий салынған. Мейрамханаларда кәуап жасау үшін қолданылса, ауылды аймақтарда отын көзі ретінде қолданылады. Ресейге барсаңыз - аққайыңдарымен, Жапония елі сакурасымен мақтанады. Бүкіл Орталық Азияда ең көп тараған бұл Қазақстандағы сексеуіл, еліміздің брендіне айналуы тиіс. Ол үшін оның маңыздылығын, бір сексеуілдің қасиеті қандай екенін түсіну керек.

– Қазақстандағы қорықтар мен ұлттық табиғи парктердегі жағдай туралы не айтасыз? Инфрақұрылымы қалай дамып жатыр?

– Ұлттық парктер, қорықтар, резерваттардың барлығы ерекше қорғалатын табиғи аймақтар деп аталады. Өте үлкен жүйе. Қазақстанның бүкіл территориясының 9 пайызын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алып жатыр. Бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақтар – Қазақстанның жабайы табиғатын, өсімдік және жануар әлемін сақтауда. Елімізде 13 ұлттық парк, 10 қорық бар, 5 резерватымыз және 50-ге жуық қорықшамыз бар. Осы аумақтарда Қазақстанның жан-жануарлары мекен етеді.
Экотуризмді дамыту мақсатында бүгінгі күні бізде қорықтар мен ұлттық парктерде туристік маршруттар жасалуда. Соңғы 5-7 жылда визит орталықтары ашылды. Кез келген ұлттық паркке кірмес бұрын, оны танып-білу визит орталықтан басталады. Интерактивті, визуалды түрде танысқан соң арнайы белгіленген туристік маршруттар бойынша келушілер өздері аралап көреді. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңына сәйкес Ұлттық парктерде қысқа мерзімді туристік рекреациялық  жұмыстарды іске асыру үшін қысқа мерзімде – 5 жылға, ұзақ мерзімде  49 жылға дейін жалға беріледі. Сол жерлерге туристік объектілер соғылады. Жалпы инфрақұрылымдық дамуы жылдан-жылға өсіп келеді. Басты мақсат – бұл ұлттық парктер мен қорықтарда мейрамхана, қонақ үй салу емес, кез келген азамат паркке келген кезде жабайы табиғатпен байланыста болуы керек. Жабайы табиғаттың әсем ландшафтарын көріп, жабайы жануарларды бақылап, ерекше экологиялық байланысқа түсуі керек. Батыс елдерінде ұлттық паркке келгенде табиғатпен жеке байланыста болып, пәлсафалық ойларға ерік береді. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Ұлттық парктің территориясы кәуап жасап, ойын-сауық құратын жер емес. Ұлттық парктердің философиясын халыққа жеткізуіміз керек. Одан бөлек мұны бизнес өкілдері түсінуі керек. Халықаралық стандартқа сай болу үшін дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен, инфрақұрылымды дамытамыз деп жабайы табиғатты құртып алмауымыз керек.

 Жалпы бізде 13 ұлттық парк бар. 10 қорығымыз бар. Кез келген азамат барып, тамашалай алады.

– Өткен жылы инспектор Ерлан Нұрғалиев өлімі елдегі браконьерлермен күрестің осал тұсын көрсетіп бергендей. Қоршаған ортаны қорғаймын деп жүріп қаза тапқан инспекторлардың қауіпсіздігіне кім жауапты?

2019 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне өзгертулер енгізілді. Біріншіден, браконьерлік үшін жаза қатаңдатылды. Яғни, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Екіншіден, инспекторларды техникамен қамтамасыз ету мәселесі. Инспекторлар браконьерлерді ұстап, оларды жеткізуге құқық алды. Бұрын браконьерлерді ұстаған кезде табиғатты қорғау инспекторлары міндетті түрде Ішкі істер органының қызметкерлерін күтуі тиіс еді. Сондай-ақ қару қолдануға мүмкіндік берді. Инспектордың өміріне браконьер қауіп төндіретін болса немесе шабуыл жасап, денсаулығына зақым келтіретін болса, соның қауіп деңгейінің категориясы енгізілді. Бұдан бөлек Қылмыстық кодекстің 339-337 Баптары кеңейтілді. Осы уақытқа дейін браконьер ұстаған кезде сот шешімі бойынша олар шартты түрде ғана жазаланатын еді. 2017 жылы киік ұстаған браконьерлерге соттың шешімімен айыппұл салынады. Мысалы, 10 млн деп алатын болсақ ол бұл соманы бір күнде төлеп тастап, келесі күні браконьерлікпен айналысады.

654654

Бұдан бөлек инспекторлардың техникамен қамтамасыз етілуі, жеке қорғау құралдары мен автокөліктердің жоғары жылдамдықта болуына байланысты өзгерістер енгізілді.

