Экономика • 09 Маусым, 2020

Шағын кәсіпкерлік шағын дүние емес

672 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Экономиканың «құдайы» – қазақтың мұнайы саналған уақытта шағын және орта бизнесті ойлауға мұршамыз болмады. «Қара алтын» арқылы қазынаға құйылған қаржының буы көзімізді байлап тастаған-ды. Кіріптарлықтан кеше құтылғанымызды ұмытып, әңгімеміздің төркінін тек әлемдік дәреже-дәргей төңірегінде өрбітетін болдық. Иә, сол жылдары асып-тасып едік, енді асып-сасып жатырмыз. Бұрын құнды саналған, алтынға баланған дүниелер қазір құнсыз. Әлемді аласапыран күйге түсірген пандемия бізге осы жолы қандай жағдайда да құнын жоймайтын адами капитал екенін анық ұқтырды. Ал бізде адами капиталдың алып армиясы қайда шоғырланған?

Шағын кәсіпкерлік шағын дүние емес

Әрине шағын және орта кәсіпкерлік саласында шоғырланған. Қазір елімізде ресми тіркелген шағын және орта кәсіп­кер­лік құрылымдарының саны 1,3 млн-нан асады. Статистика комитетінің кейінгі мәліметіне қарағанда, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері жылына 16 трлн теңгеге жуық өнім өндіріп, ел қоржынына салық түрінде 1 трлн тең­геден астам қаржы құяды екен. Ал Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалалардағы бюджет түсімінің 70 пайыздан астамын осы саладағы түс­кен салық төлемдері құрайды. Бұл бір жылғы көрсеткіш емес. Шамамен 2000 жылдардың басынан бері бізде кә­сіп­керлік саласы бюджетке жыл сайын осын­дай қомақты үлес қоса бастады.

 

Тоқсаныншы жылдары тірек болды

Біле білсек, тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқыраудан да елді шағын кәсіпкерлік саласы алып шыққан болатын. Ол кезде шетелдік компаниялардың кө­ме­гімен кен орындары жаңа игеріле бас­­тағандықтан, ел қоржынындағы ва­люта қоры қоңдана қоймаған-ды. Тоқ­­саныншы жылдардың басындағы «Ша­­ғын кәсіпкерлікке – кең өріс!» деген ұран аясында алдымен еті тірі жең­ге­леріміз жаппай шаштараз, дүкен, дәм­ха­на тағы сондай кәсіпкерлік нысанда­рын қаптатып жібергеннен кейін барып өзге жұрт та олардан қалмауға тырыс­ты. Алыс ауылдағы ағайынның да азық-түлігін, керек-жарағын жеткізіп, қысыл­ғандарына қарызға жазып беріп қол­ты­ғы­нан демеген еді. Ел осылай ес жиып, етек жапқан...

Бүгінде елімізде осы шағын кәсіп­кер­лік саласында ресми түрде тіркелген 4 млн-ға жуық адам еңбек етеді. Бұл – үлкен экономикалық күш. Әлемдік экономикада жетекші орындарға көтерілген Қытай да адам санының көптігімен ал­дың­ғы шепке шығып отыр. Біз бекіре тұ­қымдас балықтарды арнайы зауыттарда өсірсек, Қытайда әр шаруа үйі­нің ауласында бекіре бапталады. Бас­қалар аяқкиімді фабрикада тігетін болса, олар үйінің алдында отырып-ақ тігіп шығара береді. Үкімет тарапынан әр шаруаға аздаған несие тисе, талай кәсіптің басын қайырады. Нарықтағы сұранысқа қарай, едел-жедел бір кәсіпті ашып жіберсе, көп уақыт өтпей басқа кәсіпке бет бұрады. Бұл елде кәсіп жасай­тын адам көп, соған орай бюджет­ке салық төлеушілердің қатары да қа­лың. «Көп түкірсе, көл болар» деген сол, әне!

