Әлем • 08 Маусым, 2020

Қытай Аустралияға неге өкпелі?

267 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аустралия мен Қытай арасында сауда соғысы тұтануға жақын тұр. Таяуда «жасыл құрлықтың» жалғыз билігі Бейжіңнің Гонконгқа қатысты жоспарын қайта қарауға шақырды. Әлбетте, бұл ҚХР-ға ұнаған жоқ.

Қытай Аустралияға неге өкпелі?

Қытай тарапы Гонконгтың автономиялық мәртебесін шектейтін тармақтары бар жалпыұлттық заң қабылдауға кіріскен еді. Бұл шешімге халықаралық қоғамдастық алаңдаушылық білдірді. АҚШ, Ұлыбритания және Канада бұған дейін Бейжің билігін қатты сынға алған болатын.

Құрама штаттары ақырғы шешімді күтпей-ақ Гонконгпен арадағы келіссөздерді, әсіресе, экспорт, тауар айналымы, тұтқындарды беру туралы мәселелерді қайта қарауға кірісіп кетті. Ұлыбритания тарапы аймақ тұрғындарына бірқатар жеңілдік жасау­ды жоспарлап отыр. Мәселен, арнайы паспорты бар азаматтардың Тұманды Альбиондағы құқығы кеңейтілмек. Таяуда бұл тізімге Аустралия да қосылды.

Жалпы, Қытай мен Аустралия бұған дейін де талай мәрте екі ел саяси тұрғыда шекісуге сәл қалған. Мәселен, коронавирус пандемиясы шартарапты шарлап, жер-жаһанның аяғын бір етікке тыққанда, Канберра билігі ең алғаш вирустың шығу тегі туралы сөз қозғады. Сәуірде Аустралияның сыртқы істер министрі Марис Пэйн COVID-19-дың қайдан пайда болғанын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бөлек те зерттеу қажеттігін алға тартқан.

Оның алдында, 2018 жылы Аустралия Huawei компаниясына елдегі 5G қызметімен айналысуға рұқсат берген жоқ. Ал 2016 жылы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне байланысты қытайлық екі компанияның электр энергиясын жеткізу жұмысын жүргізуге тыйым салды.

Әлемнің 13-ші экономикасы саналатын Аустралия кейінгі бірнеше жыл бойы табиғи апаттан көз ашпай жүр. Ұзаққа созылған қуаңшылық, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген өрт мемлекетке әжептәуір салмақ түсірді. Енді Қытайдың шамына тию «жасыл құрлық» үшін оңайға соқпайтын түрі бар.

Канберра билігінің Гонконгқа қатысты пікірінен кейін жунголар «жасыл құрлықтан» келетін бірқатар тауарға салықты арттырып жіберді. Мәселен, Қытай арпаға салынатын тарифті 80 пайызға өсірді. Сондай-ақ осы елдегі ең үлкен төрт қасапханада сойылған етті кіргізуге тыйым салды. Бұған қоса, «жасыл құрлықтан» жеткізілетін көмірден бас тартуы мүмкін екенін айтып, сес көрсетті.

Бейжіңдегі Заманауи халықаралық қатынастар жөніндегі Қытай институтының сарапшысы Сзянь Йонг The Global Times газетіне пікір білдіріп, «Егер Аустралия Қытайдың ашуына тие беретін болса, Қытай арпаға салық салғаннан басқа да әрекетке барады», деп мәлімдеді.

Сарапшының сөзінің жаны бар. Бұған дейін Қытаймен тайталасқан мемлекеттерге оңай тиген жоқ. Мәселен, 2010 жылы адам құқығы үшін күрескен Лю Сяобоға Нобель сыйлығы берілгенде, Бейжің билігі марапатқа бастамашы болған Норвегиямен ат құйрығын шорт кесіскен. Екіжақты қарым-қатынас тек 6 жыл өткен соң қалпына келді. Оған қоса, Канаданың Huawei басшыларының бірін тұт­қын­дауы да «үйеңкі жапырақтылар еліне» бірқатар түйткіл туғызғаны есімізде.

Ендеше, жунголарға тонналап өнім жіберетін Аустралияға ауыр тиетіні анық. Қазіргі таңда ел экспортының үштен бірі осы Қытайға жіберіледі. Темір кенінің 80 пайызын, сұйытылған табиғи газдың 33 пайызын, жүн өнімдерінің үштен екісін, алкогольді өнімдердің үштен бірін Бейжің сатып алады. Тарифті өсіргенге дейін арпа экспортының 57 пайызы, ірі қара етінің 25 пайызы Қытайға жеткізілді. Оған қоса, Аустралияға шетелден келіп оқитын студенттер мен туристердің үштен бірі де Қытай елінің азаматтары.

Қытайдың түрлі ескертулеріне қарамастан, екіжақты сауда айналымы біржола тоқтайтынына сену қиын. Бейжің билігі де «жасыл құрлықтың» өніміне тығыз байланысты. Мысалы, елдегі өндірістік аймақтарға темір кені, көмір және табиғи газ жеткізуге Аустралиядан басқа қолайлы әріптес жоқ. Басқа экспорттаушы елдерден аталған өнімдерді әкелу экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сондықтан балама шешім табылғанша ат құйрығын шорт кесуге әлі ерте. Бұдан бөлек, Гонконг мәселесі мен коронавирус та үлкен салмақ салды. Мұның бәрін, әрине ҚХР жақсы түсінеді.

Оқиға әрі қарай тиімсіз өрістей қалған жағдайда Аустралия да қарап қалмайды. Сондықтан Канберра үшін жақын арада сенімді серіктес табуы керек. Осыған байланысты бұл елдің билігі Еуропалық одақпен тиімді сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатуға күш салып жатыр.

Бұқаралық ақпарат құралдарына тараған мәліметке сүйенсек, ЕО мен Канберра бірнеше мәрте виртуалды келіссөз өткізген. Аустралия тарапы Брюссельмен жасалатын келісімге Қытаймен араздықтың қатысы жоқ екенін алға тартады. Әйтсе де «жасыл құрлықтың» сенімді серіктес іздеуге жанталасып жатқаны анық аңғарылады. Бірақ Еуропалық одақ тарапы асығар түрі көрінбейді.

Қорыта айтқанда, Аустралия мен Қытай әзірге бір-біріне қырын қарап отыр. Бейжің тарапы экспорттан бас тартатынын айтып, сес көрсеткенімен, екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынас тоқтап қалуы екіталай.