Комитетке тиесілі «Охотзоопром» мекемесінде 200-ге жуық инспектор 10 облыстың аумағында 123 млн га жердегі киікті және басқа да қызыл кітапқа енген сирек кездесетін жануарларды қорғаумен айналысады. Осы инспекторлар былтыр арнайы оқ өтпейтін кеудешемен қамтамасыз етілді.

Қазақстанның бүгінгі табиғатын, аңын, құсын, орманын 700-ге жуық инспектор қорғайды. Өте үлкен аумақта осынша адам ғана жұмыс істейді. Бір инспекторға 100-150 мың га алқап берілуі мүмкін. Әрбір инспектор өзіне қандай жауапкершіліктің артылғанын біледі. Сәйкесінше, ол жұмысын барынша тиянақты орындауға және өзін қорғауға міндетті.

– Қызыл кітаптың тізіміне жаңадан еніп жатқан жан-жануарлар бар ма?

– Қызыл кітап дегеніміз жойылып бара жатқан жануардың паспорты десек болады. Қызыл кітапқа жануарларды енгізу үшін немесе шығару үшін кем дегенде 3-4 жыл ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Арнайы мекемелер мен институттар жабайы аңның немесе өсімдіктің мекен ететін ортасында жыл сайын бақылау жұмыстарын жүргізіп, шешім қабылдайды. Мысалы, 2017 жылы кутум деген балықты Қызыл кітаптан шығаруға Балық шаруашылығы институты мамандарына ұсыныс білдірілді. Еліміздің Қызыл кітабына жолбарысты, пржевалський жылқысын, қабыланды енгізу бойынша ұсыныстар беріліп жатыр. Енді арнайы заңға сәйкес зоологиялық комиссияның отырысы өтіп, олар шешімін берген кезде ұсыныстар қабылдануы мүмкін.

– Ақтау қаласында Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы ашылғанын хабарлаған едіңіздер. Сол орталықтың жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Орталық 2019 жылдың тамызында ашылды.  Орталықты ашуға ат салысқан «Саби» қайырымдылық қорының  негізін қалаушы филантроптар - Әсел Тасмағамбетова мен Кеңес Ракишев және Орталық Азия экологиялық зерттеулер институты болды. Басты мақсаты – Каспий теңізінің аумағында көп кездесетін ауру-сырқауы бар итбалықтарды емдеп, табиғи ортасына қайта жіберу. Биыл да төлдерді сол жерде бейімдеу шаралары жасалған болатын.  Каспий итбалығы браконьерлік балық ауларына түсіп жатады. Одан кейінгі мәселе Каспий теңізінде өте үлкен кемелер жүреді. Соның астында қалып қойған итбалықтар түрлі жарақат алып, жағаға өлі итбалықтар шығып жатады.

654564

Негізі Каспий итбалығы Қазақстанда мекен ететін жалғыз теңіз сүтқоректісі. Өзі – эндемик, әлемде мұндай түрі жоқ. Осы Каспий теңізі аумағындағы бес мемлекеттің аумағына барып тұрады. Ең көп баратын және төлдейтін жері – Қазақстан. 4 елде Каспий итбалығы Қызыл кітапқа енгізілген. Бір ай бұрын Ресейде енгізілді. 2019 жылы Қазақстан мен Ресей мемлекетінің ғылыми институттары 5 жылдық бағдарламаға қол қойды. Басты мақсат – Солтүстік Каспий аквоториясындағы итбалықтың популяциясын зерттеу.  Қазіргі таңда экологиялық мекемелер мен Каспий теңізі тарапынан ұсыныс енгізілді. Каспий теңізінде итбалыққа арнап резерват немесе қорық ашу ұсынылды. Өте қажетті дүние. Итбалықтардың өліміне үлкен кемелер әсер етеді. Қысқы мезгілде итбалықтар мұзға төлдейді. Олар жүзе алмайды. Сол мезетте кемелер мыжып кетеді де, көктемде жағаға қалқып шығады. Сондай-ақ Каспийдің экожүйесі әлсірегенін айтпай кетуге болмас. Мұнайдың игерілуі, төгіліп жатқан қалдықтар судағы балық ресурстарына кері әсерін тигізуде.

– Қазақстандықтардың қоршаған ортаға деген мәдениетін қалай қалыптастыруға болады?