 

Банктер бизнеске қырын қарайды

Біздің ағайындар да қазір кәсіп жасаудан қалыспайды. Өйткені сонау бір қиын уақыттарда кәсіп жасау арқылы өз қолымыз өз ауызымызға жеткенін са­на­мыз­ға мықтап сіңірдік. Сондықтан қазір кәсіпкерлікпен айналысып жүр­ген­дер де, айналысқысы келетіндер қатары да көп. Сәл қолтығынан демеп жіберсең, бір кәсіпті дөңгелетіп жібермек болып ала­қан­дарын ысқылап жүргендер қан­шама. Әттең, біздегі бюрократия осы ба­ғыт­тағы адымымызды аштырмай отыр. Әйтпесе шағын кәсіпкерліктің үлес сал­ма­ғы қазіргіден екі-үш есе жоғары болар еді.

Басқасын айтпағанда, Қазақстанда бизнесті қаржыландыру, несиемен қамту мәселесі әлі жүйелі шешілмеген. Оба­лы не керек, Үкімет шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа кәсіп ашпақ болғандарға жеңілдетілген несиелер бөледі. Бірақ сол мүмкіндікті бизнес субъектілерінің басым бөлігі пайдалана алмайды. Өйткені несиені берер кезде қаржы институттарының қоятын талаптары көбейеді: кепілдік сұрайды, басқа шарттар қояды... Нәтижесінде, несие алмаққа талпынған кәсіпкерлердің 8 пайызы ғана қаржыға қол жеткізеді.

Әлемдік KPMG компаниясы 2019 жылы «Қазақстанның тікелей инвестициялар нарығына» жүргізген зерттеуінде осы жайдың бетін ашқан еді. Біз сонда шетелдік компанияның шын көрсеткішті ұсын­ғанына күмәнмен қарағанымыз рас. Себе­бі осы бағытта сараптама жүр­гі­зе­тін шетелдік ұйымдардың көбі Қа­зақ­­­стандағы бизнес-қауымдастықтың қыс­­­пақта жатқанын көрсетуге бейім екені байқалатын. Алайда «сырт көз – сыншы», бұл деректер шындықтан алшақ болмай шықты. Жақында Парламент Мә­жі­лісінің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров нақты фактілерді алға та­ртып, біздегі банктердің бизнеске қы­рын қарай бастағанын дәлелдеп берді. Оның айтуынша, биылғы наурыз айында банктер 1 трлн 146 млрд теңге несие бөлсе, соның 14 пайызы ғана бизнеске бұ­йырыпты.

«Бұл 14 пайызды да олар ынтасы­мен беріп отырған жоқ. Мемлекет ком­­мер­циялық банктердің несиеге есеп­тейтін мөлшерлемелерін субси­дия­ла­­ғаннан кейін барып бизнеске несие ре­сур­старын амалсыз бөле бастады. Егер Үкімет қаржы институтын субси­дия­мен қамтамасыз етпесе, бизнес­ке 14 пайыз да бұйырмас еді. Біздегі банк­тер экономиканың нақты секторын қаржыландыру міндетін мүлдем ұмы­т­­­­қан. Өндірістегі инвестициялық жобалардан ат-тондарын ала қашады. Өйткені келер табысты ұзақ күткісі келмейді. Банктердің бар аңсары бүгін және қазір алып қалуға, бірден пайда табуға ауған. Өндірісті ұзақ мерзімді несиелеу деген ұғым да санадан өшті», деп қынжылыс білдірген еді Мәжіліс депутаты.

 

«Даму» делдалдық рөлінде

Пандемияның әсері ме, әлде басқа себептерге байланысты ма, жалпы Пар­ла­ментте мамыр айының соңында бір ширығу байқалғандай. Шағын және орта кәсіпкерліктің жағдайы үлкен мінберде жиі-жиі көтерілді. Депутаттардан бастап жұрттың бәрі экономиканың ендігі тірегі мұнай емес, шағын кәсіпкерлік екенін шын ұққан сияқты. Кәсіпкерлікті қолдау бағытында батыл ұсыныстар айтылуда. Мәселен, Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ бұрынғы жұмыс жүйесінен айырылмай келе жатқанын сынға алды.