Қарапайым дүниеден бастау керек. Темекі шексең тастама, сағыз шайнасаң түкірме, әрбір адам осындай қарапайым қадамдардан бастауы тиіс деп ойлаймын. Даланы үй деп түсінуіміз керек. Сенің ауа жұтуыңа, өмір сүруіңе табиғат әсерін тигізіп жатыр емес пе? Су және бізді қоршаған орта таза болмаған жағдайда түрлі ауруға шалдығуымыз мүмкін. Бұл табиғи ортаның маңызды шешуші факторы. Ең басты акцентті жас бүлдіршіндерге қоямыз. Ауылдық мектептерде «Киіктің достары» сияқты  арнайы клубтарымыз бар. Жыл сайын ұлттық парктер мен қорықтар шеруі өтеді. Биыл оқушылар үшін онлайн ұйымдастырдық. Негізі халықтың мәдениеті мен тұрмысы қаншалықты жоғары болса экомәдениет те соншалықты қалыптасады деп ойлаймын. Табиғатты үй деп түсінген әрбір адам оны қорғау мен сақтауға зор үлесін қосады.

– Шетелмен салыстырғанда, ол жақта жануарларды қорғау мәселесіне мемлекет және қарапайым адамдар тарапынан көп мән беріледі. Тіпті ерікті топтар да көп. Біздегі жағдай қандай? Қалай өзгеріп келеді?

– Қазақстандықтардың экобелсенділігін өсіп келеді деп айтсақ болады. Оның бір мысалы – Алматының тұрғындары көк түтінмен күресіп, әртүрлі шаралар ұйымдастырады. Бір қыздың «Ауа» деген арнайы мобильдік қосымша ойлап тапқанын білемін. Ауаның ластану деңгейін көрсетіп тұрады. Елімізде қоғам белсенділері неғұрлым көп болса соғұрлым мемлекеттік инструменттердің іске асуы тиімді болады. Осылайша қазақтан шыққан Грета Тунбергтер де пайда болады.

Сондай-ақ елордада «Клуб добряков» деген бар. Соңғы уақытта ит атқыштар көбейіп кетті ғой. Кеше ғана Атырауда сондай қатыгездік жасап жүргендер ұсталды. Соны «Help me Атырау» деген ұйым көтеріп жатыр.

Дамыған елдерде оларға әлемнің экологиясы ортақ. Дамыған елдердің филантроптық-меценаттық ойлары кең дамыған. Қаншама милиардерлеріміз бар. Экологияға мән бермейді. Еуропа, АҚШ, араб елдеріндегі филантроптардан үлгі алсақ болады. Қандай мықты деңгейде жұмыс істеп жатыр. Жыл сайын Экология министрлігі шаралар ұйымдастырып тұрады. Мысалы, «Біз біргеміз» және  «Таза су айдындары» деген акцияға 90 пайызға жуық экобелсенділер қатысты.

 – Осы салада жүргеніңізге аз уақыт болған жоқ, табиғаттың керемет жаратылыстарынан не үйрендіңіз, қандай да бір дүниелерге басқаша қарай бастаған кезіңіз болды ма?

Қазақстанның түкпір-түкпірінде болдым. Әрине, шетел араламасақ та, өз өлкеміздің бүкіл табиғатына куә болу – үлкен бақ. Жер ананың ғажайыптарын көру адамның санасының өсуіне, өзгеруіне әсер етпей қоймайды. Әсіресе, бұл іштегі адами сезімнен бөлек, ел мен жерге, табиғатқа деген махаббатты оятады. Қоршаған ортаны қорғап жүрген сегіз ұрпаққа дейін балықшы немесе орманшы әулеттер бар. Соларға қарап сүйсінесің.

– Жалпы экология саласы мамандарына сұраныс қандай?

Қазір биолог, зоолог, орнитолог, ихтиолог, гербитолог мамандары тапшы. Екіншіден, жалақының аз болғандығынан жас мамандар бармайды. Биология факультетін бітірген мамандар басқа салаға кетіп жатады. Жыл 12 ай бойы орман қорғайтын орманшылар айына 40 мың алады. Бұл мәселеге құзырлы мекеме өкілдері назар аударып, оң шешімін табады деген үміттемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

 Сәкен Ділдахмет ұсынған Қазақстанның ұлттық парктерінің үздік бестігі:

  • Қатон-қарағай. Табиғаты өте керемет, әуе, пойыз, көлікпен жетуге болады. Қазақстанның мықты Швейцариясы деп те атауға болады.
  • Үстірт қорығы. Жер аумағымен де, пейзаждық көрінісімен де ерекше. Үстірт платосын көру ғарышқа түскендей өте бір ғажап сезімге бөлейді.
  • Ақсу-Жабағылы. Ақсу шатқалы, таулары тамаша.
  • Алтын-Емел. Ерекшелігі – Айғайқұмы бар. Бұдан бөлек кез келген турист шыққан кезде көз алдынан қарақұйрық, құлан жүгіріп өтуі мүмкін. Жабайы табиғатты тамашалай алады. Сақ қорғандары сияқты тарихи-мәдени бақтарды көре алады.
  • Көлсай көлдері. Таулар мен өзен-көлдердің үйлесімі керемет.

 

Әңгімелескен Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ

«Egemen Qazaqstan»