Айтса айтқандай, «Даму» к­әсіп­кер­лік­ті қолдау қорының не­гіз­гі жұмыс ба­ғыты банктен бөлі­не­тін несиенің па­йыз­дық сыйақы мөлшерлемесін бюджет арқылы субсидиялау ғана екен. Ондаған жыл бұрын да солай еді, қазір де сол. Мәселен, кәсіпкер өзі іске асырмақ бол­ған жобаға банктен 14 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен несие алатын болса, соның 7 пайызын «Даму» қоры субсидия­­­лайды. Былайша айтқанда, қор бюджет пен банк арасындағы делдалдың рөлін атқарып отыр. Субсидиялап жатқан жобаларының саны көп болса, ештеңе демес едік. Өкінішке қарай, «Даму» жыл басынан бері республика бойынша бар-жоғы 703 жобаға ғана қолдау білдіріпті.

Қор қанша жылдан бері жұмыс істеп келе жатса да, мұнда шағын қаржы ұйым­дары, тікелей инвестициялар ар­қы­лы немесе жобалық қаржыландыру жолдарымен несиемен қамту тәсілдері тә­жірибеге енгізілмеген. Соңғы төрт жыл көлеміндегі айта қалар бір өзгеріс – кәсіпкерлердің банкке кепілге ұсынған мүліктерінің құны сәл жетпей тұрса, сондай мөлшерде кепілдік ұсыну. Шынына келсек, мұндай мүмкіндікті иеленетін кәсіпкерлердің саны да шектеулі келеді ғой. Еліміздегі кәсіпкерлікке қолдау көрсететін ең үлкен қордың жағдайы осындай болғанда, қалғандары туралы сөз қозғаудың өзі ыңғайсыз.

Былтыр біраз банк кәсіпкерлерге 0,1 пайыздан 1 пайызға дейін несие бе­ре­міз деген жарнамаларын жар­қы­­ра­тып іліп еді. Кәсіп бастауға ақша таппай қиналып жүрген ағайын андағайлап жүгіріп барғанымен, қайтуы тез болды. Себебі банктердің оларға ұс­ын­ған шарттары тиімсіз болып шық­ты. Берілетін несиені бастапқы алты айын 1,5 пайыз мөлшерлемемен есеп­те­ге­ні­мен, бір жылдық несиеге 13 пайыз, 5 жылға алсаңыз 23 пайыз сыйақы мөл­шер­лемесімен қайтару керек екен. Мұны тек пайда табуды көксеген қаржы құры­лы­мының әрекеті демеске лаж жоқ. Шын кәсіпке бет бұрған адам несие алса, кем дегенде бес жылға рәсімдейтіні айтпаса да белгілі.

Осындай жағдайлар біздегі бизнес­ке ендігі жерде басқаша көзқарас қа­лып­тастыру керектігін көрсетіп отыр. Ең алдымен шағын кәсіпкерлікті несие­мен қамтамасыз ететін ұйымдардың не­сие ­шарттарын, қоятын талаптарын, құжаттар пакетін қазіргі кезеңге бейімдеп, қайта қарастырған жөн. Әсі­ре­се жаңадан кәсіп ашпақ болғандарға, жаңа бизнес-жобалар ұсынғандарға жаңа қолдау жүйелері ойластырылса, тіпті дұрыс болар еді. Соның ішінде жеңілдік мерзімін ұзарту, ұзақ мерзімді жо­баларға басымдық беру басты назарға ал­ынуға тиіс.

Қазақстанды тоқсаныншы жылғы тоқырауда шағын кәсіпкерлік асырап еді. Пандемия салдарынан туындаған қиын­дықтарды да тек кәсіпкерлік ар­қылы жеңеміз. Сондықтан шағын кәсіп­кер­лікті шағын дүние көрмейік!

 

Меңдолла ШАМҰРАТОВ,

журналист